Қазақ өнерінің жанашыры(Илья Жақанов туралы бір үзік сыр)
13.03.2014 1866
Мақала композитор, өнер зерттеушісі, суретші Илья Жақанов туралы.

Қазақ өнері мен әдебиеті туралы әңгіме болғанда, осынау қос саланың дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Қазақстан және Қырғызстан республикаларының өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, композитор, өнер зерттеушісі, суретші Илья Жақанов ағамыз бірден ойға оралады.

Өз басым халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, қайталанбас талант иесі Илья Жақановтың композитор, жазушы, өнер зерттеушісі ретіндегі ерекше еңбегімен көптен бері таныс адаммын. Исі қазақ жұртшылығына ең басында ол өзінің тамаша әндерімен белгілі болатынды. Көрнекті сазгер өзінің атышулы қырғыз циклындағы «Жәмила», «Даниярдың әні», «Әсем», «Асылым», «Бибіжан», сондай-ақ әрбір қазақ балсы жанындай жақсы көретін «Жайлаукөл кештері», «Толағай», «Еділ-Жайық» әндерімен баяғыдан бері-ақ ән жанрының классиктері Ш. Қалдаяқовтың, Ә. Еспаевтың, С. Кәрімбаевтардың қатарынан ойып тұрып орын алғаны бүкіл жұртшылыққа аян жайт болып табылады. Ал, саз өнеріндегі осы қырғыз тақырыбына Илья Жақанов қалай келді, сол тамаша әндер циклы қалай туды деген сұраққа мен өзімше жауап беріп көрейін.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары бүкіл совет халқының рухани өмірін дүр сілкіндірген елеулі оқиға – әдебиетке өзінің тамаша шығармаларымен Шыңғыс Айтматовтың келуі еді. Ол кезде халықтың әдебиетке деген құштарлығы алабөтен болды десем, мен сірә қателеспеспін. Ол уақытта жоғары кластың оқушысы, сәл кейінірек студент болған біздер М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ә.Нұрпейісовтің шығармаларын жарыса оқитынбыз. Міне, сол кезде, яғни 60-жылдардың басында Шыңғыс Айтматов өзінің әйгілі «Жәмиласымен» жарқ ете қалды. Одан кейін жазушының «Қызыл орамалды шынарым менің, шырайлым менің», «Алғашқы мұғалім» атты повестері бірінен соң бірі туындады. Ал, солардың кейіпкерлеріне арнап ән жанрының шедеврлерін дүниеге келтірген бірден бір композитор, басқа ешкім де емес біздің осы Илья ағамыз болды. Ал, соның сыры неде деп ойлайсыз? Сол кезде ғой, Ильямен бірге қазақтың маңдай алды деген әнші-композиторлары Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, Ә.Еспаев, Н.Тілендиев, С.Кәрімбаевтар иық тіресіп жұмыс істеп жүрді емес пе? Менің ойымша ондай әндерді жазу үшін саз өнері мен көркем әдебиетті бірдей игерген, әрі оларды бірдей түсінетін, оның үстіне Ш.Айтматов шығармаларының мұңды табиғатын жан-тәнімен қабылдап, өзінің төл шығармаларындай етіп музыка тілімен жеткізу – тек Илья Жақановтың ғана қолынан келетін шаруа болды деп нық сеніммен айта аламын. Міне, сол кезден бастап-ақ Илья Жақанов халық сүйіп тыңдайтын композиторлардың біріне айналды. Мен өз Ильяммен 60-жылдары мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде композитордың тамаша әндерінің бірі арқылы танысқан едім. Кулагино селосындағы клуб сахнасында біздің сүйікті мұғаліміміз сол кезде өрімдей жас жігіт Кенжебай Нұрғалиев ағай өзінің әуезді қоңыр даусымен Ильяның «Ақ қайың» әнін шырқағанда бүкіл ауыл жұртшылығының сілтідей тұнып тыңдағаны есімде қалыпты. Міне, содан бері қанша жыл өтсе де, қанша су ақса да, менің өзімнің де, менің тұстастарымның да Ильяның  сазгерлік өнеріне деген қызығушылығы әсте толастаған емес.

Сазгерлік шығармашылықпен өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап айналысқан Ильяның қазіргі кезде екі жүздей әні бар екен. Сол әндердің басым көпшілігі еліміздің басты-басты сахналарында өтетін салтанатты концерттерде үзбей орындалып жүр. Олардың ішінде «Сағыныш», «Сағындырған әндер-ай» айдарындағы ретро-концерттерде Ш.Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым», «Арыс жағасында», Ә.Еспаевтың «Әлі есімде», «Маржан қыз», С.Кәрімбаевтың «Жетісу», «Ақтамақ» сынды әндерімен қатар Ильяның «Еділ-Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Асылым»  атты әндері қатар орындалып, тыңдаушы жұртшылықтың құлақ құрышын талай рет қандырып, жан ләззатына бөлеп келеді. Осы орайда өз басым композитордың 70-ке толу салтанатына байланысты Алматы, Орал қалаларында 2006 жылы болып өткен концерттерді ерекше бөліп айтар едім. Ол концерттерде Ильяның әндерін еліміздің небір күміс көмей әншілерімен қатар Қырғызстан Республикасының халық әртісі Дариға Жалғасынова мен көптен көпшілікке көрінбей кеткен, біздің жас кезімізде қазақ теледидарында өзінің тамаша дауысымен үні жазылып қалған Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген әртісі Жұмағаным Рахимованың ән салғандары бір ғанибет оқиға болды. Республикалық және облыстық теледидарларда сол сияқты мерейтойлық немесе ретро концерттерді неге қайталап көрсетпейді екен деп, кейде қынжыласың. Халқымыздың рухани мәдениетінің інжу – маржандарына айналған Ильяның, Шәмшінің, Садықтың, Әбілахаттың әндерінің орнына, қазіргі кезде теледидарды ашып қалсаң көретінің «Әсіре қызыл, тез оңар» дейтіндей «әкәку-сәкәкулер», яғни ғұмыры бірер күннен аспайтын әнсымақтардан тұратын бас-аяғы жоқ концерттер. Осы жерде айтылуға тиісті бір жайт: Илья ағамыз 1966-1987 жылдар аралығында Қазақ ССР теледидарының редакциясын басқарған еді. Сол кезде ол кісі қазақ өнері мен қазақтың халық композиторлары жөнінде талай-талай қызғылықты хабарларды өзі немесе басқа мәдениет қайраткерлерін шақырып, ұдайы жүргізіп отырды. Ондай хабарлардың қазақ теледидарының алтын қорында жазылып қалғанына менің ешқандай күмәнім жоқ. Менің есімде қалғаны арқаның атақты композиторы Тоқа жөнінде («Бандыны қуған Хамиттің» әкесі) Шәміл Әбілтаевтың және Әміре Қашаубаев жөнінде Жарқын Шәкәрімовтың жүргізген хабарлары. Сол хабарларды қайталап көрсетіп отырған жөн болар еді. Ондай хабарлардың қазіргі жас ұрпақтың рухани мәдениетін жетілдіретіні ешқандай күмән келтірмейді.

Өз басым Илья Жақановтың композиторлық өнерінен басқа жазушылығы мен өнер зерттеушісі ретіндегі қызметінің  маңызы орасан зор деп санаймын. Әсіресе, Илья Жақанұлының өнер зерттеушісі ретіндегі рөлі ұшан теңіз. Оның дәлелі бүкіл қазақ елінің халық композиторлары мен халық әншілері туралы деректерді өз сөзімен айтқанда «жарық күнде қолына шам ұстап» іздеп тауып қалың жұртшылық игілігіне айналдырғаны дер едім. Жақында өнер зерттеушісінің соңғы жылдары әр түрлі баспалардан жарық көрген «Зәуреш», «Аққу әні», «Селбай әулеті» атты кітаптарымен таныса отырып, бір кезде К.Симоновтың А.Бектың «Волокалам тас жолы» атты шығармасы туралы айтқанындай, осынау ұлы тұлға үшін мақтаныш сезіміне бөлендім! Не деген сұңғылалық, не деген тынымсыз еңбек пен мехнатты тіршілік десеңізші!Қазақ өнерін құрметтейтін оқушы қауымның бұл зерттеулермен міндетті түрде танысқаны жөн деп ойлаймын.Ильяның 2012 жылы «Фолиант» баспасынан 26 баспа табақпен жарық көрген «Зәуреш» атты зерттеу еңбегі 4 бөлімнен тұрады. «Зәузатымның баяны» атты бірінші бөлімде Илья ағамыз өзінің өмірбаянын баяндаған. «Әндер тарихы» атты екінші бөлімде бірқатар халық әндерінің шығу тарихы мен халық әншілерінің өмір жолы асқан шеберлікпен бейнеленіпті. Мысалы, Мұхиттың «Зәуреш» атты азалы әнін исі қазақта білмейтін адам жоқ шығар. Бұл әнді бала кезімізде ауыл әншілерінің, кейін есейе келе күміс көмей әншілер Ғ.Құрманғалиев пен М.Төрешевтің орындаулары арқылы талай рет тыңдаған едік. Енді міне, Илья ағамыз өзінің «Зәуреш» атты осы эссе-реквиемінде бұл азалы ән төңірегінде біз білмейтін көптеген құпиялардың сырын ашқан екен. Әнді Илья 1967 жылдан бастап 30 жыл бойы зерттей отырып, ақыры Зәурештің кім екенін анықтаған. Құдіретті әнге кезінде А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Л.Хамиди, Б.Ерзакович, Л.Шаргородский, С.Шабельский сынды атақты композиторлар қызығушылық танытқан. Аталған композиторлар кезінде халық сазгері Мұхиттың осы қайғылы әнін Моцарттың «Реквиемі» мен Бетховеннің қайғылы маршына теңеген екен. Илья ағамыз міне осындай атақты сазгерлермен бірге еңбек етіп, олармен қазақ ән өнерінің  Реквиемі «Зәуреш» әні туралы талай рет пікірлескен. Біздің пайымдауымызша «Зәуреш» әні Алматы өнер жұртшылығына XX ғасырдың 30-жылдары Қазақ ССР-нің халық әртісі Ғ.Құрманғалиевтің орындауында жеткен болуы керек. Осы әңгіме-эсседен автордың Е.Брусиловскиймен болған шығармашылық кездесулердің бірінде атақты композитордың «Зәуреш» атты әніне ерекше қызыққанын, ол әнді өзінің «Қыз Жібек» операсына пайдаланғысы келгенін, бірақ оған Жібек партиясын орындаушы, әйгілі әнші Күләш Байсейітованың келіспегенін білдік. Себебі, «Зәуреш» әні ер адамның, қайтыс болған жас әйелдің әкесінің атынан айтылатынын әнші апамыз композиторға дәлелдей алған екен. Ақыр соңында, операдағы Қыз Жібектің қайғылы ариясына Мұхиттың тағы бір тамаша сазды «Дүния ай» атты әні табылып, ол ән Күләш орындауында операны бұрынғыдан да бетер әрлендіріп жіберіпті. «Зәуреш» әніне байланысты осы эсседен бұл айтылғандардан басқа да толып жатқан қызықты деректерді білуге болады. Шындығында әрбір адамның жан дүниесін тербейтін, халық арасында кең тараған әндердің тарихын зерттеу өте қиын, аса мехнатты, тынымсыз тер төгуді керек ететін шаруа екендігіне осы «Зәуреш» атты еңбекті оқу барысында көзіміз анық жетті. Автор қазақтың Баяны (Затаевичтің анықтамасы) Мұхитқа осындай тамаша ән шығаруға жетелеген асыл әйелдің кім екендігін анықтауға бел байлап, ол үшін өзінің отыз жылдың үстінде уақытын жіберіп, ұзақ ізденістерінің нәтижесінде Зәурештің кім екенін дәлелдеген. Сайып келгенде, зерттеуші Зәурештің композитордың қиялынан туған кейіпкер емес, тарихта болған адам екенін дәлелдеп шыққан. Ол төре тұқымы Әлмұхамед Сейдалиннің құдай қосқан қосағы екен. Зәурештің әкесі Медет кезінде ел тұтқасы – би болып билікке араласқан жан болыпты. Кезінде академик Ахмет Жұбанов осы азалы әннің тарихы жөнінде: «Медет Орынборға жолаушылап кетіп, қайтып келгенде отыз ұлдан кейін жалғыз қалған Зәуреш өліп, тек шошайып моласы ғана қалады. Медет моланы құшақтап күңіренеді. Міне, осы трагедия Мұхитты қобалжытып, Медет айтыпты деген сөздерге аса зарлы ән шағарады», - деп  жазды. Біздің бала кезімізден білетін:

  Қарағым, сенің үшін елден келдім,

  Баяғы өзің көрген жерден келдім.

  Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,

  Иіскеп, бір сүйейін деген едім, - деп айтылатын әнді естімеген, толқымаған адам жоқ шығар. Бірақ Ильядан бұрын ешкімнің бұл тұлғаның кім болғандығына байланысты зерттеуге де, тер төгуге де батылы бармады. Сол сияқты, автордың біз әңгімелеп отырған «Зәуреш» атты бұл жинағына еліміздің батыс өңірінде өмір сүрген көптеген халық композиторлары мен халық әншілері  туралы зерттеу еңбектері жарияланыпты. Бұл зерттеулердің әрқайсысы тынымсыз еңбекпен, мехнатты көп ізденістердің, ұйқысыз түндердің нәтижесі екендігіне ешқандай күмән жоқ. Өнер зерттеушісі Тәңірберлі Молдабай, Қызыл, Қисса, Аманғали, Ауқат сынды әншілер туралы аса қызғылықты мәліметтерді іздеп тауып өз жинағына енгізген. Аға буын мен орта буын өкілдері бала кезден бастап «Тәңірберген Молдабай» атты аса серпінді, шапшаң орындалатын, құлаққа өте жағымды әнді талай естіген болар. Бірақ бұл әнді өзіміздің Ақтөбе өңірінің туысы екендігін, оның қиында, қилы тағдырының болғанын ешкім Ильяға дейін білген де емес, зерттеген де емес. Сол сияқты батыстың әйгілі әншілері Қызылдың, Қиссаның, Аманғалидың өнері туралы да тамаша деректерді осы еңбектен оқып біліп қуанып отырмыз. Жалпы алғанда, Илья Жақановтың «Зәуреш» атты жинағында жарияланған  40-тың үстіндегі эссе – әңгімелерді осы жанрдың шедеврлерінің қатарына қосуға әбден болады. Осы жерде айтылуға тиісті бір жайт: жазушының осы жинақтағы шығармаларын оқығанда сазды бір ән тыңдап отырғандай әсерге бөленесің. Кезінде М.Әуезовтың «Абай жолы» романы туралы немістің әдебиет сыншысы А.Курелла айтқандай, Илья эсселерінде бірде - бір қара сөз жоқ. Олардың бәрі өлеңмен, сазбен жазылған саф алтындай болып, бір – бірімен әдемі үндесіп жатыр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Ильяның «Домбыра аңызы» атты эссесінен үзінді келтірейік: «1957 жылдың жаз айында Мәскеуде Бүкіл дүние жүзі жастарының әлемді аузына қаратқан фестиваль концерттерінің бірінде Алматы консерваториясының студенті, домбырашы Әзидолла Есқалиев аспаптық орындаушылардың үлкен конкурсында алдына жан салмай, бірінші орын алды. Үш тур бойы орындаған сол шығармалардың ішінде рояль сүйемелінде Моцарттың «Рондосы» («Түрік маршы») және Құрманғазының «Терісқақпай», «Төремұрат» күйлері беделді қазылар алқасының мүшелерін таң-тамаша қалдырды. Ежелден тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, өнері, оның ішінде музыкасы бір-біріне «жақындау келеді» делінетін түрік тұқымдас елдердің – «Донура», «Думбрақ», «Думбыра», «Танбур», Даңғыра», «Комуз», «Тумбыра», тіпты орыстың «Домра», «Балалайка», украинның «Бандурасы», грузиннің «Пандури», қалмақтардың «Дошр» сияқты ішекті аспаптарының бірде-бірі Әзидолла шалқытқан Моцартың «Рондосы», Брамстың «Бесінші венгер биі», тіпті одан бергіде басқа да классикалық шығармаларды орындауда қазақ домбырасындай фантастикалық құдырет таныта алған жоқ. Моцарт. Құрманғазы.  Екі ғасырдың екі кереметі!»

Ал, Ильяның осы еңбегіндегі «Гүлжансары» эссесін зерттеуші туындыларының арасындағы жаухары деуге болар. Назар аударыңызшы:

«Гүлжансары» әні - өз кейіпкері – айдай сұлу Гүлжансары сияқты әзірше басы бос, пәленнің әні деуге ертерек, емін-еркін өмір сүріп келе жатқан батыс әндерінің, оның ішінде Атырау елінің бір ажары тозбайтын інжу-маржаны! Біздің заманымызда оның жұлдызын жарқын еткен – сұңқар үнді Ғарифолла Құрманғалиев. Атыраудың өз ішінде кеше ғана осы өңірде Ғарифолланы жоқтатпаған нағыз дәстүрлі әнші Қуанғали Жұмалиев еді. Сондай-ақ, Мекес Төрешов, Елемес Мағазовтар да «Гүлжансары» әніне өздеріне тән әсем мәнер салды. Ал Ғарифолланың өз аузынан үйренген әнші Сәуле Жанпейісова «Гүлжансарыны» жұмсақ, мақпал үнмен мамырлата бастап, үшінші жолда Мұхит салдың тік шырқауына бірден көтерілгенде адам дауысының мол мүмкіндігіне қайран қалып, сол Доссордағы өз шайханасында ие болмаса Ойыл бойындағы Көкжар жәрмеңкесінің ұлы думанында аққудай керіліп, әндетіп отырған Гүлжансарыны елестеткендей бір тылсым әсерге бөленесің. Қазір жас әншілердің арасында «Гүлжансарыны» «менікі» дейтін сырбаз – Қайрат Кәкімов. Оның орындауында «Гүлжансары» - басқа әншілердегі «Гүлжансарыдан» мүлде бөлек, мөлдіріген бір көркем дүние.

Гүлжансары баяны енді ғана басталды».

Ильяның бұл еңбегіндегі шығармалардың бәрі дерлік осындай тамаша сазды әңгімелерден тұрады.

Илья Жақанов – қаламы қарымды жазушы, музыка зерттеушісі, көрнекті ғалым. Қазақ өнерінің зерттеушісі ретінде ол кісінің Қазақстанда шарламаған аймағы, анықтамаған халық композиторлары мен халық әншілері жоқ.

Қазақ теледидарының музыкалық редакциясында жұмыс істеген жылдары ол кісінің телехабарлары Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Естай, Әсет, Кенен, Мәди сияқты ән өнерінің жұлдыздарына арналды. Сол жылдары халық арасында музыкалық фольклорды зерттеумен айналысып, Сүгір, Ақбала, Әлшекей, Қайыпназар, Қалдыбек, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Мәкен Тұрлығұлқызы сияқты әнші-күйшілер туралы қомақты еңбектерді жариялады.

Бесаспап ғалымның, зерттеушінің, жазушының қаламынан «Қайта оралған ән»» (1968), «Қош бол, вальс!» (1968), «Екі жирен» (1971), «Бірінші концерт» (1979), «Махаббат вальсі» (1983), «Аққулар қонған айдын көл» (1988), «Аққу әні» (2006), «Зәуреш» (2012) атты шығармалары әдебиет пен өнерді құрметтейтін қалың көпшіліктің сүйікті кітаптарына айналды.

Илья Жақановтың шығармашылық әлемі аса кең: Ол – тамаша қаламгер жазушы, шебер драматург, ел ішін ерінбей - жалықпай шарлап  халық әндері мен әншілер туралы дерек іздеуші фольклоршы, саяхатшы - ғалым, қазақ радио пьесасы  атты өнер саласының негізін салушы, халық композиторлары мен халық әншілері туралы телехабарлар жүргізудің майталман шебері.

Сөз соңында айтарымыз: Илья Жақановтың «Зәуреш», «Аққу әні», «Ықылас», «Қайта оралған ән», «Махаббат вальсі» және т.б шығармаларын республиканың жоғары оқу орындары мен арнаулы оқу орындарында мұғалімдік мамандықта оқитын барлық студенттерге оқып үйренетін құрал ретінде ұсыну қажет деп санаймын. Әсіресе бұл еңбектер қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика, тарих, музыка және өнер мамандығы студенттерінің үстел үстіндегі ең бірінші кітаптарына айналуы қажет. Себебі бұл еңбектерде жас педагогтар мен ғалымдар үйренуге қажетті  нәрселердің бәрі бар. Илья шығармаларының ғажап тілі, ғалымның зерттеу әдістері мен аса мол ғылыми деректері болашақ мамандар үшін таптырмайтын құндылықтар болып табылады. Илья шығармаларының тілі мен стилі туралы тіл ғылымының мамандары өз пікірлерін айта жатар. Менің айтайын дегенім: зерттеушінің осы тамаша шығармаларын оқыған кезде орыстың ұлы жазушысы А.П.Чеховтың М.Ю.Лермонтовтың «Біздің заманымыздың батыры» атты романына байланысты пікірі есіме түсіп, қазіргі жастарға сол ұлы жазушының айтқанындай кеңес бергім келеді. Жақсы әдебиетші, жақсы тарихшы, жақсы журналист болғыларыңыз келсе Илья шығармаларын бас көтермей оқыңыздар, оның кітаптарындағы әрбір сөйлем жолдарын қолдарыңа карандаш ала отырып, астын сызып тұрып зерттеңіздер дер едім.

Ш. Нағимов, педагогика   ғылымдарының кандидаты, доцент,  ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  Жақанов И. Ықылас. – Алматы, 1999 ж.

2.  Жақанов И. Аққу әні. – Алматы, 2006 ж.

3.  Жақанов И. Зәуреш. – Астана, 2012 ж.

4.  Жақанов И. Селбай сәулеті.– Алматы, 2013 ж.