Астанада «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығы ашылды
10.02.2014 1580
Ұйымның мақсаты - ұлттық отбасылық құндылықтарды жаңғырту мен насихаттау, қазiргi заманғы қазақстандық отбасы үшiн халқымыздың ұлттық-мәдени мұрасын дамытуға үлес қосу.

Астанада «Отбасым» Ұлттық құндылықтар орталығы» қоғамдық бiрлестiгiнiң тұсаукесерi өттi, деп хабарлайды BNews.kz.

Орталық ҚР Президентi жанындағы Әйелдер iстерi және отбасылық демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия қолдауымен құрылған. 

Орталықтың тұсаукесеріне келген ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның консультанты Камал Әлпейісова жаһандану заманында отбасы құндылығын жастар арасында насихаттаудың маңыздылығы зор екендігін атап өтті. Бұл мақсатта қоғамдық бірлестіктің атқаратын рөлі зор деп есептейді. 

«Қазіргі біздің жастарымыз өзінің бұрынғы салт-дәстүрімізді ұмыта бастады, әйтпесе араласырып, шатастыра бастады. Ана, әйел деген қашанда да ұрпақты тәрбиесі үшін бірінші өзінің басты мақсатын ұрпақ тәрбиесі деп есептейтін адам. Сол себепті отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жанынан осы орталықты құрып, біз өзіміздің ұрпағымыздың, балаларымыздың, өздерінің түп тамырын ұмытпасын, салт дәстүрімізді білсін, озық өнегелерін үйренсін, бойына сіңірсін деген мақсатпен осы орталықты құғанбыз. Қай халықтың болсын оның бет-бенесін танытатын оның тарихы, оның тілі, оның мәдениеті. Сондықтан, ол қазіргі кезде ең өзекті мәселелердің бірін айтты Елбасы. Біздің мына құрып отырған қоғамдық бірлестігіміз де біздің халқымыздың мәдениетін насихаттауға үлес қосады. Осы өткізіп жатқан іс-шарамызда соның бір көрінісі, дәлелі деп ойлаймын»,- деді Камал Әлпейісова. 

«Орталық отбасылық құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрдi насихаттау, ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарды, дәстүрлердi насихаттап, ұрпақтарымызға жеткiзу мақсатында құрылды. Отбасылық құндылықтарды сақтай бiлiп, құрылған шаңырақтардың берiк болуын қалаймыз. Бүгiнгi алғашқы шарамыз өтуде. Бiз қыз ұзату, құда түсу, беташар дәстүрлерiн көрсетемiз. Бүгiн танымал қазақстандық дизайнер Айдархан Қалиевтiң неофольклорлық стильдегi киiм үлгiлерiнiң көрсетiлiм өтедi. Күнделiктi өмiрде де киiм үлгiлерiнде осындай неофольклорлық элементтердi қолдануға болатындығын көрсеткiмiз келедi», - дедi «Отбасым» Ұлттық құндылықтар орталығы» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрайымы Шолпан Сыздықова.

Орталық болашақта ұлттық ойындар, отандық туризм сынды тақырыптарға арналған шараларды кеңiнен өткiзiп отырмақ.

«Келесi шарамыз ұмытылып бара жатқан қазақтың ұлттық тағамдарына арналмақ. Бiз өңiрлердi аралап, тағам түрлерiне қатысты ақпараттарды жинастырдық. Келесi шарамыз, наурызда осы тақырыпқа арналатын болады», - деп толықтырды ол.