РУХАНИ ДАҒДАРЫС ТУРАЛЫ ЖАНАЙҚАЙ
01.11.2016 3044
Ертеңгі күннің қамын бүгін жеген, қазақ халқының рухани мәдениетінің сақтаушысы Герольд Бельгер

Қазақ әдебиеті классиктерінің (Б.Майлин, Ғ. Мүсірепов, Ә. Нұрпейісов және т.б.) шығармаларын орыс тіліне аударған, көптеген романдардың, повестердің авторы. Бельгер – қазақ және неміс халқының қадірлі ұлы. Ол немістің Повольже өлкесінде дүниеге келген. 1941 жылы неміс халқы жалған айыптаумен Қазақстанға жер аударылды. Ол алты жасында Ысқақ Ыбыраев атындағы қазақ ауылынан (Солтүстік Қазақстан облысы) бір-ақ шығады. Ауылда өсіп, қазақ орта мектебінде білім алып, Герольд қазақ тілін өз ана тіліндей меңгеріп алады. Сондықтан «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы Ә. Нұрпейісов Бельгерді аудармашы болуға көндіреді. Осылайша, Герольд әдебиет әлеміне қадам басады. Оның арқасында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Ғабиден Мұтсафиннің, Ғабит Мүсіреповтің және тағы басқа көптеген көркемсөз шеберлерінің шығармалары «орыс тілінде сөйлей бастайды».

Герольд шығармашылығының негізгі тақырыбы – интернационализм, халықтардың достығы. Оның «Земные избранники» шығармасы – екі ұлы философтар - Абай және Гете, Гете және Абай арасындағы орын алған рухани жаңғырық туралы эссе. Бельгер идеясының негізгі ойы жазушылық «еуразияшылдықта» көрініс табады. Ол қазіргі кезде орын алған күрделі жағдайда бұрынғы КСРО халықтары «Үлкен өмірге терезе" іспеттес орыс мәдениетінен қол үзбеуі тиіс деп есептеді. Бельгердің, адам ретінде жақсы бір қасиеті бар – қандай ащы болса да, шындықты бетке айту. Герольд Қазақстаннан немістердің, орыстардың, басқа ұлт өкілдерінің жаппай көшу қасіреті туралы жар салды. Герольд Карлович шындықты айтатын болғандықтан, түсіндіре және сендіре алатын. Оған барлығы – қазақ та, неміс те, орыс та сенім артатын. Қазақ, орыс және неміс тілдерін жақсы меңгере отырып, ол қазіргі Қазақстан туралы түсінік беретін. Герольд Карлович не туралы сөйлегенін, ойлағанын, толғанғанын еске түсірейік.

Қазақ интеллигенциясының «қажетсіздігі туралы»

Қара сөз шеберлері еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында ерекше қажет болды деп есептеймін. Сол кезеңде олар бар ынталарымен жұмыс жасады, жазды, еркіндік және тәуелсіздік идеясы жолында тер төкті. Ал еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң жазушы ағаларымыз шет қалды. Яғни қазіргі режим мүдделеріне қызмет ететін бар болғаны 3-4 жазушы және сондай фиолософтар мен әлеуметтанушылар керек болды.

Аз жазып, аз оқитын болды

Біздің газеттеріміз бен журналдарымыздың көптеген тиражбен жарияланатын кездері болған. Мысалға, өзім қызмет еткен «Жұлдыз» журналының тиражы 200 мың болды. Тіпті одан да көп. Ал қазір, ол бар болғаны 3-5 мың дана болып шығады. Ал енді өткен және қазіргі «Простор» журналын салыстырыңызшы. Дәл осылай кез-келген альманах туралы айтуға болады. Олжас Сүлейменов айтқандай. «Әрбір шопан қолтығына «Жұлдыз» журналын қыстырып жүретін». Ал қазір оның оқырмандары азайып кетті. Біздің оқырмандарымыздың барлығы Көк базарда саудамен айналысып жүр, оқуға уақыттары жоқ.

Әдебиетті жоғалту – руханиятты жоғалту

Тәуелсіздік жылдары біз біраз нәрселерге қол жеткізген болсақ та, көп нәрседен қол үздік. Және үлкен қайғының бірі – әдебиетімізді, рухани мәдениетімізді едәуір дәрежеде жоғалтып алдық. Егер біреу жазатын болса, көп жағдайда қазіргі биліктің айтқанына бола жазады, қоғамның шағын, бірақ үлкен әлеуметтік тобына қызмет жасайды. Кейбір жазушылар байларға «қызмет етеді». Олар өздерінің «жазбаларында» «қалталы кісілердің» тұрмысын, әрекетін, ойларын мақтайды – осыған қанағат етеді. Көркем интеллигенцияның жағдайы мүшкіл екені туралы көп айтылады. Және тек Қазақстанда ғана емес, осыған ұқсас жағдай – Ресейде, ТМД-ның басқа елдерінде де орын алған. Бірақ әділдік үшін мынаны айтуымыз керек: біздің солтүстік көршілерде барлық әдеби журналдар, шығармашылық одақтар, сыйақылар сақталған. Жазушылар да ол жақта біздікілерге қарағанда белсендірек.

Надандықтың қасіреті

Біз Қазақстанда да жаңа есімдерді ашып отырмыз, бірақ олар үшін жалпы жағдай жағымды емес. Әлемге аты танымал ғалым, академик Дмитрий Лихачев былай деп айтқан: «Надандықтың қасіреті-біздің қасіретіміз». Міне, осылайша, надандық қасіреті Қазақстанда белең алған, оның ішінде – жазушылық кәсіпте де.

Латын графикасына көшу туралы

Біз мұндайдан өткенбіз. Соғыстың алдында біздің мектепте (мен қазақ метебінде оқыдым) оқулықтар латын қәріпімен жазылған болатын. Егер біз бұл графикаға көшетін болсақ, оқырманымызды біржола жоғалтамыз. Пушкиннің еңбектерін қазақ тілінде осындай қәріппен жазылғанын елестетіп көріңізші – бұл біртүрлі Пушкин болмақ. Оған үйрену оңай болмайды. Ең алдымен, қазақтардың кириллицада да, латын, араб әліппесінде де ештеңе оқымай қояды деп қорқамын.

Қисықтықтың қаупі

Кез-келген жолмен біреудің ұлтын жаншу арқасында өз ұлтын ұлықтау. Бұл – адасушылық. Мен кейбір суперұлтжандылардың орыс тілін ығыстыру үрдісін байқап жүрмін. Бір нәрсені жоғалта отырып, басқа нәрсені қолға түсіру - күмәнді іс. Орыс тілі Қазақстанның барлық бақытсыздығына кінәлі емес. Ол – көптеген халықтардың басын қосқан ұлы тіл. Және де мен орыс тілінен бас тартпауымыз керек деп айтып отырған президентімізге ризамын. Бұрынғы жетістіктердің біреуін де жоғалтпастан, қазақ мәдениетін дамытуымыз керек.

Жастардың өмірлік бағдарлары

Шынымды айтсам, мен білмеймін. Бір кездері мен студенттерімнен екі-үш атақты қазақ жазушыларын атаңыздаршы деп сұрайтынмын. Көбісі жауап бере алмайтын. Театрға соңғы рет қашан бардыңыздар деп сұрайтынмын. Жастар сасып қалатын. Мен болашақта не күтіп тұрғанын білмеймін. Қазақ жастары туралы бір-екі ауыз сөз айтсам ба деймін. Олардың еліктегіштігі мазалайды. Олар өз тілінде емес, басқа тілде сөйлеуге тырысады, батысқа еліктеп киінеді, билейді. Біз мәңгүрттер ұрпағын өсіруіміз мүмкін: өзінікен қол үзген, бірақ бәрібір не америкалыққа, не неміске, не французға айналмаған.

Қазақстандық жазушылардың үлкен және жас буыны туралы

Менің досым Әбіш Кекілбаев – тамаша прозашы, роман жазушы. Бірақ мемлекеттік құрылымдарда жұмыс жасағаннан бері ол тек қана үлкен мадақтау очерктерін ғана жазады және барлығын өз бетінше түсіндіргісі келеді. Щеголихиннің қазір жазып жүргенін, жүрмегенін білмеймін. Естіген жоқпын. Олжас Сүлейменов Қазақстанның Италиядағы елшісі бола тұра, әлі де жазады, ол жерде «Хат тілі» деген ғылыми зерттеуін басып шығарды. Очерктерді жиі жазатыны қуантады. Морис Симашко Израильге кетіп қалды. Ал жастарға келетін болсақ... Әрине, жаңа есімдер шығып жатыр, бірақ мен азын ғана айта алам. Исраил Сапарбай, Иран-Ғайып. Олар біздің заманымыз туралы әділ, татымды жазады. Дулат Исабеков, Дүкенбай Досжандар – бұлар орта буын өкілдерінің есімдері.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Аударған: Гүлнұр Серікқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)