Киіз үй ЮНЕСКО қорғауына алынбақ
27.01.2014 1514
Ұлттық өнердің озық үлгісі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне халықаралық аталым бойынша енгізілмек.

Ел үкіметі атадан қалған киіз үйді көздің қарашығындай сақтап, оны жасау өнерін насихаттау мақсатында бүкіләлемдік құнды мұралар тізіміне енгізу туралы ұсыныс жасаған болатын, деп хабарлайды 24.kz.

Таңдау ұлттық қолөнерді сол қалпында сақтаған Маңғыстау өңіріне түсті. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері 2 жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ЮНЕСКО-ға ұсыныс әзірледі. Жапонияның Осако қаласындағы халықаралық этнографиялық мұражайда сақтаулы тұрған киіз үй – маңғыстаулық шебердің туындысы. 50 жыл бұрын жасалған құнды жәдігер талайдың таңдайын қақтыруда. Енді Маңғыстау шеберлерінің қолынан шыққан киіз үй тек күншығыс еліне ғана емес, бүкіл әлемге танылмақ. Ұлттық өнердің озық үлгісі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне халықаралық аталым бойынша енгізілмек. Себебі киіз үй Еуразия көшпенділеріне ортақ баспана болған. 

Тамара Жұмалиева, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры:

 - Киіз үйді жасау дағдысын қырғыз мемлекетімен бірге ұсындық. Сөйтіп дайындалған ұсыныс толық мақұлданып, ЮНЕСКО-ның секретариатына ұсынылғандығы туралы хабар алдық. Әрине, бұл мұражай қызметкерлерінің, ғылыми-әдістемелік кеңесінің қызметінің нәтижесінде өте жақсы ұсыныс дайындалды. 

Маңғыстау түбегінде өткен ғасырларда жасалған киіз үйлер әлі күнге сақтаулы тұр. Ұлттық өнерге деген шынайы көзқарас қалыптасқан аймақ жұртшылығы киіз үйді сақтап қана қоймай, оны жасауды ұрпақтан- ұрпаққа мұра етіп келеді. Аймақ шеберлерінің киіз үйлері өзіндік жасалу жолымен, жабдықталуымен ерекшеленеді. 

Тамара Жұмалиева, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры:

 - Бұл біз үшін үлкен мерей болғанымен, жауапкершілігі жоғары. Шыны керек, біздің аналарымыздың, ағаларымыздың, әкелеріміздің ұлттық өнерге деген жанашырлығының арқасында біліп отырмыз деп есептеймін. Сондықтан біздің халқымыз – атадан балаға мұра қылған мұрагер ұлт. Сондықтан ұлтымыздың жақсы қасиетін жаһандану үдерісінде жоғалтып алмай, соны әрі қарай жетілдіру, ұрпаққа жеткізу – бізге міндет. 

Өңірде киіз үй сүйегін жасаушы жігіттер мен оған қажетті түрлі ою-өрнекті әсем бау-басқұр тоқитын қыз-келіншектер де бар. Егер ұлттық жәдігеріміз ЮНЕСКО-ның құнды мұралар тізіміне енсе, қолынан бал тамған шеберлеріміздің ісіне қан жүгіреді. Ал бастысы - қазақтың дәстүрлі өнері қорғалып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.