Алматыда Жәнібек батыр туралы кітаптың таныстырылымы өтті
24.01.2014 1199
Кітапта Жәнібек батырдың бейнесі кең ауқымды тарихи және әлеуметтік-мәдени жағынан жан-жақты ашылады.

Алматыда  «Между всеми старшинами знатнейший» атты Жәнібек Қошқарұлы туралы кітап қалың жұртқа таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Мен батырлар өміріне бала кезімнен қызығатынмын. Отбасымда да батырлар культі басым болды. Мұхтар Әуезов қоры атынан осы тақырыпты зерттеуге ұсыныс түскен кезде, мен көп ойланған жоқпын. Жәнібек батыр - нағыз сегіз қырлы, бір сырлы ер, қазақ батырлық дәуірінің бетке ұстар бірегей тұлғасы. Ол - жоңғар езгісіне түскен қазақ халқын аман сақтап қалу жолында жанын шүберекке түйе, еңбек еткен қоғам қайраткері. Сондай-ақ, қазақ халқының бірлігін сақтауда да, ішкі және сыртқы саяси ахуалды реттеуде де еткен еңбегі орасан», - дейді басылым авторы Ирина Ерофеева. 

Оның айтуынша, түрлі тарихи деректерді қорыта келгенде, Жәнібек Тарханның дүниетанымы мен көзқарасы сол кезде қазақ халқын кейін тартқан рушылдық, жүзшілдік сияқты келеңсіз қылықтардан биік тұрғандығы анық байқалады. 

«Ол мемлекеттік қайраткер деңгейінде ой толғаған. Ресей шенеуніктері естеліктерінде оның хандар мен сұлтандардан еш кем емес екендігін бекерден-бекер жазбаса керек. Бұл ойды Қалдан Цереннің өзі хатқа түсіріп, Жәнібекті хандармен тең көретінін жазып кеткен», - дейді автор Ирина Ерофеева.