Исатай мен Махамбет ерлігін насихаттау жалғасуда
10.01.2014 2011
Исатай-Махамбет батырларды насихаттау ісі жаңа жылда да жалғасын таппақ.

«Исатай-Махамбет» қоғамдық қорының директоры Темірхан Елеубаевтың айтуынша, осы мақсатта арнайы құрылған топ аудандарды аралауда. Жуырда олар Жаңақала ауданында болып, Махамбеттің толғау-термелері мен күйлерінен концерт қойып қайтты, деп хабарлайды baq.kz. 

Ардагер журналист Тихон Әліпқалиев Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің тарихына тоқталса, Жаңақала ауданының түлегі, республикалық байқауларда оза шауып, бәйге алып жүрген домбырашы Ақылбек Бектасов Махамбеттің «Жайық асу», «Қайран Нарын», «Өкініш» күйлерін орындап берді. Ал әншілер Фархат Оразов пен Лаура Мұхамбетжанова ақын толғауларына кезек берді. Концертке жергілікті өнерпаздар да қатысты.

Аудан әкімі Лавр Хайретдинов қор мүшелері мен орындаушыларға жұртшылық атынан алғысын жеткізді.

Осындай өнер сапарымен әнші-күйшілер таяуда Қаратөбе ауданына бет алмақ. Содан кейін Сырым ауданы кезек күтіп тұр. Болашақта белгілі өнер тарландарының қатысуымен Астанада концерт қою ойластырылуда.