Ұлттық ою-өрнек - қазақтың брендіне айналар асыл қазына
06.01.2014 3401
Арқалық қаласының тұрғыны, қолөнер шебері Шөптібай Бәйділдаұлының қолында қазір 2 мыңнан астам туынды бар.

Арқалық қаласының тұрғыны, қолөнер шебері Шөптібай Бәйділдаұлының қолында қазір 2 мыңнан астам туынды бар. Олардың әрқайсысын әлем назарына ұсынуға болады. Алайда, қазақтың брендіне айналар қазына қазір қолөнершінің төргі бөлмесінен әрі аса алмай тұр.

Шөптібай Бәйділдаұлы - 1500-нан астам ою-өрнектің авторы. Әр туынды талай жылғы тынымсыз ізденіспен, еңбекпен келеді. Шебер авторлық құқығым бар деп ою-өрнектерін меншіктеген емес. Оның мақсаты - осы өнерді жаңғырту, елдің кәдесіне жарату. Шебер ою-өрнек ұлттық мақтаныш болуы керек деп санайды.

«Иранның, Түркіменстанның кілемі бар, қазақтың кілемі де ешкімнен кем емес. Біз неге өз кілемімізді шығармаймыз? Еркіндік алдық, енді ұлттық құндылықтарымызды көтеруіміз керек. Осы ұлттық мәдениет ою-өрнекпен қоса дамыса, нұр үстіне нұр болмақ. Елімізде ЕХРО-2017 көрмесі өтпек. Қазақтың ұлттық дәстүрін, мәдениетін көрсететін шақ сонда туады. Көрмеде ұлттық мәдениетімізді рет-ретімен көрсете алсақ, біздің бұйымдар дүниежүзіндегі кез келген елдің нарығына еніп кетеді деп ойлаймын», дейді қолөнер шебері.

Кілемнен бөлек, Шөптібай Бәйділдаұлының ою-өрнектерін тұсқағаз, кафельге басса, ол кез келген үйдің ажарын аша түседі.

Бұған дейін Ш.Бәйділдаұлының көрмесі Түркияда өткен жасөспірімдер фестивалінде, 1996 жылы Атланта олимпиадасында қойылған, деп хабарлайды 24.kz.