ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзі десе ой елегіне келетіні «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы, одан өзге сол сұрапыл заманда ұлт ертеңі жолында қалам тартқан қандай басылымды білеміз?
ХХ ғасыр басында қазақ баспасөзінің тарихын қоғам дамуының заңдылықтарына қарап сол кезде ақиқатты айтуға талпыныс жасаған Алаш ардақтылары болған. Олардың алдында қараңғы бұқараның көзін ашып, көкірегін ояту, тар жол тайғақ кешіп, ұлт алдындағы ұлы міндет бірлікті сақтай отырып,тұтастығын бекітіп, қара халықтың санасын ояту міндеті тұрды.
Баспасөз тарихшылары арасында алдыңғы орын көрнекті қаламгер, ұлт тәуелсіздігі үшін жанын қиғандар А.Байтұрсынұлы,М.Дулатұлы, М.Тынышбаев, С.Сәдуақасов, Қ.Кемеңгерұлы,Ж.Аймауытов,С.Сейфуллин тағы да көптеген ұлт жанашырлары тұғын. Олар сонау ХХ ғасырдың басында-ақ бұқаралық баспасөздің ұлттық сана-сезімнің оянуына қалай әсер ететінін ғылыми тұрғыдан түсіндіріп берген.
Қазақтың ұлттық баспасөзінің тарихында елеулі орны бар «Жас азамат» газеті –ұлт тәуелсіздігін жақтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті.
1918 жылдың сәуір-мамыр айында Омбы қаласында өткен қазақ жастарының тұңғыш құрылтайының шешіміне орай, «Бүкілқазақтық жастар ұйымының тілі» ретінде бұл газеттің алғашқы саны 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында жарық көрген.
Газеттің дәл сол кезде Қызылжар қаласында шыға бастауы аймақта Кеңес өкіметінің құлауына байланысты, билікті қолына алған Алашорда үкіметінің саяси шешімінің нәтижесі еді. 1918 жылы маусымда Алашорда үкіметі жергілікті жерлерде нақты билікке қол жеткізу үшін бірқатар декреттер қабылдады. Сол кездегі күн тәртібінде тұрған келелі мәселелер: Құрылтай жиналысын ұйымдастыру, ұлттық қарулы күштерді құру т.б. аталған мәселелердің барлығы «Жас азамат» газетінінің әр санына шығып отырды.
«Жас азамат» - ұлт тәуелсіздігін жоқтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті болғаны анық.
Алашорданың келешегі туралы Челябі қаласында өтуге тиіс Сібір өкіметімен келесі келіссөз-кеңестің 25 тамызда белгіленіп отырғанын хабарлаған «Жас азамат» тілшісі Алашорда атынан Халел Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Түркістан автономиясының бастығы Мұстафа Шоқаев бармақшы болып отырған бұл жиылыста қаралатын «үлкен автономиялы үкіметтерден бас біріктіретінін ортадан барлығына бірдей үкімет тұрғызу» екеніне, «егер де бұл жиналғандар ынтымақтасып, сөзді бір жерден шығарса, бұлардың қаулысы бұзылмайтын болып бекімекші» екеніне назар аударды.
Тағы бір тоқталып өтетін танымды жарияланымның бірі 1918 жылғы 4 қазандағы Смағұл Сәдуақасұлының «Өмір үшін күресу» деген мақаласы. Мақала кемел ойдың жемісі десе болғандай. Әлқиссасын қалың қазаққа таныс әрі түсінікті тіршілік түйіткілдерінен бастап саяси шырғалаңға дейін сараптама жасады.
«Жас азамат» М.Дулатұлының «Тұңғыш құрбан» атты өлеңінде Алаш күресін қолдауға барша қазақ жастарын шақырды.
Мақсаты ұлттың жолына,
Туын ұстап қолына,
Жас ғұмырын пида еткен.
Қош бауырым, жолдасым!
Армансыз сенің өз басың...
Аты –жастар баспасөзі болғанымен, заты- асыл, ұлт тәуелсіздігінің туын алғаш көтерген рухани шамшырақтар қатарынан «Жас азаматты» көреміз. Баспасөз тарихына зер салып, қазақ баспасөзінің елдің тәуелсіздігі, жердің бүтіндігі үшін күресте қандай саяси-қоғамдық мәні болғанын айтпай-ақ түсінуге болады.
Салыстыра қарағанда бес жыл бойы шығып келген, жан-жақты білімді, саяси күреске шыныққан. Дұрыс ұйымдастырылған баспасөздің үгіт-түсінік қырым-қабілетін мейлінше тиімді пайдаланудың, ұйымдастырушылық қызметінің үлгісін «Жас азамат» сол кезде-ақ көрсетіп кетті. Саяси мақала, көпке таныс әуезе әңгіме, тіпті шағын ақпар, тақпақ-өлең түріндегі материалдардың кейіп-көркі газетті күн озған сайын тамтымдырақ етіп, әр шаңыраққа қонақтатуға күш салғаны байқалады.
Қорыта айтқанда, «Жас азамат» аз уақыт ішінде саяси бағыт бағдары анық, өз бетін тапқан, оқырмандардың ықыласына бөленген басылым болды. «Жас азаматтың» соңғы саны 1919 жылы 3 ақпанда шықты да тоқтады.
Қазақ басылымдары, олардың көш басшылары «Айқап» журналы мен «Қазақ», «Жас азамат» газеті ел-жұртының ұлттық санасын оятты, жүрегіне асқан творчестволық қуат пен жігерлі рух екті, ХХ ғасырдың басындағы ұлт азаттығы идеясының желкілдеген туы болды. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңғы салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті», ХХ ғасырдың басындағы басқа да ұлттық басылымдарымыз болатын.
Дәулет ІЗТІЛЕУ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)