«Дала уәлаяты» газетінің жарық көргеніне 126 жыл толды
03.01.2014 3236
1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін жарық көрген "Дала уәлаятының газеті» деген атпен шығып тұрған ресми газетке 126 жыл толды.

Басылым Омбы қаласында 1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін қазақ, орыс тілдерінде "Акмолинские областные ведомости" газетіне қосымша ретінде «Дала уәлаятының газеті» деген атпен шығып тұрған ресми газеттің жарық көргеніне 126 жыл толды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.

Газеттің қазақша нұсқасына Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхамед Сұлтанғазин редакторлық жасады. Бастапқыда жарты баспа табақ көлемінде 4 бет болып аптасына бір рет басылған газет, 8-нөмірінен бастап 1 баспа табақ көлемінде 8 бет боп шыққан. Оның бейресми бөлімінде Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов туралы материалдар басылды. Сондай-ақ Абай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Барлыбек Сыртанов, Отыншы Әлжанов, Садуақас Шорманов, Жағыпар Айманов, Асылқожа Құрманбаев, Қорабай Жапанов, Мұхамеджан Сералин, Жақып Ақбаев, Әміре Айтбақин және тағы басқалардың шығармалары, хаттары, мақалалары шығып тұрған. Басылым материалдары тәуелсіздік жылдары библиограф-ғалым Үшкілтай Субханбердинаның құрастыруымен 4 кітап болып жарық көрді.