Батыс Қазақстанда 2153 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған
31.12.2013 2263
Соның ішінде 14-інің республикалық, 2139-ының жергілікті маңызы бар, мұның 1966-сы - археологиялық, 173-і - тарих, мәдениет, сәулет ескерткіштері.

Облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциядан түскен мәліметке қарағанда, соның 14-інің республикалық, 2139-ының жергілікті маңызы бар, мұның 1966-сы - археологиялық, 173-і - тарих, мәдениет, сәулет ескерткіштері. Қазіргі таңда 64 нысан кәсіпкерлер меншігінде, соның 25-і тұрғын үй есебінде болса, мұның 20-сы Орал қаласында, хабарлайды inform.kz. 

Коммерциялық құрылымдарға тиесілі нысандар әдетте жақсы сақталады да, тұрғын үйлер жөнінде бұлайша айту қиын. Өйткені бәрі қаржыға келіп тіреледі, сондай-ақ ондай ескі үйлерде тұратындар «мемлекет жаңа үй береді» деп есептейді де, жөндеуге бас ауыртпайды. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның қадағалау-бақылау қызметін кері қайтару керек. Мұны заңдық негізде жасау қажет. Өйткені 1999 жылы көптеген мемлекеттік органдардың, соның ішінде аталмыш инспекцияның қадағалау-бақылау қызметі алынып тасталды. Көп жылдық тәжірибе мұның дұрыс еместігін көрсетті.

Тарихи-мәдени мұраларды қайта жаңғыртуда да нақтылайтын мәселелер бар. Мысалы, 2004 жылға дейін тарихи-мәдени ескерткіштерді күрделі жөндеу үшін ғана құрылыс ұйымдарының тиісті лицензиясы қажет болды, ал ағымдағы жөндеуге мұндай рұқсат керек емес-ті. 2004 жылдан бастап күрделі жөндеуге де, ағымдағы жөндеуге де лицензия талап етілетін болды. Мұндай рұқсаты бар құрылыс ұйымдары өңірде оннан сәл асады, күрделі емес жұмыстарды кезкелген құрылыс бригадасы атқара алар еді. Бұрынғы ережені қайтару жөнінде ұсыныс ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілді де.

2014 жылы Бөкей ордасы ауданында Овчинниковтің 1882 жылы салынған саяжайын, Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында ХІХ ғасырда тұрғызылған оның үйін, Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында ХІХ ғасырда іргесі қаланған бұрынғы орман мектебін, Бөкей ордасы Хан ордасы ауылында 1878 жылғы бұрынғы қалалық усадьбаны қайта жаңғырту ойластырылуда. Сонымен қатар Орал қаласының тарихи ғимараттарын жаңғыртудың 2014-2018 жылдарға арналған жоспары жасалмақшы.