Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев
27.10.2016 3167
Ыбырай Жақаев күріштің бабын тауып, баласындай мәпелеп, дүниежүзілік рекорд жасады

«Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады» деп ақ күріштен тау тұрғызған Ыбырай атаның ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан сөзі бүгінде кәсібін ашып, еңбектің арқасында несібесін жеп, халықты жұмыспен қамтып, елдің алғысы мен ықыласына бөленіп жүрген, бүгінгінің қарапайым кәсіпкерлерін еске түсіреді… 

 

Ы. Жақаев жұбайы Бибіажармен

Қарапайым қазақтың қара шалы еңбек арқылы адам айтқысыз биікке көтерілді. Ол колхоз бастығы болған жоқ, атқару комитеті төрағасының немесе партия комитетінің бірінші хатшысының орынтағында отырған жоқ, әкім де, министр де болмады, бірақ құдіретті темір кетпенімен, маңдай терімен, Сыр бойының қасиетті, киелі жерімен, қол еңбегімен жаһанға мәшһүр болды. 

Жоқшылық пен аштықтың азабын тартқан тұста Ы.Жақаев үш жыл қатарынан әр гектардан 156, 160, 171 центнерден өнім алып, рекорд жасады. Дала академигінің бұл ерлігі елге ерекше бақ-береке, ырыс-несібе әкелді. 

 

 

Ы. Жақаев бабамыздың қоғам қайраткері Д. Қонаев, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ж. Қуанышбаев, Кеңес Одағының батырлары ұшқыш-космонавт Г. Титов пен генерал Г. Ковтунов, т.б. ақын-жазушы, қоғам қайраткерлерімен бірге болуы – өз алдына үлкен әңгіме арқауы. Еңбектегі зор табыстары үшін 1949 жылы оның омырауында Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызы жарқырады. 

Қарапайым күрішші өз бақытын осылай еңбектен тапқан еді. Ол бұл жетістіктерімен тоқтап қалған жоқ, көптеген ізбасарлар тәрбиеледі, Жақаевшылар қозғалысы елімізде кеңінен етек алды. Ал, 1974 жылы Ыбырай Жақаевқа екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Кейінгі кезде күріш егетін жер көлемі 2 мың гектарға дейін төмендеп кетіп еді. Қажырлы еңбектің арқасында қайтадан 11 мың гектарға дейін көтерілді. Ал, 1977 жылы аудан шаруашылықтарында 12400 гектар жерге күріш егіліп, 1980 жылдары егістік көлемі 15000 гектардан асып, шиеліліктер күріш өсіруден, мол өнім келтіруден ешкімді алдына шығармаған еді. 

Сыр бойында даңқты күрішшінің мыңдаған шәкірттері бар. Жақаевтың жастарға хаты талай жастарға жігер, күш-қайрат беріп, ел байлығын еселеу жолында өнегелі өміршеңдігін танытты. Ы. Жақаев өмірі тамаша өнегесімен тарихқа енеді. Биыл ел болып Еңбек Ерінің 125 жылдық мерейтойы дүркіреп тойланып өтті. Диқанның еңбектегі жемісті, жеңісті жолдары осылай қалыптасқанын жас ұрпақ жадында сақтап, ұмытпағаны абзал. 

Дәулет ІЗТІЛЕУ 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)