Қараман Ата қонысы туралы аңыз
26.10.2016 5128
Аталған қоныс шамамен ХІІІ ғасырға жататын толығымен жер астында орналасқан жалғыз жер асты мешіті

Қараман Ата ескерткіші Маңғыстаудың орта бөлігінде орналасқан, ол үш бөлмеден тұрады. Кіре беріс бөлме, оған жалғас намаз оқитын зал. Онда төбені тіреп тұратын ұстындар бар. Төбе сол жердің бетін алып жатқан ұлутастан тұрады. Аңыз бойынша Қараман Ата Шопан Ата әулиетінің інісі екен делінеді. Екі мешітті жалғастыратын жер асты жолы болған, бірақ ол уақыт өте құлап қалған. М. Мендіқұлов Қараман Ата мешітінің салыну кезеңін ХІІІ ғасырға жатқызады. Ал Әбілғазы Қараман Атаны Балқаннан түркмендерді Маңғыстауға бастап келген бектердің бірі дейді. Қараман атаға қатысты аңыз-әңгімелерді ашып тарқатсақ. 

Қараман ата Маңғыстау өңіріне суфизмді таратушы 300-ге жуық миссионерлердің бірі болып табылады. Қараман ата туралы түрлі аңыз-деректер бар. 

М. Мирзаевтың кітабында қарақалпақ аңызы айтылады, онда Қараман ата туралы жалғыз көзді алып, кісі жегіш ретінде бейнелейді, ол өз кезегінде Есім батырға қулығын асырып өлтірген делінеді. Тағы бір қарақалпақ аңызында Қараман жауыз, сараң бай ретінде көрсетіледі. 

Қараман атауы түркмен аңыздарында да кездеседі: сонау ертеде түркмендер арасында екі ағайынды бауыр өмір сүреді Ақман мен Қараман. Олар ел тұрғындары арасында жоғары сый мен құрметке ие болған. Күндердің күнінде Қожа Яссауимен арада текетірес туындап ағайынды бауырлар батыс аймақ яғни Маңғыстауға бет бұрады. Ағайындының бірі қайтыс болғаннан кейін бауырына арнап салынған өңірде қорым пайда болып, кейін жер асты мешіті салынады.

ХІХ ғасырға жататын басқа да дерек көздері сақталған «Маңғышылақтағы адайлықтардың өлі аруақтар туралы қасиетті аңызы» Бұл ауызша аңызда Қараманның Есен атаның баласы, Шопан атаның немересі екендігінен дәйек келтірілген. Шынында да Қараман көптеген келелі істер атқарып, атасының ізін қуып ұқсас болған. Соның бірі Шопан атасының қорымының жанынан жер асты мешітін салды. Қараман қайтыс болғаннан кейін сүйегін мешіт қасына жерлейді. Қараман Ата мешіті  батыс өңірдегі қасиетті жерлердің бірі болып саналады. Айтылған аңызға сүйенсек осы өңірде мекендеген екі рудың арасында дау-дамай туындайды, анық-қанығын анықтау мақсатында екі жақта Қараман атаның басына келіп ант беруге келіседі. Екі жақты келісім бойынша қасиетті ант берілгеннен кейін жалған ант берген ру адамдары сол жерде барлығы мерт болған. 

Халық арасында келесідегідей аңыз кең таралған: бір кезде қазақтар мен түрікмен халықтары арасында келіспеушілік туындап, арадағы кикілжіңді біржақты қылу үшін Бекет атаға жүгінеді өз кезегінде Бекет ата Қараман Атаның басына барып дауға нүкте қоюды ұсынады, бұдан түйіндейтін ой Қараман атаның қасиетті екендігіне көз жеткізеді. 

Қазіргі таңда Қараман Ата қорымының негізгі бөлігі қоршалған. Қорымның көлемі 4 га. Қорымның оңтүстік батыс беткейінде қоршаудан тыс VIII-IX ғғ. белгіленетін қабірүсті ескерткіштер орналасқан. Олардың саны - 40 дана. Ескерткіштің қорғау аймағының жалпы ауданы - 7,2 га алып жатыр. Қараман Ата ескерткіші бүгінгі таңда тарихи жәдігерлердің санатына жатқызылып мәдени құндылық ретінде заңмен қорғалған. 

Дәулет ІЗТІЛЕУОВ 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)