Ұлы адам туралы ұлағатты кітап
05.07.2017 2854
Ресей тарихшысы, жазушы, кітап авторы, Николай Зенькович: «Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқына берілген Құдайдың сыйы

Танымал тұлғалар туралы жазылған 30-дан астам кітаптың авторы Николай Александрович өз тізіміне Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы болып енгенін айтты. «Мен бұл кітапты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейiн жаза бастадым. Содан бері Нұрсұлтан Назарбаев туралы оғаш пікір айтылғанын естіген емеспін. Қоғамдық пікір деген осы. Нұрсұлтан Назарбаев туралы қоғам ойының өзгергенін де көрмедім. Ол халқының, ал халқы Мемлекет басшысының қадірін біледі.

Бұл кітап 12 жастан асқан оқырмандарға арналған. Басты идеясы – қол қусырып отырсаң, ешқашан ұлы тұлға бола алмайсың», дейді автор. Қаламгердің айтуынша, кітапта суреттелген Елбасының жалынды өмірі оқырманды өзіне еріксіз баурап алады. «Нұрсұлтан Назарбаев тарих үшін маңызды оқиғалардың басы-қасында жүріп қана қоймай, қиын кездері жағдайды өз қолына ала білді. Бұл үшін ерлік, білім және тәжірибе керек.

Ең бастысы – Отан үшін еңбектену. Президенттің өмірі Отанымен, халқымен бірге өрбіді. Соның арқасында оны тек Қазақстанда емес, шетелде де ерекше бағалайды», дей келе, кітап авторы жастар Н.Назарбаевқа ұқсаса деген тілегін айтты. Кiтаптың орыс тiлiндегi нұсқасы 2 мың дана, қазақ тiлiндегi аудармасы да 2 мың данамен шықты. Ресейлік жазушының кітабын қазақ тіліне белгілі қазақстандық журналист, қаламгер, ТМД журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай аударған. «Елбасының саяси тұлға ретіндегі еңбектері көп дүниеге арқау болды.

Бірақ оның жастық шағы туралы фильмнен басқа ештеңе жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында Бейбіт Сапаралының Президенттің балалық шағы туралы кітабы шыққан болатын. Бірақ жоғары сынып оқушыларына, студенттерге арналған кітап жоқ еді.

Осы кітап сол бос орынға кірпіш болып қаланды», дей келе, Қайнар Олжай кітаптың стилін Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасына ұқсатты. Аудармашының айтуынша, кітапта тарихи деректер көптеп қамтылған. Мысалы, Назарбаевтың Қазақстан мұнайын қалай игереміз деген мәселемен «Шевронға» барып, екі апта бойы тәжірибеден өткенін біреу білсе, біреу білмейді.

Сонымен қатар, кітапта біз білмейтін деректер де пайдаланылған. Жиында сөз сөйлеген «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова кітап тілінің жатықтығын ерекше атап өтті. «Кітаптың оқушылар мен жастарға қажетті дүние екені көрініп тұр. Мұнда ұлттық тәрбие алған, салтымыздан сусындаған баланың Елбасы болғанға дейінгі өсу жолы құнарлы тілмен жеткізілген.

Бұл жастар үшін, ұстаздар үшін де пайдалы болмақ. Назарбаев зияткерлік мектептері оқу процесінде оны міндетті түрде пайдаланатын болады», деді ол. Кітап екі бөлімнен тұрады. «Үшқоңырдан шыққан ұлан» атты бірінші бөлімі Президенттің балалық шағын, жастық жылдарын сөз етеді. "Мәртебелі Президент" аталатын екінші бөлімі оның әлемге танымал тұлғалар қатарына қалай қосылғаны туралы сыр шертеді.

Фото: Артем Чурсинов