«Тархан» атағы не үшін берілді?
26.06.2017 4037
Ресей патшайымы Елизавета Петровнаның жарлығымен 1743 жылдың 11 шілдесінде алғаш рет тархан атағын алған адам – Қошқарұлы Жәнібек (Тархан Жәнібек) батыр

Патша ағзам тарапынан Ресейдің отарлау мүддесіне қызмет еткен түркі тестес тұлғаларға «тархан» деген атақ берілген. Мысалы, Кіші жүз қазақтарын Ресейге бағынуға еңбек сіңіргені үшін Алексей Иванович Тевкелевке полковник, кешікпей генерал (1755) шені беріліп, оның ұрпақтары ірі мұсылман помещиктерге айналды. Ал, башқұрт Таймас Шайымовқа «тархан» атағы берілді.

Орынбор Шекара Комиссиясының деректеріне қарағанда, тархан атағын алғандар саны ХІХ ғасырдың ортасында 20 ғана адам болған.

Осы орайда, отарлаушылар көздеген мақсаттарын іске асыру үшін өздеріне көмектескен қазақтың беделді адамдарына атақ беріп, орден-медальдармен марапаттауды қолға алды.

Осының алғашқы қадамы ретінде Сенат 1743 жылы «Қазақ ордасында қызметте өзін жақсы жағынан көрсете білген би-төрелерге тархан атағы берілсін!» деген жарлығын шығарды. Осы жарлық бойынша Ресей патшайымы Елизавета Петровнаның пәрменімен тұңғыш рет 1743 жылдың 11 шілдесінде алғаш алған адам – Қошқарұлы Жәнібек (Тархан Жәнібек) батыр.

Одан кейін 1821 жылы әскери губернатор, граф Эссеннің тапсырмасымен, Хиуа жорығына қатысып, патшаға жан-тәнімен қызмет көрсеткен қазақ билері Аманша Сеңгірбаев пен Жаңбыршы Саламысовтар тархан атағына ие болды. Сол сияқты тархан Жәнібектің баласы Дәуітбайға да Әскери Коллегияның 1759 жылғы шешімімен тархан атағы берілген.

1869 жылы Ресей Сенатында бұдан былай «Тархан» атағын тоқтату жайлы шешім қабылданып, бірақ жоғарыдағы атақты алған адамның ұрпақтарын алым-салықтан босатып, жеңілдік көрсету жайында қаулы күшінде болыпты. (Крафт П. «Торғайская газета» №120. 1897).

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, зерттеуші