Тарихтың жаңа академиктері
08.06.2017 1784
ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президиумының шешімімен 2017 жылдың 1 маусымында академия қатарына өткен ғалымдардың есімдері жарияланды

ҰҒА Президумы кезекті сессиясы өтіп, сессияның шешімі бойынша бірқатар ғалымдарға, атап айтқанда тарих саласы бойынша тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақстанның жаңа және қазіргі тарихы кафедрасының меңгерушісі Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Махмұтұлы Әбжанов және тарих ғылымдарының докторы, профессор, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дариякүл Пернешқызы Қожамжарова академик атанды. Бұл ғылыми атақ академияның толық мүшесі деп танылады.

Сонымен қатар археология саласы бойынша тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Әбішұлы Байтанаевқа академиктік дәрежесі берілді.

Ұлттық ғылым академиясы гуманитарлық ғылымдар, оның ішінде тарих және этнология саласы бойынша тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Ғабит Қапезұлы Кенжебаев пен тарихы ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қуандықұлы Қыдырәліні академияның корреспондент-мүшесі деп қабылдады.

«Қазконтент» АҚ National Digital History порталы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі атанған тарихшы-археолог ғалымдарды жаңа жетістіктерімен шын жүректен құттықтайды.