Мәмбет Қойгелдиев – ҚР ҰҒА академигі
05.06.2017 3710
2017 жылғы 1 маусым күні ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президиумында академия қатарына өткен ғалымдардың есімдері жарияланды

ҰҒА Президумы сессиясының шешімімен көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақстанның жаңа және қазіргі тарихы кафедрасының меңгерушісі Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиевке академик дәрежесі берілді.

Қойгелдиев Мәмбет  Құлжабайұлы  1946 жылы 18 тамызда Жамбыл облысы Шу ауданының Төле би ауылында дүниеге келген. Қырғыз мемлекеттік университетін, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1968-1971 жылдары аралығында ауыл мектебінде мұғалім, Жамбыл облыстық мұрағатының ғылыми қызметкері болып бастады. 1971-1989 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) доцент, 1989-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, 1991-2001 жылдардың ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанның жаңа тарихы кафедрасының меңгерушісі, аталған университет жанындағы Біліктілікті арттыру институтының директоры, тарих факультетінің деканы, ал 2002 -2006 жылдары ҚР БҒМ Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметтерін атқарған.

Ғалым М. Қойгелдиев тарих ғылымының докторы ғылыми атағын 1994  жылы, ал профессор атағын 1995 жылы алған. Қазіргі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақстанның жаңа және қазіргі тарихы кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етеді.

2004 жылдың қарашасынан Қазақстан тарихшылары Қауымдастығының президенті. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тарих және этнография секциясына жетекші болды.

Негізінен 20 ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметін зерттеумен шұғылданады. Тарих ғылымында Алаш қозғалысы тарихына жаңа көзқарас қалыптастырды. Сондай-ақ орта ғасырдағы қазақ ғұламасы, тарихшы Қадырғали Қосымұлының «Жылнамалар жинағы» ортағасырлық тарихи жазба дәстүрі негізінде өмірге келген құнды еңбек екендігін ғылыми тұрғыда негіздеді.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі атанған ғалым әрі ұстаз Мәмбет Қойгелдиевті «Қазконтент» АҚ National Digital History порталының ұжымы атынан шын жүректен құттықтаймыз.