С. Елубайдың «Ақ боз үйі» – ашаршылық ақиқаты
29 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Мәңгілік Eл» қайраткерлері: жазушы Смағұл Елубаев» тақырыбында белгілі жазушы Смағұл Елубаймен шығармашылық кездесу өткізілді
ҚР Президенті Архивінің жазушымен кездесу ұйымдастыруына оның жазған «Ақ боз үй» атты өткен ғасырдың 30-шы жылдары халқымыз бастан кешірген ашаршылық зобалаңы туралы романы түрткі болған еді, сондай-ақ қаламгердің айтулы мерейтойы да іс-шарамен тұспа-тұс келді.
Кездесуді ҚР Президенті Архивінің директоры Борис Әлкенұлы Жапаров ашты. Ол С. Елубайды 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Сонымен қатар ашаршылық проблемасына қысқаша шолу жасап, ҚР Президенті Архиві «Мәңгілік Eл» қайраткерлері» тақырыбында қаламгерлер мен мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесу өткізуді дәстүрге айналдырғанын және мұндай іс-шараның жас ұрпақты отан сүйгіштікке, тарихи танымдарын ашуда маңызы зор екендігін атап өтті.
Кездесуде жазушының ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін жылдарын қамтыған «Ақ боз үй» роман-трилогиясы талқыланды. Қаламгердің әріптесі белгілі ақын Ғалым Жайлыбай сөз алып Смағұл Елубайдың ерекше талантты ақыл-ой иесі екендігін, «Ақ боз үйдің» ашаршылық тақырыбында жазылған алғашқы туынды екендігін, сондай-ақ романның аталған мәселенің бастапқысы болатынын, ашылмай қалған қасіретті тарихи оқиғаларды суреттейтін соны туындылар әлі де жарыққа шығуы тиіс екендігін айтты.
Аталған роман бойынша архив құжаттарымен өзара байланыстырыла сипатталған баяндама оқылды.
Жазушы өз сөзінде «Ақ боз үй» сияқты шығармалар қандай қоғам, қандай саясат болмасын бүгінгідей жаһандану үрдісінде халықтың этностық тұтастығы мен құндылықтарының сақталуына ықпал етуі тиіс екендігін атап көрсетті. «Ашаршылық адамдардың жанын алды, тірі қалғандардың санасын алды. Алапат аштық пен қуғын-сүргіннен аман қалғандары өзін-өзі рухани жоғалтты. Ең қасіреттісі осы болды», – деп егілді жазушы. – «Бертін келе халықта ұждани болмыс кетті, рухани азғындау – қылмыс пен имансыздық күшейді. Тарихи арман – Тәуелсіздік алақанға қонған кезде ғажайып қазақ ұлты болып өмір сүруіміз керек. Ол үшін әрқайсысымыздың әр күніміз ұлттық болмысты сақтап қалу жолындағы күреске толы болу керек».
ҚР Президенті Архивінің кітапханасы іс-шараны тақырыпқа сәйкес кітап көрмесімен үйлестірді. Шығармашылық кездесуге жазушылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, тарихшылар, архивистер, жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, ашаршылық тақырыбында ой толғап, кездесуден алған әсерлерімен бөлісті. Кездесуге «EurasiaNet» интернет-порталының Орталық Азия бойынша бас тілшісі, журналист Джоанна Лиллис келіп қатысып, Қазақстандағы ашаршылық тақырыбы өзінің алапат жойқындығымен жан шошытатындығын айтты және ол Архивтің ашаршылық жөніндегі зерттеу жұмыстарымен танысты.
Кездесу соңында Архив директоры Б. Жапаров қаламгерге алғыс білдірді, сондай-ақ Архивте әлі талай тарихи романдар жазуға болатын құжаттар бар екендігін айтып, шығармашылық табыстар тіледі.
Айнаш СЕЙСЕНБАЕВА, ҚР Президенті Архивінің бас маманы