Сарайшықтың қалпына келер күні жақын
05.04.2017 2775
Қазіргі уақытта тарихы сырға толы, Жайықтың бойындағы ортағасырлық Сарайшық қаласы табиғи-климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен көп зардап көруде

Астанада «Сарайшық: ұлы қала тарихы» атты Халықаралық алқалы жиын өтті. ҚР  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев,  археолог ғалым Зейнолла Самашев, Карл Байпақов бастаған 40-тан астам отандық және шетел ғалымдар қатысты.

Олардың алдындағы басты мақсат ортағасырлық Сарайшық қалашығын сақтап қалу, қалашықты қалпына келтіру мен бұзылуына жол бермеу мәселелерін қарастыру.

Қазіргі уақытта тарихы сырға толы, Жайықтың бойындағы ортағасырлық қала табиғи-климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен көп зардабын көруде. Жайық тасыған сайын қаланың іргесі сөгіліп, тарихи нысанның бір бөлігі бұзылуда. Осы орайда алқалы жиынға жиналған  министрлік өкілдері, әкімдік және ғалымдар тарапынан Сарайшық қалашығының жағдайы алаңдаушылық туғызғанын байқадық.

Алдымен сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы жоғарыда аталған барлық түйткілді мәселелердің өзекті екенін айта отырып, көне қалашықты консервациялау керектігін алға тартты. Бұл бастама мейлінше бұрын басталу керек екендігін бағамдасақ та, министрдің аузынан шыққан бұл сөзге разы болғандай күй сезіндік.

«Бұл проблемаларға біз білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын аудартуымыз керек. Сөйтіп, ұтымды бірлескен шешімдер қабылдағанымыз жөн.  Жалпы алғанда, қаланы сақтауға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар, ғалымдар мен өзге де мүдделі тараптар қалашыққа қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге атсалысуы қажет. Мәселен, Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын аяқтау, археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру, осыдан кейін қалашықта консервациялау жұмыстарына барлық ресурстарды жұмылдыруымыз керек», – деді А. Мұxамедиұлы.

Алқалы жиынға жиналған тарихшы ғалымдар дешті қыпшақ ордасы болған Сарайшықты қайта қалпына келтіру жұмыстары кеш басталғандығын жарыса айтып өтті. Дегенмен әлі де кеш болмасы анық екендігін бағамдасақ, қаланың біраз бөлігін аман алып қалуға мүмкіндік туғызуға болатындығын да тілге тиек етті мамандар. Осы орайда оны аман алып қалуға да қаржы керек екендігі де сөз болды. Жайықтың бетін қайтарып, қаланың қалған бөлігін аман алып қалуға да қаржы бөлініпті. Ол туралы да Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жеткізді.

«Бұл жұмысқа 1 млр 600 млн теңге бөлінді. Бұл қаржығы қала аумағында 1,5 шақырым жерді жөндейміз. Құрылыс жұмыстары өткен күзде басталған. Келесі жылы, Алла бұйырса бітіреміз» - деді Нұрлан Асқарұлы.

Сондай-ақ облыс басшысы Нұрлан Ноғаев Сарайшықты қалпына келтіру жұмыстары Елбасының жергілікті атқарушы билікке қойып отырған тапсырмаларының бірі екендігін айта келіп, Сарайшықтың бұрыңғы қалпына өзіне қайтару керектігінде айтты.

«Біз неге осыншама көңілімізді бөліп, бұл қаланы қайта жаңғыртамыз, қайта қалпына келтіреміз деп жатырмыз? Оның себебі неде? Бұл керек пе бізге? Керегі болмаса несіне осыншама алыс-жақын елдерден халықаралық конференция жасап жатырмыз? Бүгінгі конференцияда осы мәселелер тереңінен талқыланады... Елбасының жергілікті атқарушы билікке қойып отырған тапсырмалары бар. Солардың бірі - Сарайшықты қалпына келтіру. Сол арқылы өскелең ұрпақтың бойына ұлттық қасиеттерді, дәстүрді, мәдениетті орнату. Қазіргі жаһандану заманындағы келеңсіз қылықтарға, келеңсіз әдеттерге төтеп береретін бірден бір нәрсе Сарайшықты көтеріп, бұрынғы дәрежеге жеткізу. Екіншіден біз қаншалықты көшпенді мәдениетті дамытқан халық болсақ та, бізде де қала мәдениеті болғанын осы Сарайшық дәлелдеп отыр. Алтын Орданың бірегей қаласы кезінде ұлы даланың беделін қалай көтерсе, бүгінгі Мәңгілік елдің де мәртебесін солай асқақтатуы керек» - деді облыс басшысы.

Сондай-ақ жиында екі жақты ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылды. Ондағы басты басымдықтар мына жағдайларға берілді: Атырау облысының тарихи-мәдени мұра объектілерін кешенді зерттеу, соның ішінде құрамына Сарайшық, Ақтөбе, Ұшқан, «Тас кешу» керуен сарайы кіретін «Хан Ордалы Сарайшық» кешені және осы кешен негізінде туристік кластер құру. Тараптар «Жайық» өзенінің арнасы өзгертпей «Сарайшық» қалашығы алаңында қашықтығы 1500 метр өзеннің жағасын бекіту жұмыстарының құрылысын біріктіретін инфрақұрылым құру туралы келісімге келді.