Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі кинотанушы Нәзира Рахманқызының «Қазақ киносы: кеше және бүгін» кітабының тұсаукесері өтті
Зерттеулер, мақалалар, рецензиялар мен сұхбаттар легін қамтитын «Қазақ киносы: кеше және бүгін» еңбек Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Ұлттық кинематографияның тарихы мен тағдырын, қатысты тұлғаларын сөйлеткен туынды Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Кітап авторы Нәзира Рахманқызы Мұқышева – кино теориясы мен тарихы және сынын бірдей білетін білікті маман ретінде елімізге танымал.
Әлқисса. Кітап 1000 данамен жарық көрді. «Қазақ киносы: кеше және бүгін» кітабының негізгі құрылымы «Уақыт және қазақ киносы», «Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал», «Уақыт. Кино. Тұлға» және «Кино – өмір айнасы» атты негізгі төрт бөлімнен тұрады. Осы бөлімдерге енген зерттеулер, мақалалар, рецензиялар мен сұхбаттарда қазақ деректі киносы, көркемсуретті фильмдер, сценарий, бүгінгі жастар киносы, кинофестивальдер, отандық кино өнеріндегі өзекті мәселелер сияқты тағы да басқа көптеген өзекті тақырыптар арқау болған.
Кітап тұсаукесеріне қазақ кино индустриясының белгілі тұлғалары: халық артисі Т. Теменов, кинорежиссер С. Тәуекел, Ә. Сүлеева, театр режиссері Е. Тәпенов, оператор Т. Ташанов, актерлер К. Нұрланов, Е. Малаев, Қ. Қыстықбаев, Е. Нұрымбет, т.б., Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен оқытушылары, кинотанушы мамандар қатысты. Кеш модераторы – «Батыр Баян» көркем фильмінің режиссері Сламбек Тәуекел.
«Қазіргі күйіп тұрған мына заманда кітап шығару деген оңай емес. Екінің бірі кітап шығара да алмайды. Шығарған адамдікі ерлік болып саналады. Осы ретте бүгін бізге қазақ киносының тарихын, тағдырын, тарихи тұлғаларын егжей-тегжейлі баяндайтын кітапты ұсынған Нәзира Рахманқызы қарындасымызға көп рақметімізді айтамыз» деді кеш жүргізушісі.
Бірінші шегініс. Кітаптың «Уақыт және қазақ киносы» атты бірінші бөлімінде «Шоқ пен Шер»: сценарий және фильм», «С. Нарымбетовтің прозалық шығармалары мен фильмдері», «Қазақ киносындағы қариялар бейнесі», «... әке бейнесі», «... халық бейнесі», «... бөрі бейнесі», «Ш. Айманов фильмдеріндегі көркемдік тартыс», «Ә. Тарази прозасының кинематографиялық табиғаты», «Қазақ кәсіби кинотеориясы», «О. Әбішев фильмдерінің халықтық сипаты» тақырыптары қамтылған.
Өз сөзінде актер және көптеген көркем фильмдердің, оның ішінде «Көшпенділер» фильмінің режиссері Талғат Теменов қазақ киносының теориясын түсінікті тілмен жазылған, әсіресе өскелең ұрпақтың сұранысын өтейтін құнды кітаптың жарыққа шыққанына қуанышты екенін айтты. Ұлттық киноиндустрияның оқып білу жүйесінде қазақ кітаптарының тапшылығы, оны жазатын авторлардың деңгейінің төмендігі біраз уақыттарға дейін кедергі келтірген. Қазақы танымы қалыптасқан, қазақы ойлап түс көретін авторлардың қатары аз. Сондықтан мұндай қазыналы кітапты Н. Рахманқызының жазып жариялауы қазақ киносына ғана емес, жалпы ұлттық мәдениетке, руханиятқа қосылған үлес деп бағалануы тиіс деді Т. Теменов.
Екінші шегініс. Туындының «Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал» деген екінші бөліміндегі «Ұлтуған фильмі: Арал мен адам тағдыры», «Кардиограмма», «»Экранда адам тағдыры», «Ақсуат» фильміндегі бүгінгі қазақ ауылы», «Қазақ киносындағы Желтоқсан жаңғырығы», «Қияннан» «Әурелеңге» дейін», «Он үздік фильм», «Кинодағы қыздардың кейпі қандай?», «Бүгінгі қазақ киносы: неден ұтып, неден ұтылып жүрміз?», т.б. проблемалық мәселелер көтерілген.
Осы сөзді жалғаған театр режиссері Ерсайын Тәпенов қаламгер Н. Рахманқызының жаңа еңбегін өнер туралы іргелі зерттеулер қатарына қосатынын айта келе, келешекте бұл кітапты орыс және ағылшын тілдеріне аударып шығаруды қолға алса, қазақ өз ішінде өзі қайнамай, өзге тілді оқырмандар қазақ киносы туралы көп білім жинар еді деген ойын айтты.
Қазақ ұлттық өнер университеті театр факультетінің деканы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылхан мырза қазақ киносындағы аяулы ағалардың тарихтағы орнына, олардың есімдерін тасқа басқандай кітапқа жазып қалдырғаны үшін кітап авторына алғыс білдіретінін жеткізсе, кейінгі толқынның режиссері Е. Пітіралиев қазақ киносын әлемдік деңгейдегі озық туындылар секілді сапалы аударғанымызда және оларды ТОП-100 үлгісінде рейтинг жасау арқылы жұртшылыққа ұсыну идеясын жария етті.
Үшінші шегініс. Шығарманың «Уақыт. Кино. Тұлға» тақырыпты үшінші бөлімінде «Кино өнерінің болашағы», «Киноэкран неге «кедей», «Көрерменге жетпейді. Неге?», «Ұлттық киноның келешегі бұлыңғыр», «Бәсеке деңшейді биіктетеді», «Сатыбалды Нарымбетов: «Мен – далалықпын», «Кейіпкерінен шындық іздейтін актер», «Қазақ жаңа толқын киносының негізі – фотография», т.б. атауларымен әр түрлі материалдар ұсынылған.
Ақын, журналист болғанымен, негізгі мамандығы режиссер Ұларбек Нұрғалымұлы кітапты дайындау барысында автормен бірлесе қызмет еткенін айта келе, кинотанушы Н. Рахманқызының термин мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарайтынын мысалдар келтіріп айтып шықты. Соның арқасында әрбір сөз бен оның баламасының өз орнын тауып тұрғанын, егер ол ретін таппаса, онда еңбектің зая кететінін, терминдер мәселесін жүйелеп алмайынша кітап жайлы ойлаудың қажетсіздігін алға тартты.
Кинорежиссер А. Шәжімбаевтың «Жансебіл» драмасында трагедиялық кейіпкер Мұқатай (жас кезі) роліндегі Кеңес Нұрланов, «Қасым Қайсенов» көркем фльмінде даңқты партизан ролін сомдаушы Қуандық Қыстықбаев, «Жеңіс семсері» фильміндегі батыр Ержан Нұрымбет, Ерлан Малаев секілді сақа актерлар да кітапқа жылы лебіздерін білдірді.
Төртінші шегініс. Басылымның «Кино – өмір айнасы» есімді соңғы, төртінші бөлімінде «Деректі киноның негізі – шынайы өмірдің өзі», «Қазақ киносының жаңа толқыны», «Жастықтың оң мен солы», «Шекспир және кино», «Тыйым салған тақырыптарға жол ашылды», т.б. өзекті мәселелер ойлы оқырманның азығына айналады.
Осы жаңа кітаптың редакторы, «Фолиант» баспасының қызметкері Айдана Сыдықбай кітапты шығару барысында 1 жылдай уақыт жұмсалғанын, сапалы болуына үш бірдей дизайнер қызмет еткенін, автордың жұмысқа деген жауапкершілігін, мұқияттылығын тілге тиек етіп, алдағы сәуір айында баспа ұйымдастыратын әлемнің отыздан астам елі қатысушы халықаралық кітап жәрмеңкесінде ұялмай көрсететін бірегей туынды деп бағалайтынын айтып өтті.
Кеш барысында Қазақ ұлттық өнер университетінің қолдауымен студенттер ән шырқады, терме айтты, толғау да орындап, жиылған көпшілікті өнерлерімен тәнті етті.
Заңғар КӘРІМХАН
Фотосуреттерді түсірген Абзал ҚАЛИЕВ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)