Хандық биліктің жойылуы
23.03.2017 3481
Немесе Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің тарихи негіздері

Ресей империясы Қазақиядағы хандық басқаруды жойып, өздерінің әкімшілік билігін орнатқан тұста, осы іске қарсылық көрсетушілер болды. Мысалы, 1789 жылы Сырым батыр Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс 17 жылға созылды. Одан кейін 1836-37 жылдардағы Исатай-Махамбет көтерілісі, 1837-1847 жылдары өріс алған Кенесары бастаған қозғалыс, 1856-1857 жылдары Жанқожа батыр, 1855-1858 жылдары Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістер, ең соңғысы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты бәріміз білеміз. Осы қарсылықтардың ішіндегі ең ауқымдысы, әрі аумақтық қамту жағынан көлемдісі Кенесары көтерілісі.

Кенесарының әкесі Қасым сұлтан тұсында хандық билікке отарлаушылар шектеу қойды. Бұл реформаға Қасым сұлтан қарсы шықты. Артынан көтеріліс тізгінін баласы Кенесары қолына алды. Кенесары ақ патшаға және Батыс Сібір генерал-губернаторына хат жазады. Онда: «Қазақ жерінде пайда болған мына 8 диван (округ) халқымыз үшін қолайсыз. Осыны жоюларыңызды сұраймын...» деді және атасы Абылай ханнан жалғасып келе жатқан далалық басқару жүйесін бұзбауды өтінді.

Көтерілісшілермен «келісім жасау» деген желеумен олардың қосынына барып, барлау жасаған штабс-капитан Фомаконың губернаторға жіберген баянхатында:  «…Кенесары еш билікті  мойындамай, емін-еркін өз жерінде ұстатпай жүр. Жақтастары ақ кигізге көтеріп, хан сайлап алған. Кенесары өзінің паңдылығы мен төрелік мінезімен бұл далаға өте қауіпті. Жан-жағы бірауыздан бағынып, әскері де ержүрек, ханы үшін өлімге де бара алатын сарбаздардан құралған. Әскер іші өте қатал тәртіпте. Жақын сарбаздары (оққағарлары) тастүйін қаруланған. Әрқайсысында ұзын найза, мылтық не винтовка, пистолет және қылышы бар. Мылтық пен қылышты Бұқарадан немесе Хиуадан алдырады.

Бұл әскердің жүзбасы мен онбасы басшылық ететін өз топтары, өз байрағы бар. Шайқастың алдында екі қатарға тұрып, әр жүздіктің байрақтары сол шептің ортасына алынады. Жасыл түсті болып келетін бас байрақ, бар әскердің дәл ортасына орналастырылады. Оның айналасын 5-10 адам қоршап, оқыс жағдайда байрақты құлатпас үшін керекті амал жасайды. Тіпті керек десеңіз, ұрыс алаңында қиындық туып жатса, Кенесарының өзі бас байрақты алып, «аттанға» салып, батырларына рух береді. Қолбасшының атасы, Орта жүздің ханы болса керек. Бұл жасақтың мінген тұлпарлары іріктелген, қай жақтан алып қарасақ та артық, басым. Шабуылда немесе шегіністе әр сарбаздың астында екі тұлпардан болады…» деп жазады (Штабс-капитан Фомаконың Орынбор ведомствана Қазақ даласынан баяндау хаты, 1844 жыл).

Патша ағзамның айлакер шенеуніктері жоғарыдағы Кенесары көтерілісін өз мақсаттарына пайдаланып кетті. Көтерілісті басу деген желеумен бейбіт қазақ ауылдарына жайдан-жай қырғын салды. Екіншіден, қарадан сайланған аға сұлтандар мен орысшыл билерді көтерілісшілерге қарсы айдап салу арқылы қазақ қоғамының бүтіндігін ыдыратып, ру-тайпалар арасында алауыздық отын өршітті.

Мысалы, 1836 жылы Ақтаудан шыққан 300 жазалаушы әскер Сарысу, Білеуті өзендерінің бойында қыстап отарған Тоқа, Жағалбайлы және Бағаналы руларын шауып, 250 адамды өлтіреді (ҚР Орталық мұрағаты, 4-қор, 1-тізім, 1896-іс,  4-б).

Дәл осы кезде өмір сүрген қазақ ғалымы Ш. Уәлиханов, капитан Карбышев пен подполковник Абакумовтың жасақтары Кенесары сарбаздарын түп-тамырымен жойып жіберуге немесе ханды қолға түсіруге мүмкіндіктері толық болды. Бірақ олар Кенесары сарбаздарымен күресуді желеу етіп, қазақтың ауылдарын тонап, мал-мүлкін талап алуды көздеді, - дейді. (Жайық Бектұров. Ақихаты осы еді. Алматы, «Ғылым». 1995 ж. 8-б) 1843 жылы генерал  Обручев  әскери министрден Кенесарыға қарсы жорық ұйымдастыру үшін14 мың рубль, ханның басын алуға 3 мың рубль ақша сұрап, хат жолдайды. Мұны естіген І Николай патша 27 маусым күні жарлыққа қол қойып, барлық шығынды салық салу арқылы қазақтардың өзінен өндіріп алуды әмір етеді. Бұл дегеніміз «бір сөзбен айтқанда, көтеріліске қатысы болуы мүмкін қазақ ауылдарын шап-тона» деген сөз.

Көтерілісті жаныштау әрекеттері

Көтерілісті басуға әскери старшын Лебедевтің 300 адамдық жойқын қаруланған жасағы аттандырылып, осы жылдың тамыз айында сұлтандар А. Жантөреұлы мен Б. Айшуақұлы басқарған жасақ жабдықталды. Мұнымен бір мезгілде Омбыдан, Қызылжар мен Қарқаралыдан әскери жасақтар шықты. (Керейхан Аманжолов «Түркі халықтарының тарихы» Алматы «Білім» 1999 ж.)

Жағыдайдың тым шинелісіп кеткенін көзі көріп, біліп отырған Кенесары хан генерал-майор Генске хат жазып ел ішіндегі басқыншылық әрекеттердің шектен шығып кеткенін қынжыла отырып баяндайды: Орынбор хүдие мекемесінің садырыншын генерал-майоры һам кавалер Генс хазіретлеріне:

Сұлтандар Кенесары, Күшік Қасымоғлыларынан төбәншілік (б) ила(і) ғарыз 1825 жылы Есіл, Нұраны жайлап жүрген уақыттларда еш нәрсе ойларымызда жоқ еділәр. Ол ұлығ император ағзам хұзіретлеріне қаралық (бағыналық) деп жатқан заманымызда Қарқаралы – Қазылыққа Имантай Бекеноғлы правитель болып ешбір кінәсіз үстімізден дұшпандық көрсетіп, дуанбасы Иван Семенович Карбышев дегенге үш жүз орысқа бас болып Қаракесек руының қырғызның (қазағының) балақбасы сұлтан Саржан Қасымоғлының он ауылын және тоқа, тама деген еліне шапты. Қазығұртта алпыс төрт кісіден өлтіріп, қанша мал алып кеткені бихисапсыз. Әзер басылары қашып құтылды. 27-ші жылы (1827) Көкшетаудан екі жүз орыс бастығы майор Әлика (?) шұбартпалы елні шапты. Терісаққанда елу сегіз кісіні өлтіріп кетті, алған малларының хисабы жоқ. 31-ші жылы Көкшетаудан бес жүз орыс бастығы подполковник Алексей Максимович деген Саржан сұлтанның ауылын алтай, тоқа, қаракесек, алшын, жағалбайлыны шапты. Төрт жүз елу кісіні өлтіріп, Саржан сұлтанның бір баласын алып кетіпті. Алған маллар хисапсыз. Сарысудың  бойында. 32-ші жылы Көкшетаудан екі жүз орыс бастығы Кулаков Николаевич деген сұлтандар Есенкелді, Күшік оғланларны тұтып алып жүріп Ұзын Торыжан ауылдарын шапты. Торғайдың Құмкешуінен алпыс кісіні өлтіріп кетті. Ақыр соңында шыдамай өз басымызды қорғап, ешбір падишаһ ағзам хазіретлеріне күнә қылған ісіміз жоқ еді, бізғе мұндай зорлық қылғанын бір адамға білдірмей Қаратауға көштік. Біраз жыл Қаратауда жүріп қайта көшіп келгеніміз дүр. 34-ші жылы Ақтаудан төрт жүз орыс атланып тентек майор бастығы шапты: алшын, жағалбайлы, тоқа, тама деген елні. 37-ші жылы Көкшетаудан төрт жүз орыс Иван Семенович Карбышев һам Ян Яноғлы бас болып Әлике, алтай, қалқаман, төртуыл деген еллерні шапты. Басы Иман қаралы үш жүз елу кісіні өлтіріп кетті. Арғанатыдан қанша мал қанша қазына алағны хисапсыз. 37-ші жылы Ақтаудан бес жүз орыс бастығы тентек майор. Ұлытаудан қуып еш нәрсе ала алмай қайтты. 38-ші жылы Қараөткелден үш жүз орыс, жүз қазақ Қоңырқұлжа сұлтан Хұдаймендин оғлы команданың бастығы бір майор сұлтан Күшік Қасымоғлыны, алтай Сайдалы бидің елін шапты. Жиырма бір қыз, сегіз қатын, жыирма бес еркек кісіні өлтіріп кетті, сексен бір адамды ұстап алыпк етті. Жыланшықтың бойы – Айырқұм, Аққұмнан. 38-ші жылы Жарқайыңнан бес жүз орыс Саржан сұлтанның ауылы, қарпық, найман деген елді шапты, төрт жүз кісіні өлтіріп, Баянды биінің өзін бас қылып жүз кісіні ұстап алып кетті. Торғайның бойы Жалдаамның Қараобасынан. 38-ші жылы Жарқайыңнан төрт жүз орыс бастығы қандай орыс білмейміз, Қараөткелден алып шыққан Қоңырқұлжа сұлтанға жолығып, қуандық, сүйіндік деген екі мың үш жүз ауылды айдап қайтқанда екі команда таласқан: бірі «мен алдым» деп, бірі «мен алдым» деп. Ақыр соңында Қоңырқұлжа сұлтанға тапсырған. Айдап көшіріп бара жатқанда Қоңырқұлжа сұлтан бекзорлық қылыпты төртуыл елі шыдамай бұзылып қашты. Жүз алпыс кісіні өлтіріп қалған елді айдапк етті. 38-ші жылы күзгі күні Көкшетаудан үш жүз орыс бастығы қандай адам екенін білмеймін, сұлтанлар Байқара Тайыроғлы, Жадай Айшуақоғлы екі жүз аулыны шапты, екі жүз қырық кісіні бір жерде өлтіріп кетті. Сұлтанларның қыз-қатынларын жесір етті. 40-шы жылы Қазылықтан үш жүз орыс бастығы қандай білмейміз. Саржан сұлтанның ауылын алтай, қанжығалы, деген елні шапты, қырық кісіні өлтіріп, жиырма қыз-қатынды жесір қылып, екі мың үш жүз жылқы, үш жүз түйе, үш мың қой, жүз сиыр алып кетті. Білеутінің Қалмаққырған жерінде. 40-шы жылы Қараөткел білен Жарқайыңнан жеті жүз орыс екі команда қосылып қозған, қансал, қырғыз деген елні щапты. Сексен кісіні өлтіріп, жиырма кісіні өлтіріп, алты мың қой, екі жүз елу бес сиыр, отыз түйе алды. Бұ елдер өз төлеңгіттерім еді. Қарғалының Қызылжарында шауып найман қыпшақны айдап кетті. 40-шы жылы күзге күн Жарқайыңның екі жүз орыс қыпшақ ұзынторы деген елні шапты, отыз бес кісіні өлтіріп кетті. Афзалатлу хазіретлеріңізге мағұм қыламын: сұлтан Иман тай Бөкейоғылының Сібір орысына дұшпандық көрсетуі бойынша қанша өзіме қараған ауылдарымды шапты, неше бір адам күнәсіз екенлігімізді білдірмекке өз басымызды қорғап қашып жүрдік. Енді хазіретіңізге мағлүм алынсын: Сібірге қараған жұрт зорлығына шыдамай бас тартып мұндай пәлеге ұшырағаны сол дүр. Сібір орыстары аттанып шығып өзіне қараған елі болсын һам сахараға шыққан елдер болсын жаман бүлдіріп қырып-жойып шапқылауда.

Сұлтан Кенесары Қасымоғлы мөрім бастым. 1841 жылда. Июннің 7-күнінде (KITAP.kz // Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. ХVІ кітап. 82-85 бб).

Ханның хатында айтылғандай, орыс-казак жасақтары мен сатқын сұлтандар бірігіп даладағы қазақтарды қыра берсе, бойына бодандықтың иісін сіңірмеген Кенекең қайтеді. Әрине, тұяқ серпіп көтеріліске шығады.

Шен тағып, шекпен кигендер

Шын мәнінде, көтерілісшілердің жетістікке жетуіне орыс отарлаушыларына арқа сүйеген қазақ сұлтандарының алауыздығы көп әсер етті. Мысалы, Кенесары көтерілісіне көрсеткен қарсылығы үшін 1840 жылы 5 ақпанда патша ағзам Ақмола окургінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендинге полковник шенін сыйлады. Тағы бір құжатта: 1938 жылы Қоңырқұлжа Құдаймендин мен Карбышев бастаған патша отряды Кенесарыны қолдаған қазақ ауылдарын шауып, 21 қыз, 8 әйел, 25 еркекті атып өлтіріп, 80 адамды тұтқынға алды делінген. («Түркі халықтарының тарихы» Алматы «Білім» 1999 ж.  141-бет).

Осы Қоңырқұлжаның Әділ дейтін баласы Сотников және Рыбиндер басқарған орыс отрядына қосылып алып, қазақ ауылдарына қырғын салған. Арқа өңіріне атақты билердің бірі Кішкентайдың Аққошқары да орыстармен бірге Кене ханды қолдаған қазақ ауылдарын шапқаны үшін Батыс Сібір генерал-губернаторы жіберген «Алтын шапан» сыйлығын алған.

Атақты ақын Доскей Әлімбайұлы ақын «Кенесары» дастанында:

...Наград берем деген соң,

Қыпшақтан кетті Ыбырай.

Советний боп Тұрлыбек,

Ол да кетті сұмырай.

Бәсентиін  Мәсеке,

Шыдап тұрсын ол қалай?

Қаз дауысты Қазыбектің,

Абыройын сыйламай.

Ауылдан кетті Шалғынбай,

Жемсауы кеуіп параға.

Тобықтының ішінен,

Суырылып шықты Құнанбай,

Құдайменде қалған жоқ,

Қоңыр төре қалған жоқ,

Найманнан шыққан Ерден де,

Алды  артына қарамай,

Ол да кетті жарамай,

Параны жақын жағалай.., - деп, жырлауы Кенесары дәуіріндегі қазақтан шыққан билеушілерінің шынайы бет-бейнесін әйгілеп тұр (Қанапия Омарханов. Дәстүрлі құқықтағы билер соты. Алматы. 2008 ж. 309-б).

Сол сияқты 1985 жылы «Білім және еңбек» журналында жарық көрген ғалым Сәрсен Аманжоловтың мақаласында: «Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін Шоқан Уәлиханов екі мәрте орденмен наградталған. Бүкіл Ресейді тең көрген Уәлиханов өз халқында сүйе білді. Соның жарқын мысалы ретінде Кенесары мен Наурызбай Қасымовтардың хандық тәртіп орнаған заманды қайта оралтуға тырысып, халықты теріс жолмен бастауына қарсы шыққанын айтуға болады», - дейді.

Оңтүстікке ығысу. Сатқындық

Осылай қазақтың құйқалы даласы Сарыарқадан пана таппаған Кенесары:

Қош-аман бол, Сарыарқа өскен жерім,

Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.

Тізе қосып бар қазақ ел бола алмай,

Ит пен құсқа жем болып өшкен жерім... - деп, Жетісуға ойысты. Ол қырғыздар мен қоқандықтар Ресейге қарсы күресте күш біріктірер деп ойлады. Бірақ үміт ақталмады. Өйткені, патша жансыздары әлде қашан Кенесарының алдын-ала жұмыстар жүргізіп, қоқан әмірлері мен қырғыз манаптарын сатып алып қойған болатын. Нәтижесінде, 1844 жылы Ыстық көл қырғыздарының басшысы Боранбай Бекмұратов Ресейге мойын ұсынатынын білдірсе, қалған қырғыз манаптары Орман, Жантай, Жанғаралар Батыс-Сібір ген-губернаторына бодан болуға ұсыныс жасап, Кенесарыға қарсы тұруға уағдаласты.

Осы манаптар орысқа өздерінің адалдығын көрсету үшін Кенесарыға қарсы тұрды. 1847 жылы қазіргі Тоқмақ қаласынан 6 шақырымдай жерде, Шу өзенінің жағасы Кеклілік-Сеңгір деген жерде қырғыз бен қазақ жауынгерлері айқасты. Шешуші сәтте Рүстем сұлтан мен Сыпатай батыр өз жауынгерлерін соғыстан шығарып, Кенесарыны тастап кетті. (Өжетбек Өмірзақов. «Ресейге қосылғаннан не ұттық?» Алматы. «Санат», 1999  ж. 108-б).

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

зерттеуші журналист

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)