Ұлттық экономика – мұрағат құжаттарында
16.01.2017 2895
Жақында ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Мемлекет тарихы институты ғылыми қызметкерлерінің күшімен «Ұлттық экономика - мұрағат құжаттарында» деп аталатын құжаттар мен материал жинағы жарық көрді

Тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстан алдына жоспарлы әлеуметтік экономикадан нарықтық экономикаға көшу жөнінде күрделі міндеттерді қойды. Жаңа экономикалық жүйені қалыптастыру Қазақстан тарихындағы ауыр кезеңге айналды. Тәуелсіз Қазақстан экономикасының қалыптасуы тарихындағы маңызды мезеттерді жан-жақты жариялау тарихшы мамандар үшін көкейкесті міндетке айналды. Қазақ қоғамында жалпылама еңбекке, зерттеулерге, құжаттар жинағына, анықтамаларға, Қазақстан дамуының экономикалық үлгісінің қалыптасу тарихы жөніндегі оқуықтарға қажеттілік артып келеді.   Бүгін қазіргі заманғы отандық тарих жөніндегі әртүрлі дерекқорларының зерттеулері, ғылыми ізденіс етек жайып келе жатқанын атап өту керек.  

Жинаққа топтастырылған құжаттар мен материалдар кезеңдер бойынша жүйеленген, мерзімдік шеңбері 1991 жылдан бүгінге дейінгі аралықты қамтиды. Қазақстан тарихының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін қамтитын жинақтың материалдарында 90-жылдардағы экономикалық дағдарыс, нарыққа көшу, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, реформалар, түбегейлі құрылымдық өзгерістер, өтпелі кезеңнің қарама-қайшылықтары мен түйінді мәселелері және оларды шешудің жолдары көрініс тапқан.

Тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық экономиканың қалыптасуы мен даму тарихынан даярланған алғашқы тақырыптық жинақ - Мемлекет тарихы институтының іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу жобаларының бір тармағы болып табылады. Жинақталған материалдар ел тарихының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін кешенді түрде қарастыруға жол ашады және кейінгі жас ұрпақтың тарихи санасын жетілдіру мақсатын көздейді.

Авторлық ұжым жұмыс барысында

Қазақстан Республикасының Президенті мұрағаты, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты қорларындағы құжаттар мен материалдарды іріктеу барысында тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан тарихының әлеуметтік-экономикалық тарихы маңызды кезеңдер бойынша қарастырылады. Әсіресе, аймақтардың даму ерекшелігін көрсететін  құжаттар мен материалдар өте құнды. Соған байланысты ғылыми айналымға бірқатар облыстардың мемлекеттік мұрағат материалдары ауқымды енгізілді, атап айтқанда Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағаты, Қостанай облыстық мемлекеттік мұрағаты, Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты, Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағаты, Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты, Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты, Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағаты, Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағаты қорларындағы құжаттар негізінде экономикалық дағдарыстар жылдарындағы елдің әлеуметтік жағдайы, нарыққа көшудің түйінді мәселелері, өндірістің құлдырау себептері, инфляцияның шамадан тыс өсуі және тағы басқа осы сияқты күрделі әлеуметтік – экономикалық мәселелер қамтылады. Сонымен қатар бұл жинақта 90-жылдардағы «жабайы капитализмнің» жағымсыз тұстарын айшықтайтын материалдар да қамтылды.

Қазақстанның сол кездегі өте күрделі кезеңін жан-жақты сипаттай келіп, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы» атты еңбегінде: «Жоспарлы-әкімшілік экономиканың бұзылуы, сондай-ақ одақтық өндірістік тізбектер мен экономикалық байланыстардың үзілуі салдарынан Қазақстан басқа да одақтас республикалар секілді тығырыққа тірелді. Енді жоспарлы әкімшілдік экономикадан нарықтық қатынасқа «көшу» керектігі айқын болды. Алайда қазіргі заманның экономика ғылымы осы жаңа тенденцияларға сай келетін нарықтық экономикаға көшудің айқын моделін бере алмады. Бұл секілді «көшуге» арналған кереметтей бір шешім сірә, ондай өзгерістің жалпы моделі болмауы да мүмкін. Қалай болғанда да, бізге өз жолымызды іздеу қажет болды» - деп жазған болатын.

Жинақта дербес қазақстандық жолдың экономикалық дағдарыстан шығу мүмкіндіктерін айшықтайтын тарихи құжаттар мен материалдар беріледі. Кездескен қиыншылықтарға қарамастан, өтпелі кезеңнің бірінші сатысында (1991-1995 жж.) Егемен мемлекет ретіндегі Қазақстанның қалыптасуы мен даму Стратегиясы қабылданады, ұлттық валюта – теңге айналымға енеді, шетелдік инвестициялар тартылады, алғашқы арнайы экономикалық аймақтар құрылады. Өтпелі кезеңнің екінші сатысында (1995-1997 жж.) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттарын анықтаған «Қазақстан - 2030» Стратегиясы қабылданады, онда Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесі негізге алынды: «Сингапур тәжірибесін тыңғылықты зерттеу елдің табысты болуының маңызды факторларының бірі ретінде ұзақ мерзімді стратегиясы мен айқын мақсаттары және оларға жету жөнінде жоғары дәрежелі саясаты болғанын көрсетті». 1998 жылдан бастап еліміз экономикалық тұрақтану кезеңіне аяқ басты, мемлекеттің әлеуметтік саясатында түбегейлі өзгерістер болды, ел дамуының жаңа кезеңіндегі маңызды стратегиялық бағыттар «Қазақстан – 2050» - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Стратегиясында жарияланды.

Бұл жинақтың құжаттары «Қазақстанның қазіргі заман тарихының» тәуелсіздік кезеңі бойынша материалдарды толықтыруға студенттердің осы кезеңдегі маңызды тарихи оқиғалар мен фактілер туралы білімін тереңдетуге, тарихи құжаттармен, деректермен өздігінше жұмыс жасау дағдысын қалыптастыруға, құрылымдау жылдарындағы күрделі әлеуметтік-экономикалық үдерістерді терең түсінуге көмектеседі. Сонымен бірге жинақтың материалдарын «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәні бойынша оқу үдерісінде қолдануға болады. Өйткені, бұл жинаққа кешенді оқу материалдарын құрайтын ақпараттық кестелер, түпнұсқалық құжаттардың мәтіндері, статистикалық мәліметтер жүйелі түрде енгізілген.  

Ұлттық экономиканың тарихи аспектілері бойынша даярланған бұл жобаның ғылыми жетекшісі т.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент) К.М.Ілиясова, құрастырушылар т.ғ.к. С.А.Бағдатова, э.ғ.к. Ғ.Д. Байжанова және осы тақырып аясында ізденіс жұмыстарын «тарих» мамандығы бойынша PhD докторантурада жалғастырушы гуманитарлық ғылымдар магистрі Қ.Ғ.Ақанов.

Алдағы уақытта тәуелсіздік кезеңін қамтитын осы іргелі ғылыми зерттеу жобасының ауқымын ұлғайтып, «Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар: құрылуы мен даму тарихы»; «Елордасы – Астана» тақырыптары аясында одан әрі кеңейту жоспарланады.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)