Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына қатысты
15.12.2016 2124
Алдымен шара өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайына еліміздің Мемлекеттік рәміздері енгізіліп, Әнұранымыз орындалды

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, бүгінгі салтанатты жиынға мемлекеттіміздің дамуына, Тәуелсіздігіміздің нығаюына зор үлес қосқан елеулі азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп отырғандығын атап өтті.

«Қазақстаның Тәуелсіздігі мен Елбасының есімі егіз ұғым. Сондықтан, біз бәріміз Тәуелсіз мемлекеттің атынан осы ең қастерлі мерекеге орай Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, бүкіл әлем көреген саясаткер, ұлы мемлекет қайраткері ретінде мойындап отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты шын жүректен құттықтап, кемеңгерлік қызметіне зор ризашылығымызды білдіріп, рахмет айтамыз», - деді Сенат спикері.

Тоқаев осыдан кейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз берді:

«Қымбатты отандастар, баршаңызды еліміздің ең ұлы мерекесі әрі еліміздің асқар асуы – Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Біз 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді Жер жүзіне жариялап, күллі әлемге паш еттік. Алдымен, көне түріктің бөрілі байрағының мұрагері Көк Туымызды БҰҰ-ның төрінде желбіреттік, Әнұранымызды әлем көгінде әуелеттік, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық.

Төл теңгемізді енгізіп, Ата Заңымызды қабылдадық. Қарулы күштерімізді құрып, шекарамызды шегендедік. Мемлекеттік тілімізді әлемнің ең биік мінберінен сөйлеттік. Біз, 1500 жыл бұрын Күлтегін заманында жазылған «Мәңгілік ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, елдігіміздің 15 ғасырлық тамырына нәр бердік, мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік.

Терең тарихымыз бен мыңжылдық болашағымызды сабақтастырып, Мәңгілік ел болудың дара жолына түстік»,-деді Елбасы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз ана тілімізді түлетіп, ата дінімізді оралтқан айшықты елміз. Тағылымды тарихымызды түгендеген жоралы жұртпыз. Барша қазақтың басын біріктірген бәтуалы ұлтпыз. Біз даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қуатты халықпыз. Арқа төсіне Тәуелсіздігіміздің символы елордамызды орнатқан жасампаз жұртпыз. Достықтың дара дәстүрін дамытқан біртұтас ұлтпыз. Көршімен тату, шалғаймен сыйлас өмір сүрудің өнегесін көрсетіп, салиқалы сыртқы саясатын жүргізген ұлағатты ұлыспыз»,-деді.

 - Ғани Қасымов, ҚР Парламент Сенатының депутаты: 

 - Аз уақыт ішінде көлемді реформаларды іске асырып, әлемдік қауымдастықтарға мүше болдық. Кез келген салада экономика, ғылым-білім, денсаулық бар салада да біз ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеттік. Біз болашаққа деген нақты бағдарымыз бар, дамыған 30 елдің қатарына кіру міндеті тұр, бұл дегеніміз – елдің жағдайын одан әрі дамыту, жастар саясатын дамытып, ел өрендеріні ел тұтқасын абыроймен алып жүруді көрсету. Үлкен қарттарымыз отанымызда зейнетті қарттық шағын демалуға мүмкіндік жасауды одан әрі жалғастыру.

- Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламент Сенатының депутаты: 

- Ең алдымен біз мемлекет болған күн бүгін және жай ғана мемлекет емес болашағы анықтаған әлем таныған ел болдық. Бірақ осы жолда біз қаншама кедергіні алғырып өттік, дегенмен біз жеңе білдік, бірақ осымен тоқтап қалмау керек, алда Елбасымыз қойған ел үмітін ақтайтын қаншама қажырлы істер тұр, оның үстіне қазір бір белестен асып жайдарланып отыратын уақыт емес, уақыттан оза жүретін заман. Сондықтан бүгінгі торқалы тойымыз Тәуелсіздік күні құтты болсын, еліміз бен Елбасымыз аман болсын.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі: 

Тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайтпас намысының жемісі. Тәуелсіздік – жаңа тұрпатты Қазақстан мемлекетінің, 25 жыл ішіндегі барлық тарихи жеңістері мен баға жетпес байлықтарының бастауы! Сондықтан, оны, көздің қарашығындай сақтап, болашаққа аманат ету - баршамыз үшін, қастерлі парыз. Одан қалды «Астана - біздің заманымыздың ұлы данасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың игі бастамаларының жүзеге асырылуының айқын көрінісі. Астана - Қазақстанның саяси, ғылыми және рухани-мәдени орталығы ғана емес, бұл жер жүзінің мәселелері шешілетін әлемдік орталық. Бұған Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы дәлел. Қазақстандықтар жыл сайын Астана Отанымыздың жүрегі, әлемдік аренада мемлекетіміздің дамуының негізгі көрсеткіші екеніне көз жеткізіп келеді. Алдымыздағы жылы «EXPO-2017» Халықаралық көрмесінің өткізілуі кезінде бүкіл әлем назары біздің әсем астанамызда болмақ осының барлығы толғаулы Тәуелсіздік сөзімен тығыз байланысты.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)