ӨМІРДЕН КІМ ӨТКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?
23.11.2016 2093
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институтының бас ғылыми қызметкері Зардыхан Қинаятұлы 77 жасқа қараған шағында өмірден озды

Моңғолия қазақтарының арасынан шығып, биік лауазымға көтерілген қазақтар баршылық. Солардың ең көрнекті тұлғасы – Зардыхан Қинаятұлы. Тарихшы болуды бала кезінен армандаған Зардыхан ағамыз 1940 жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келген. Өзінің өмірін тарихпен байланыстырмай айта алмайтын аға интеллигент өкілі бір сұхбатында «Пешенеме тарихшы болу жазылыпты. Тарих менің тағдырым екен. Міне, жасым жетпістен асқанша тарих деген ұлы ғылымның арқасында бала-шағамды асырап келемін. Егер менің өмірімде қол жеткізген азды-көпті жетістігім болса, соның бәрі осынау патша ғылыммен тікелей байланысты». Демек өз ісіне адал берілген адам өмір бойы жемісін жеген ғылымды патшаға теңеп айтады.

Моңғолия халқы Тұрар Рысқұловты «Шығыстың Шыңғысханы» деп атаған

Қазақстан мен Моңғолия тарихына ортақ тұлғалар ХХ ғасырдың ішінен молынан табылады. Әсіресе жаңару мен өзгеше бетбұрыстардың қарсаңында мемлекет ісіне айрықша үлес қосқан қайраткерлердің тарихи сабақтастығы таңдандырмай қоймайды. Айталық, 1924 жылы 4 ақпанда РКП(б) ОК шешіміне орай Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке алынған Рысқұлов осы жылдың жазында Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалады. Даңқты тұлғаның жаңа тұрпатты Моңғолия мемлекетінің қалыптасына сіңірген еңбегі ересен. 

Бұл туралы тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «Тұрар Рысқұлов Моңғолияда 9 ай қызмет етті. Сол кезде Тұрар Рысқұловтың Моңғолияның саяси билігіне қазақтар туралы арнайы таныстыруы бар. Сонда ол қазақтардың жеке даму жолы бар, өзге ұлт екендігін, жеке мәдениеті мен тұрмыс салты бар екендігін айтып, сол себепті де қазақтарға жеке мәдени автономия қажет дегенді тапсырады» деп жазады.

Суретте: Тұрар Рысқұлов, Дәуітбай Тауданбекұлы, Чойбалсан ►

Тұрар Рысқұлов сондағы саяси қызметі кезінде Коминтернге 1500 беттей есеп пен баяндама жазған. Бір таңданарлығы, моңғол және орыс тілдерінде жазылған Конституция қиын-қыстау кезеңдерде жазылғанына қарамастан орыс тілінде жазылған нұсқасында бірде-бір қате болмаған. Сонымен қатар қазақ саясаткері моңғолдың озат ойлы, ізгі амалды қайраткерлері Церендорж, Чойбалсан сияқты лауазымды тұлғалармен ортақ тіл табысып, Монғолияны социалистік жолға салуға ерекше белсенділік танытқан.

Моңғолия халқы «Шығыстың Шыңғысханы» деген атап, кейін Сталиннің өзі солай айтуға мәжбүр болған Тұрар Рысқұловтың Моңғолияның қазіргі астанасы Улан Батор қаласының атауын бергені де тарихта қалды. Сонымен қатар бүгінгі күні Моңғол Ұлттық ғылым академиясының өзі Моңғолия Конституциясын жазып берген Тұрар Рысқұлов екенін мойындап отыр. Осындай айтулы тұлғаның жарқын істерін жалғастырған екінші қазақ – Моңғол парламентінінің төменгі палатасы Кіші Хурал спикерінің орынбасары және Моңғолия үкіметінің вице-премьері секілді бас айналдырар биік лауазымдарға жеткен Зардыхан Қинаятұлының саясаткерлік қыры да өзгеше әлем.

Рысқұловтан кейінгі екінші тұлға

Зардыхан Қинаятұлы Моңғолия мемлекеттік университетін, Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Ғалым тарих ғылымының докторы атағын 1987 жылы қорғады, ал 191 жылы профессор атанды. Он екі жылдан аса, яғни 1975-1987 жылдары Моңғолия кәсіп одағы орталық комитетінің хатшысы қызметін атқарған. Ал 1990-1992 жылдары Моңғолия үкіметі басшысының орынбасары және Моңғолия Парламенті төрағасының орынбасары қызметтеріне көтерілді.  

Саясаткер ретінде де оның қызметі ғасырдың алғашқы ширегінде болған Тұрар Рысқұловтің ізімен жүргендей көрінетіні бар. Моңғолияның жаңа заманғы Конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі болып танылады.

Қай мансапта отырса да, өзінің елін, ұлтын шексіз сүйген З. Қинаятұлы ұлт тарихын  есінен шығармаған екен. Бұл жайында ол кісі: «Үкімет пен Парламентте қыз­метте жүргенде Моңғолияның мем­ле­кеттік мұрағатына бір тарихшыны қыз­­­метке орналастырып, қазаққа қа­­тысты материалдарды жинаттым. Олар­дың ішінде қазақтардың Моң­ғо­лия аза­маттығына қабылдау туралы жаз­ған өті­ніш хаттары, 1912-1914 жыл­дары «Жа­­ла­ма айдаған» оқиғасына қа­тысты материалдар, Мемлекеттің алғашқы құ­рылтайына қатысқан қазақ өкілдерінің сөйлеген сөздері, Баян-Өлгий аймағы құрылғаннан бастап, 1950 жылдарға дейінгі статистикалық материалдар, ай­мақ басқарған және алғаш 1951 жылы Ұлы Хуралға депутат болған қазақтардың анкеталары, т.б. материалдар бар. Мен бұл материалдарға сүйеніп, үш кітап жазып шығардым. Жазған бірер материалым жиырма кітаптан тұратын он томдық Қазақстан тарихының 17-ші кітабына кіретін болды» деген болатын. 

Саясаткер һәм ғалым 1994 жылы Қазақстанға қоныс аударды.  Ұлттану және ұлтаралық қатынастар мәселесіне арналған көптеген ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрді. З. Қинаятұлының 1995 жылдан бүгінге дейінгі жарыққы шыққан 11 кітабы бар. «Жылаған жылдар шежіресі», «Моңғолиядағы қазақтар», «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ-ХІІ ғасырлар», «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» ғылыми ортада жоғары бағаланды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлымен қоштасу 24 қараша күні Алматыда өтетіні хабарланды. «Қазақстан тарихы» интернет порталы марқұмның отбасына, туыс-туғандарына және қазақ интеллингенциясына қайғырып көңіл айтады.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)