АРХЕОЛОГТАР Х ҒАСЫРДЫҢ МОНШАСЫН ТАПТЫ
01.11.2016 3835
Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының экспедициясы Ханқорған қалашығында таңқаларлық жаңалық ашты

Қазақ халқы сан ғасырлық тарихы бай мәдени мұраға ие, бұл жөнінде еліміздің аумағында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштері баяндайды, олардың ішінде археологиялық нысандар ерекше орын алады. Қазақстанда ежелден қала мәдениетінің ірі аудандары болған.

Оған ең алдымен Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жатады. IX - XIII ғғ. басында Фараб өлкесінде Манкент, Отырар деген қалалар пайда болды, Кедер ордасы, Весидж және Бурух қалалары салынды. Шавғарда Яссы мен Шағылжан, Қарнақ пен Қарашық, Шувр, ірі қала Сауран, ал Сырдарияның төменгі ағысында – Сығанақ, Жанкент, Жент, Асанас, Баршынкент қалалары бой көтерді. Қаратау баурайында Баладж және Берукет, ол Сырдарияның орта ағысында – Сүткент қалалары болған.

Және таяуда Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының экспедициясы Ханқорған қалашығында таңғаларлық жаңалық ашты. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихы археологиялық зерттеулер тұрғысынан» тақырыбы бойынша зерттеулер шеңберінде Мәдени ауылының маңайында орналасқан Ханқорған қалашығына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Стратиграфикалық шурфтер Ханқорған қалашығы көп қабатты мекен екенін көрсетті.

Археологтардың пікірінше, ол VI–VIII ғасырларда пайда болған. Оңтүстік Қазақстан қалалары, Орта Азия қалалары секілді үш бөліктен тұрады –ішкі қамал (цитадель); шахристан (дуалмен бекіндірілген қала) және рабад (қала төңірегіндегі сауда-қолөнер орны). Ішкі қамал – қаланың немесе бекіністің ең мықты бекітілген орталық бөлігі, онда билеушілердің сарайлары орналасқан. Шахристанда бай шонжарлардың, ірі саудагерлер мен дінбасылардың үйлері, сарайлар орналасты. Рабад – шахристанның сыртында орналасқан қала маңындағы кәсіпшілік аудандар.

IX - XII ғғ. қалалардың орталығында міндетті түрде мешіт болған. Қалалар Ұлы жібек жолының бағытындағы сауда мекендері ретінде пайда болған, сондықтан базарлар үлкен рөл атқарған. X - XII ғғ. Оңтүстік Қазақстан қалаларында моншалар пайда болды. Үлкен қалаларда ондаған моншаларға дейін болған. Қоғамдық құрылыстар қатарында моншалар маңызды орынды иеленген. Мысалға, Отырардың рабадында XI - XII ғғ. екі монша табылған. Осыған ұқсас моншаны археологтар Ханқорғаннан да тапты. Ежелгі ғимарат шаршы кірпіштерден салынған. Қалыңдығы 90 см болатын қабырғалар төрт қатарға тізбектелген. Өзінің құрылымы, конструкциясы және табылған заттары бойынша ол қалалалық моншаға ұқсайды. Мұны керамикалық құбырлардан тұратын кәріздендіру жүйесінің, сужинағыштың, жуынуға арналған екі ыдыстың, демалуға арналған бөлменің болуы дәлелдейді.

Қазба жұмыстарының орнында әртүрлі сабын ерітінділерін, эфир майлары және жұпар иістер сақталатын көптеген қыш ыдыстары табылған. Археологтардың пікірінше ханқорғандық құрылыс X–XI ғасырларда салынған. Қазба барысында қараханидтер дәуірінің мыс тиындары табылған. Моншаның сыртқы қабырғалары мен ішкі бөлмелері қабырғаларда өрнектер мен жөндеу жұмыстарының іздерін сақтаған. Зерттеушілер монша кемінде 100-150 жыл қызмет атқарған деп есептейді. Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев табылған құрылыс бұл жерде белгісіз ірі қала болғанын дәлелдейді деп мәлімдеді. Арнайы жоспар бойынша салынған қалалық моншалар қаланың үлкен мәртебесін білдіреді. Ол кезеңдерде қоғамдық моншалар тек осындай қалаларда салынатын болған. «Бұл Якут ал-Махави еңбектерінде айтылатын Маданкет қаласы болуы мүмкін.

Ол бұл өлкеде Испиджабпен қатар тағы бір ірі қала – Маданкет болған деп жазады», - деп болжайды Бауыржан Байтанаев. Монша үлкен болғанға ұқсайды. Зерттеушілер әлі оның бір шетін ғана ашты. Құрылыстың толық аумағын айқындау үшін зерттеулерді жалғастыру керек. Әзірге археологиялық нысан тоқтатылады. Бұл қоныста самандинтер дәуіріндегі заттар табылған, сондықтан қаланың одан ерте пайда болуы да мүмкін. Бұл нысан археологиялық ғылым үшін ғана емес, өңірде туризмді дамыту тұрғысынан да қызығушулық тудырады.

Якут ал-Хамави - XII-XIII ғасырлардағы мұсылман ғалымы, саяхатанушы, тарихшы және географ, «Географиялық сөздіктің» авторы Мазанкет (Маданкет) қыстағы Испиджаб қалалары мен қыстақтарының қатарына кіреді деп жазған. Ортағасырлық жазба деректерінде Испиджабтың мынадай мекендері белгілі: Бадухкет, Хурлуг, Джумишлагу, Маданкет, Манкет, Дех Нуджикет, Азахкет (Дахкет) қалалары. Көрсетілген елді мекендердің кейбірі зерттеліп отырған аймақтың топонимикалық номенклатурасында әлі күнге дейін сақталған (Джумишлагу, Манкет, Гаркирд).

Мұндай мәліметтердің болуына қарамастан, олардың көпшілігінің орналасу жері даулы мәселе болып қалып отыр. Испиджаб өлкесіндегі қалалар жоғары дамыған инфрақұрылымға, жолдарға, пошта байланысына, Шығыс және Батыс елдері арасындағы сауда-саттық қарым-қатынастарға ие болған. Елді-мекендерде көшпелі және отырықшы мәдениеттердің қарым-қатынасын орнатқан түркілер мен соғдылар тізе біріктіріп өмір сүрген.

Бұл туралы түрікше және соғдыларша сөйлейтін Испиджаб тұрғындары туралы М. Қашқаридің жазбаларында айтылған. Осылайша, Ханқорған – Х ғасырдың ірі архитектуралық ескерткіші Оңтүстік Қазақстанның сан ғасырлық тарихын баяндайды.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Аударған: Гүлнұр Серікқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)