Спорт саңлақтары – жаңа жинақта
17.10.2016 3025
Астананың Ұлттық академиялық кітапханасында жас ақын, журналист Дәурен Бақытхажыұлының «Қытайдағы қазақ спортшылар» атты кітабының тұсаукесер салтанаты өтті

Іс-шараға атақты Сейдахмет Бердіқұловтан кейінгі қазақ спорт журналистикасының атасы, даңқты публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы, ҚР Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік бас жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай, айтыскер ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы, спорт журналисі, «Қазақ спорты» газетінің редакторы Төлеубек Қадырмолла, өзге де ақын-жазушылар қатысты. 

Кітапқа Қытай Халық Республикасынан шыққан, ХХ ғасырдың орта шенінен қазіргі кезеңге дейінгі 83 қазақ спортшысы туралы мәліметтер топтастырылып берілген. Құрастырушы автордың айтуынша, бұл – оның спорт тақырыбында жазған ең алғашқы еңбегі. «Бұл идеяға келуге түрткі болған оқиға – Қытай жерінде өткен қос боксшының жұдырықтаспай қойған «ерекше» бокс сайысының нәтижесі» дейді Д. Бақытхажыұлы. 

– Қытайдағы қазақ спортшылары туралы жинақталған мәлімет жоқ. Мүмкіндігім жеткенше халықаралық, автономиялық аудандық жарыстарда топ жарған спорт саңлақтары туралы мағлұматтарды топтастырдым. Кітап жалпы оқырман қауымға арналады, – дейді кітаптың авторы. 

Салтанатты кештің жүргізушісі Бауыржан Сегізбаевтың айтуынша, алдағы 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесі қарсаңында басқа да шет елдердегі табысқа жеткен, еңбегі елеулі қазақ спортшылары туралы кітап жазып, оқырман қауымға сыйламақ. Бұл «Қазақтың 1000 спортшысы» деген атаумен жарыққа шығатынын айтты. 

Спорт журналистикасында 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Несіп Жүнісбайұлы саланың өткені мен бүгіні туралы әңгіме қозғады. Спорт журналистикасының жай күйі жөнінде келелі пікір білдірген ардагер журналист ақпараттық-танымдық жинақтардың шығуына тілектестігін білдірді. Сонымен қатар Н. Жүнісбайұлы «Спорттық додалардағы қазақ спортшыларының жеңісі жинақталған анықтамалық кітаптың көтерер жүгі – энциклопедия салмағымен парапар дүние» деген баға берді. 

«Қытайдағы қазақ спортшылары» деген мынау үлкен кітап мені таңқалдырды. Ғұмырымды спорт саласына арнаған адаммын. Кітапта беймәлім адамдар көп екен. Бұл еңбек сыртта жүрген сенің халқыңа деген махаббатыңның ұшқыны деп білемін. Қытай секілді миллиардтаған тұрғыны бар елдегі қазақ ұландары мен ұлдарының аты-жөнін, бейнесін беріп отырсың, Дәурентай. Қазақ тарихын түгендеу арқылы өз үлесіңді қоса беруіңе тілектеспін», – деген қалам қайраткері жас авторға ағалық жылы лебізін арнады. 

Ал, ҚР Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік бас жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай кітаптың спорт журналистері үшін таптырмайтын анықтамалық, әрі тарихи еңбек екендігін айтады: «Бір кітап – мың кино» деген жазу тұр мына кабинетте. Кітаптағы балуандардың біразын білемін. Дәуреннің бұл бастамасы ойланып отырып, еске алатын тарихи еңбек. Спорт саласында бағыт-бағдар беретін методикалық еңбектер көп емес». 


Ақын Дәулеткерей Кәпұлы кітаптың құндылығын арттыра түсу үшін тереңірек зерттеуді, арғы дәуірлердегі алыптар өмірін де жазуды ұсынды, Қытай елінде жүріп зор күшімен танылған таланттар туралы деректер де осы кітаптан орын алуы тиіс деп есептейді. 

Аталмыш кітапта 1983 жылы Иран астанасында өткен халықаралық олимпиадада күрестен бірінші орын алған Алтайлық Солтыкен Көкішұлы туралы қызықты дерек келтірілген. Әкесі малы көп дәулетті болғаны үшін қуғын көріп, зардабы ұлы Солтыкенге де тигендігі туралы айтылады. Кітапта осы сияқты спорттың әр саласынан жетістікке жетіп, даңқ асырған спортшылар туралы тың деректер топтастырылған. 

Дәурен Бақытхажыұлы 1989 жылы Тарбағатайдың Жамбылқора қыстағында дүние келген. Бұған дейін «Он сегіз», «Махаббат шыңы», «Елім деп туған елтоқ» атты тарихи очерк жанрында кітаптары жарық көрген. Шыңжаң қазақ тілі мәдениет қоғамының, Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің мүшесі. 

Кеш соңында кітапхана қорына кітаптардың бірнеше данасы сыйға тартылып, автормен және спорт журналистикасы майталмандарымен естелікке фотоға түсті.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)