Ұлттық тарих және патриотизм ұғымы
07.10.2016 4688
Қазақстандық жаңа патриотизмді қалыптастыру мен дамыту бүгінгі күн талабы. Өйткені, еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, іргелі мемлекетке айналу, болашақ ұрпақты тәрбиелеу мақсатынан туындайтыны анық

Бұл аталған мақсаттарға жету үшін ұлттық тарихқа дұрыс мән берілуі керек. Осы мақсатқа орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің 2012 жылғы 15 желтоқсандағы «Қазақстан - 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыттыт» атты халыққа Жолдауының 7 тарауында «Жаңа Қазақстандық патриотизм» туралы: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл, ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады. Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек», – деген еді.

Ұлттық тарих ұлттық рухты күшейтуші, тарихи танымды арттырып, ұлттық сананы қалыптастырушы рөл атқарады. Сондықтан, ұлттық тарихтың тәрбиелік мәнін тарихи тұрғыдан зерттеп-зерделеу қажет. 

Ұлттық тарих және патриотизмге қатысты елімізде жарық көрген бірқатар еңбектер бар. Мәселен, Мемлекеттік стратегияны талдауда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері маңызды болып табылады. Өйткені Елбасы еңбектерінде мемлекет пен азаматтық қоғамның дамуы, ішкі және сыртқы саяси жағдайлар туралы, тәуелсіздіктің қалыптасу үрдісіндегі мәселелер, табыстар мен қиыншылықтарға толық ақпарат беріледі [1].

 Академик М.Қ. Қозыбаев өзінің «Тарих зердесі» атты еңбегінде: «Жаңа тәуелсіздік заманасында біз қазақ зиялыларының бейнелерін жасап, тарихтағы өз орнын анықтап, тұғырына қондырамыз десек, өркениетті елдер тарихын жазудағы методология мен әдістерді инеруіміз» [2] керек деген болатын. 

Ұлт тарихына байланысты тарихшы-ғалым Х.М. Әбжанов былай дейді: «Ұлттық мемлекет саяси-құқықтық қатынастарды ел мүддесіне сай реттеумен ұлттың мәдениеті мен мәдени мұрына қамқорлықты шын мағанасында биік-деңгейде жүзеге асыра алады. Көп тілді, көп дінді демократиялы қоғамда да байырғы халықтың басымдығы сақталатыны құпия емес. Солай бола тұрғанмен, бұл басымдыққа жарасымды сипат беру, қарымын еселер арттыру мемлекет ұстанған ұлттық идея мен ұлттық идеологияға тікелей байланысты. Ұлттық идея мемлекеттің алдында тұрған бүгінгі өзекті міндеттердің жинақталған, қысқа да нұсқа формуласын нақты бейнелесе, ұлттық идеология ұзақ мерзімнің, көз жетер болашақтың көкжиектерін белгілейд» [3], – дейді. 

Тарихшы З.Е. Колумбаева «Тәуелсіз Қазақстан тарихын жазудағы және оқытудағы өзекті мәселелер» деп аталатын ғылыми зерттеу мақаласында: «Тәуелсіз Қазақстан тарихының негізгі тараулары тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдарын сипаттаудан болуы тиіс. Оқулықта өткен оқиғаларға тұжырымдамалық бағытта жәнеғұрлым объективті тұрғыдан баға берілуі керек. Тәуелсіз Қазақстан тарихын оқып үйрену барысында бүгінгі күні игіліктер еліміздің қол жеткізген жетістіктерін дәріптеу-де өз орнын алады. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа діуірінде тарихи тұрғыдан қазақ халқының мемлекет, ел туралы ұғымдары мен дәстүрлерін ескеру аса маңызды» [4], – деген қорытынды жасаған. 

Қазақ тарихын танудағы жаңаша талпынысқа байланысты тарихшы Қ.М. Атабаев: «Тарихқа деген қызығушылықтың тууы заңды нәрсе. Өйткені түбегейлі бір сапалық деңгейден екіші сапалық деңгейге өтті. Осындай түбегейлі өзгерістерді басынан кешірген елдердің бәрінде де тарихқа деген ерекше қызығушылық болған. Өйткені түбегейлі өзгеріс болған жерде ұлттық сананың оянуы болады. Ұлттық сананың оянуының бір көрінісі – оның өзін-өзі тануға деген ұмтылысы. Ал ұлттың өзін-өзі тануының бір жолы – төл тарихын білу» [5], – деп тұжырымдайды.  

Тәуелсіздік жағдайында тарихи зерделеулер туралы профессор Б.Ғ. Аяған өз ойын былай деп түйіндеген: «Бүгін бізге Қазақстанның тәуелсіз тарихының өзекті мәселелеріне қатысты тың тұжырымдамалар қажет. Ол шін кең ауқымды және терең зерттеулер керек. Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудегі міндеттерді шешу үшін, жан-жақты білім алған, теориялық дайындықтары жақсы жаңа типті мамандар қажет. Осы мәселені ширақ, ауқымды ретте шешіп отыру тарихшы, гуманитарлық ғалымдардың парызы деп түсінейік» [6]. 

Ұлттық тарих және мемлекеттілік мәселесіне қатысты тарихшы-ғалым Т. О. Омарбеков: «Тәуелсіз ел болғанымызға аз уақыт бола қойған жоқ. Шүкіршілік, саяси және экономикалық салалардағы жетістіктерімізге ешкім күмәндана қоймас. Алайда рухани-идеялық салада мемлекеттің де, қоғамның да алдында орасан зор міндеттердің өздерінің шешімін күтіп тұрғандары да құпия емес. Осындай маңызды мәселенің бірі - қазақ халқының қалыптасу тарихын жан-жақты зерттеу болса керек [7], – дейді.  

Танымал ғалым М.Қ. Қойгелдиев өз еңбегінде ұлттық тарих және мемлекеттілік мәселесі жайында былай деп ой түйген екен: «Президентіміз ылғыйда айтып келе жатқан мемлекеттік дербестігімізді сақтаудың сенімді жолы – Қазақстан халықтарының ауыз бірлігін, тұтастығын сақтау, саналы түрде осы саяси бағытқа қолдау жасап отыру. Тарихи тәжірибе көрсетіп бергендей, қазақ елі өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін атамекендегі басқа да халықтармен туысқандық қатынасын нығайта түсу арқылы ғана сақтай алады» [8]. 

«Патриотизм. Ол нені білдіреді?»  деген сұрақтарға жауап беру мақсатында Б. Тоқтаров мынадай тұжырым жасаған: «Патриотизм – әмбебап және қайталанбас құбылыс. Оны мемлекет саясаты және идеологиясы қалыптастыруға тырысып отырады. Патриотизм азаматтардың саяси мәдениетінде көрініс беріп, мемлекет тұтастығы және халық бірлігінің мықты күштің бастауы болады» [9]. Міне, осындай өз зерттеулерінде бірқатар ойларын білдірген зерттеушілердің ұлттық тарих пен патриотизмге қатысты зерттеу бағыты ретінде дамыту, зерделеу бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі болып табылады. Сондықтан, арнай тақырып ретінде қарастыру уақыт талабы екені айқын, аңғарылады. 

Қазақстандық патриотизм ұлт табысының маңызды құрамы болып келеді. Жалпы біршама патриотизм анықтамасына тоқталып өтейік: «Патриотизм» – грек тілінен patriotes - отандас, patrio - Отан, туған жер деген мағынада. Бұл өз отаның мен жеріңе деген сүйіспеншілік, оның тарихы мен мәдениетіне деген зор құрмет, әркімнің өз күш-жігеріне деген сенімі мен барша қоғамның топтасуы. 

Бұл бүгін тұрғызылып жатқан өз елінің тарихына қатыстылықтың және оның болашағы үшін жауаптылықтың жоғары сезімі. Бұл әрбір қазақстандықтың табыстары үшін мақтаныш және қандай тұрғыда болғанына қарамастан өз салаңда табыстарға қол жеткізу ниеті және бұл табысты әркім Отанына бағыштап, әлемде оның даңқын асыруы, беделін көтеруі тиіс. 

Патриотизмді әсіресе, жастардың арасында барша қоғамның ортақ күш-қуатымен қалыптастыру керек. Бүгінгі жас ұрпақ – болашақ Қазақстан азаматы. Олар өзімізді қоршаған ірі өркениет орталықтарын, түрлі мәдениетті меңгеріп, өзін сыйлата алатын, рухани дүниесі бай, интеллект-деңгейі жоғары, білімді де білікті жаһандану заманына сай болуы шарт. Патриотизммен тығыз байланысты маңызды мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл – бұл бастау алатын ту, елтаңба, әнұран секілді дәл сондай нышан және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс. Патриоттық білім тұлғаны жан-жақты дамыту патриоттық санамен сезім қалыптастыру үрдісі ретінде қалыптастырамыз. Қазақстандық патриотизм – өткен замандағы қоғам құндылықтары: тұлға, отбасы, білім, еңбек, Отан, жер бетіндегі бейбітшілік ұғымдарын да қамтиды. Бүгінгі таңдағы патриоттық тәрбие жекелеген бағыттарға ғана емес, қоғам құндылықтарына қарай бағыт ұстайды. Өйткені, патриоттық сезімнің нысанасы – Отан, оның мазмұны: туған жер, табиғат, дін, тіл, дәстүр, тарих, әдебиет, өнер. Олар жеке тұлғаны ерекше жылылық, сүйіспеншілік сезіміне баулып, патриоттық сезімнің қайнар көзі болады. Ал, қазақстандық патриотизм дегеніміз – елімізде тұратын ұлт өкілдері, яғни қазақстандықтардың Отанымызға, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілігі. Әрине, Отанды сүю – әркімнің сана-сезіміне байланысты, қасиетті сезім. Бұл сезім әркімді әр кезеңде (яғни әртүрлі жаста) оянып, кейін кәмелетке келгенде біржола буыны қатып, тәжірибемен, жаспен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, мемлекеттік және қоғамдық, әлеуметтік институттардың әсерімен қалыптасады. Қазақстанның шынайы патриоттарының басты ісі. Ұлтына, нәсіліне, сенімі мен нанымына, саяси көзқарасы мен ұстаған бағыт-бағдарына т.б. ерекшеліктеріне қарамастан, Республикамыздың азаматы өзі өмір сүріп, ауасын жұтып, игілігін пайдаланып отырған мемлекетін «Туған елім, Отаным» деп тануы қажет. Мемлекетке есімін беріп отырған ұлттық салт-дәстүріне құрметпен қарау, оның тілі мен дінін сыйлау, заңдарына бағыну, рәміздерін ардақтап, жетістіктеріне шаттану – қоғамның әрбір мүшесінің басты міндеті. 

Отанға сүйіспеншілік, туған жерге құрмет, патриотизм – тұлғаның дамуындағы ең жоғарғы-деңгейді сипаттайтын аса маңызды рухани игілік. Ол адамның отан игілігі үшін қызмет етуінен қажет болса, сол мақсат жолында ғұмырын құрбандыққа шалуға дейін баруынан көрінеді.

 Біз баршаға мүмкіндік беретін қоғам: әрбір адамның жеке басы мен бостандығын құрметтейтін, өзіне – өзі қызмет етуге жағдайы жоқ жандарды қамқорлыққа бөлейтін, қандай еңбекті болса да қадірлейтін, ана мен баланы қорғайтын, зейнеткерлерге қамқор болатын, ардагерлер мен отан қорғаушыларды ардақ тұтатын қоғам құруды аяқтауға тиіспіз. Бұл – Қазақстанның шынайы патриоттарының басты ісі. Сондай-ақ, «Қазақстандық патриотизмді» еліміздің әрбір азаматының санасына сіңіру – кезек күттірмейтін мәселе. Өз отанының патриоты болу – Қазақстанды жүрегіңе ұялату [13]. 

Тек отансүйгіштік – көпұлтты Қазақстанның тұтастық пен татулық сақтаудағы басты құралы. Сонымен қатар жоғары толмаған жаһандануға тұрар жалғыз күш болмақ. 

 ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 

 1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» Стратегиясы — Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты ҚР Президенті — Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан, 15 желтоқсан, 2012. — Б. 1–5. 

2. Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі. 2-кітап. — Алматы: Ғылым, 1998. — Б. 8.

3. Әбжанов Х.М. Мәдениет, мәдени мұра және тәуелсіздік / История стоновления независмости Казахстана: Сб. Выступлений и статей / под общ. Ред А. С. Сагынгали, М. Б. Кайповой. — Астана: Издат. «Таймас», 2008. — С. 155–156. 

4. Колумбаева З.Е. Тәуелсіз Қазақстан тарихын жазудағы және оқытуғы өзекті мәселелер // Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері / бас ред. Б.Ғ. Аяған. — Астана, 2008. — 142 б. 

5. Атабаев Қ.М. Қазақ тарихын «Қазақстан тарихы» деп атау…// Айқын. — 2006, наурыз — 31. — Б. 3. 

6. Аяған Б.Ғ. Ақиқатты ашу — ғаламдық құбылыс һәм замана зерттеушілерінің ұлттық идеясы // Тарих және саясат. — 2009, мамыр — 7. — Б. 1. 

7. Омарбеков Т. О. Қазақ тарихындағы мемлекеттілік тарихи тамырларын анықтау // Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері / бас ред. Б.Ғ. Аяған. — Астана, 2008. — Б. 51–52. 

8. Қойгелдиев М.Қ. Ұлттық саяси элита. Зертеулер. — Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2004. — 370 б. 

9. Токтаров Б. Патриотизм. Что это значит? // Мысль. — 2011. — № 12. — С. 39. 

10. Қойгелдинова А., Шәріпбеков О. // Егемен Қазақстан. — 2013, қаңтар — 5. — Б. 5.

Қанат Еңсенов, Жас тарихшылардың республикалық қауымдастығының төрағасы, т.ғ.к.