Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы тарихи сананың берік іргетасына арқа сүйейді
07.10.2016 2755
Қазақ халқын биік мұраттар мен әлем елдеріне терезесі тең әріптес бола алатын мақсатқа жеткізетін ұлттық идея – «Мәңгілік Ел». Өткен аптада Астанада осындай тақырыпта халықаралық конференция өтті.

«Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді», – деген болатын Елбасы Қазақстан халқына кезекті жолдауында.

Ендеше қазақ халқын биік мұраттар мен әлем елдеріне терезесі тең әріптес бола алатын мақсатқа жеткізетін ұлттық идея «Мәңгілік Ел». Өткен аптада Елордамыз да өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Мәңгілік Ел» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы соның айшықты дәлелі. Елбасының «Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел» деген негізгі ұлық сөзін жүзеге асырған Халықаралық деңгейдегі конференция шарасына мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті депутаттары, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен ЖОО басшылары, еліміздің жекекші ғалымдары мен шетел зерттеуші ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Назарбаев Университетінде өткен конференцияға 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Әзірбайжан, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Индия, Испания, Италия, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Беларусь, Тәжікстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция және Швейцарияның танымал ғалымдары бар.

«Мәңгілік Ел» конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Президент Н. Назарбаевтың конференция қатысушыларына арналған хатын оқыды. Мемлекет басшысы құттықтауында былай делінген: «Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын бүкіл халық болып мерекелеу – бір шаңырақтың астында өзара келісімде өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтардың бірлігінің жарқын көрінісі. Біз өткенімізді мақтан тұтамыз және ата-бабаларымыздың сан ғасырлық армандарын ақиқатқа айналдыра отырып, олардың асыл мұраларын қастерлейміз... Қазақ хандығы – тұтас Еуразия құрлығын алып жатқан сақ, ғұн мемлекеттерінің, одан кейінгі Түрік қағанаты мен Алтын Орданың заңды мұрагері. Біз, бүгінгі қазақстандықтар ұрпақ сабақтастығын берік ұстап, ұлы бабаларымыздың жасампаз жолын лайықты жалғастырушылармыз. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы тарихи сананың берік іргетасына арқа сүйейді. Бұл қазақстандық патриотизмнің маңызды қыры. Қазақстандық тарихшылардың Қазақ хандығының құрылуының, қалыптасуы мен дамуының тарихи үдерісіне, халқымыздың тарихи жолына терең талдау жасап, зерттеу жұмыстарын жалғастыра беруі маңызды. Конференция жалпықазақстандық бірегейлікті бекемдей түсетін құндылықтар мен бағдарларды нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін. Барлық қатысушыларға жемісті жұмыс тілеймін».

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың құттықтау сөзінен кейін шетел қонақтары баяндамаларын көпшілік алдында қорғады. Алдымен бауырлас Түркия елінен келген Түрік ғылым академиясының президенті Аджар Ахмет Джеват Түркия мен Қазақстан тарихының ұштасу кезеңдері, екі елдің тарихта алар орнына тоқталды. Ертеден бауырлас екі елдің сөздік қолданысындағы сөздер тарихы, ұлттық болмыс сипатындағы ұқсастықтарды баяндады. Одан кейін сөз алған Моңғолия ғылым академиясының президенті, академик Батболдин Энхтувшин баяндамасын орысша қорғап, Моңғол мен Қазақстан арасындағы тарихи байланыс, тарихи жылнама деректеріне тоқталды. Әсіресе «Мәңгілік Ел» конференциясында Франциядан келген тарихшы, Шығыс тілдері және өркениеттері Гуманитарлық және әлеуметтік институтының зерттеушісі Катрин Пужольдің «Қазақтар» туралы баяндамасы көп нәрсенің жүгін арқалады. Қазақтар туралы шетел ғалымдарының пайым түсінігін дәлелдеді. Қазақ тілінің говорлық тіл емес екендігін дәлелдеп, үлкен жер аумақты иеленген халықтың бір тілде қарым-қатынас жасауын үлкен жетістік деп баға берді. Қазақ тарихы туралы да қысқаша мәліметтер баяндады. Француздық зерттеушінің баяндамасына қол соғып, қошемет көрсеткен халықтың қарасы көп болды. Ең біріншіден шетел ғалымдарының қазақ тілі мен тарихына деген сүйіспеншілігі барша ғалымдардың мерейін асырды.

Одан ары Конференция барысы «Қазақ хандығы және Н.Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы», «Қазақ хандығынан – Қазақстан Республикасына дейін: тың деректер, жаңаша тұжырымдамалар», «Қазақ құқығы мен билер сотының әлем өркениетіндегі орны», «Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі әлемдегі орны» атты 4 секция отырысына ұласты.

Сондай-ақ Пленарлық және секциялық отырыстарда отандық және шетелдік зерттеушілер Қазақ хандығының төрт ғасырдан асқан дамуының рөлі мен мәні туралы толғамды пікірлер айтып, Ұлы дала кеңістігінде тарихи-мәдени мұраға бай ғасырларды зерттеу арналарына тоқталды. «Мәңгілік Ел» идеясымен жүзеге асқан Қазақстан Республикасы халқының жоғары мағыналы ұлттық құндылықтар мен идеалдарды болашақ ұрпақ үшін сақтау мәселелерін талқылады.

Осыдан тура 550 жыл бұрын Жәнібек пен Керейдің құрып кеткен Қазақ хандығы алғаш рет өз атауында халық этнонимі бекітілді. Қазақ хандығының ұлттық идеясы мен ұлттық рәмізі қалыптасты. Бұл туралы ҚР ҰҒА академигі, профессор Ғарифолла Есім өте мәнді пікір айтты. 

«Керей мен Жәнібек және Асан Қайғы Қазақ хандығының негізгі құраушы тұлғалары. Олар қазақ деген этникалық атауды өмірге әкелген қайраткерлер. Қазақ сөзі – идея. Қазақ кім? Қас-сақ. Бізді ерте кезде көп мемлекет «Қас-сақ» деп түсінген. Мәселен моңғолдар бізді «Қассақ», қытайлар «Қассақы», орыстар «қырғыз-қайсақ» деген. Сонда «сақ» деген – нағыз сақ. Яғни біздер нағыз сақтардың мемлекетін құрып отырған елміз. Идея деген рәміз болады. Қазақ деген идея болған. Енді оның рәміздері болған. Ұраны болған. Ол – Алаш. Содан кейін мықты идеологиясы болған. Ол – жерұйық. Бүгінгі конференцияда ол туралы көп айтылмай жатыр. Асан Қайғының Жерұйығы – осы жаңа мемлекеттің идеологиясы. Бұл қазақ мемлекеті үлкен идеяның негізінде құрылған деген пайымдауды анықтайды», – дейді философ Ғ.Есім.

Қазақ халқының тәуелсіздік үшін көп ғасырлық күрес жолында ұлы жеңістер мен ауыр жеңілістер болды. Осы үздіксіз күрестің тарихи тәжірибесі «Мәңгілік Ел» өзекті идеясының маңыздылығын – халықтың бірлігін дәлелдеді. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жарқын болашаққа жол ашты», – дейді тарихшы, ғалым Қ. Абуев. «Қазақ хандығының құрылуы саяси мәселе болса, қазақ этносының атын иеленуі этникалық мәселе болды. Сондықтан этникалық құрылым қазақ халқының қалыптасуына жол ашты. Оның экономиклық, мәдени байланысын дамытты. Болашағына жарқын жол ашты», – дейді тарихшы ғалым.

Жоғары деңгейдегі халықаралық ғылыми форумның өтуі халықтың ерлікпен өткен тарихын зерттеуіне, әрбір қазақстандықтың басты мерейтойлы күніне құрмет көрсетуіне қосымша серпін берді. Қазақстан аумағы мыңжылдықтар бойы өркениеттің торабы болды, халықтардың ұлы көшінің легіне айналып, бабалармен еуразиялық дала жазығы игерілді, тұрмыстық материалдық және рухани мәдениет қалыптасты. Бұл мәселердің жауабы кешегі өткен «Мәңгілік Ел» колнференциясының барысында айтылды, қаралды, талқыланды.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ