#Қазақ диссиденттері: Шахан Мусин
05.10.2019 2432

Сталиндік репрессия үстемдік құрған Кеңес заманында кез келген адамның аузын жауып, аяғына тұсау салу  үшін абайсызда айтылған бір ауыз сөз бен бір шумақ өлең жеткілікті еді.  Бірер ауыз өлеңі сотты болып, айдауға түсіп, азап көрген азаматтардың бірі -  ақын-актер Шахан Мусин. Ол 1936-1954 жылдары аралығында үш мәрте бас бостандығынан айырылып барлығын қосқанда 18 жыл айдауда болды. Жазаның 10 жылын Ко­лымада 8 жыл Сібір орманында жүріп өтеп шықты.

Бір айта кетерлігі, Шахан Мусин репрессия құрбаны болғаны болмаса ресми түрде диссидент ретінде танылмаған адам. Алайда ол саналы түрде жүйеге қарсы шығып, өзіне берілген айыпты мойымай көтеріп шыққан азамат. Кейбір деректерде оның Советтік жүйенің қазақ ұлтын жоюға бағытталған саясаттың түпкі мақсатын үнемі айтып жүргені айтылады. Бұл мінезі оның жүйені ашық сынаған өлеңдерінен де ашық көрініп тұрады. Сонымен қатар, Шахан Әлімханұлының ресми айыптау құжаттарында да оның жасырын ұйым құрғаны және оның жетекшісі болғаны туралы анықтамалар кездеседі. Бұл айыптаулар рас па әлде "бірдеңені бүлдіруі мүмкін" деген күдікпен қайта қамау үшін қолдан жасалған дүнелер ме тап басып айту әзір қиындау болып отыр. Себебі, Шахан Әлімханұлының жеке басы жалпақ жұртқа жақсы таныс болғанымен күрескерлік жолы әлі зерттелмеген тың тақырып. Әрі өзі де бұл мәселені ашық айтуды қаламаған. Бірақ соған қарамастан Шахан Мусинді жүйеге қарсы шыққан диссиденттердің қатарында қосуды жөн көріп отырмыз.

 Мусин Шахан Әлімханұлы 1913 жылдың 27 желтоқсанында Павлодар облысы, Май ауданына қарасты Үлкен Ақжар деген ауылда дүниеге келген. Сол жерде ел қатарлы білім алып кейіннен Алматыда ауыл шаруашылық институтына оқуға түседі. Оқуын жақсы деген бағамен бітіріп шыққан жас маманды 1931 жылы тізім бойынша Семей обылысына Семей облысы, Бесқарағай ауданының орталығы Семияр қаласына партия жұмысына жібереді. Осылайша ол жерде ол аудандық атқару комитетінде қызмет істей бастайды.

Алайда оны алда үлкен сынақ күтіп тұрған еді. 1932 жылдың қыс айында ауданның ең алыс бір түкпіріндегі Майлықара ауылына жұмыс бабымен іссапарға шығады. Аудан орталығынан қырық-елу ша­қырымдай ұзаған кезде қара жолдың бойында, әр жерде өліп жатқан адамдардың сүйегін көреді. Қатты шошынған Шахан қасындағы еріп келе жатқан адамнан істің мән-жайын сұрайды. Ол адам қазақ даласының әр жерінде аштық басталғанын айтады. Расында да солай болып шығады. Қай жерге барса да құзғын қарға жем болып жатқан сүйектер, аштан бұратылып жатқан адамдарды көреді. Қасындағы еріп жүрген адам Шаханға «жолы бойы көргендеріңді ешкімге айтуға болмайды» деп қайта-қайта ескертумен болады. Алайда сұмдық көріністен қатты күйзелген ол «Майлықара» деген өлең жазады. Ұзамай «Наркомға хат» деген 16 жолдық шығармасы дүниеге келеді.

Осыдан кейін ұзамай қуғындау басталады. «Қазақтар аштан қыры­лып жатыр» деп жалған ақпарат таратты, компартияға жала жауып, өлең жазды» деген сылтаумен қамауға алынып «Халық жауы» деген қара таңбамен «Колыма» лагеріне айдалады. Ол кезде Шахан  Әлімханұлы 23 жаста еді. «Шахаң алғаш ретГПУ-дың түрмесіне 1936 жылдың 6 қаңтарында қамалды, ұсталу себебі – Семейде Совет үкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым болыпты-мыс. Шаханмен бірге тағы біраз адам ұсталады. Мәскеудің өзінен ССРО Жоғарғы Сотынан арнайы комиссия келіп тексеріп, ұсталған ересектерді 3-5 жылға соттайды, ал Шаха­ңа шартты түрде екі жыл беріп, босатып жібереді. Бірақ көп ұзамай 1937 жылдың басында тағы қамайды, бұл жолы айыбы: Семейде контрреволюциялық жастар ұйымы болыпты-мыс, соны ұйым­дастырушылардың бірі Шахан Мусин болыпты-мыс. Сөйтіп түрме есігін екінші рет ашады. Колымадан аман келіп, енді азат өмірге көштім бе деп жүргенде, 1948 жылы түрмеге үшінші рет тағы қамалады. Ол – бұрын сотталып, айдалғандарды қайтадан ұстап 25 жылға Сібірге жер аудару науқаны басталған кезең болатын, – деп еске алады Шаханның жары Рә­биға Сыздықова.

Ш.Мусин алғашқы жазасын өтеп келгеннен кейін Алматыға келіп, опера театрына орналасады. Басында айтып өткеніміздей, 1937 жылдың басында қайтадан тұтқындап, екінші рет түрмеге отырғызады. Бұл жолы бес жыл беріп, «еңбекпен тәрбиелеу» деген шешіммен бес жылға сол кездегі одақтың Қиыр Шығысындағы Колыма лагеріне жөнелтеді. Алайда ол жерде бес жыл емес он жыл жүреді. 1946 жылы оралып Семей театрына орналасады. Театрда М.Әуезов, К.Симонов, Ә.Әбішев, Ғ.Мүсірепов пьесаларындағы Айдар, Ян Грубек, Темір, Ақан бейнелерін сомдайды. 1948 жылы тағы да қамауға алынып, Сібір өлкесіне жер аударылады. Бұл жерде табаны күректей 8 жыл айдауда болып 1954 жылы босап шығады. Сол жылы Жасөспірімдер мен балалар театрына жұмысқа тұрады. 1957 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқаша қыртылады. Сол жерде табан аудармастан 43 жыл еңбек етті. 1966 жылы ҚазССР халық артисі деген атақ берілді. 1999 жылы өмірден өтті.

Шахан Әлімханұлы театр ғана кино саласында да табысты еңбек етті. Саналы ғұмырында бас-аяғы отызға жуық киноға түсіпті. Алғашқы түскен киносы  Мәжит Бегалиннің «Бұл Шұғылада болған еді» деген фильмі. Онда ол эпизодтық рөлде ойнаған.  Соңғы түскен фильмдері: «Жердегі істер», «Кінәсін өтеу», «Кек», «Сұлтан Бейбарыс», «Отызыншыны» жою!».

Майлықара

Меккесі той-думанның Майлықара,
Шалқыған шыңыңды өртеп қайғы-жара.
Тал түсте тірі жанды селт еткізбей,
Қалыпсың құба жонда жеке-дара.

Бір жан жоқ жан-жағында өзің ғана,
Шын күліп, шырқай алмай қыз-бозбала.
Жалғыз-ақ жасын сүртіп жартасыңа
Зар жылап басыңда отыр байғыз ғана.

Кешегі құлпырған сән, нұрың қайда?
Бүгінгі ай ұқсамайды бұрынғы айға.
Құдайдан қызығыңды қызғанушы ем,
Торғайша жем болыпсың тұрымтайға.

Қамықпа, Майлықара, қабағынды аш.
Қаңғырған қорек іздеп аш-жалаңаш
Ұл-қызың сүйретіліп Сібір кетсе,
Асырар, бөтенсің деп аластамас.

 

Hаркомға

Сүйеніш қып сынған құрық-таяғын,
«Қайран өмір, қайда сенің баяғың!»
Деп еңіреп, тепсе темір үзетін
Ер-азамат әрең басып аяғын…

Мінерге ат, ішерге ас жоқ сенделіп,
Ой-арманын әлдекімдер өңгеріп.
Күлге аунатып, күресінге тастаса,
Сен отырсың қай жеріңді меңгеріп?!

Қараң қалып сый-салтанат, сән-сауық,
Қабағынан қар емес-ау, қан жауып.
Атамекен, алтын бесік елінен
Әлдеқайда жеті түнде жер ауып.

Айналасы ұлыған аш қасқырдай,
Аш өзегі күйе жеген басқұрдай.
Сонда-дағы жалбарынбай, жасымай,
Жасанды бір құдайларға бас ұрмай.

Өзі шегіп ащы азабын аштықтың,
Көзін сүзіп қала берді бастықтың.
Голощекин атындағы жалаулы
Ұзын «қызыл керуеніне» астықтың.

Жұртта қалып жүре алмаған кемпір-шал
Күңіреніп көкірек қан, көңіл дал.
Құша беріп немересін, қош десіп
Көз жұмысты, босап буын, құрып әл.

Сәбилерін құрым киізге орасып,
Әке-шеше тағы бірер дөң асып.
Сүлдер құрып, Сібірге де жете алмай,
Сұлай кетті айдалада жыласып.

Күні кеше күн күлімдеп, көл күлген,
Кең далада көмілмеген, көмілген.
Ойда-қырда өлген қазақ жемтігі,
О замана, бұл азаны кім білген?!

Талақ болып байлық, дәулет, бақ-мұрат,
Енді зар боп сыңар тілім нан сұрап…
Әне жатыр Шыңғыстауда Шәкәрім
Қаныпезер атқан оқтан қансырап…

Сақалынан ыстық жасы тарамдап,
Өлерде де «елім, далам, балам» деп.
Күңіренді Қақпажартас – қарт куә,
Еңлік тағы иен көрінде мың аунап.

Көрші осыны, ағатайым – бастығым,
Ел-жұртыңа болмаса егер қастығың.
Аштан қырмай асырашы, жатыр ғой
Қоймаларда етің, майың, астығың.

Көрші осыны, ағатайым – наркомым,
Өзің қаздың көрін тірі әкеңнің.
Баласың деп маған егер сенбесең,
Айтсыншы анау Голощекин крайкомың.

Естіп жүрсің, көріп жүрсің, білесің,
Көрсең-дағы көрмеген боп күлесің.
Күйбеңдейсің, жорғалайсың жағымсып,
Дейсің бе әлде түпсіз түнек түнесін.

Қайран елім, қарапайым қазағым,
Тарттың міне ауру, аштық азабын.
Налыма, күт, кезең берген тағдырың
Сыйлар екен тағы қандай мазағын?!