Құпияға толы Арал
11.06.2019 2509
Арал теңізінің түбінен қайнарбұлақ атқылап, теңіз қазір қайта толысып жатыр деген қуанышты хабар жетті бүгін. Иә, осыдан 50 жыл бұрын адамзат бұл теңізді жұтып қойып еді. Арал адам қолымен жойылды

Біле білсеңіз, сол Арал теңізі әуелде адам қолымен пайда болған айдын еді. Иә! Әмудария бұрын Аралға емес, Каспий теңізіне құятын еді... 1700-ші жылдары Хиуа патшасы Әмудің дариясын бұрып жібереді. Содан Түрікмен елшісі Петр патшаға қандай ұсыныс жасады? Арал теңізінің біз білмейтін тарихын жазып көрейік. 

Үндістанға төте жол іздеу...

XVIII ғасырдың басы. Московия тағына Петр патша көтерілді. Неміс тәрбиесінде өскен бұл тұлға орысты теңізге шығар жолы бар мемлекетке айналдырғысы келді. Иә, ол заманда Ресей тек құрлықпен ғана сауда жүргізе алатын еді. Ал құрлықтағы сауда қып-қызыл шығын еді. Мысалға: мыңдаған ат-арбалы керуен шығаруың керек. Ол ат-түйеге жем-шөп керек. Бұл бір шығын. Керуен әрбір 25-50 шақырым сайын демалуы керек. Тиісінше көпестер түнеп шығу үшін қонақүйлерге тағы шығындалады. Бұл бер жағы. Керуенге әскери күзет керек. Әйтпесе, жолда қарақшы көп. Ал қарулы қарауыл жалдау үлкен ақшаны қажет етеді. Қысқасы, осындай шығындары шаш-етектен болғасын, құрлықтағы сауда жолы пайдасы аздау еді.

Ал Ресей мемлекетінің осы құрғақтағы жолдан өзге сауда жолы жоқ еді. Қалайда теңізге шығар жол табу үшін орыс патшаларының талайы тыраштанды. Иван Грозный өле-өлгенше шведтермен ұстасып өтсе, Борис Годунов дейтін әмірі Балтық жағасына жету үшін поляктармен итжығыс соғыстар жүргізді. Теңіздің бір пұшпағын иелену осы Петрдің кезінде бір-ақ мүмкін болды.

Ол шведтерді талқандап, Балтық теңізінің шығысын қол астына қаратты. Санкт-Петербург дейтін портты-қала салды. Суға кеме түсірді. Едірең мұрттың ендігі мұраты – әлгі кемелерді Америкаға, Үндістанға жөнелту болды. Ол заманда ерінбегеннің барлығы Үндістаннан жер жаулап алып, Ост-Индия дейтін сауда компаниясын құрып жатқан. Сауда деген аты. Әйтпесе, бұл мекемелер махараджалардың бүкіл алтын, гауһарын тонаумен айналысты. Бірақ, орысқа Балтық теңізі арқылы Үндістанға бару – шығыны көп жоба болып шықты. Себебін түсіндірсек.

Орыс қайықтары Балтық теңізіне шыққан кезде айдынның басында отырған Дания мемлекеті әр кемеден салық алады. «Көлеміне қарай», «суды ығыстыру деңгейіне орай» деп тізбектеліп кете береді бұл салықтар. Мұның бәрін төлеп біткенде қалтаңдағы ақшаңның да біткенін байқайсың.

Не керек, Петрдің алдында енді екі таңдау тұрды. Әуелгісі – Дания дейтін Балтықтың аузында отырған елді талқандау. Өйтсе, Ұлы Британиямен соғысып қалуы кәдік. Соңғысы дат жұртының одақтасы. Немесе Үндістанға баратын басқа жолды іздеу.

Басқа жол демекші, Петр таққа отыра сап  Ыстамбұлды жаулап алмаққа оқталды. Бірақ, бұл жорықта орыс императоры түріктің қолына түсіп қап, миллиондаған алтын беріп, зорға құтылып шықты.

Үндістан дейтін жоба жабылудың алдында тұр. Қалың ойда отырғанда патшаның сарайына сонау Хиуадан «әмірге бағынғымыз келмейді», «Руссия өз қолтығына алсын» деп, түрікмен тайпаларының атынан бір елші келді.

Каспий теңізіне Әмудария құятын

1713 жылдың күзі еді. Әлгі түрікмен дипломаты өзін Қожа Нефес деп таныстырды. Ә дегеннен «түрікмен жұрты ұлы орыс империясының қол астына кіргісі келеді» деген емеурін айтты дейді тарих деректері. «Сосын сіздерге бағынғалы отырған елдің бір мәселесі бар. Соны шешіп берсеңіз» деп өтінді.  Мәселе былай екен: «Әмудария дейтін өзен бар. Қазір солтүстіктегі Орол теңізіне құяды. Ал осыдан он шақты жыл бұрын ғана бұл дарияның арнасы мүлдем басқаша еді, ол Каспий теңізіне құятын. Хиуа әмірлігін жаулап алған  қоңырат тайпасы және тәжік аристократтары Әмудария өзенін бел ортасынан буып, үлкен бөген жасады. Артық су теріскейге ағып кетуде. Хиуалықтар қазір буылған өзеннен алтын құм өндіріп жатыр».

Қысқасы, «Бөгенді бұз! Хиуаны қират!» дейді ғой. Елшінің сөзінен ұққандай, Әмударияны қайта Каспийге құятын етсе, әлгі өзен арқылы Үндістанға қайықпен баруға болады деген деректер айтылды...

Елшінің аузынан Үндістан дегенді естіген Петр қуанып кетті. Лезде кеңесшілерін шақырып, әлгі дипломаттың қолына түрікмен жұртын орыс қамқорлығына алатыны туралы грамота ұстатты. Сосын елшіні еліне жалғыз қайтармай, әскери қосынмен бірге жіберуді ұйғарды. Сол үшін 1714 жылдың 29 мамырында Хиуа жаққа экспедиция жасақтауға бұйрық береді. Дипломатиялық қосынды Александр Бекович-Черкасский дейтін гвардия офицері бастап баратын болды. Бекович-Черкаскийді едірең мұрт бекер таңдаған жоқ еді. Себебі, бұл офицердің түбі кабардин еді. Орыс армиясына қызметке тұрғанға дейінгі аты Искандер-бек болатын. Әрі мұсылман дінінде еді. Дәл осы бұрынғы діні – мұсылман хиуалықтармен тіл табысуға септігін тигізу керек деп ойлады.

Бекович егер ортазиялық мұсылмандардың мемлекеті қуатты болса, дипломатиялық жолмен, яғни «мен де мұсылманмын, Ресей империясы ислам дініндегі жұртқа жақсы көзбен қарайды» деген сыңайда ертегі айтып, бұл елмен сауда-саттыққа қол жеткізуді ойлады. Ал әскери қуаты шамалы болса, мемлекетті талқандап, Руссия құрамына қосу керек.

Петр патша сырттай қарағанда елшілерге ұқсайтын, бірақ бақайшағына дейін мұздай қаруланған 3 мыңдық әскери қосынды жасақтатты. Қолбасшы-дипломаттың қолына патшадан мынадай тапсырма құжат тапсырылды:

«Ехать к хану Хивинскому послом,  а путь иметь подле той реки, и осмотреть прилежно течение оной реки, тако же и плотины, ежели возможно оную воду паки обратить в старый сток, к тому же прочие устья запереть, и сколько к той работе потребно людей».

Қазақ хандығын жаулап алуға Әмударияның не қатысы бар?

Әмударияның кепкен арнасы қайдан табылды? Черкасскийдің экспедициясын Хиуа ханы неге қырып салды? Тевкелеев Әбілқайыр ханмен қалай достасты? Қазақ хандығын жаулап алуға Әмударияның не қатысы бар? Аралдың орнында қала болған ба?

Әмударияның кепкен арнасымен...

1714 жылдың басында Петерборда жасақталған әскери қосын Астраханға жетті. Бұл жерде олар 30 кемеге мініп, Хиуа жағасына қарай тартып кетті. Бұл қайықтардың ішінде көргенінің барлығын қағазға түсіріп отыратын 10 картограф маман бар еді. Олар Каспийдің өн бойын суреттеп отырды. Көп өтпей бұл флотилия Бахан бұғазы, қазіргі Түрікменбашы деп аталатын шығанаққа келіп жетті. Расымен, Бекович-Черкаский адамдары Каспийге осы маңнан ернеуі үлкен өзеннің құйғанын дәлелдейтін дәйектер тапты. Олардың дәл алдында дарияның кепкен арнасы жатты.

30 кеме әлгі шығанақтың жағасына шығып, қосын тіге бастады. Олар Астраханнан келіп жететін елшілер тобын күтті. Көп өтпей, Маңғышлақты басып өтіп, саудагерлер жетті. Бұлардың қатарында, Астрахан және Қазан қалаларының ірі көпестері бар еді. Олардың көбісінің түбі татар және қалмақ ұлтынан болатын.

Не керек, бұл топ Үндістанға өтіп кетіп жатсақ, сауда жасаймыз деп өздерімен бірге 5 мың рубльдің алтынын (ол заман үшін сұмдық көп ақша) арқалап шыққан еді.

Осы саудагер-көпестерді 2500-ге жуық казак солдатты ертіп жүрді. Мұнан бөлек бұл қосынның ішінде Әмударияның ескі сағасын қалпына келтіру үшін канал қазудың әдістерін жетік білетін инженер-құрылысшылар да бар еді.

Хиуа түбіндегі қырғын

Бірер аптаны өткізіп, үлкен әскери-дипломатиялық қосын Хиуа қаласының іргесіне жетті. Бекович мұсылманша киім жабынып, өзін жергілікті жұртқа Дәулет Гирей деп таныстыра бастады. Хан ордасына бір күндік жер қалғанда орыс офицері Ресейден елшілер келгенін естірту үшін өзінің екі мұсылман бауырын 500 шеркес жігітімен ханға жұмсап жіберді.

Шерғазы хан шошып кетті. Елші болып келген Бековичтің інілері мен оның жанындағы бүкіл адамдарды тұтқындап, жеделдетіп әскер жасақтай бастады. Александр Черкаский Хиуа ханы орыс елшілігін қабылдауға қамданып жатқан болар деген оймен Хиуа шаһарының іргесіне келеді. Қалаға енді кіре бергенде бұл қосынды Шерғазы ханның 25 мыңдық әскері ту сыртынан ұрады. Керуен бірден топтанып, арбаларды дөңгелек пішінге келтіріп, қорғанысқа көшті. Бұл орыстың әйгілі «гуляй город» дейтін соғыс тәсілі еді. Арбаларды ретсіз қойып, арасына ирелең жол қалдырады. Жаудың атты әскері арбалар ішімен шауып келе жатып, бұралаң көшеге түседі де, ат басын кері тартам дегенше, қуыс-қуыстан әскер шығып әлгіні түйреп тастайды. Не керек, таңсық тәсіл өз дегенін істеді. 

Шерғазы хан өз әскерінің қаруы нашар әрі қуаты әлсіз екенін көрді. Мұндай күшпен 3 мыңдық армияны талқандай алмасын білді. Бірден айлаға салды. Елшілер тобын жау әскері екен деп ойлап қалыпты-мыс. Хан ештемеден хабары жоқ екен. Осы сөзінің растығын дәлелдеу үшін шені кішігірім жүзбасыны дарға асты.

Әбден сеніміне кіргесін, хан Черкаскийді қонақ болуға шақырды. Тек 3 мыңдық қолды тамақтандыруға кішігірім қала жұртының шамасы келмейтінін сылтау етті. Шаһар маңындағы елді-мекендерге жүз-жүзден бөлсек деп ұсыныс айтты. Мейман көнді. Кеш болды. Той қызды. Хан жанындағыларға ишара жасады. Бір сәтте, орыс қосындарына хиуалықтар лап қойды. Хиуа жорығы осылай сәтсіз аяқталды. Әмудария өзені ескі арнасына қайтып оралған жоқ.

Қазақ хандығын Ресейдің жаулап ала бастауы

Хиуа түбіндегі қырғыннан Тевкелеев дейтін офицері тірі қалады. Сол кезде қалмаққа қараған Маңғышлақ даласы арқылы ол Ресей жеріне ілігеді. Ұлы жорықтың тас-талқаны шыққанын Петербор осы татар арқылы хабардар болды.

Бек Черкаский Каспий теңізі арқылы Хиуаға кеткенде, бұл Тевкелеев татар-орыс көпестерін қалмақтардың жол бастауымен Атырау, Маңғыстау арқылы алып жүрген кісі еді. Қалмақ пен қазақтың шекарасын көктей өтіп бара жатып, көпестер керуенінің басшысы қазақтың бірнеше сұлтандарымен байланыс ұстап үлгерген еді. Соның бірі Әбілхайыр болатын. Тевкелеев кіші жүздің ханына Руссия құрамына енген қалмақтың басқа көшпенділерден оқ бойы озып кеткенін, орыс отты қарумен қамтамасыз етіп отырғанын жеткізеді. Қызықтырады. Руссия империясының көмегімен Әбілқайырға Ордадағы үлкен билікті қаласа, тартып алуына боларын майдалап жеткізеді.

Бірақ Әмударияны Каспийге қайта бұру операциясы сәтсіз аяқталғаны мәлім. Татар офицер Петрге сол бір қазақ сұлтанын пайдаланып, Орданы ырыққа көндіруге боларын айтады. Қазақтар бодандыққа өтсе, Үндістанға да жол ашыларын дәлелдейді. Себебі Қазақ Хандығының иелігі сонау Пяндж өзеніне дейін созылып жатқанын айтады.

Мұның барлығын тыңдаған Петр әйгілі сөзін айтты дейді тарихшылар: «Казакская Орда, сколько миллионов там не жило, нам надо их завоевовать. Либо Орда это ключ к Индий». 

Алайда Петр патша армандаған Үндістанын көре алмай өмірден өтті. Бірақ, Ресей шекарасын махараджалар мекеніне қарай созу, Анна патшайымның кезінде жүзеге асты. 1730 жылдары қазақ пен башқұрттардың арасында жерге талас өршіп, қантөгістер көбейді. Башқұрттар Ресей боданындағы жұрт еді. Хан Әбілхайыр Руссиямен арадағы жерге таласты шешу үшін Орал тауының етегіне келді. Бұл келіссөзді жүргізуге Петербор атынан баяғы Тевкелеев келді. Жолықты. 19 ақпанда қатын патша Анна Иоанованың Әбілхайырды иелігімен қоса, орыс империясының қол астына алғаны туралы грамота табысталды. Сөйтіп, Қазақ хандығының Ресейге қосылу процесі қайтымсыз процеске айналды.

Иә, Әмудария арқылы Үндістанға жетпек болған еді. Ол мұраты орындалмады. Баяғы құрлық жолын таңдады. Қазақ хандығын жаулап ала бастады.

Арал түбіндегі қала

Бұл жазылған деректерді алғаш Петербургтің онлайн кітапханасынан оқығанымда таңқалғам. Енді ше, Арал теңізі орнында теңіз емес, тек бірнеше ондаған көл ғана бар еді. Бұл айдындарды Сырдария ғана қоректендіріп тұратын. Ал Әмудария Каспий теңізіне құйған деген ақпарлар басыма сыймады.

Бірақ, бұл айтылғандар ақиқат. Ғалымдар Әмударияның Каспий теңізіне құйғанын дәлелдеді. Тек басқа жолмен. 2000 жылы Арал теңізінің түбінен XVII ғасырдың орта шеніне дейін өмір сүрген Асар дейтін қала табылды. Археологтар сол суға батқан шаһардан Қожа Ахмед Яссауи кесенесіне қатты ұқсайтын мазарды да қазып алыпты. Бұл кесене XVI ғасырда тұрғызылған деседі. Асар дейтін шаһарға оралсақ, археолог мамандар қала халқы бір түнде үдере көшіп кеткен дейді. Себеп – су басу...

Ал геолог мамандар Арал 3 мың жылдық тарихында бес рет тартылып, бес рет толған дегенді айтады. Гумилев болса, көшпенділердің бір ғасырларда күшейіп, енді бір ғасырларда жеңіліп, шегініп далаға қарай кететінін осы Арал феноменімен байланыстырғаны бар. Жә, Аралдың тартылуы –адам қолымен жасалды. Ол ақиқат нәрсе. Тағы бір шындық. Арал теңізі – адам қолымен пайда болған теңіз.