«Қазақ поэзиясының Құлагері» Ілияс Жансүгірұлының шығармашылығын зерттеу, оның шеберлігінің сан алуан қырын ашып көрсету, дара қасиеті мен бай талантын нақты зерделеу ісі тоқтамақ емес
Керісінше күн өткен сайын алыстан мұнартқан асқар тау секілді құпия-жұмбақтары ашыла түсіп, ашылған сайын жан баласын ынтықтырып, өзіне тартып тұрады.
Энциклопедист-ғалым, академик Рымғали Нұрғали «Қазақ әдебиеті тарихында кең құлашты, терең мағыналы эпикалық поэмалар тудырған талантты ақындар қатарында Ілияс Жансүгіров есімі ерекше аталады. Бұл салада ақын көптеген әдеби барлау, көркемдік тәжірибе жасай жүріп, әлеуметтік маңызды тақырыптарға арналған бірнеше салмақты туынды берді» деп тұжырымдайды.
«Абай дәуірі бізден алыстаған сайын біз оған жақындай түсеміз» деп Міржақып айтпай ма. Ілиястай ерен жүйрік ақынның «Құлагер» поэмасын қаншалықты жақсы білсек те, оның қаламынан туған басқа да озық үлгілерді ел-жұрт танып жатыр ма? Әсіресе ашаршылықты қасақана ұйымдастырып, қазақ халқының сексен пайызын жойып жіберген зұлматты ашық суреттеген «Мұзқала» жайлы неге тереңірек зерттелмейді? Ілиястанушылар назарынан тыс қалып жатқан кесек туынды жайлы не білеміз?
Бізге жеткен мәлімет бойынша баспаға әзірлеп үлгермеген, қолжазба күйінде қалған және жоғалып, бізге жетпеген немесе кезінде жарияланып, қазіргі таңда табылмай отырған ақынның поэмаларын түгелдей санасақ, ұзын-ырғасы жиырмаға жуық екен. «Мақпал», «Исатай», «Көбік шашқан», «Байкал», «Рүстем қырғыны», «Мұзқала» атты поэмалары қолжазба күйінде қалған. Бүгінгі сөзде ілиястанудағы өзекті мәселелердің бірі ретінде оның «Мұзқала» поэмасының тағдыры арқау болады.
Ілияс және ашаршылық
Ілияс Жансүгірұлының жеке өмірінен де, шығармашылық қызметінен де ашаршылық тақырыбы шет тұрмайды. Бұл кезеңнің сұрқай көріністерінде ол ең алдымен әкеден айырылады: әке орнына әке, ана орнына ана болған Жансүгір ақсақал 1932 жылы Оңтүстік Қазақстанның Мақтарал ауданы жақтағы канал қазу жұмыстарына қатысып, сонда қайтыс болады. Жерленген жерін іздеп барған ақын ұлы бір белгі таба алмайды, тіпті кейінгі балалары бейбіт өмірде іздеп таба алмаған.
Ақынның әке қабірін іздеп Мақтарал атырабына барғаны жайлы қаламгер Мылтықбай Ерімбетовтің «Ілияс Жансүгіровтің Мақтаралға келуі» деген мақаласында жақсы баяндалған. Сол сапарында аудандық газеттің бір санын шығарысып, жолға салып беріпті, «Жаңа тұрмыс» деген оқиғалы өлең жазып, елдің тұрмыс халін, еңбегін суреттепті, ел арасын атпен аралап, ел ішіндегі көнекөздерді сөйлетіп, болашақ жазылатын дүниелеріне материал жинапты. Ол әсіресе жылқы жайлы әңгімелерді қызыға тыңдап, сағаттап отырса да, тәптіштеп сұрап, жазып алыпты. Мақалада «Балғын, Марал деген аттар керемет жүйрік сүйріктей еді. Маралдың баласы – Балғын ақалтеке дон тұқымымен араласып туған, қақпан бел, ешкі бас, дәу ат еді. Кейінірек қартайғанда, дәп сол аталған жоңышқалықта жас айғыр кеңірдегінен тістеп қансырап өлді. Өз бөлтірігін өзі жеп қойған қасқырдай – өзі жырлаған қызылдар өкіметінің Ілияс ақынның тағдырын да кеңірдектен тістегендей еткені еске түседі» деп жазады автор.
Ақиық ақын қаламынан 1921 жылы «Ақжол» газетiнде «Жұт – жетi ағайынды» өлеңi жарық көрген. Қызыл империяның жүргізіп отырған саясаты бұрынғы патшалық Ресейдiң отарлау саясатын жалғастырушы ғана емес, оның ұйымдастырушысы, жүрегi, халықтың сөлiн сорушы деп ұққан ақын халық жанайқайын боямасыз бейнелейді. Ал Ілиястың «Жұт» атты поэмасы жоғалған туындылар қатарына жатады. Әдебиет зерттеушілері поэма табылмағанымен, оның жалғыз ғана шумағынан туындының барлық болмысы көрініп тұрғанын жазады.
Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,
Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.
Өз баласын үйітіп, сирағын жеп,
Көр азабын тірідей көріп жатыр.
Сұмдық картина, қаз-қалпындағы ащы шындық. Ел ішін кезген ашаршылықтың бүкіл қасіретін бір ауыз сөзбен көркем суреттеп беріп отыр.
«Саяси ағымға лайықты жазу, «жаңа адам» образын көпірте көрсету, ол тұста Ілиястың стилінде жоқ қасиет, – деп тұжырымдайды белгілі ғалым, ілиястанушы М. Иманғазинов. – 1935 жылға дейінгі көптеген жанрдағы шығармаларына зер салса, жаңа жаңа өкіметті өмір-тұрмысының кейбір «көлеңке жақтарын» теңегені аз-кем болса да кездеседі. Өкіметтің негізгі қағидаларын іске асыру әр жазушының алдына қойылған міндеті десек те, бұдан кейінгі шығармаларында саяси тақырыпқа жазылғандар кейінге қалдырылып, сол тұста халықтық тұрғыдағы мұраларға көңіл бөлу тенденциясына ойыса бергенін көреміз. Басқа шығармаларын айтпағанда 1935 жылдан 1937 жылға дейінгі жазғандары «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер», «Аққала» (аштық жылдарындағы қайғылы оқиға суреттеледі, бірақ баспа беттерінде жарияланбаған) поэмалары, «Исатай-Махамбет» пьесасы, либреттосы соның жарқын дәлелі болса керек».
«Мұзқаланың» мәселесі
Зерттеушілердің жазуына қарағанда, Ілиястың жоғалып қолды болған «Мұзқаласынан» басқа да еш жерде жарияланбаған он шақты шығармасы болғанға ұқсайды. Ілияс шығармашылығы жайлы еңбектерде осы «Мұзқала» поэмасы үстірт аталып өтеді, оның қай жерде, қашан жазылып, қандай сюжетке құрылғаны хақында деректер өте аз.
Ілиястанушы М. Иманғазинов жаңсақтықпен атап отырған шығарманың түпкі атауы – «Мұзқала». Бұл туынды жайлы алғаш рет жанкешті мұрағатшы, жазушы Табыл Құлыяс ағамыздың аузынан естідік: «Ілияс Жансүгіровтің «Мұзқала» атты поэмасы Голощекиннің озбыр саясатына қарсы жазылған. Семей өңірінде іссапарда жүргенімде осыны бір шежіре қария жатқа оқығанын өз көзіммен көрдім, өкініштісі сол, жазып ала алмадым». Осы жалғыз ауыз сөз біздің есімізде алып, көпке дейін ойымызда жүрді.
Ақынның ұлы Саят: «Әкемнің «Мұзқала» атты поэмасы болған, бірақ ол жарық көрмеген. Онда ол кісі 1925 жылы Қазақстан басшысы болып келген Голощекиннің «Кіші Қазан төңкерісін» астарлап, әшкерелеуді мақсат тұтқан. Поэманың оқиғасы мынадай: бір елді басқаруға келген басшы елдің тұрмысын көріп: «мыналар не деген бай халық, түк істемейді! Бұларды бір жерге алып барып, жер жыртқызу керек», – дейді. «Оларға баспаны қайдан тауып береміз?» деген басшылыққа «бұларға баспана не керек, әлгі эскимостар секілді мұздан үй жасап берейік, сонда өмір сүре берсін» дейді. Сөйтіп, ол ойын жүзеге асырып, адамдарды бір қап тары беріп, мұздан үй жасап беріп, айдалада тастап кетеді. Содан келесі жазда бір-ақ есіне түскен басшылар хабар алуға келсе, бір қап тарыларын да тауыспастан халық түгелдей қырылып қалыпты».
Сондай сұмдық сюжет. Мұздан соғылған қаланың бір көшесін Ленин, екінші көшесін Сталин, шеткі көшесін Берия деп атапты. Жазда күн ысыған кезде мұз еріп, адамдардың қаңқасы шығатынын семейлік бір қариядан естігенін Табыл аға да жиі қайталайды.
«Мұзқала» поэмасының астарында терең мағына бар, ол – Совет өкіметі бүкіл билік жүйесі қазақ халқының өлігінің үстіне тұрғызылғанын айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізу идеясы. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында, оның өзінде айналасы 15 жылдың ішінде совет өкіметінен келетін қауіп-қатерді алдын ала сезе алған қайран жүрек осындай зұлматтарды меңзеген.
«Халық жауының баласы» деп жазықсыз айыпталып, қуғын-сүргін көрген Саят Жансүгіровтің айтуына қарағанда, атақты «Құлагер» поэмасы да «Мұзқала» секілді шығармалардың кебін құша жаздаған. «Әкем ол уақытта Жазушылар одағын басқарған. Қазақтың салтымен жаз шыға таудың бөктерінде киіз үй тігіп, сонда дем алады екен. Сол жақтан ұстап әкеткен. Қаладағы үйін тінтіп, құжаттарын, шығармаларын алып кеткен. Кейбір шығармаларының қайда екені әлі күнге белгісіз.
Әкемнің шығармаларын, басқа да заттарын арбаға тиеп әкетіп бара жатқанда Сапарғали Бегалин көріп қалып, жүгіріп барып, төбелескен бе, тартып алған ба, әйтеуір әкемнің бір кітабын алып кетеді. Ол әкемнің «Құлагер» поэмасы екен. Сөйтіп, «Құлагерді» сақтап, әкем ақталған кезде Фатима Ғабитоваға әкеліп табыстайды» дейді ақынның ұлы.
Жоғалып із-түзсіз кеткен әке моласы, қолжазба күйінше жөргегінде тұншыққан шығармаларының тағдыры Ілиястай ардагер ақынның қасіретті 30ншы жылдарында қасақана жасалған қастандықты батыл әшкерелеуімен оның қандай мұрат жолында болғанын, нені көздеп, нені көксегенін білу қиын емес. «Мұзқала» деген мұрағатта жатқан дастанда айтылатын ой Ілекеннің 1930-ншы жылдардағы ойының қандай болғандығына куә», – дейді қызы Ильфа Жандосова-Жансүгірова.
«Қазақ совет әдебиетін жасаушылардің алғашқы толқыны», «Советтік идеологияны жырлаушы» деп жалпылама сын тағу оңай, ал көркем туындыларының әрбір сөз-сөйлеміне дейін ұлтының қайғы-қасіретін жіпке тізгендей суреттеп берген, халық тағдырына бей-жай қарай алмаған әзіз басымен ел билеуші үстемдік атаулыға қаламымен де, қайратымен де қарсы тұрған бірегей талант иесі болғаны еріксіз мойындалады.
Әйтпесе 1930 жылдардағы дүниенің осындай астаң-кестеңі шығып жатқанда: «Қытай еліне барып бас сауғалайық» деген ел адамдарына ермей, Ілияс ақын осы жақта қалып қойғанын біреу білер, біреу білмес.
Ал жақында ғана Ілияс Жансүгірұлының «Қуат» поэмасы табылғанын «Қазақ әдебиеті»» газеті сүйіншілей отырып жариялады. Осындай тың ізденістерге қарағанда «Мұзқала» шығармасының да табылуы әбден мүмкін нәрсе. Үміт үзбейміз.