Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде жақында 5-6 маусымы күндері өткен Қазақстанның ұлттық тарихын кеңейтіп қана қоймай, жаңа тарихи дүние танымын қалыптастыру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысының нәтижесін іске асыру барысында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің атсалысуымен «Ұлттық тарихты зерделеу және институт ғалымдарының міндеттері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда Отан тарихы ғылымындағы күрмеуі шешілмеген және әлі де бағасын алмаған өзекті мәселелер талқыланды. Дөңгелек үстел жұмысын ашқан институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА-ң корреспендент мүшесі Х.М. Әбжанов Қазіргі тарих ғылымының жағдайы мен болашағы біздің жастарымызға, әсіресе олардың кәсіби ширығуы мен үлкен теориялық-методологиялық тұрғыдан ойлайтын өре керектігіне назар аударуды атай келе, осы тұрғыдан алғанда жастардың атқармаған, шешпеген мәселелері көп екені және екінші жағынан тарих ғылымында жақсы тарихшы болу үшін өмір тәжірибесі керектігі, бүгінгі жастарға жауапкершілік пен міндет күн өткен сайын арта түсетініне мән беруді ескертті. Сөз кезегін алған институттың бас ғылыми қызметкері ҚР ҰҒА-ң академигі, т.ғ.д., профессор М-А.Х. Асылбек Егемен Қазақстанға жарияланған мақала аясында Б. Сүлейменов, Е. Бекмаханов т.б. алғашқы тарихшы мамандардан тәрбие алғандығына, қазақ тарихына қалам тартқан алғашқы буын өкілдері С. Асфендияров, Т. Рысқұловтар бұрынырақ сотталғанын айта келе, Мемлекеттік Хатшы М. Тәжиннің мақаласы үлкен септігін тигізіп отырғандығын келтірді. Балон процесімен бірге Алматы менен Астанада екі диссертациялық кеңес ашу қажеттігін көтерді. «Моңғол дәуіріндегі Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» атты тақырыпта ғылыми хабарлама жасаған институттың бас ғылыми қызметкері т.ғ.д., профессор З. Қиянатұлы Шыңғыс ханның орны мен моңғол дәуірінің қазақ тарихындағы маңызын атап өтсе, институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор С.Ф. Мажитов ҚР-да тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы 1995 ж. басталғаны және қазіргі заман тарих ғылымы қазіргі жағдаймен тікелей байланыстыру қажеттігін көтере отырып, бізде жаңа тарихшылар федерациясының қалыптаспағанын, мемлекеттің тарих ғылымына теориялық-методологиялық тұрғыдан ұстанымызды анықтауымыз керектігін айтты. Кеңес дәуірімен тікелей айналысып жүрген институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов сол кезеңді бірыңғай оң және қара деп бөліп көрсетудің дұрыс еместігін, осы дәуірде әлі де болса нақты бағасын алмаған тақыраптардың барлығын, зерттелініп отырған мәселенің дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп көрсететін уақыт жеткендігін баса айтты. Т.ғ.д., профессор С.Е. Әжіғали институтта этнография бөліміне көп көңіл бөлініп отырғандығына және де Қазақстандағы этнография саласын дамытудың кейбір мәселелеріне тоқтала келе, этносоциологиялық зерттеу әдісі этномәдени зерттеулермен ұштасатынын атап өтсе, т.ғ.д. А. Тоқтабай ауызша тарихты қарастыруда халықтың аузында сақталған дәстүрлі дүниемізге көңіл аударудың маңыздылығын көрсетті. Т.ғ.д., профессор В.З. Ғалиев жаңа заман дәуірлеу мәселесіне тоқталып, қазақ элитасының орнын ашып көрсетуде көңіл бөліну керектігін, ал т.ғ.д. Қ.Ш. Әлімғазинов Мемлекет хатшысы М. Тәжиннің баяндамасы аясында тарихи білімнің зерттелуіндегі жаңашылдығына үлкен мән беріп қарауымыз қажеттігін айтып, оны дамытудың жолдарына тоқталды. Т.ғ.к. С.К. Рүстемов өркениетке нақты анықтама толығырақ берілу керектігі және қазақтар мен түркі-мұсылмандық әлемінің орнын әлі де зерттей түсуідің қажеттігін атап өтсе, т.ғ.д., доцент А.И. Құдайбергенова тарих ғылымындағы Халықтану саласы мәселелері мен болашағы бойынша М. Тәжиннің баяндамасында көрсетілген негізгі ұсыныстарға тоқтала отырып, тарихи демография немесе халықтану саласына аса назар аударуды, соның ішінде тарихи демографияның қалыптасуы мен оның зерделеуде мерзімдік шектеу жоқ екеніне тоқталып, осы саланың пән ретінде оқытылуы мен лайықты мамандарды даярлау мәселесі орындалса деген ұсыныс жасады. Институт директоры Х.М. Әбжанов дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, тарихтағы формациялық ұстаным негізінде тарихты зерделеудің өткеннің еншісіне қалдырып, Қазақстан тарихының үш ұстанымы: бірінші халық, екінші тұлға, үшіншісі геосаяси фактор деген ұстаным негізінде дамытуға назар аударудың қажеттігін атап көрсетті. «Тарихты жасайтын халық, халықты басқаратын тұлға, ал олардың арнасы геосаяси жағдай екендігіне байланысты» дей келе, тарихты зерделеуде осы тұжырымды дамытудың тиімді мүмкіндігін ұсынды.
Ұлттық тарихты зерделеу және институт ғалымдарының міндеттері
29.07.2013
28872