Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауари және Абай

3138
Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауари және Абай - e-history.kz

Аталған мақалада Имаил Гаспринский негіздеген жәдидизмнің Қазақстан аумағындағы жәдидизмнің көрініс табуы және осы бағыттың көрнекті өкілі Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауаридің «Насихат Қазақия» жинағындағы жаңашылдық ойларға тоқталынады. Сондай-ақ жәдидизм түсінігіне анықтама қарастырылып, Абай өлеңдері мәтінінің өзіндік ерекшеліктері қарастырылып, педагог ғалымның. Зейнелғабиден Әміреұлының абайтанудағы орнына тоқталынды.

Географиялық ұлы ашылымдар арқылы сауда жолдарының дамуы, өркениеттер арасындағы байланыс арқылы келген ғылыми-техникалық жаңалықтарды өндіріске тиімді қолдану арқасында капиталистік төңкеріс жеңіп, әлемдік өркениеттің ендігі көшбасшылық рөлі Еуропаға көше бастаған ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардан бастап ислам әлемі, оның ішінде түркі дүниесі де бұрынғы ықпал, әлеуетінен айырылып, тоқырау жолына түсті. Солардың қатарында Қазақ хандығы да бар еді. Түрлі факторлардың себебінен біртіндеп ыдырап барып, бодандық қамытын киюге мәжбүр болды. Ресей мен Цинь империясы, тіпті отырықшылық дәстүрге ие оңтүстіктегі Қоқан мен Бұхара, Хиуа хандықтары да тоз-тозы шығып талауға түскен қазақ жерінен үлес алып қалудан аянбады. Осылайша, ХІХ ғасырдың ортасында қазақ даласын отарлау толығымен аяқталды десек те болады. Тек қазақ халқы ғана емес, Орта Азия мен Кавказ төңірегіндегі, Еділ бойындағы өзге түркі халықтары да түрлі деңгейде осындай рухани күйзелісті жағдайды бастан кешіп жатқан еді. 

Сан ғасырлар бойы негізінен ислам өркениетінің ықпалында болып, әбден кіріккен түркі әлемі бұдан былай еуропалық және славян мәдениетінің ықпалына түсіп, жалпы және өзара өзгешеліктерге ұшырай бастады. Бұл құбылыстың жалпы исламдық және түркілік бірізділік пен ынтымақтастыққа, түркілік бауырластыққа орасан зор кері ықпал жасап, ыдыратушылық сипатқа әкелетінін мұсылман әлемі жақсы білді деуге болады. Оның айқын дәлелі – түркі халықтарынан шыққан көрнекті зиялылардың аталған мәселеге алаңдаушылық білдіріп, нақты әрекетке көшуі еді. 

Бұған дейінгі көлік-тасымал қарым-қатынастары мен соғыс жағдайындағы ең ұшқыр да қолайлы көлік жылқы мен түйе болып келсе, оның орнын түрлі техникалар иелене бастады. Қазақ ренессансы көшбасшыларының бірі Ыбырай Алтынсарин мұны айқын сезініп, былай деп жар салды:
Өнер-білім бар жұрттар,
Тастан сарай салдырды,
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды,
Ма істейтін жұмысты,
От пен суға түсірді [1].
Қазақ халқының өз қатарынан қалу қаупіне назаланған ұлт ұстазының аталған өлеңіндегі: «Біз надан боп өсірдік, иектегі сақалды», - деуінде үлкен мән бар. Мұны біз ұлы педагогтің өз халқын діни томаға-тұйықтық пен фанатизмнің шырмауына шырмалып қалмай, жаңа заманға сай білім алуға шақыру жолындағы ұстанымы деп білеміз. Осы жолдағы мақсатын жүзеге асыру үшін ол «Мұсылмандық тұтқасы» атты еңбегін жазды. Ислам дінін мазмұнсыз, құр форма арқылы тұтынудан сақтандыру мақсатында жазған бұл құнды еңбекте ол былай деп атап көрсетті: «Ей, дін қарындастарым, пайғамбарымыз бен оған жақын жақсылардың бәрі де тынбай жүріп, дүние һәм ахиреттің ғылымын үйреніп һәм халыққа неше түрлі кітаптар, үлгілер қалдырып кеткен болса, бізге де жалқаулыққа салынып еш нәрсе білмей жүруіміз, әрине адамшылығымызға лайық емес» [2]. Жоғарыдағы өлеңі де, мұсылманшылықты тұтынудың заманауи шарттарын ұғынықты түрде көрсеткен еңбегі де Ыбырай Алтынсариннің ұлт болашағына алаңдаушылықтан туындаған дүниелер еді.

Ыбырай Алтынсариннен ілгерінді-кейінді өмір сүрген көрнекті ұлт зиялылары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы т.б. алғашқы буынның іс-әрекетінен біз осы алаңдаушылықты аңғарамыз. Бұл алаңдаушылық Ресей құрамындағы түркі халықтарының жетекші зиялылары арасында күшейе түскенін көреміз. Солардың бірі де бірегейі – Исмаил Гаспринский (1851-1914) еді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ресей құрамындағы түркі халықтары арасында Қазан мен Уфа, Бақшасарай сияқты қалалардағы медреселер руханият тұрғысында жетекші орынға ие еді. Исмаил Гаспринский – Қырым татары жұртынан шыққан жаңашыл ғалым. Ол туралы Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан былай деп жазған екен: «Исмағил мырза Мұстафаұғлы Қырымда 1851 жылы Гаспра деген ауылда туған. Ата-анасы бұрынғы Қырым хандары нәсілінен келген ханзада балалары болған. ...Терең ойлы, кең пікірлі Исмаил мырза түбінде түркі жұртқа басшы боғландай, үлгі бергендей кісі болу үшін, гимназияда алған біліміне қанағаттанбай,ғ ой-пікірін толықтыру, мағлұматын молықтыру үшін Еуропаға сапар шеккен»[3,368]. Исмаил Гаспринскийдің өзі он тоғызыншы ғасырдағы түркі исламиятының көсемі әл-Маржанидің шәкірті еді. Ғалымның саналы қызметінің басты бағыты – Ресей империясы тарапынан түркі халықтарын орыстандыру үдерісін жүргізуге қарсы тұрудың жаңаша жолдарын іздеп табуға құрылғандығын көреміз. Осы мақсатта ол «Орыс мұсылмандығы»[4] атты еңбегін 1881 жылы жазып шықты. Ғалым осы еңбегінде былай деп атап көрсетеді: «Сауатты мұсылманның бәрі, ең құрығанда елу-алпыс пайызы білсе керек, бір кездері исламда ильми-тыбие (медицина), ильми-икмет (физика), ильми-кимья (химия), ильми-набодат (ботаника), ильми нуджум (астрономия), ильми эндесе (геометрия) т.б. пәндерді оқытқан медреселер болған. Халифаттық дәуірлеген шақта Бағдат, Кордова, тағы өзге Шығыс қалаларында ақыл мен тәжірибеге қатысты 20-30 профессоры (мүдерис, мұғалім) бар медреселер туралы бұлыңғыр елес пен аңыз қалған. Бүгінгі татар медресесінің бағдарламасы – кітаби араб тілі, теология және схоластика. Оқыту әдісі – ұрып миға кіргізу және жаттатқызу; жаттатқызу және ұрып миға кіргізу» [4, 53]. Жаңашыл ғалымның бұл айтқандары қазіргі күні де маңызын жойған жоқ. Күллі ислам әлемінің инновациялық жаңалықтар туындатуда христиан және будда дінін ұстанатын көптеген елдермен салыстырғанда көш соңында қалып отыруының негізі – сөзсіз ғасырларға жалғасқан консервативтік ұстанымдарда жатса керек. 

Исмаил Гаспринскийдің бұл ұстанымының мәні – жоғарыда атап өткеніміздей, діни схоластикаға емес, жаңа замандық оқыту технологияларына негізделген әдістемелерге сүйеніп оқыту, осы арқылы әлемдік өркениет көшінен қалмау болатын. Жалпы алғанда жәдидизм аталған бұл бағыт – отаршыл жүйе дем беріп отырған, қараңғылық түнегінде қала беруге жетелейтін консервативті ұстанымдарға қарсылық негізінде туып, түркі әлемінің әр түкпірінен кеңінен қолдау тауып, өріс алған прогресшіл жол еді. Сонымен, «жәдидизм» дегеніміз не? Оның қандай өзгешелігі бар? Бұған жауапты белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабековтың берген анықтамасынан табамыз: «Жәдитшілдік ұғымның қазақ нұсқасы екі асудан тұрады деп есептейміз. Бірінші асу – 1891-1911 жылдар – үйрену, тәжірибе жинау шағы. Екінші асу – 1911-1920 жылдар – жәдитшілдік кең өріс алып, Алаш қозғалысына ұласу шағы. Біздің ұғымымызша, жәдитшілдік – Ресей империясының мұсылман аймақтарына ортақ, дәстүр мен жаңашылдықтың синтезді құбылысы. Оны қарапайым тілге аударсақ, «жаңару», «елдікті сақтау үшін жаңа бағыт ұстау» дегенге саяр еді. Ресей империясының мұсылман халықтары тарихында негізгі ортақ жәдитшілдік қозғалысының дамуы біртекті емес. ХХ ғасырдың оныншы жылдары ол Қазақстанда – алаш, Әзірбайжанда мусават, Қырымда – милли-фирк, Татарстанда – иттифак әл муслимин қозғалыстарына ұласса, Өзбекстанда (Бұқара, Хиуа) мазмұны бастапқыдан біраз өзгерсе де «жадидизм» атауымен дами берді»[5,]. «Жәдид» деген сөзің өзі араб тілінен аударғанда «жаңа» деген ұғымды білдіретіндігін ескерсек, ХХ ғасырдың басынан бастап, қазақ халқы арасында «сулы жәзит» атауымен кең тараған хат тану үрдісін біз сол замандардың куәсі болған жазушылардың шығармаларынан көп ұшыратамыз. «Сулы жәзит» немесе «усул жәдит» – арабша хат танытудың дыбыстық жүйеге негізделген, оңайлатылған түрі. Хат таныту, ары қарай білім алудың жолын оңайлатуға деген талпыныс қазақ зиялылары арасында да болғанын және бұған қарсы кейбір татар жиялылары мен білім алушыларының наразылықтары да туындағанын біз осы кезеңдегі оқу поцесі жайындағы жазбалардан аңғарамыз.

Біз мақаламызда жоғарыда аталған қазақ жәдидизімінің бірінші асуында тұрған көрнекті өкілдердің бірі Зейнелғабиден Әміреұлының өмірі мен іс-қызметі туралы қарастыратын боламыз. Зейнелғабиден Әміреұлы – Абай шығармашылығын алғаш баспа бетінде жариялаушы және Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуы шығудан бұрын қазақша туындыны қазақ тілінде жазуды қалыптастыруға талпынған тұлға. Себебі, бұған дейінгі жазба тілдің өзі қазіргі қазақтың әдеби жазба тілінен анағұрлым айырмашылықтағы түрки татар әдеби тілі еді. 

«Абай қайтыс болғаннан кейін оның әдеби мұрасын халықтық мұрасын халықтық тұрғыдан бағалап, қолдан келгенше аянбай әрекет еткен қалам қайраткерлері де болды. ...Олар ақын мұрасын қазақ тілінде шығатын баспасөз арқылы насихаттауды Абай қайтыс болғаннан кейін-ақ көп ұзамай қолға алды. Бұл жолда азды-көпті еңбек етіп, Абай мұрасын танытуда, бағалауда өзіне тән үлес қосқан: Ә.Бөкейханов, Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауһари әл-Омскауи, Кәкітай Ысқақов, С.Торайғыров, С.Әбішұлы сияқты революцияға дейінгі қазақ қауымының қоғамдық ой-санасының демократиялық-ағартушылық бағытындағы интеллигенттер тобы еді»[6], - деп белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов атап көрсеткеніндей, демократ ағартушы зиялы Зейнелғабиден Әміреұлының қазақ жәдидизміне қосқан елеулі үлесін қарастырар алдында оның өмір тарихына тоқталмақпыз. 

Абай мұрасын ең алғашқылардың бірі болып баспа бетінде жариялап, оған «жаһұт қазақ әдебиеті» деп баға берген және күллі түркі әлеміне алғаш насихаттап таныстырушылардың бірі – Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи. Шыққан тегі: Орта жүз Арғын тайпасы, қарауыл руының жауар бөлімінен. Бұл ру ежелден Омбы төңірегін мекендеген екен. Жауар руы қазіргі күні де сол өңірде, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов, Ақжар аудандары мен Ресей Федерациясы Омбы облысының сол аудандармен шекараласатын өңірлерінде мекендейді. 

Зейнелғабиден Әміреұлы 1881 жылы қазіргі Омбы облысы, Москален ауданы жерінде болған Саға атты ауылда, ауқатты отбасында өмірге келген. Ол – өз заманының ірі діни ағартушысы, жаңашыл ұстаз, публицист қаламгер, қайраткер тұлға болған. Ауыл молдасынан хат танып, білімге құштарланған жас Зейнелғабиден әкесі Әміренің Қызылжар базарына апарып салуға берген қырық өгізін саудалаған соң, білімін толықтыру үшін сол замандағы ірі руханият орталығы Уфа қаласына аттанып кетеді. Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған соң елге оралады. Бұдан соң ұстаздық қызметін бастайды. Ата қонысының бір пұшпағы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы жерінде болған Сиыршы атты ауылда усул-жәдиттік үлгідегі алғашқы мектепті ашады. Бұл мектепте жоғарыдағы Исмаил Гаспринский үлгілегеніндей, ислам дініне қатысты сабақтардан өзге, ғылыми пәндер негізі де өтілген. Өкінішке қарай Зейнелғабиден ұстаздың ерте өмірден өтуі себепті, небары төрт-ақ жыл жұмыс істеген бұл оқу орнынан елге танымал көптеген шәкірттер туып шыққан екен. Олардың қатарында аса көрнекті қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовты ерекше атауға болады. Сондай-ақ Қазақстан Жұмысшы-шаруалар инспекциясын басқарған Хабиболла Әмрин, әйгілі тілші ғалым Ғайнетдин Мұсабаев, «Ленин» орденді халық ұстазы Сабыр Мәліков қатарлы көрнекті шәкірттер Зейнелғабиден Әміреұлының тәлім-тәрбиесін көрген төл шәкірттері саналады. Жәдитшіл жаңашыл ұстаз Зейнелғабиден Әміреұлы 1920 жылы жол жүріп келе жатып науқастанып, өмірден өткен. Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін кезінде Зейнелғабиден Әміреұлының өмірден өкеніне жиырма жылға жуықтап қалғанымен, оның еңбектері қара тізімге ілініп, Хабиболла Әмрин қатарлы көрнекті шәкірттері сталиндік зұлматтың құрбаны болады. Сондай-ақ кезінде өзінің атақонысын көктей өткен Батыс Сібір теміржолы құрлысын салуға мол қаржымен, күш-көлікпен көмек көрсеткені үшін патша билігі тарапынан сыйлық алғаны және бай болғаны үшін деген желеумен Әміре қажының әулеті де қуғын көріп, ауыр зардап тартады. Осындай белгілі себептермен Зейнелғабиден Әміреұлының шығармашылығы кеңестік қоғамға қажетсіз деп танлым, оның есімі көпке дейін туған халқының тарихынан мақсатты түрде аластатылады. 

Зейнелғабиден Әміреұлының көптеген еңбектері біздің заманымызға жетпеген. Сол заманда жарық көріп тұрған мерзімдік басылымдарда көптеген мақалалар жариялатып тұрғанымен, олардың да көбісі нақты Зейнелғабиден Әміреұлыныкі екендігі де анық емес. Бізге белгілі нақты еңбегі – 1909 жылы Уфадағы «Шарх» баспасында жарық көрген «Насихат Қазақия» атты трактаттар жинағы. Бар-жоғы отыз сегіз беттен ғана тұратын бұл трактаттар жинағы – көлемі шағын болғанымен, ондағы сол кезеңдегі жалпы түркі, мұсылман жұртына ортақ маңызды мәселелерді қозғай отырып, осыларға қатысты өзіндік нақты жол-жоба нұсқаған еңбек. Трактаттар жинағының көлемі шағын болса да, көтерген жүгі аса ауқымды, тіпті күні бүгінге дейін маңызын жоймаған тағылымды еңбек екеніне оны оқу барысында көз жеткізуге болады. Мұнда ХХ ғасыр басындағы ресейлік қазақ қоғамындағы дін ахуалы, тіл тазалығы, шаруашылығы мен жергілікті басқарудағы өзгерістер, білім беруді ұйымдастыру, қазақтың жауһар әдебиетінің деңгейін көтеріп, насихаттау, халықты заманауи медициналық білімдермен қаруландыру, тазалыққа баулу т.б. көптеген мәселелер қамтылған. «Насихат Қазақия» – жоғарыда атап өткеніміздей, сол кезегі барша түркі халықтарына ортақ әдеби тіл «түрки» бойынша жазылғандықтан, қазіргі нормаланып, қалыпқа түскен қазақ жазба әдеби тілінен анағұрлым өзгешелікке ие. Сондықтан оның оқылуы да біршама қиындық тудыратындығын ескерген жөн.
Зейнелғабиден Әміреұлы «Насихат Қазақиясын» сол кездегі ресейлік түркі әлеміне ортақ «қойыртпақ түрки татар» тілінен гөрі, ауызекі қазақ тіліне икемделіп жазуға талпынғандығын анық аңғарамыз. Мұны автордың трактаттар жинағының сөзбасында арнайы айтып өтеді: «Әр халықтың ілгері жүріп алға басуына себеп болған нәрсе – ғылым, өнер, мығарыф болып, соларды халыққа таратушы, білмегенін білдіріп, алысты жақын, қиынды оңайлатқан нәрсе де бұл күнгі жаңа шыққан кітап, рисалалер бүтін ғаламнан хабар беріп, миллет пайдасын күзеткен жерде уағыз етілер еді. Бұлардан әрбір халық пайдаланғанда біздің қазақ шетірек қалып тұрған секілді көрініп, сыбағамыздан әр уақыт кенже қалуымызға өкініп, неше миллион халық атынан шығарған бір газеті болмағанына қайғырып, мұнан кейін халқымыз бұл жұмысты ескеріп, әрбір адам оқып фаһымларлықтай нағыз қазақша кітаптар басылып шығара бастаса екен деп, қазақ ұранындай қазақ атына бір кішкене ғана рисала (өсиет) жазып қолдан келгенше қызмет етуді мойынға алмақшы болған едім. 

Рисалем (Өсиет) қазақ атына жазылған соң көбірек орында қазақ шеуесынде алып, бәлки нағыз қазақ тілін естімеген татар ағайындарымызға да қазақ әдебиетінен фи алжәмлә нәмуна өрнек көрсету ниетімен қасіретімді білдіріп майдан етісерге қойдым»[7, 2]. Біз бұдан Исмаил Гаспринский бастаған жәдидизмнің ықпалы мейілінше күшті болған белгілі медреселердің бірі «Ғалияның» түлегі Зейнелғабиден Әміреұлының өз халқының да болашақта таза қазақ тіліндегі басылымдары болып, олар төл тілінде басып шығарса деген ізгі мақсатын аңғарамыз. Бірақ, сол заманда бұл айтуға ғана оңай еді. Қазақ буржуазиясы әлі де қалыптаса қоймаған, әрі ресейлік түркі дүниесінде татар тілі мен әдебиеті басымдыққа ие, тұрақты оқырманы да көп болғандығы басты себептердің бірі еді. Сондай-ақ түркі дүниесіндегі баспа ісі де бұл заманда Кәрімовтер сияқты татар іскерлерінің қолында еді. Сол себепті де сонау Алтайдан қолжазба жібертіп, кітап бастыртатын Ақыт қажы Үлімжіұлы қатарлы шығармашылық иелерінің еңбектерінде не себепті татарлық элемент басым болатын еді. Бірақ, шындығында бұл – барша түркі жұртына ортақ тіл екендігін орыс ғалымдары таңырқай мойындай отырып, осы бірізділікті тезірек жоюға атсалысқанын білеміз.

«Насихат Қазақия» еңбегінің тіліне қарап отырып, біз қазақ тілінің әдеби нормалану тарихын көз алдымызға әкелгендей боламыз. ХХ ғасырдың басындағы ауызекі қазақ тілі мен жазба әдеби тілдің әжептәуір айырмашылығы болғаны белгілі. Ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың таза қазақ орфоэпиясына негізделген әліпбиді жасауының өзі қазақ сөзін басылым бетіне таза қалпында түсіріп, оқырманға түсінікті болдырудан туған өмірлік қажеттілік екендігін анық сезінеміз. Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақиясы» осы жолдағы батыл қадамдардың бірі десек болады. Себебі, басында атағанымыздай, жазба тілдің тым тіл шұбарлығына байланысты, медреседегі қазақ шәкірттерінің талабы күшейіп, татар шәкірттер мен мүдәристерімен айтыс-тартысқа дейін ушығып жатқан кез еді. 

Зейнелғабиден мұрасын қайтадан қолға алып халық игілігіне айналдыруға сүбелі үлес қосқан – ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. Профессор М.Мырзахметұлы 1971 жылы «Насихат Қазақияны» кирилшеге түсіріп, жариялатады. 2005 жылы ғалымның бастамасымен қайтадан басылып шығады.

«Насихат Қазақияның» кіріспесіндегі жалпы жазудағы мақсат іспетті жолдар жоғарыда мысалға алынған Исмаил Гаспринскийдің ойларымен үндесіп жатқандығын анық аңғаруға болады: «Бисмилла-иррахман-иррахим. Әр адам қолындағысын сойлап, барын мақтаса да, адам баласы үшін ең қадірлі, қымбат нәрсе ғақыл болып, сол ғақылды жоғары басқыштарға шығаратын нәрсе де ғылым, өнер мығарып болса керек. Аталарымыздың «ғақыл айнымас, алтын шірімес» деген сөзінің мағынасы да: дүниеде өзгеріп арзандамайтын нәрсе ғақыл һәм білім өнер мығарып: кетпес жауһар, тозбас тон, айрылмайтын жолдас деуге жараса керек. Бұл сөзден ғақыл-білім, яки, ғылым мығарып есінде болмаған байлық патшалық бірде бар, бірде жоқ офасыз деген мағына шығады»[7, 2]. Автордың бұл ойлары «тәуелсіздіктен, бас бостандықтан айрылуға болады, бірақ білім алу мүмкіндігінен ешқашан айрылуға болмайды» дейтін қытай даналығын еске түсіргендей. Себебі, алған білім қашан болмасын, кәдеге жарайды, білімді қоғам, білімді мемлекет – қуатты, күшті деген ұғымды анық меңзейді. «Насихат Қазақиядағы әрбір айтылар ой «Құран Кәрімдегі» аяттармен әдіптеліп, мысалданып отырады. Оқу мен білімге ұмтылу жайлы ойды автор былай деп түйіндейді: «Бұл үшін Алла-Тағала сөзінің басында оқуға, білмегендер білгендерден үйренуге, ізденуге үндеп, әр нәрсені ақылға салып ойлауға міндетті қылды. Ақылды кісіге дүниеде ғылым көп, әр нәрседен үлгі өрнек ғибрат алып, ең әуелі адам баласы өз кемшілігін танып, Алла-Тағаланың ұлылығын ықтихад еткендігі сықылды дүние ахиретте басына келетін файда-зарарына көзі жетіп, соған қарап іс қылу – ақылды, фікірлі, өнерлі адамның жұмысы. Бұл турасында «Құран Кәрімде»: Хақ сұбыханака уа Тағала бәнделеріне тапсырып айтады: «Ей, адамдар, ізденіңіз, ойланыңыз, көріңіз, біліңіз, білгенмен білмеген, көзі бар мен көзі соқыр бірдей емес, көңіл көзі соқыр адамның дәрежесі малдан төмен. Білімсіз болсаңыз қор боларсыз, дүниеде кем болғаныңыз сықылды ахиретте де қор боларсыз»[7,2].

«Медресені бітірген соң 1916 жылы Зейнелғабиден өз қаржысына туған ауылы Сиыршыда мектеп ашады, ондағы оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргендіктен, казақ-орыс мектебі деп аталады. Бұл да «Ғалия» медресесін бітіруші түлектердің дәстүрі еді. Орыс тілін оқып үйренуді ол қазақтардың әлемдік өркениетке кірігу құралы деп санап, басым бағыт ретінде мән береді. Мектеп небәрі төрт жыл ғана өмір сүргеніне қарамастан, осы өңірдегі халыққа білім беру ісінде айқын із қалдырды. Белгілі қоғам және саясат қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың 1916 жылы осы мектептің мұғалімі болуы да қызықты дерек. Зейнелғабиден әл-Жауаридің ағартушылық ісі нағыз самғау шағында кілт үзілді, 1920 жылы шығармашылық қарымы тебіндеген 37 жасында ол өмірден өтті (жалғыз баласы Ануар соғыстан қайтпады)»[8,2], - деп атап көрсетеді Зейнелғабиден шығармашылығын жинақтап бастырушы ғалым Тұрсынбек Мәліков. 

Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақиясындағы» жаңашылдық идеясы оның мына бір ойларында анық көрініс тапқан: «...Екінші өз лұғатымыз бойынша тіл өнерін сақтап, олай-бұлай бұрмаламай, тілімізді, дінімізді өзгертпей, шеттен өнер-білім жинап, мақтаулы ғадет, табиғат, шариғат, ақылға ұнаулы көркем ғұрыптарымызды қалдырмай, екі дүниеде де қор болмас үшін тіршілік тылсымын да біліп, ақыл, фікір (дағра) қорасын зорайтсақ екен»[7,3]. Жәдитшіл тұлғаның ең басты мән бергені – тіл өнерін қадірлеп, таза ұстау екендігін көреміз. 

«Қазақтардың қазіргі халы» атты трактатта автор қазақ халқын отырықшылыққа бейімделіп, егін салудың қажеттілігін баса атап көрсетеді: «... Енді біздің қазақ сол қалған жерінің ең жақсы, бетегелі, қара топырақ, сулы орындарына орнығып, келешек заманда ең қадірлі жер егін шығатын жер деп біліп, оған-бұған алаңдамай егін жағын қуаттандырып, шама келгенше мал өсіру кәсібін де қалдырмай, сауда сату етіп, бұрынғы жалқаулықты азайтып дүниеде хор, фақир миллет болудан сақтансаңыздар екен», - дейді. Зейнелғабиден Әміреұлының бұл ойы 1917 жылдың шілдесіндегі жалпықазақтық бірінші құрылтай негізінде дүниеге келген «Алаш» партиясының бес ұлттық ұстанымына сәйкес екендігін көреміз. Ондағы ең басты түйін: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді. Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек», - еді ғой. 

Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» еңбегінде ұлттық мораль, бірлік пен татулық жөнінде де қарастырылады. «Ынтымақ-бірлік хақында шариғатымыз не айтқан?» атты трактатында автор мынадай пікір білдіреді: «Біреу біреуді мысқыл қылып, бір ел екінші елге күлмесін, өз басына күлу жақын. Біреуге жаман атақ жапсырып, өзіңізді ғайыпты қылмаңыз. Халық көзіне сұлу, таза адам көрініп, ішінде жаман ой, жауыз факірлі болмаңыз. Хақтық, шындық, туралық, ғаділдігі болмаған адам Алла қасында залымлар дейді. Алла әмірінен қорықсаңыз біреуге жауыз күмән қылудан сақтаныңыз, біреудің жасырған мінін (ғайыбын) тексермеңіз». Бұл – ел арасында көп ұшырасатын екіжүзділік пен одан туындайтын жағымсыз қылықтардан сақтандыру еді. 

«Болыстық сайлауында партияға бөлінуде пайда бар ма? Зарары қанша?» атты трактатта елдің арасын алатайдай бүлдіретін партияшылдықты сынап, одан сақтануды ескертеді: «.. әкеден баланы, ағадан ініні айырып, бүтін халықты әуреге салатын нәрсе: ел ішінде болыстық, билік, хати ауылнай выйбырнайының сайлауында ақша жүргізіп талас қылып партияға бөлінер еді. Бұл партия деген бәленің басталуы. Дәулет иесі байларымыздың көңіліне бір дерт түседі»[7,8].

Зейнелғабиден Әміреұлының жаңалышдық ұстанымдары әсіресе, жас ұрпаққа білім беру мәселесінде айқын аңғарылады: «Мектеп, медіресе уа мешіттеріміз бар ма?» атты трактатында «Мешіт салып, жамағат болып жиылып намаз оқуға біздің қазақтың көп орынлары ғадатланған жоқ», - деп сол кезеңдегі заман шындығын бүкпесіз айта отырып, қазақ даласындағы бала оқыту ісін ұйымдастыру бойынша өз ойларын айта келе мектепте білім берудегі жаңашыл үлгі ұсынады: «...Балалар оқуы үшін де бөлек мектеп салып, оқытушы моллалар да бала оқыту тәртібін білетін ғылымы бар үлгілі медреседен шыққан адам болуы керек еді. «Қисық арба – жол бұзар, шала молла – дін бұзар», – деген секілді (асыл тағлым) бала тәрбиелеу жөнін білмеген моллалар балалардың ақылын, табиғатын, құлқын тәмам бұзып бітіреді. Жас бала жаңа өсіп келе жатқан шыбықтай, қалай исең солай иілуге келеді. Сондайын жас табиғатты әлгі ғылым тәрбие, усули тағлымнан хабарсыз мұғалім әпенді өзінің қисық тезіне салып таңертеңнен кешке шейін балаларды қамап, ауыл шетінде бір баланың ойнағандығы мойнына түссе шыбық салып, балаларға еш уақыт жылы жүзбен қарамай, қолында шыбығы, балаларды тергеуге алған кісідей алдына жүгіндіріп, ақырып-шақырып балаларды су жүрек қылып, тамам оқудан ықласын алып бітеді. Балаларға осындай моллалардан сабақ оқу – үлкен михнат көрініп тұрады. Хатта бір бала ата-анасына жақсы қызмет етпесе: «сені пәлен моллаға оқуға берейін», – десе бала қорыққанынан нендей ауыр қызмет болса да істейді»[7,15], - деген ой айтады. Бұл – түркі жәдидизмінің анық әсері еді. Заманы өтіп, халықтың қарсылығына ұшырай бастаған дәстүрлі қадимше оқу барысында балаларға зомбылық жасап, шыбықпен ұру т.б. әдеттердің қажеті жоқтығын айқын айыптайды. Зейнелғабиден Әміреұлының усул-жәдит бағытын қолдаушылардың қатарында болғандығын аталған трактаттан көреміз. Автор былай дейді: «Енді бұрынғы екі ай әліппе, үш ай иман шарт, алты ай әптиек оқитын уақыттар өтті. Бұл күнде мектептер тәртіпке қойылып балалардың түсініп оқуына лайықты пайдалы, жаңа кітаптар шығарылды, сол кітаптарды ретімен оқытып бала тәрбиелеу ғылымын білген адамдар аз уақытта көп нәрседен хабардар қылады. Бұған шаһарлы жерде «ұсул жәдид» дейді, қазақ ішінде «төте оқу» деп атайды. Ол «ұсул жәдид» дегеніміз – басқа жаңа шыққан оқу емес, бұрынғы оқу, жалғыз-ақ балаларға аз уақытта жазу жаздырып, кітап оқытып, әр нәрседен хабардар қылатын жаңа шыққан тәртіп». Шәһәрлі жерлер балаларын бұл тәртіппен оқытып пайдасын сынап білділер. Біздің қазақтарда мұнан былай осы төте оқумен оқыта бастаса екен! Елге мұғалімдікке шыққан шәкірттеріміз де мақсаттары қазақтың ақшасын алу қайғысында ғана болмай, қолынан келгенше халыққа уағыз-насихатлар сөйлеп, балаларды жақсы тәрбиелеп, ілгері басу хақында сағи уа ғибрат етіп милләт жолына мұқадас бір қызмет етулерін өтінеміз»[7,18].

Міне, осындай жаңашылдықты барынша қолдай отырып, өз қаржысымен ашқан мектепте оны қолданысқа енгізеді. «Бала оқытқан (мұғалім) моллалардың уазифасы» атты трактатында мұғалімге қойылатын басты талаптарды атап көрсетеді: «1) Бала оқытып мұғалімдік қылған моллалар ... аһл ғалым болған кісі сабырлы, уа қаралы болсын. Халыққа үлгі, түзулікке басшы болсын. Жүріс-тұрысында жеңілдік қылып, халық көңілін сөндірмеске иждахат етсін. ... Оқытқан балаларды сыныпқа бөліп, әр сыныптың өзіне лайықты кітаптарын алдырып, әр күн төрт сағат оқытылсын. Сағат араларында демалыс беріліп, жеті жастан кем бала оқытылмасын. Балалар оқытылған орын мүмкін халде таза болып, оқыған балалардан басқа іс істеуші болмасын. Сабақ ерте сағат тоғызда басталып, он екіде ас ішуге таралсын...»[7,20].

Сондай-ақ Зейнелғабиден Әміре ұлы сол кезеңдегі қазақ қауымының алдында тұрған сұрақ – орысша қып үйренудің дұрыс-бұрыстығы туралы да айтып өтеді. «Орысша оқып тіл үйрену шариғатымызда дұрыс па? Файда-зарары қанша?» атты трактатындағы ойларын пайғамбарымыз Мұхаммед ғалаиссәләмнің хадисімен дәйектей отырып, былай деп атап көрсетеді: «...Енді бізге де орысша жазып сөйлей білуге керек. Аралас тұрған халықтың тілін білмеуде көп зарар бар, тіл білу арқасында көп орнында өзімізді уа миллетімізді кемшіліктен, түрлі халакліктен сақтауға болады. ...Хәм ақыл иесі хакимдер айтқан: «бір патшаның қол астында болған халыққа үш нәрсені білу ләзім: хүкіметтің жазуын танып, тілін үйреніп сөйлеу һәм тәдбирмәлік үшін қойылған канун низамларын білмек». Зейнелғабиден Әміреұлының бұл ойлары Исмаил Гаспринскийдің пікірімен қатар, Абайдың: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды»[9], - деген ойымен анық үндесіп жатыр. Екеуі де тіл білмеудің зарарын туралы айтатынын көреміз. Зейнелғабиден Әміреұлы – тіл шұбарлығына алғаш мән беріп, оның зиянды да, орынсыз қылық екендігін сынаған тұлға. Аталған трактатта бұл мәселе жөнінде былай дейді: «... Өз арамызда сөйлеуге өз тіліміз жетпей, басқа тілді керек қылғандығымыздан емес, қазақ тілін анық біліп жете алсақ бір-бірімізбен сөйлесуге, ойланған ойымызды неше түрлі қырмен айтуға тіліміздің қысқалығынан емес. Соның үшін орынсыз жерде басқа тілді араластырып сөйлеудің пайдасы жоқ. Ел ішінде орыс қаласы мен аралас елдердің сөзіне қарасақ екі сөзінің бірі орысша. «Жол болсын, қайда барасың?», – десең «Нуждам үшін, қалаға барамын», – дейді. «Кеше қалада көрінбедіңіз?!», – десең, «Ауылда обществоның бір сходы болып, қалаға келе алмаған едім», – дейді. «Сауысқан тоты боламын деп, жүрісінен айрылды», – деген сықылды ондай адамдар еліктей есі кеткені болмаса, ауылға бір төре келсе переводчик болуға жарау түгілі, бір-екі ауыз литературный сөз сөйлесе чувствовать етпейді. Оқымаған адамдардың өз арасында орыс тілін араластырып сөйлеуі зиянды дедік, оның үшін бұл ғадет өз тілімізді ұмытуға себеп болады. Ата-бабадан келген тілді ұмытудың зарарын сөйлеуге қажет жоқ. Қысқасы: өнерлі болсын, өрнекті болсын, сегіз қырлы, бір сырлы болсын, «ат айналып қазығын табар» дегендейін, тұтқасы мықты болсын»[7,21]. Педагогтің тұтқасы мықты болсын дегені – тумысынан ана тілінің уызына жарып өскен, білімді ұрпақ болса, ондай адам өзге тілдің жетегінде кетпеуі тиіс дегенді меңзегені болар деп білеміз. 

Зейнелғабиден Әміреұлы көтеріп отырған тіл тазалығы, сондай-ақ тіл тұтастығы мәселесі ХХ ғасырдың басында шынында да аса күрделі сипат ала бастағанын көреміз. Бұл кезеңде түркі халықтарының тілі мен әдебиетғ мәдениетінде де өзіне тән идентификациялану процесі жүріле бастаған болатын. Түркі зиялылары мен тілші, әдебиетші ғалымдары, жалпы медресе ұстаздары мұны сезгенімен, аса үлкен қарсылық таныта алмады: «Түрікшіл ғалымдар тілде – бірлік, салт-санада – бірлік, іс-әрекетте бірлік болсын деп үгіттеген. Олар ислам дініндегі халықтарды, түрік тектес халықтарды ынтымақтастыру, жалпы ислам, жалпы түрік мемлекетін құруды мақсат еткен. Бірақ оған Россия ерік берген жоқ»[10].

Зейнелғабиден Әміреұлы «Әдебиет қазақия, яки, қазақтардың тіл мәнері» атты трактатында қазақ тілін басқа тіл араласып көп өзгертілмеген, мүмкіндігі зор, лұғатты тіл деп бағалай отырып, сөз өнерін бағалай білуге шақырады. Педагогтің осы сарындағы ойларын оқығанда, Абайдың «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» өлеңі ойымызға оралады: « Ләкин сол асылдың қадырын танып, орынымен ұстай алмай, ғылым, мағарып майымен майланбаған себепті, ілгері аттай алмай, сүрініп келе жатқандай көрінеді. Болса да болатты борға суарып, шешендеріміз сөйлер орнын біле алмай, қырымға көзін сала алмай жырымға айналып, өлеңшілеріміз де «бүркіт қартайса тышқаншыл болады» деген сықылды ән салып, аузын ашып, қайда жәрмеңке болса, сонда ойын-күлкі мәжілісінде жүріп, өз берекесін өзі алады. Жалғыз-ақ сол шешендік байлаусыз, дәмсіз, көпке пайдасыз құрғақ ағымнан болмағаны сықылды, мақтаулы өлеңшілік те біреуді мақтап-қақтаумен біреуді сақтап-жақтаумен болмайды. Бәлки, шешеннің тілі, шебердің қолы ортақ болсын. Өлеңнің іші алтын, сырты күміс болып үлгі, өрнегіменен сұлу болсын»[7,24]. 

Зейнелғабиден Әміреұлы – қазақ даласындағы жәдитшілдік бағытты ұстанумен қатар, оны таратуға зор үлес қосқан жаңашыл тұлға болуымен қатар, абайтану ғылымына да үлес қосқандығын жоғарыда атаған болатынбыз. «Насихат Қазақия» еңбегіндегі әдебиет жайлы ойларын дәйектеп, делелдеу, қазақ тілінің шұрайын татар және басқа да түркі жұрттарына таныту мақсатында Абай Құнанбайұлы, Мұса Шормановтардың өлеңдерін үлгі ретінде алған. Мұндағы бізді қызықтыратыны – Абай өлеңдерін алғаш рет баспаға жариялауы және ондағы өлең мәтініндегі көптеген сөздердің қазіргі академиялық жинақтарға енгізіліп жүрген қалыпты қолданыстардан өзгешелікке ие екендігі. 

Осы мәселені зерттеген ғалым Асылбек Байтанұлы былай деп атап көрсетеді: «Зейнелғабиден Әміреұлы «Насихат Қазақиядағы» әдебиет жайлы ойларын тұжырымдай отырып, Абайдың және Сәдуақас Шормановтың өлеңдерін енгізеді. «Жаһұт қазақ әдебиеті» және «Тобықты Ыбырай марқұмның сөздерінен» аталатын топтаманы қазіргі күні Абай шығармалары жинақтарына жеке өлеңдер ретінде енгізіліп жүрген бірнеше туындысының біраз өзгешелікке ие нұсқасы деуге болады. Және де «Насихат Қазақиядағы» Абай өлеңдері ақынның кейінгі жинақтарына белгісіз себептермен толық енгізілмегендігін көреміз»[11]. Мұнда зерттеуші көптеген айырмашылықтарға салыстырмалы талдау жасай отырып, өзіндік қисындарын ұсынады. Сондай-ақ Зейнелғабиден жинағындағы Абайдың мына бір сөз қолданысына тоқталған:

«Өнерлі би, үлгілі хандар қайда,
Тағы да тартып біреуге алып бермек?!
Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,
Харам мен халал арасын кім теңгермек?!
Мақтан үшін мал шашып болыс болып,
Өзіне иттей қорлық сөз келтірмек [9, 28].

Мұндағы ерекше мән берерлік жағдай – Абайдың бізге белгілі өлең¬дерінде ұшыраса бермейтін «өнерлі билер», «үлгілі хандар» тіркестері. Мұның өзі қазақ даласында ежелден қалыптасқан хандық биліктің, билер институтының орнын зорлықпен басқан патшалық биліктің әкімшіл-әміршіл басқару жүйесіне деген Абайдың сыни көзқарасын танытып тұрғандай» [11, 25]. 

Тұжырымдай айтқанда, ХХ ғасырдың басындағы жәдидизмнің қазақ даласындағы бірінші толқынының ірі өкілі, Абай шығармашылығын алғаш баспа бетінде бастырушы Зейнелғабиден Әміреұлының іс-қызметі – бүгінгі күн тұрғысында іргелі зерттеулерді қажет етеді деп білеміз. Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақиядан» өзге, 1905-1920 жылдар арасында жарық көрген қазақ басылымдарында көптеген еңбектері болуы мүмкін екендігін ескер отырып, жаңашыл педагогтің өмір жолы мен ұстаздық іс-қызметін, шығармашылығын арнайы магистрлік, докторлық еңбектердің нысаны ретінде алып қарастыру, ол жайлы еңбектердің басын құрап, толыққанды еңбек жинақтау керек деп білеміз.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Ы.Алтынсарин Таза бұлақ. Алматы: - Жазушы, 1988 ж.
2 Ы Алтынсарин Шараит ул-ислам. Мұсылманшылық тұтқасы // Жұлдыз, №6, 1991 3-28 беттер
3 Ә.Бөкейханов Шығармалар жинағы 8-том. – Астана: Сарыарқа, 2016, 368-бет
4 И. Гаспринский Россия и Восток. - Казань: Фонд Жиен, Татарское книжное издательство, 1993. - 132 с
5 Д. Қамзабекұлы Жәдитшілдік – ұлттық рухани серпілу негізі // Ақиқат. - 2008, қаңтар. - №1. – 29-37-бб.
6 М. Мырзахметов. Абайтану тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1994, - 192 б.
7 Зейнелғабиден Әл-Жауһари Әл-Омскауи. Насиқат Қазақия. – Алматы: Орхон, 2009. - 48 б.
8 Т.Мәліков Абайды алғаш насихаттаған Зейнелғабиден // Егемен Қазақстан, 06.03.2018
9 Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер. -Алматы: Жібек жолы, 2005.- 488 б
10 Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. - Алматы: Бiлiм, 1993. - 248 б.
11 А.Байтанұлы Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауаридің «Насихат Қазақия» жинағындағы Абай өлеңдері мәтінінің нұсқалық ерекшеліктері туралы // Ақиқат журналы, 04.07.2016

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?