Қазақ фольклорының құрамында жалпы мазмұны мен көркемдiгi, кейiпкерлерi мен сюжеттiк құрылымы жағынан дәстүрлi ұлттық эпостан бөлек, ерекше болып келетiн және сан жағынан да үлкен бiр топ құрайтын шығармалар бар. Олардың атауы – дастандар. Әдетте, дастандарды бiз шығыстан келген дүниелер деп есептеймiз. Солай екенi даусыз. Алайда, бұл жағдайды тек бiр елдiң екiншiге әсерi ғана деп түсiнуге болмайды. Мәселенiң түбiрi тереңiректе. Бiрiншiден, қазақ халқы ешқашан томаға-тұйық ғұмыр кешкен емес. Ол да шығыс халықтарының бiрi ретiнде, тiптi солардың бiразымен туыстас болғандықтан да, бүкiл шығыс мәдениетiне ортақтас мұрагер, сол мәдениеттi жасаушылардың бiрi. Демек, бұл жерде «шығыстың әсерi» деген сөз – белгiлi дәрежеде шартты ұғым. Екiншiден, кейiнгi замандарда бөлектенiп кеткен шығыс халықтары әр түрлi саяси, мәдени, қоғамдық жағдайда болды да, олардың әдебиетi мен фольклоры өзiндiк сипат алды. Мiне, осы тұста қазақ мәдениетi шығыстың көне заманғы және орта ғасырдағы мәдениетiнен басқаша түрде дамыды. Ал, жаңа заманда қазақ халқы өзiнiң төл мәдениетiмен қатар шығыстың фольклоры мен әдебиетiн де жатсынған жоқ, кәдесiне жаратты. Мұны сол кездегi қазақ қоғамының болмысы мен рухани сұранысы қажет еткен едi.
Дастан – көптеген Шығыс пен Оңтүстiк Азия елдерiне ортақ фольклорлық әрi әдеби жанр. Кейбiр елдердiң, айталық, Иран, Үндi, Пәкiстан, Орта Азия мен Кавказ жұртының ерте замандардағы фольклорында, сондай-ақ орта ғасырлардағы классикалық әдебиетiнде дастан деп қаһармандық және ғашықтық мазмұндағы iрi шығармаларды, тiптi Фердаусидiң «Шаһнамасындағы» жекелеген көлемдi бөлiмдерiн де атаған. Сонымен бiрге дастанға ауызша туып, ауызша тараған эпикалық туындыларды да және «Сейфүлмәлiк» тектес ғажайып сипаттағы шығармаларды да жатқызған.
Қазақ даласына дастан ерте кезден-ақ, сонау Дештi Қыпшақ заманында, парсы әдебиетi мен фольклорының үлгiлерiмен бiрге келген деп саналады. Парсы дастаны көп жағдайда тек қана қара сөз немесе тек өлең түрiнде баяндалған. Ал, қазақ дастаны, негiзiнен, жыр үлгiсiнде, iшiнара қара сөз араласқан түрде, мiндеттi түрде әндете, домбыраның сүйемелдеуiмен орындалған. Рас, ХIХ ғасырдың соңында жарық көрген дастандарды ел арасындағы сауатты адамдар домбырасыз, бiрақ әуенмен оқитын болған. Бұл машық ХХ жүзжылдықтың екiншi жартысына дейiн жалғасты.
Басқа халықтардағыдай қазақ дастаны да фольклорға, кейде кiтаби шығармаға негiзделген. Сонымен қатар қазақ дастаны тарихи оқиғалар бойынша да туындаған. Бұл жерде баса көңiл аударып айтатын нәрсе – қазақ дастанының таза фольклорлық жанр екендiгi. Ол мейлi шығыстың сюжетi бойынша болсын, мейлi ұлы бiр ақын туындысының сарынымен болсын, мейлi қазақтың төл фольклорына негiзделсiн, бәрiбiр ауызша туып, ауызша орындалған, соның нәтижесiнде ұлттық фольклорымыздың көптеген ықпал-әсерiн, элементтерi мен түр-сипатын бойына сiңiрген. Сөйтiп, ол қазақ фольклорының дәстүрiне сәйкес ғұмыр кешкен. Оның үстiне, қазақтың ежелден келе жатқан жазба әдебиетiнде дастан жанры қандай түрде болса да, тiптi фольклордағы үлгiде болсын, немесе шығыс дастанының түрiнде болсын, толыққанды қалыптасқан жоқ, тек ХХ ғасырдың бiрiншi жартысында жекелеген әуесқой ақындар кейбiр төл ертегiлердi дастанға айналдыруға тырысты және жазба әдебиеттегi «Сұлушаш», «Қамар сұлу» секiлдi поэмаларға елiктеп, әлеуметтiк-таптық сипаттағы дастандарды жазуға ұмтылды. Алайда, бұлардың бәрi фольклорлық дәстүрдiң аясынан аса алмады және ел арасына да ескi эпостай кең тараған жоқ. Солай бола тұрса да, оларды фольклорлық дастан жанрының ХХ ғасырдағы жағдайын көрсететiн дүниелер деп қарауға болады.
Дастанның басқа фольклорлық жанрлардан басты ерекшелiктерi мыналар деуге болады: көлемiнiң өте үлкендiгi, композициясы мен мазмұнының күрделiлiгi, бiр шығармада бiрнеше жанрдың тоғысуы, оқиғалардың тым ғажайыпты әрi шым-шытырық болуы, бас кейiпкердiң шамадан тыс романтикалық немесе қаһармандық сипаты, т.б. Шығыстық қазақ дастандарын ұлттық төл фольклордан оқшауландырып тұратын тағы бiрнеше белгiлер бар. Егер дәстүрлi қазақ фольклорында оқиға көбiнесе сайын далада, тау iшiнде, қалың қамыста, яғни ашық табиғат аясында өтсе, дастанда оқиға көбiнесе шаһарда, патшаның сарайында, немесе қала базарында, яғни феодалды мемлекет iшiнде өтедi. Рас, қаһармандық iс-әрекеттер кей-кейде далада орындалады, бiрақ соның өзiнде олар мемлекет территориясында немесе шаһар сыртында болады. Бас кейiпкерлердiң сапары теңiзде кемемен жүзуi, я болмаса басқа бiр аралға тап болуы, яки бөтен қалаға келуi түрiнде көрiнедi. Сондай-ақ, кейiпкерлердiң басынан кешкен оқиғалары да айрықша: олар диюлар мен жындар патшалығында, маймылдар мен зеңгiлер тұратын жерлерде, неше түрлi мақұлықтар мекенiнде, т.б. фантастикалық жерлерде өтедi. Тiптi қаһармандардың жекпе-жегi де, қалың қолдың соғысы да майдан алаңында болады, кейiпкерлердi жазалау қала iшiнде, арнайы алаңда, яки ел көп жиылатын базарда жүзеге асады, т.т.
Дастандар өзiнiң көркемдiгi мен бейнелiлiгi жағынан бiр табан жазба әдебиетке жақын. Бұларда кейiпкерлердi суреттеу, оларға мiнездеме беру, кей-кейде кейiпкерлердiң iшкi сезiмдерiн көрсету бар және олар бiршама әдебиленiп, көркемделiп баяндалады. Көбiнесе, бас қаһарманды, оның ата-анасын, шыққан тегiн, мекен-тұрағын нақтылап айтуға көңiл бөлiнедi. Бұл дастандардың құрылымдары да, тiлi де, көркемдiк-бейнелеу құралдары да дәстүрлi фольклордiкiнен гөрi ерекшеленiп тұрады. Мәселен, ежелден келе жатқан эпоста қыздың әдемiлiгiн сипаттау үшiн дала өсiмдiктерi мен жануарлар дүниесi пайдаланылса, дастандарда қала тұрғыны өсiретiн гүлдер мен алуан түрлi қымбат тастар қолданылады (Рас, бiрте-бiрте бұл образдар бiздiң дәстүрлi фольклорымызға да енген).
Дастандардағы кейiпкерлер құрамы да бiздiң төл фольклорымыздағыдан гөрi өзгешелеу, бiрақ мүлде басқа емес. Әдетте, басты кейiпкерлер болып патша, уәзiр, олардың балалары, сондай-ақ дiн адамдары, саудагерлер жүредi. Ал, дiни дастандарда пайғамбарлар мен халифтер, сахабалар – басты кейiпкерлер. Сондай-ақ, дiни дастандардағы дұшпандар, негiзiнен, исламға қарсы елдер. Ал, дастанның басқа түрлерiнде дұшпандар болып көрiнетiндер – дию мен перiлер, әр түрлi мақұлықтар мен мифологиялық кейiпкерлер және бөтен бiр патшалықтың кiсiлерi.
Алайда, осыншама өзiндiк белгiлерi бола тұра дастандар таза қазақ ұғымында жырланған. Жыршылар шығыстық ауанды сақтай отырып, дастандарға қазақ рухын сiңiрген, оларды ұлттық сөз өнерi етiп жiберген. Мұны дастандардың композициясынан, поэтикасынан, тiлiнен, өлең түрiнен, сөз орамдарынан, сонымен қатар мәтiнге кiрiккен қазақтың этикалық, эстетикалық ұғымдарынан, т.б. сипаттарынан көремiз.
Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларына қарағанда дастандардың бейнелейтiн болмысы да, суреттейтiн кеңiстiгi мен мезгiлi де, баяндайтын тәсiлi де басқаша. Ондағы география да, мекендер де, кейiпкерлер де, олардың iс-әрекеттерi де өзгеше. Рас, барлық көркем шығармадағыдай, дастандарда да басты назарда – негiзгi кейiпкерлердiң тағдыр-талайы, олардың басынан кешкендерi, басқа адамдармен қарым-қатынасы. Солай бола тұрса да, дастандарда бас кейiпкердiң қаһармандық жойқын ерлiктерiнен гөрi оның қайғысы, уайымы, сүйгенiне қосылу немесе мақсатына жету жолында көрген тауқыметiне көп көңiл бөлiнедi, оның адами мiнез-құлқына, пейiлi мен ниетiне, ақылы мен парасатына мән берiледi. Осы тұрғыдан келiп, дастандар өзiнiң бас қаһарманына тән iзгi қасиеттермен қоса оның қарсыластарының зымияндық пиғылы мен мiнез-құлқын да ашып көрсетедi. Соның нәтижесiнде жалпы адам табиғатындағы екiжүздiлiк, сатқындық, дүниеқоңыздық, қатыгездiк, билiкке құмарлық, аярлық сияқты жағымсыз мiнез бен пиғылдар байырғы қазақ эпосына қарағанда көбiрек, кеңiрек ашылады. Мұның өзi дастан жанрының жазба әдебиетке жақын екенiн тағы да бiр айғақтаса керек.
Дастандардың тiлi орта ғасырлық түркiге жақын болып келедi. Мәтiннiң iшiнде ежелгi түркi сөздерi де, араб пен парсы лексикасы да жиi ұшырасып отырады. Исламға қатысты ұғым- түсiнiктер түркiлердiң көне заманғы наным-сенiмдерiмен араласып, сiңiсiп кеткен, сондықтан бiр дастанда әр тарихи дәуiрдiң ұғымдары мен пайымдары қатар жүредi.
Қазақтың төл фольклорына қарағанда дастандарда түс көру мотивi жиi қолданылады. Бұл мотив дастанның барлық түрiнде, әсiресе, хикаялық және ғашықтық дастандарда көбiрек кездеседi. Оларда түс көру мотивi кей-кейде бүкiл шығарманың негiзi болып, бас кейiпкер сол түстi жүзеге асыру үшiн әрекеттенедi. Жалпы, түс көру мотивi бүкiл әлем халықтарының фольклорына тән және оның атқаратын қызметi әр қилы: алдағыны болжау, кейiпкердi сақтандыру, кейiпкерге көмек беру, адамдарды белгiлi бiр iс-әрекетке шақыру, т.т. Бұл мотив қазақ фольклорына да жат емес. Алайда, шығыстық сюжетке құрылған дастандарға қарағанда, қазақ фольклорындағы түс көрудiң функциясы, көбiнесе, алдағыны болжау мен кейiпкердi сақтандыру болып келедi.
Дастанда басты оқиғалар көбiнесе шаһарларда, немесе оның сыртында, жанында өтедi дедiк. Ал, дастанның бас қаһарманы сырты қоршалған, есiгi күзетiлген әдемi бақ iшiнде тұрады. Өзiнiң қарсыластарымен де көп жағдайда осы бақтың iшiнде кездесiп, соғысады, немесе сүйiктiсiмен жолығып, рахат сезiмiне бөленедi. Бiр қызығы, дұшпандардың да мекен-тұрағы қала, саябақ болып келедi. Рас, кейбiр тұстарда бас кейiпкердiң нақ сүйерiн ұрлап әкететiн дию қалада да, тау iшiнде де, жер астында да мекендейдi, бiрақ оның батырмен шайқасы қалада, кейде алаңда өтедi. Батырлар соғысатын шаһардың, бақтың өзi дастанда көркем суреттеледi. Дастанды айтушылар қиял арқасында қаланы, бау-шарбақты жұмақ тәрiздi етiп бейнелейдi. Бұл жерде, сөз жоқ, қарапайым халықтың жұмақ туралы, ешбiр бейнетi жоқ, рахатқа толы пейiштегi өмiр жайындағы арман-аңсары көрiнiс тапқан деуге болады.
Дастандардағы оқиғалар алыста, қазақ жұртына таңсық елдерде, Мысыр, Шын Машын, Бағдат, Шам сияқты қалаларда, мемлекеттерде өтедi. Кейiпкерлер де қазақ баласы емес. Олар: жырақта жатқан, бөгде халықтардың перзенттерi. Бiрақ бәрi мұсылман болып келедi. Кейiпкерлердiң ата-аналары да – қазақтың байы да, ханы да емес, қазақ көрiп-бiлмеген, тек қисса-дастандардан ғана естiген ғажайып елдердiң патшалары, әмiрлерi, уәзiрлерi. Бұл ғана емес, дастандағы география да, жануарлар да, өсiмдiктер де басқа.
Соған қарамастан, дастандар ел арасына кең тарап, қазақтың төл туындысы ретiнде қабылданған, өйткенi олар қазақ фольклорының көп сипатын алып, ұлттық фольклордың дәстүрiне сәйкес өзгерген, жырланған, сөйтiп өзiмiздiң шығармаға айналған. Бұл процесте қазақ ақындары мен жыршыларының еңбегi зор екенiн айту қажет. Олар шығыстан келген дастандардың сюжетiн сақтай отырып, өз жанынан қазақ жұртына етене таныс батырлық пен ғашықтық жырлардан, ертегiлерден жекелеген мотивтер мен эпизодтарды, халықтың тұрмыс-салтына байланысты дүниелердi енгiзiп отырған, сөйтiп шығыстық туындыға қазақи колорит берген. Әрине, дастан жанрын орнықтыруда ақындар мен жыршылар мұнымен ғана шектелмеген. Олар өзiмiздiң өмiрiмiзден, фольклордан алған сюжеттер бойынша дастан үлгiсiндегi өзiндiк шығармалар туғызған, олар ел арасына тарап, таза фольклорлық сипат алған. Осының нәтижесiнде қазақ дастандары бiрнеше түрде болған.
Қазақ фольклорының құрамындағы дастандар үлкен екi топқа бөлiнедi. Бiрiншi топқа шығыс елдерiнен келген сюжеттерге құрылған шығармалар жатады. Екiншi топты қазақтың өз жерiнде пайда болған сюжеттер бойынша шығарылған дастандар құрайды. Бұл екi топтың әрқайсысы iштей өзiндiк түрлерге бөлiнедi. Мәселен, шығыстық сюжетке құрылған дастандарды хикаялық, ғашықтық, дiни, қаһармандық деп, ал қазақтың өз сюжетiне дастан үлгiсiнде жырланған шығармаларды әлеуметтiк- сүйiспеншiлiк және ертегiлiк дастандар деп топтауға болады. Әрине, бұл топтаудың өзi белгiлi дәрежеде шартты, өйткенi аталған түрлердiң ешқайсысы саф таза күйiнде кездеспейдi, әсiресе шығыстық дастандар көп жағдайда бiр-бiрiне ұқсас болып келедi. Оларды көбiне кейiпкер мен сюжеттiң тақырыбы және кейбiр өзiндiк эпизодтары мен мотивтерi бойынша даралауға тура келедi. Жалпы, бүкiл фольклорлық жанрлардың таза күйiнде болмайтынын ескерсек, бұл таңғаларлық жайт емес. Керiсiнше, бұны фольклордың заңдылығы десе де болады. Қазақтың топырағынан өнген дастандарда да мұндай жағдай бiршама байқалады, бiрақ бұларда ежелгi халық эпосының поэтикасы молырақ пайдаланылған және бұл дастандар ұлттық жазба әдебиетiнiң әсерiнен тыс қалмаған.
Дастан жанрының түрлерi бiр-бiрiмен тығыз байланысты болады дедiк, олардың қайсысын болса да таза бiр жанрға жатқызу қиын. Айталық, ғашықтық пен дiни дастандарда қаһармандық iс-әрекеттер аз емес, бiрақ шығарманың мазмұны мен сюжетi, кейiпкердiң алдына қойған мақсаты мен тағдыры, қимылы, оның жанрлық белгiсiн анықтауға негiз болады. Сол сияқты, хикаялық пен ертегiлiк дастандар да оқиғалар тiзбегiмен, кейiпкерлердiң басынан кешкен жайттарымен өзара ұқсас болып келедi. Бұл жағдайда да ертегiге не тән, хикаяға не тән, олардың басты сипаты не екендiгiне мән берiледi.
Қазақ дастандары сюжеттiк негiзi мен құрамы жағынан да әр алуан. Мұнда ежелгi шығыс елдерiнде айтылып жүрген авторы жоқ хикаяттар және атақты классиктердiң шығармаларының жекелеген тараулары мен сюжеттерi, сондай-ақ жергiлiктi ескi қазақ аңыздары мен әпсана-ертегiлерi, шығыс пен қазақ сарындарының қосынды түрiндегi шығармалары да кездеседi. Бұл қатарға тағы да Құраннан алынған сюжеттер бойынша және қазақ өмiрiнде болған оқиғаларға негiзделген дастандарды да жатқызуға болады. Олардың бәрiне ортақ белгiлерiмен қатар әрқайсысының өзiне тән ерекшелiктерi де жоқ емес.
Ғашықтық дастандардың мазмұны, әдетте, бiртектес болып келедi. Оларда бiрiн-бiрi сүйетiн екi жастың қайғылы тағдыры баяндалады. Мұндай тақырып қазақтың өзiнiң махаббат туралы жырларында да әңгiмеленедi. Бiрақ дастанның сюжетi мен құрылысы, поэтикасы басқаша. Дастанда кейiпкерлер бiр-бiрiн түсiнде көрiп, ғашық болады, кейде бiр-бiрi жайында бiреуден естiп, я болмаса суреттерiн көрiп, махаббат сезiмi оянады да, жiгiт сұлу қызды iздеуге шығады, бірақ бiрден сапар шекпейдi. Ол ғашық дертiне ұшырап, сырқаттанады, немесе дүниенi тәрк етiп, тентiреп кетедi, я болмаса қызды тағы да түсiнде көргенше, тосып жүредi. Кей жағдайда ол өзiнiң махаббат отына өртенiп жүргенiн көп уақытқа дейiн жасырып жүредi, ата-анасына да айтпайды. Баласының сағыныштан сарғайып жүрген түрiн көрiп, әке-шешесi неше түрлi ем қолданады, әр алуан балгерлердi шақырады. Содан кейiн ғана кейiпкердiң не себептi ауырғаны ашылып, ата- анасы оған жолға шығуға рұқсат бередi.
Дастанда бас кейiпкердiң сапарға дайындалуы кең баяндалады. Ол Қозы мен Төлегендей қызды жалғыз iздеп шықпайды. Оның қасында ондаған, жүздеген нөкерлерi және мiндеттi түрде өзiмен бiр күнде туған сенiмдi досы болады. Осы досы оның барлық тауқыметiн бiрге көрiп, көп жағдайда оны қиын жағдайлардан құтқарады. Досы оған әрi ақылшы, әрi көмекшi, әрi қызметшi ролiн атқарады.
Дастандағы ғашық қызды iздеген жiгiттiң жол сапары да өзгеше. Ол тұлпар таңдамайды, атпен шөлден өтiп, дала кезбейдi. Дастанның кейiпкерi жүздеген қызметшi алып, бiрнеше кемеге мiнедi, теңiзде жүзiп, басқа қалаларға, аралдарға тап болады. Сапар барысында ол қилы-қилы оқиғаларды бастан кешiредi. Кемелерi апатқа ұшырап, қасындағы серiктерi түгел опат болады да, бас кейiпкер жалғыз қалады (Досы басқа жерде қалып, артынан оны тауып алады). Кейбiрде қасында аз ғана нөкерi тiрi қалып, төресiнiң тағдырын бөлiседi, олар оны аман-есен iздеген шаһарына жеткiзедi. Сол шаһарда неше түрлi айла-әрекетпен төресiн қызға жолықтырады.
Дастандағы бұл жiгiт қазақ эпосындағы жiгiттерден басқа мiнез көрсетедi. Ол Қозыдай, Төлегендей саяқ жүрген, өзiне ғана сенген азамат емес. Барлық iс-әрекеттi нөкерлерiмен бiрге атқарады, немесе өзi Құдайға сиынып, мiнәжат етiп, Құдайдың, пiрлердiң көмегi арқылы қиындықты жеңедi. Сонымен қатар қызға жолыққанда да ол өзгеше көрiнедi. Қызға өзiнiң көрген жол азабын айтып, мұңын шағады, тiптi көзiне жас та алады.
Ғашықтық дастандардың мазмұны осымен ғана аяқталып қоймайды. Қызды тауып, уағдаласқаннан кейiн дастанға тағы бiр шытырман сюжет қосылады. Әр түрлi себептермен жiгiт қыздан айырылып қалады, немесе қыз ғайып болып кетедi, т.т. Осыдан былай қарай жаңа оқиғалар тiзбегi басталып, дастанның құрылымы күрделене түседi. Мұндай жалғасудан пайда болған қосымша сюжетте кейде кейiпкер екiншi әйел iздеп, сапар шегедi.
Ал, қаһармандық дастандар шығу мезгiлi жағынан ежелгi батырлық эпостан кеш пайда болған. Бұл жанр дастанның кейбiр түрлерiнен де кенже тәрiздi. Егер ғашықтық және хикаялық дастандар орта ғасырдың ерте тұсына сәйкес келсе, қаһармандық дастан орта ғасырдың соңында қалыптасқан болу керек. Бiрақ соған қарамастан бұл дастанда көне сюжеттер мен кейiнгi заман мотивтерi аралас жүредi. Сол себептi кейбiр шығармаларды нақты қаһармандық дастанға жатқызу қиын. Бұларда батырлардың ерлiгi мен басқа да iс-әрекеттерi кейде дiни, кейде жаудан кек қайтару, кейде сүйген жарын азат ету түрiнде болып келедi. Демек, қаһармандық дастан таза батырлық сипатта болмайды. Мұнда кейiпкердiң ерлiгiнен гөрi басынан кешкендерi көбiрек әңгiмеленiп, оның қаһармандығы елге шапқан жаумен шайқаста емес, оған кездейсоқ кездескен қауiптi жандарды, немесе айдаһар, дию, дәу сияқты мақұлық-құбыжықтарды өлтiрген тұста көрiнедi. Осы жағынан алғанда бұл дастандар классикалық батырлар жырына емес, батырлық ертегiлерге ұқсайды. Мұны кейiпкердiң iс-әрекетiнен ғана емес, дастандардың сюжетiнен де байқауға болады: олардың сюжетi, негiзiнен, ертегiлiк болып келедi. Сондықтан қаһармандық дастанды кейбiр зерттеушiлер жеке дараламайды, оны новеллалық немесе ертегiлiк дастанға жатқызады, я болмаса дiни дастандар құрамына енгiзедi, өйткенi ондағы батырлар кейде исламның атақты қайраткерлерi болып келедi. Алайда, соған қарамастан дастанның бұл түрiн қаһармандық деп бөлiп алуға болады, себебi оның баяндалуы, жалпы поэтикалық болмысы батырлық эпостың табиғатына жақын.
Кеңес өкiметi тұсында тыйым салынып, жарияланбай да, зерттелмей де қалған мол дүниенiң бiрi – дiни дастандар. Бұл шығармалардың мазмұны мен тақырыбы ислам дiнiне, оның пайғамбарлары мен сахабаларына арналған, ал күллi поэтикасы, кейiпкердi бейнелеу тәсiлдерi, сюжеттiк құрылымы – бәрi дәстүрлi эпостың және дастанның аясында, солардың шартына сәйкес. Дiни дастандар қазақ арасына, әсiресе, ХIХ ғасырда өте кең тараған («Қисса әнхәзрет-и Расулның Миғражға қонақ болғаны», «Һаза кiтап Мұхаммед-Ханафия», «Қисса Зарқұм», «Әбушаһма», «Қисса Салсал», «Қисса Сейiтбаттал», т.б.). Бұларды үлкен екi топқа бөлуге болады: а) таза дiндi уағыздайтын дастандар; ә) мұсылман пайғамбарлары мен әулиелерiнiң өмiрiн, кейбiр кезеңдерiн баяндайтын туындылар. Бiрiншi топтағысы—көркемдiгi жоғары, сюжетi қызғылықты, эстетикалық әрi эмоциялық әсерi күштi шығармалар. Ал, екiншi топтағылары, негiзiнен, ғұмырнамалық, бiрақ соның өзiнде де фольклор поэтикасын жақсы пайдаланған, көркем қиялды да ұтымды қолданған.
Жалпы, дiни дастандардың басты мақсаты – исламды уағыздау әрi мұсылмандық өмiр салтын орнықтыру. Осы тұрғыдан алғанда, оларды былайша топтауға болады: 1) исламның ерекше шарттары мен тыйымдарын және оларды бұзғаны үшiн қолданатын жазаларын баяндайтын дастандар; 2) исламның батырлары туралы, олардың мұсылман дiнiн тарату жолындағы ерлiк iстерiн көрсететiн шығармалар; 3) Мұхаммед пайғамбардың, одан кейiн төрт халифтiң исламды орнықтырудағы iс-әрекеттерiн суреттейтiн туындылар.
Шығыстық сюжеттегi дастандармен қатарласа туған қазақтың әлеуметтiк-сүйiспеншiлiк және ертегiлiк дастандары жеке бiр топ құрайды. Олар өзiмiздегi ежелгi сюжеттердi, дiни-кiтаби хикаяттарды пайдаланумен қатар өмiрде болған оқиғаларды да жырлайды. Әсiресе, XVIII-XIX ғасырларда қазақ даласының әр түкпiрiнде орын алған тарихи оқиғалар мен әлеуметтiк-сүйiспеншiлiк мәселелер дастан мазмұнына айналады да, ондай шығармаларда махаббат қана емес, тарихи және әлеуметтiк сарындар пайда болады. Мұндай дастандардың қатарына «Қалқаман-Мамыр», «Еңлiк-Кебек», «Айман-Шолпан», «Ақбөпе-Сауытбек» сияқты шығармаларды жатқызуға болады. Бұлардың бiразының авторы болған, бiрақ сол авторлық дүниелер ел арасына тарап, бiрте-бiрте фольклорлық сипат қабылдаған. Соның нәтижесiнде олардың халықтық варианттары пайда болған. Сондай шығармалардың iшiнде, әсiресе, елге кең тарағандары: «Құл мен қыз», «Назымбек пен Күлше», «Талайлы мен Айымқыз» сияқтылар. Бұл дастандарда екi жастың махаббаты әлеуметтiк мазмұнда баяндалады. Олардың сюжеттiк желiсi, әдетте мынадай болып келедi.
I. Қыз бен жiгiт бiр-бiрiне ғашық болады, жiгiт – кедей, қыз – бай тұқымы. Бiрақ қызды басқа бiреуге атастырып қойған;
II. Жастар қосылу жағдайы болмаған соң бiрге қашып кетедi;
III. Оларды қуғыншылар тауып алады, кейде екi ру дау-дамайға түседi;
IV. Жiгiттiң руы айып төлейдi, немесе екi жасты қызды даулаған рудың еркiне тапсырады;
V. Екi жасты өшiккендер өлтiрiп тынады, кейде оларды ажыратып, қызды атастырған жұрты алып кетедi.
Осындай типтiк сюжетке құрылған шығармалар қазақ қоғамының болмысын, рулардың ара-қатынасын барынша шыншылдықпен көрсетуге тырысады. Бұларда пәлендей бiр архаикалық сарын, мифологиялық ұғым кездеспейдi, қиял-ғажайыптық жағдайлар да жоқтың қасы.
Ертегiлiк қазақ дастандары ескi әпсаналар мен хикаяларды негiзге алады да, сол сюжеттердi дәстүрлi эпос пен шығыс дастанының поэтикасын ұштастыра жырлайды. Мұндай дастандар, негiзiнен, ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бiрiншi жартысында пайда болған, ал мұның өзi қазақтың фольклорлық, әсiресе эпикалық дәстүрi кеңес өкiметi кезiнде де өшпегенiн айғақтайды. Осындай шығармалар деп «Құбағұл», «Жаскелең», «Құламерген», «Аяз би», «Қыдыр, ақыл, бақ», «Жетiм мен уәзiр» сияқты дастандарды атауға болады. Бұлардың қиял-ғажайып сипаттағысы ХIХ ғасырда, ал тұрмыс-салт сипатындағылары ХХ ғасырда дастанға айналған. Алғашқылары көбiнесе батырлық эпос үрдiсiнде болса, кейiнгiлерi хикаялық (новеллалық) дастанға жақын. Мәселен, ХIХ ғасырда пайда болған ертегiлiк дастандардың мазмұны әр түрлi болғанымен, бәрiне ортақ мынадай типтiк сюжеттi анықтауға болады:
I. Перзентсiз ата-ана, кейiпкердiң ғажайып тууы мен өсуi;
II. Қыз бен жiгiттiң бiр-бiрiне түс көрiп ғашық болуы;
III. Жiгiттiң қызды iздеуi, қыздың ауылына келуi, екеуiнiң кездесуi;
IV. Жiгiт пен қыздың қашуы, қуғыншылардың жетуi;
V. Қуып келген қолмен жiгiттiң шайқасуы, жеңуi, елiне аман- есен келуi.
Дастандар қыз бен жiгiттiң қосылып, ұлан-асыр той жасауымен аяқталады.
Хикаялық сипаттағы ертегiлiк дастандарда түпнұсқаның сюжетi толық дерлiк сақталады, сол себептi оларда ортақ типтiк сюжет байқалмайды, оның есесiне ертегiнiң көптеген белгiлерi бой көрсетедi, әсiресе, жағымды кейiпкерлердiң iзгiлiктi қасиеттерi мен iс-әрекеттерi төркiнiмен ұқсас болып келедi. Мұнда қазақтың төл фольклорына тән далалықтар өмiрi шаһармен қатарлас көрiнедi. Оқиғалар далада басталып, қалада жалғасады, хандық мемлекеттiң нышандары көрiнiс табады.
Сонымен, күллi мұсылман жұртына тараған дастан жанры қазақ топырағында да кең қанат жайып, ұлттық фольклорымыздың құрамында толыққанды дербес сала ретiнде орнықты. Шығу тегi мен мазмұнының сюжеттiк негiзi және кейiпкерлердiң алуан түрлi болғанына қарамастан дастандар қазақ фольклорлық дәстүрiне сәйкес жырланып, ұлттық фольклордың поэтикасы мен көркемдiк әдiсiне, жалпы заңдылығына бағынған. Соның арқасында шығыстан енген сюжеттi баяндайтын дастандар «қазақыланып», төл туынды ретiнде қабылданған. Дастанды тудырған белгiсiз ақындар мен жыршылар шеттен келген шығармаларға ұлттық сипат пен қазақ рухын сiңiрген. Сөйтiп, олар ел арасына қазақ дастандары болып тараған.
* * *
Қазақ дастандарының қомақты бiр бөлшегi – хикаялық (новеллалық) дастандар. Олар мазмұны мен сюжетi жағынан дастанның басқа түрлерiнен бiршама оқшауланып тұрады. Хикаялық дастандардың сюжеттiк негiзiн, көбiнесе, әдеттегiден тыс жағдайлар, таңғажайып iстер, бұрын естiлмеген, қоғам қабылдаған әдет-ғұрыпқа, ережелер мен тәртiпке сай келмейтiн, оларға кереғар, қалыптасқан өмiр нормаларынан ауытқыған, яғни өмiрде болған кез келген кездейсоқ, новеллалық мәнi мен сипаты бар оқиға, басқа сөзбен айтқанда хикая құрайды. Ондай ерекше факт, эпизод, оқиға, әдеттегiдей, күлкiлi немесе адам нанғысыз таңғаларлық, қарапайым, шытырман, шым-шытырық болып келедi. Басқаша айтқанда, оқиға әрленiп, сюжеттiң өзегi мен өмiрлiк материал бiр оқиға маңына жинақталады. Хикаялық сипаттағы шығармаларға күрделi шиеленiс тән және ол анық та айқын композициямен өрiледi. Сюжеттiң логикалық шешiмi қимыл-әрекеттiң күтпеген, ойламаған жағдайда бiтуiмен ерекшеленедi.
Сонымен, жеке адамдардың басынан өтiп, бүкiл ел, қоғам үшiн айтарлықтай мағына-маңызы жоқ болғанымен, нақты өмiрдiң өзiнен алынған немесе болуы мүмкiн деп саналатын сан алуан құбылыстар мен түрлi таңғаларлық оқиға, жағдай, фактiлер бiр-бiрiне ұқсамайтын туындыларға негiз болып, оларды бiр жанрдың аясында жинақтап, бiрiктiредi.
Бұл тұжырымдарға бiрнеше дастандардың мәтiнiн талдау арқылы көз жеткiзуге болады. Мысалы, бас кейiпкер белгiсiз сұлуға ғашық болатын классикалық сюжетке құрылған «Сыршы молда» дастанын алайық. Тоты құстың мекиенi балапандарын қорғап, қаза табады. Осы көрiнiстi сырттай немқұрайлықпен бақылап тұрған тоты құстың әтешiн көрген ханша ешқашан күйеуге шықпауға бекiнедi. Мiне, осыдан былай сюжеттiң дамуы осы iспеттес сюжеттердiң дәстүрлi канондық даму жолдарынан ауытқи бастайды. Жiгiт қалай да қызға үйлену керек. Бiрақ эпикалық жолмен емес. Ендеше, ол басқа жол тауып, қызды бекiнген шешiмiнен қайтару керек. Балапандармен болған көрiнiс жай мотив қана емес, мотив-жұмбақ, оның жауап-шешiмiн табу қажет.
Қызды қабылдаған шешiмiнен қайтаратын айланы уәзiр табады. Ол қыздың тәсiлiн өзiне қолданады. Сыршымын деп танысқан уәзiр сарайды безендiрген кезде қыздың көрген оқиғасын сурет етiп салады. Тек айырмашылығы — лақтарын қорғап, елiктiң еркегi өледi. Осы суреттi көрiп, аң-таң болған қызға ендi еш уақытта үйленбеуге ант еткен ханзада туралы аңызды айтып бередi. Содан қыз жiгiтке ғашық болып, алға қойған мақсат орындалады. Демек, дастанда бас кейiпкер қыздың көңiл-күйiн, ойын жақсы түсiне бiлген уәзiрдiң тапқырлығы арқасында арманына жетедi. Яғни, бұл дастанда эпосқа тән рулық қоғамның заңы, әдет-ғұрпы емес, дара адамның тәжiрибесi, байқағыштығы дәрiптеледi.
Хикаялық дастанның классикалық үлгiсiн «Ғаяр қатын» мәтiнiнен көруге болады. Бұл жерде сұлу әйелдiң қулығын суреттеу қазақ эпосына тән емес екенiн ескертiп кету керек. Рас, «Құламерген-Жоямерген» эпосында күйеуiн, баласын тастап кеткен сатқын әйел бейнесi суреттелген. Бiрақ, бiрiншiден, ол мұнда басты тақырып емес. Екiншiден, Қаншайым мыстан кемпiрдiң алдауына түседi. Ал, «Ғаяр қатын» дастанында мұндай «сатқын әйел» мотивi көрiнбейдi. Мұнда, керiсiнше, әйелдiң күйеуiне деген адалдығы көрсетiледi. Ол әр түрлi айла, iс-әрекеттерiн күйеуiн жақсы көргендiктен, соған көмектесу ниетiмен жасайды. Дастанның фабуласы мынандай: байлықтан жұрдай болған күйеуiне көмектесу үшiн оның сұлу әйелi базарға барып, теңге үшiн бетiн ашып көрсетедi. Кейiн тiптi ақша табу үшiн қаланың сыйлы адамдары – дүкеншi, қасапшы, қазыны үйiне ғейiш- ғишрат жасау үшiн шақырады.
Бiрақ әр кезде қонақтар үшiн ретсiз, ал «қиянатшыл» әйелдiң жоспарына сәйкес ертеректе және мүлдем тастап кеттi-мыс деген күйеуi келiп қалады. Солай үш рет қайталанады. Әйел қонақтарды ылғи ыңғайсыз жерлерге жасырады. Мысалы, бiреуiн үстiне жабу жауып, төрт аяқтатып, бұзау түрiнде көрсетедi, т.б. Ақырында шығынға батып алданғандар сұлу әйел мен оның күйеуiнен өш алуға кiрiседi… Бiрақ айлалы әйел мен күйеуi арсыз ашық ауыздардан әр уақыт ептiрек, тапқыр болып шығып отырады. Екеуi аңқауларды бiрнеше рет алдайды әрi жазалайды.
Мазмұны мен фабуласы бiр-бiрiне ұқсамайтын бұл халық туындыларын жақындастырып тұрған – хикаялық сюжеттер. Екi шығармаға да арқау болған – қарапайым, бiрақ әдеттегiден тыс таңғажайып, шытырман оқиғалар.
Новелла әдеби жанр ретiнде қайта өрлеу дәуiрiнде Италияда, кейiнiрек Англия, Франция және Испанияда пайда болғаны белгiлi. Сондай-ақ «новелла» ұғымы келе-келе тек әдебиет саласында ғана емес, фольклортану ғылымында, Батыспен қатар Шығыс әдебиетi мен фольклорының және осы ұғымнан көп бұрын пайда болған құбылыстарды белгiлеуге жұмсала бастағаны да мәлiм.
Қазiр «новелла» терминiмен бiрге «хикаялық сюжет» (новеллалық сюжет) терминi өте жиi және кең мағынада қолданылады. Себебi, хикаялық сюжет деген ұғым барлық дерлiк халықтардың фольклоры мен әдебиетiнде көне замандарда пайда болып, бүгiнгi күнге дейiн көркемдiк дамудың фольклорлық, кiтаби және әдеби формаларында әрi қарай дамып, сақталып жеткен құбылыстарды қамтиды.
Хикаялық сюжеттердiң генезисiне келсек, олар көбiнесе, «трикстер», «трюкач» сияқты мифтiк тұлғалармен байланысты. Мифтiк кейiпкерлердiң тумысы (болмысы) туралы көптеген анекдоттар мифтердi пародиялық тұрғыдан түсiндiру, шамандыққа қарсылық көрсету, я ғұрыптарды карикатура тұрғысынан суреттеумен танылады. Бұл – халықтық демократиялық сатираның бастауы, адам мiнезiн қатал тезге (регламентация) салатын тәртiпке, алғашқы қауымдық қоғамда қалыптасқан шамандар кастасына қарсылық нышандары.
Белгiлi бiр уақытқа дейiн «трикстер» туралы әзiл әңгiмелер ел аузындағы ойлы әңгiмелермен (аңыздармен) қатар өмiр сүрiп, түрлi дiни ұғым-түсiнiктердiң белгiсiн бойына жинақтады. Мұндай жағдайлардың көрiну мүмкiндiгi жасампаз қаһарман мен алдамшы (плут) образының бiр тұлғада бiрiгуiнен мүмкiн болды. Жасампаз қаһарман мен алдамшының қызметi әлем құрылымы реттелгенге дейiнгi, яғни «табу» жүйесi қалыптасқанға дейiнгi уақытқа жатады. Уақыт өте келе халық демократиялық сатирасының осы нышандары әрi қарай дамыды, күрделендi, қайта жаңғырды, сапалық жағынан өзге де мазмұндармен толықты.
Қазақ хикаялық дастандары – шығыстық һәм жергiлiктi, төл сюжетке негiзделгендерi де ұлттық эпикалық дәстүрдiң арнасында дамыды. Сондықтан бiр оқиға, факт, хикаяға құрылған хикаялық (новеллалық) сюжет көптеген жағдайда эпикалық сипатқа ие болды. Мұны бiраз хикаялық дастандарда пролог пен эпикалық түйiннiң қосылып, сюжет баюынан көруге болады. Сонымен бiрге кейбiр шығармада бiрнеше хикаялық сюжеттiң қатар дамуы, кейбiреулерiнде батырлық немесе романдық эпостарға тән баяндаудың орын алуы мүмкiн. Көп жағдайда хикаялық шығармалардың негiзiн ертегiлер құрайды.
Шығыста хикаялық сюжеттер прозалық үлгiде (әңгiме, повесть, хикаят) болып келедi. Ал, қазақ дастанының өлеңдiк формадағы сипаты осы жанрдың басты белгiлерiнiң бiрi болып табылады. Демек, шығыстық хикаялық сюжеттердiң негiзiнде қазақ халқында бөлек болмысты сөз өнерiнiң үлгiлерi туындаған.
Қазақ хикаялық дастандарының бұдан тыс басқа да ерекшелiктерiн атауға болады. Мысалы, қаһармандық эпос кейiпкерiнiң басты қасиетi—батырлық пен ерлiк, қиял-ғажайып ертегiде кейiпкердiң көмекшiлерi—сиқырлы зат немесе керемет көмекшi, ал хикаялық дастанда кейiпкер жаңа сапаға ие. Оған ашық ақыл мен айқын сана тән. Сонымен бiрге адам табиғатының қарама- қайшы қасиеттерi де қатар көрiнуi мүмкiн.
Хикаялық шығармалардың басты кейiпкерлерi – ақсүйек өкiлдерiмен қатар қарапайым адамдар – саудагер (көпес), оның балалары, кедей, ағаш сатушы, дiни адамдар және т.б. болуы мүмкiн.
Дастан кейiпкерлерi бiр-бiрiне ұқсамайды. Олардың алдарына қойған мүдде, мақсат, аңсаған армандары әр түрлi. Бiрақ қалай болса да ақырында әдiлдiк, адамгершiлiк, шындық, зеректiк, адалдық, тапқырлық жеңедi.
Қазақтың хикаялық дастандары басқа халықтардiкi тәрiздi қайғылы, трагедиялы, ғибраттық, көңiлдi, оптимистiк, т.б. рухта болады. Сондай-ақ, мұнда баяндауға өткiрлiк пен ерекше әсер беретiн күлдiргi, күлкiлi көрiнiстер де жиi кездеседi.
Демек, хикаялық дастандар – дастандық эпостың қомақты бiр саласы ретiнде халықтың рухани байлығына айналған, варианттары ел iшiне кеңiнен тараған, халық сүйсiне тыңдаған құнды шығармалар.
Жоғарыда көрсетiлгендей, хикаялық шығармалардың тақырыптары мен сюжеттерi сан алуан. Сонда да оларды жиi кездесетiн тақырыптарына сай шартты түрде төмендегiше жiктеуге болады: әйелдiң айлакерлiгi туралы («Ғаяр қатын»), әйелдердiң даналығы мен адалдығы туралы («Марғұба»), достық пен даналық туралы («Сыршы молда»), дiн өкiлдерiн сынайтын («Болат-Жанат»), алдауыштар мен аярлар туралы («Үш аяр»), тарихи кейiпкерлердiң кеңдiгiн, зейiндiлiгiн, жомарттығын, қайырымдылығын, т.б. тұлғалық қасиеттерiн суреттейтiн («Әбуғалисина», «Шаһмаран», «Хатымтай жомарт») дастандар, т.б.
Кезiнде шығыстық, сондай-ақ жергiлiктi төл сюжеттерге құрылған шығармалардың бәрi қисса деген атпен басылып, ел арасында да сол атаумен белгiлi болған. Сонымен бiрге ХIХ ғасырдың екiншi жартысында, ХХ ғасырдың басында жарық көрген қазақ фольклорының басқа да көптеген үлгiлерi – соның iшiнде қаһармандық, ғашықтық, тарихи эпос мәтiндерi де, айтыстар да – қисса деген атпен жарық көрдi. Мысалы: «Қисса Қыз Жiбек» (Қ., 1876), «Қисса Қозы Көрпеш» (Қ., 1878), «Қисса Алпамыс» (Қ., 1901), «Қисса Нәрiктiң ұғлы Шора батыр» (Қ., 1884), «Қисса Шортанбай» (Қ., 1888), «Қисса Бiржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» (Қ., 1898), «Қисса Наурызбай төре Қасым ұғлы Абылайханов» (Қ., 1912), т.б. Кейбiреулерi хикая, хикаят деп аталып жүрдi: «Хикаят Көрұғлы сұлтан» (Қ., 1880), «Хикаят Бұлғарның сұлтан Ғәдiл Тоқтамысхан қызы Халиманың бәһәсi» (Қ., 1897), «Хикаят дастан Хатымтай» (Қ., 1891), т.б.
Келтiрiлген тiзiмнен аңғаратынымыз: өлең, жыр түрiнде айтылған шығармалардың бәрi Қазан төңкерiсiне дейiн кiтап болып басылған шақта қисса деп аталған, яғни қисса деген термин жанр туралы түсiнiк, ұғым бермейдi. Ал зерттеушiлiк әдебиетте (шығыстану және түркi тiлдес фольклортану ғылымдарында) бiз сөз етiп отырған шығармалар «дастан» терминiмен аталады. Қазақ зерттеушiлерi де оны қабылдаған. Себебi, талқыланып отырған шығармалардың негiзгi жанрлық қасиеттерi, белгiлерi оларды шығыс және түркi халықтарының әдебиетi мен фольклорында қалыптасқан дастан жанрына жататындығын дәлелдейдi.
Бiз дәлдiк пен нақтылықты сақтай отырып, томдарда жарияланатын дастандардың атауларын қолжазба және кiтап мұқабаларында қалай жазылса солай берiп отырмыз.
Назар аударатын тағы бiр жайт: «…Қисса шығарған, әдебиет нұсқаларын жинап бастырған ақындар, авторлық мәселесiн өзiнше, осы күнгiден басқаша түсiнген… Тiптi жинап бастырған, өзiнше өңдеген халықтық шығармаларды да (олардың вариантын) кейбiр ақындар өзiмдiкi деп санаған. Қисса өлеңдерiнiң iшiне кейде қазақтың батырлар жырынан кесек-кесек үзiндi алып кiргiзiп, болмаса екiншi бiр ақынның сөздерiн пайдалана берген… Сондықтан кейде тақырыбы екi басқа шығарманың көп жерi бiрiнен-бiрi айырғысыз, ұқсас болып келуi де ғажап емес1».
Дастандық шығармаларды ел iшiнен жинап, айтушылардан жазып алып, өзiнше жөндеп баспаға жiберiп отырған бастырушылардың басым көпшiлiгi өз аттарын мiндеттi түрде мәтiнге қосып отырған. Өз еңбегiн олар былай бағалаған: жырладым, жаздым, шығардым, қазақшаға аудардым, қазақша жырладым, нәсiрден назым еттiм, көшiрдiм, т.б.
___________________________
1Бөжеев М., Ахметов З. Қазақ әдебиетінің шығыс әдебиетімен байланысы //Қазақ әдебиетінің тарихы. 2-том, 1-кітап. – Алматы: Ғылым, 1961. – 539 б.
Әрине, дастанның пайда болып, дамып, жеке жанр ретiнде қалыптасып, ұлттық фольклорымыздың қомақты, мағыналы саласына айналуында ақын, жыршылардың рөлi зор екенi сөзсiз. Сондай-ақ, ауызша айтылып, халық жадында сақталып келген шығармаларды қағазға түсiрiп, кiтап етiп шығаруда жинаушы, бастырушылардың еңбегi айрықша. Сондықтан «бұрыннан бар, қалыптасқан суреттеу амал-тәсiлдерiн, дәстүрлi үлгiлердi пайдалана» жырлап, дастан шығарған ақындарды сол дастанның бiрiншi жырлаушысы деп, ал мәтiндерде аттары кездесетiн көшiрушi, сақтаушы, айтушы, бастырушылардың еңбегiн, әсiресе бiр шығарманың бiрнеше варианттары болған жағдайда, жинаушы, редактор деп бағалаған жөн.
Көлемi шектелген кiрiспе мақалада бүкiл халықтық дастанға, соның iшiнде хикаялық дастандарға жан-жақты әрi толық талдау беру мақсат етiлмедi, сол себептi осы жанрдың басты-басты ерекшелiктерiн ғана сипаттауға көңiл бөлiндi.
Сейiт ҚАСҚАБАСОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым
академиясының академигi
Бақытжан ӘЗIБАЕВА,
филология ғылымдарының докторы
Дереккөз: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. Т. 1: Хикаялық дастандар. –2004. – 10-26-бб.