Кез келген өңір мен өлкенің, тау мен орманның, өзен мен көлдің, жер-су атаулары топонимика ғылымы арқылы зерттеліп, көрініс табады. Жер-су атауларының қойылуында ұлттық менталитет пен таным, қазақ руханиятындағы саяси жағдай мен тарихи оқиғалар ықпалы зор болды. Сондықтан болар, географиялық атаулардың (топонимдердің) шығу төркіні, олардың аталу себептері адамзат баласын ерте заманнан-ақ қызықтырып келеді. Осы орайда "National digital history" интернет порталының "Ұлы дала" жобасы қазақтың жер-су, елді-мекен, атамекен тарихына үңіліп, зер салуды көздейді. Қазақтың шұрайлы да, кең байтақ даласын оқырман назарына таныстырып, жер жәннатына атауының сырына үңіліп көрмек.
«Ұлы дала» жобасының алғашқы жазбасы киелі өлке, жер жәннаты – Қарқаралыға арналады. Қарқаралы тарихы – тереңнен тамыр тартқан, сарқылмас сырға толы мекен. Тіпті кейбір шежіре дастандарда Қарқаралы мөлдір махаббаттың өлкесі деп әспеттелсе, енді бір аңыздарда жоңғарларға мекен болған, олардың тас қамал бекінісі болған жер деп айтылып келеді. Оңтүстіктен үдере көшкен қоңырат руының сыралғы мекені де осы Қарқаралы болған деген деректер бар. Сонымен «Қарқаралы» атауы қай аңыз-нұсқаға деректеліп, атауын ала алғанын сараптап, тарқатар болсақ.
Қарқаралы тарихы тереңде
«Қарқаралы» сөзінің шығу тарихы туралы деректер де, тарихи әфсаналар да көп. Шежірелі қарт Қарқаралының кербез де сұлу, көрікті тауларының алыстан қарағандағы пішіні қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі қарқараға ұқсап келеді. Сондықтан қаланың осылай аталуы да дәлелді пікір сияқты. Бірақ Алматы қаласының етегіндегі Қарқара жері де осы атаудың мағынасын ашып тұрғандай. Сондықтан көп деректерде кездесетін Қарқара атауын көбіне осы Қарқара жеріне теліп келеді. «Қарқара» сөзінің енді бір мағыналық сипаты «тәж» мағынасында. Ертеде ел билеген көсемдердің, хандардың басында қарқарасы болған. Ендеше Сарыарқаның сайын даласындағы бұл таулар ханның басына киген алтын тәжі сияқты, қарқарадай болған соң, бұл өңір халық аузында Қарқаралы өңірі аталып кетуі әбден мүмкін. Өйткені Қарқаралы таулары — тым ерте дәуірде түзілген таулы қырат. Дей тұрғанмен Қарқара атауын қоя тұрып, «Қарқаралы» деген сөздің ұғымын ашатын болсақ, біз, әрине, көне қаланың өзін, оны қоршай біткен әсем табиғатты да айтамыз. Олай дейтініміз – бар сұлулық пен әсемдікті бойына жинаған бұл өңірді талай ақын жырға қосқан. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады, — деп Мәди бабамыз жырлап кетсе, ұлы жазушымыз Сәбит Мұқанов «Сұлушаш» поэмасын жазып қалдырды. «Сұлушаш» дастанында жырланған қыздың тағдыры осы Қарқаралы өңірінде болған аңызға деректеліп жазылды. Тіпті Жанақ ақынның «Қыз берген қарқарасы түсіп қалып, тау атын Қарқаралы қоя сапты» дейтін жыры да бар. Бұл Қарқаралы атауының сәукеле, қарқара мағынасындағы деректер негізінде жазылғанын аңғартады.
Қарқаралы атауының тағы бір аңыз-әфсаналық дерегінде былай деп көрсетіледі: «Қарқаралы мекенінде көрші тұрған екі ауыл байлары өздерінің балаларын тумай жатып атастырып қояды. Бірде ауылдар арасында келіспеушіліктер туып, атастырылған қыз бен жігітті айырып алып кетеді. Қыз өте сұлу болады, ал жігіт нағыз батыр болып өседі. Арада жылдар өтіп екеуі кездеседі, екі ғашық бір-бірінсіз өмірдің қисыны болмайтынын түсініп, ауылдарынан қашып кетеді. Мұны сезген қыз әкесі қуғыншы жіберіп, жігіттің өліміне себепші болады. Сонда мұндай сұмдықты көрген қыз шыдай алмай өз-өзіне қол жұмсайды. Сүйгенінің кеудесіне құлағанда, қыздың ауыр бас киімі қарқара жерге құлапты». Ақыры осы құлаған қарқараның құрметі «Қарқаралы» атауы шыққан деген.
Жоңғарлар Қарқаралы да тас қамал салған
Енді бір тарихи деректерге жүгінер болсақ, қазіргі Қарқаралы қаласының батыс жағына жоңғарлар қорған салып, бекініс орнатқан. Ол уақытта қазақ хандығының сарбаздары орталық өлкеден жоңғарлар шабуылына тойтарыс бере алмай, батысқа қарай үдере көшкен уақыт болса керек. Қазақтың ханы Абылайдың Қалдан Цереннің қолына түсіп, қазақтың басына қиын ауыртпашылық түскен заман болса керек. Жоңғарлар Қарақаралы жерінде тас қамал бекініс салу арқылы Ертіс бойындағы сарбаздарына қосалқы күшті жұмылдырып отырған. Кейін бұл өлкені Шаншар абыздың екінші әйелі Нұрбикеден туған Тілеуке, Бертіс хан қол жинап, түстік Сыр бойынан келіп Қарқаралыға бекініп жатқан жоңғарларды жойып, елді осы жаққа орналастыруды қолға алып, бекіністі тазартудың қамына кіріскен дейді. Бертіс ханның қолы Қарқаралының батыс жағындағы Кент тауларының қазіргі Шоқпартас маңындағы орманға орналасып, жауды сезіктендірмей, желке жағынан шабуыл жасау үшін тауға барлау жұмысын жүргізіп, Шоқпартастан Суықбұлаққа қарай асатын шұбырынды жол тапқан. Осының нәтижесінде жаудың желке жағынан шабуылдауға толық мүмкіндік туған. Осылайша Бертіс ханның сарбаздары жаудың ізіне түсіп, түстікке қарай қуып жіберген. Сөйтіп, Қаракесек руын осы маңға, Балқантауға дейін орналастыруды жоспарлап, ол оңтүстікке елге қарай қайтып, елді көшіруді ұйымдастырған. Бұл кезде Қарқаралы деген атау жоқ.
Кейін Бертіс Қарқаралы топырағынан жоңғарлардан тазартқан соң, қазан айының соңына қарай көшпенді Қоңырат деген тайпа келеді. Бұл тайпа – сан жағынан көп Арғынмен туыс ел. Жоңғарлар шабуыл жасауға мүмкін деген маңайдан қашқақтап жүретін болса керек. Қысқа аяқты мал деп сиыр, қой асырап бақпайды, өйткені ол елге жау бет алып келе жатқанда бұл екі түлік бөгет болады және жау қолында қалып қояды деген есебі көрінеді. Жаудан жалтарып кету үшін жылқы, түйе малын көптеп өсірген. Қоңыраттар көшіп келіп, Арқаға қоныстанған жылы Қарқаралы қар көп жауады. Тауда өріп жүрген аң-құс та көп болған. Бірақ тауға аң аулауға бара алмайтындай қалың қар болған деседі. Тау басы мен биік жондар қара болып жатқанымен, тау етегі өте қалың оспақ көбік қар басқан. Тауға шықпақ болғанда аттары, жаяу шығайын десе өздері де қарға көміліп, бойламаған. Ақыры жергілікті тұрғын осы қиын-қыстау кезеңді тарихи атауға негіздеп Қарқаралы деп атаған. Яғни таудың басы қара, етегі қарлы. Содан «Қарқаралы» деген атау қалған дейді. Бұл тарихи дерек «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы жарық көрген «Бабалар сөзі» 100 томдығының «Ежелгі қалалар тарихы» атты кітабында көрсетілген.
Қарқаралы сөзінің шығу тарихы осындай тарихи оқиғалар мен аңыздарға сүйенсе керек. Ендеше әр мекеннің тарихы мен сүйем жерінің атауын болашақ ұрпақ білуге тиіс.
Алтынбек Құмырзақұлы