Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жошы хан күмбезі

3691
Жошы хан күмбезі  - e-history.kz
Жошы хан күмбезі Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде, Кеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне архитектуралық ескерткіш

Шыңғыс хан ұлдарына билеуге жер бөліп бергенде, Қазақ даласында билік құрған. Моңғол билеушілерінің ішінде жергілікті халықтың тілі мен мәдениетіне оң көзқараспен қарап, қол астындағыларға деген жақсы қарым-қатынасымен ерекшеленген. ХІІІ ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы Әбу Омар Минхадж ад-Дин Осман ибн Сирадж ад-дин әл-Жузжани 1260 жылы жазылған «Табанат-и-Насири» тарихнамасында: «Жошы қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, ол Хорезмде моңғолдарға қандай да бір қыпшақ баласының маңдайынан шерткізбейді» деп жазып кеткен. 

1bdce9bfa7187fee8223d76d129c0331.jpgКүмбездің кіре берісі

Қазақ хандарының түп атасы. Қайтыс болғанда денесі Ұлытау жерінде тыныс тапқан. Бүгін біз тарихын жазғалы отырған Жошы хан күмбезі Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде, Кеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне архитектуралық ескерткіш.Кесенеде сақталған таңбаларға қарағанда, оны салуға Жошыға бағынған тайпалардың бәрі оғыз, арғын, қыпшақ, керей, найман, қоңырат, қаңлы түгелге дерлік қатысқан. Тарихи дәстүр бойынша күмбезді қайтыс болған кісінің жылдық асын беруден бұрынырақ жасайтын болған. Соған қарағанда 1227 жылы қайтыс болған Жошыға арналған күмбез 1228 жылдар шамасынада тұрғызылған деген болжамдар бар. Жошы Хан Күмбезі порталды-күмбезді құрылыстар қатарына жатады. Жобасы тік бұрышты. Құрылыс материалдарына — күйдірілген кірпіш, ғаныш пайдаланылған. Әкімшілік Жобаның аумағы 9,557,25 метр. Көзге айрықша түсетін нәрсе — салтанатты порталы.Оның маңдай алдын сүйір арка түрінде шығарып, екі жақ босағасын үстіңгі салмақты еркін көтеріп тұру үшін мейлінше берік етіп тұрғызған. 

73dc9d955520b66862d0bab52d6270f2.jpgКүмбездің ішкі көрінісі

Портал жақтауларын өрнекті кірпішпен безендіріп, киіз үйдің басқұрына ұқсатқан. Өрнекке пайдаланған тақта кірпіштердің ауданы 45х45 см. Бұл кірпіштерде өрнекпен бірге жазу да болған. 1911 жылы Атбасар уезін билеген бір ұлық өрнекті кірпіштерді сыдырып алып, музейге жіберген. Қазір кірпіштердің кейбір сынықтары ғана сақталған. Порталдың жоғарғы жиегін парапет тәріздендіріп, оның астынан қалақ кірпіштен фриз тартқан. Ежелгі құрылыс әдісінің бірі — күмбез орнату. Ол Жошы Хан Күмбезінде тамаша шешімін тапқан. Қабырғаның іш жағынан сөрелеп шығарған белдеулердің үстінен екі қабатты зәулім күмбез орнатқан. Ішкі күмбездің биіктігі 7 метр салмағын «жалған еңсе» шығару тәсілімен белдеулерге жайса, сыртқы күмбезді биіктігі 8 метр он алты қырлы барабанға отырғызған. Ішкі күмбезден шығарылған түндік сыртқы күмбезді орнатқан кезде жабылып қалған. Жарық кесененің екі жақ бүйірінен, барабанның астынан шығарылған терезелерден (35х55 см) түседі. Күмбез бедерлі қалақ кірпіштермен әшекейленген. Күмбезді көп қырлы барабанға орнату — оғыз, қыпшақ тайпаларына тән тәсіл. Ішкі қабырғаларында таңбадан басқа ешбір әшекей жоқ. Еденіне қалақ кірпіштер төсеген. Күмбезді қазу жұмысы кезінде екі қабір табылды. Қабір қабырғаларын үлкен кірпіштен өріп, астына жұқа тақша кірпіш төсеген. Бірінші қабір күмбездің күншығыс іргесіне (ұзындығы 2,2 метр, ені 70 см, тереңдігі 1,2 м) орналасқан. Қабір ішінен тақтай табытқа жерленген адамның сүйегі шыққан. Сүйектің оң қолы жоқ екендігі анықталды. 

cbabab313b2cda9ceb086f02848177ca.jpg

Оның үстіне қабір ішінен салтанатты киім жұрнақтары, қызыл сафиян етіктің қалдығы, тұт жібегінің шіріп жатқан сілемдері, аң сүйектері мен түйенің бас сүйегі, темір қарудың сынықтары табылды. Бұл «Жошыны, аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірді» деген халық аңызына сәйкес келеді. Халық аңызында «Жошыны жерлегенде бір қолы жоқ болған» немесе «Жошының тек бір қолын тауып қойған», кейде «бір шынашағын ғана тапқан» деген әр түрлі жорамалдар бар. Екінші қабір Жошының үлкен бәйбішесі (Керей хандығының билеушісі Тоғырыл ханның інісінің қызы) Бектумыштікі болуға тиіс. Қабір астына төселген қалақ кірпіштерде араб әрпімен «ықпал» деген сөз бірнеше қайтара жазылған. 

9ff90f2d2ab786844aa0c48b8940a302.jpgЖошы Хан Күмбезі республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекет тізіміне енгізілген. 

Суреттерді автор Максим Рожиннің рұқсатынсыз және портал редакциясының келісімінсіз пайдалануға болмайды. 

 Дайындаған Олжас БЕРКІНБАЕВ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?