Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың қандай қара емін білесіз?

2034
Қазақтың қандай қара емін білесіз? - e-history.kz

Қытайда тибет, моңғол, ұйғыр, хмонг (мяу), корей және қазақ сияқты жеті ұлттың халықтық медицинасы жақсы дамыған. Осы ұлттық медицинаны дамыту үшін Қытай мемлекеті жыл сайын қыруар қаржы бөледі. Бір ғана қазақ шипагерлігін айтатын болсақ, Шыңжаң аумағында қазақ шипагерлігін негіз еткен үлкенді-кішілі жиырмадан аса аурухана ресми түрде жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ұлттық медицинамызға арналған төрт-бес ғылыми зерттеу орталығы бар. Шыңжаң медицина университеті мен Алтай аймақтық Медицина колледжінде қазақ шипагерлігі мамандығы бойынша жыл сайын студенттер қабылданады.

Бүгінде біз қазақ шипагерлігін дәстүрлі немесе ұлттық медицина, қазақ емшілігі деп те қолданып жүрміз. Кейбір ұмыт болған ем-домдарды қара ем деп те атайды. Бүгін біз арғы беттегі қандастарымыз арасынан шыққан белгілі шипагерлерге аз-кем тоқталатын боламыз. 

Қазақ емшілігінде емдеудің төрт түрі бар

Мәулішәріп Қапанұлы. Ол алпыс жылдан аса ғұмырын қазақ шипагерлігі саласына арнаған емші, Қытай Халық Республикасының  Еңбек ері, «Жасампаз тұлға» ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қытайдың әйгілі адамдары» кітабына аты енген жалғыз қазақ. 

Мәулішәріп Қапанұлының айтуынша, қазақ емшілігінде диагноз білезіктегі қызылтамырды ұстап қойылады. Ал ауыр науқастардың күре тамыры да қоса ұсталады. Яғни сол тамырларды саусақтармен ұзақ басып тұру арқылы диагноз анықтайды. Ал тамырдың соғысы мен орналасуының өзінің алпыс екі түрлі өзгерісі болады екен. Ал бұны қазақ дәстүрлі медицинасында «тамыр райы» деп атайтын көрінеді. Қазақ емшілігін 7 ұрпақ бойы мұра етіп сақтап келген әулеттің ізбасары Мәулішәріп болса осы тамыр райының кернеу, шөкпе, қалқыма тамыр сияқты қырықтай түрін ажырата алады. 

Ұлттық медицинада аурулар тек дәрі шөптермен емделеді. Мәулішәріп Қапанұлы сегіз жүз отыз тоғыз түрлі шөптің емдік қасиетін, түрін және түсін үйренген. Ол осы шөптердің түрін, сипатын зерттей келе қырық бір тосап пен он алты бұлауға бөлген. Мысалы, бір ғана тосаптың өзі сексен неше түрлі шөп дәріні қамтуы мүмкін екен және оны бес-алты түрлі тәсілмен дайындауға болады. Осы таңдап алынған дәрі шөптерге бал, сүт немесе су араластыру арқылы қасиеттері әртүрлі қоймалжыңдар пайда болады. Тосап дегеніміз осы. 

Қазақ медицинасында емдеудің екінші бір түрі – бұлау. Бұлау – дәрі шөптердің буы арқылы емдеудің түрі. Мәулішәріп Қапанұлы осы бұлаудың тас бұлау, шөп бұлау, қуырма бұлау, от бұлау сияқты 16 түрін патенттеген. Оның айтуынша, спиртті өртеп және ваннаға жатқызып науқас емдеу қазақ емшілігінде жоқ. Өйткені атам қазақ тоқтау суға жуынбаған, асыл дінімізде де ғұсыл тек ағынды суға алынады. 

Ұлттық медицинада тағы бір емдеудің түрі бар. Ол – қан алу. Қан алудың төрт түрі болады. Яғни маңдайдан, мұрын қуысынан, тілдің асты мен жұтқыншақ бездерінен және арқа, бел, мойыннан күміс қандауырмен шабақтау арқылы алынады. Бұл ем көбінесе қан қысымымен, тыныс алу жолдарының түрлі ауыруларымен сырқаттанған науқастарға қолданылады. Құяң, іріңге де осы әдіс қолданылады. 

Төртіншісі – оташылық. Онымен айналысатын адамды оташы деп атаған, қазір кей жерде сынықшы деп те атап жүр. Бағзыдан келе жатқан оташылық өнер көп жағдайда атадан балаға беріліп жатады. МРТ, СТ жоқ жағдайда сынған сүйекті сипап сезіну және дөп түсіріп орнына салу екінің бірінен қолынан келмейтін шаруа. Тым ертеректе осындай сынықшылар үгітіліп кеткен сүйектерді де қалпына келтірген. Тіпті жаңа туған ботаның сүйегін шауып, жұқартып  үгітілген сүйектің орнына салған кезде сүйектер бір-бірімен жалғасып, жетіліп кетіп отырған. Ал асық жілік сынғанда таутекенің асық жіліктерін пайдаланған деген деректер де бар. Мәулішәріп емші осы сынған сүйекті таңудың бес түрін ғылыми қолданысқа енгізіп, арнайы қалыптар жасаған екен. Ол қалып, негізінен, мойын, шынтақ, тізе, жіліншік, өкше, қызыл асық мертіккенде қолданылады. 

Бала кіндігінің дұрыс кесілмеуінен шетпе пайда болады

Мейрамбек Қабдығалымұлы. Ол алғашқы еңбек жолын Алтай қаласы Алағақ ауылдық емханасынан бастаған. Мейрамбек қазақ емшілігінің шетпешілік түріне жатылған. 

Шетпе жас нәрестелерде болатын аурудың түрі. Ол жел тиюден, терлеп жатқан баланы аша қойғанда ұстаған суықтан, тер қатудан пайда болады. Сондай-ақ жаңа туған нәресте кіндігінің дұрыс кесілмеуі  де бұл аурудың негізгі себептерінің бірі болмақ. Яғни кіндік кескен кезде кіндік бауы толық сауылмағандықтан ішінде қан не ауа қалып қояды. Сөйтіп бұл сәбидің терідегі лимфа тамырларын, терідегі ұсақ тамырларды және тері бездерін зақымдайды да қан айналымын баяулатып, жон, арқа тұсын тырыстырады, содан қызуы көтеріліп, іші кебеді де мазасызданып жылай береді. Шетпені қан алу арқылы емдейтіндіктен шетпе үзу немесе шетпе қию деп те атайды.

Осы саламен айналысып жүрген қытайлық қазақ емшілерінің айтуынша, шетпе ауруы қан шетпе, жел шетпе және жүрек шетпе деп үш түрге бөлінеді. Жеке-жеке тоқталатын болсақ: нәрестелердің кіндігін кескен кездегі қанның дұрыс сарқылмауынан қан шетпе пайда болады. Яғни кіндікте қалған қан баланың қан айналым жүйелерінің қызметін нашарлатып, қан айналысына тосқауыл болады. Жел шетпеге келетін болсақ, бұл кіндік кескен кезде кіндіктің ішінде қалатын ауадан (желден) пайда болады. Ал жүрек шетпесі кіндік кесілген кездегі қалған ауаның қантамырлар арқылы жылжып жүрекке жетуінен пайда болатын түрі. Бұл кезде баланың арқасы, жоны қарайып, қан жүрмей қалады да өміріне қауып төнуі мүмкін. 

«Қазақ дәрігерлігінде баланың кіндігін ұзын қию керек деп есептейді. Кейбір ұлттарда баланың кіндігін тізесімен өлшеп қиып жатады. Қазақта бала шетінеп тоқтамаған кезде баланың кіндігін балтамен кесіпті немесе жеті ошақтың астынан, жеті әйелдің астынан өткізіпті деген ырымдарды естіп жатамыз. Ошақ пен балтада ғылымилық жоқ, мәселе баланың кіндігін ұзын кесуде немесе баланың кіндігінің қанын сарқып кесуде жатыр. Заманауи медицинада да баланың кіндігін қиған кезде ана жолдасына қарай сауып қию керек делінеді де, ал саумай қиса не болатыны айтылмаған. Қазақ шипагерлігінде бала кіндігінің ішіндегі қан сауылмаса бала қан шетпе немесе жел шетпе болады деп қарайды. Сондықтан шетпенің пайда болу себебі, негізінен, кіндік қанының толық сарқылмауынан деп айтуға болады», – дейді алты мыңға тарта бөбектің ажалына арашашы болған ақ халатты азамат Мейрамбек.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?