Қазақ даласын жағалай қоршай салынған бекіністер мен шеп-белдеулер Ресейдің отарлау саясатынан жүргізетін тірек-пункттеріне айналды. Сол себепті, оларды қазақтардан қорғау шарасы қабылданды. Яғни, шеп-белдеулердің бойына салынған бекіністердің маңындағы қазақтарды алысқа, қу медиен өлкеге қуып тастау сияқты шаралар жүргізілді. Бұл істер жергілікті халықпен санаспай, әскери күш қолдану арқылы қатыгездікпен іске асып жатты.
Мысалы, 1742 жылы 19 қазанда Орынбор губернаторы И.И. Неплюев қазақтарды Жайық өзені маңында көшіп-қонуға тыйым салу туралы жарлық шығарады. Онда мынадай ескертулер жазылған: «Жарлықта көрсетілгендей барлық қырғыз-қайсақ хандарына, сұлтандарға, старшындар мен барлық халықтарға жар саламын, бұдан былай осы жарлық алғаннан кейін қамал маңында және Жайық өзенінің арғы бетіне көшіп-қонуға тыйым салынады. Егер ол бұзылатын болса, онда қатаң жаза қолданылады».
Осындай сорақылықтардың салдарынан Орынбор белдеуі маңындағы қазақтар қатты күйзеліске ұшырап, кедейленді. Бұндай күйге түскен қазақтарға отарлаушылар орыс поселкалардан қоныс беріп отырықшылыққа көндірді. Көнгендерге жеңілдіктер жасады.
Бұлай жасаудың мәні – ат жалында еркін өскен қазақты орыстармен қосып қоныстандыру арқылы «орыстандыру» саясатын қарқынды жүргізуге мүмкіндік тудыру еді. Онымен қоймай Орынбор белдеуін қорғап тұрған орыс-казак атты жасағына қазақтарды тықсырып, орыстармен бірге отыруға мәжбүрлеу ісі тапсырылды.
Осылай қос өкпеден қысым көрген қазақтар белдеуден өтіп, орыстармен бірге отырықшы тұрмыс кеше бастады (Колонизация Сибири в связи с обшим переселенческим вопросам. – СП-б., 1900. – Стр. 84). Зерттеуші П. Милюков: «Қазақтар Жайық бойындағы бекініс жүйелері маңынан біржола қуып тасталды. Ежелгі одақтас: қазақ пен башқұртты бір-бірінен ажыратып, алшақ ұстау үшін 1734-1744 жылдар аралығында өте ірі жоспарлар құрылды. Жоспарды орыс шенеуніктері – Кириллов, Татищев және Неплюевтер іске асырды. Орынбор қаласы отарлаудың орталығына айналды» дейді (Колонизация России, 1895). 1756 жылы патша жарлығымен Орал жағалауларындағы ең шұрайлы жерлер мен жайылымдар Орал-Орынбор орыс-казак әскерлерінің жері деп жарияланды да, Елек пен Орал аумағына Новолепицк жолағын салып, одан қазақтардың өтуіне тиым салды. Осылай жайылымынан айырылған қазақтар қан қақсады. Алда-жалда тыйым жолағына қазақтар өтіп кеткен жағдайда жазалаушы орыс-казак отрядтары бейбіт елді оңдырмай ойрандады.
Осындай келеңсіз оқиғалар етек алып жатқаны жайлы Сырым Датұлының патшайым Екатеринаға ІІ жазған хатында Орал бекінісінің атаманы Дарыков еш себепсіз қазақтың 225 шаңырағын ортасына түсіріп, 140 адамды өлтіріп, 57 адамды тұтқынға алып, мал-мүлкін тонағаны жайлы айтады. 1752-1755 жылдары Ескі Есіл және Жаңа Есіл шебі бойында жайлап-қыстап жүрген қазақтар шеп бойынан әскер күшімен қуып шығарылды. Отарлау идеологиясын қолдаушы, астамшыл граф Нессельроденің патша ағзам Николай І-ге жазған құпия хатында: «Шептерді ішкері (қазақ даласына қарай) жылжытудағы үкіметтің мақсаты егінге жарамды жерлерді көбірек қамту... Ол үшін мұндай жерлерді көшіп-қонып жүрген қазақтардан тазарту қажеті туындайды», – деп мәлімдеген (Е. Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы: Санат, 1994. 35-б).
Сол сияқты Азия департаментінің директоры К.К. Родофиникин: «Шеп маңындағы қазақтар қыстауларынан қуылып, көлдерден тұз алуларына тыйым салынып, оларға неше түрлі қысым жасалуда», – дейді (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы: Санат, 1994 . 36-б). 1765 жылы Сібір шекара шебінің командашысы И.Шпрингер Ертістің бойынан 10 шақырым жерге қазақтарды жолатпау жайлы бұйрық берді. Сол сияқты, әскери бекіністерден қазақтар 30 шақырым алыс жүру тиіс болды. Бір жағынан башқұртты айдап салып, екінші жағынан ойраттарды қазаққа қарай тықсырған патшалық Ресейдің жалмауыз саясатына, үшінші жақтан туған жерінен ығыстырылған қазақтар ес жия алмай қалды.
ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында 1765 жылы генерал-поручик Шпрингер Ертісті бойлай қоныстаған бекініс бастықтарына көшпенділерді (қазақтарды) шеп сызығының бойына 10 шақырым жақындатпауға бұйрық берді. Бұл үкім арада 74 жыл өткен соң, яғни, 1839 жылы топограф Кокоулин Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаковтың тапсырмасымен Ертіс және басқа өзендердің бойын геодезиялық суретке түсіруді аяқтаған соң ғана күшін жойды.
Бекен Қайратұлы, зерттеуші журналист, ҚР мәдениет қайраткері