Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ТҰҢҒЫШ БИОЛОГИЯ ДОКТОРЫ

12379
ТҰҢҒЫШ БИОЛОГИЯ ДОКТОРЫ - e-history.kz
Кәрім Мыңбаев – талантты ғалым, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, биік парасат иесі. Ғалымның өмірі мен қызметін, ғылымға қосқан үлесін қамтитын салмақты кітап тың деректерге толы

Мемлекет тарихы институты 2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы аясында жарық көретін «Ұлы Дала тұлғалары» сериясы бойынша мемлекет және қоғам қайраткерлеріне қатысты еңбектер жариялап келеді. Соның бірі – бүгін Ұлттық академиялық кітапханада тұсаукесері өткізілетін «Кәрім Мыңбаев» кітабы.

Кәрім Мыңбаев – талантты ғалым, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, биік парасат иесі. Ғалымның өмірі мен қызметін, ғылымға қосқан үлесін қамтитын салмақты кітап тың деректерге толы.

Сәкен Сейфуллиннің кеңес беруімен Ташкентте жоғары білім алған Кәрім Мыңбаев та Сәкен ағамыз тәрізді «сегіз қырлы, бір сырлы» талант иесі болған.

Кәрім Мыңбаевтың ғылым жолындағы алғашқы жетекшісі, әлемге әйгілі генетик-ғалым, академик Николай Вавилов болған. Ал атақты Вавилов бүкіл әлемдік ғылымға үлкен төңкеріс әкелген ұлы ғалым еді.

Соғыс жылдары Кәрім Мыңбаев Ленинград қаласын неміс-фашистерінен қорғап жүрген қазақ жауынгерлері атынан Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» атты өлеңін үшін алғыс айтып, ақын атамызға жауап хат жазған.

Дәл осы кездерде Кәрім Мыңбаевты Иосиф Сталиннің өзі «сендей ғалымдар Отанға керек» деп майданнан елге қайтарған.

Кәрім Мыңбаев Бауыржан Момышұылының ең жақсы көретін достарының бірі болған екен. Ол ұшақ апатынан кездейсоқ қаза тапқанын естіген қазақтың батыр ұлы бүк түсіп жатып алыпты. Кейін бір уақта жылап-сықтап қана отырған елді көріп, жоқтау айтыңдар деп ақырған, онсыз да булығып отырған қыздар жағы жоқтау айтқанда Баукең жайдарыланыпты деп жазады Шерхан Мұртаза.

ХХ ғасырдың 40-ыншы жылдары ғылыми еңбектері одақ көлемінде  ғана емес, әлемде мойындалған Қаныш Сәтбаевтан кейінгі екінші қазақ ғалымы Кәрім Мыңбаев деуге болады. Олардың ағылшын тіліне аударылған ғылыми мақалалары АҚШ пен Ұлыбританияның ғылыми журналдарында басылған. Және бір қайраткерлігі, ол атақты Қаныш Сәтбаевпен бірге иық тірестіріп, Қазақ ССР Ғылым академиясын құруға атсалысқан, ұлттық ғылыми кадрларды дайындауға үлесін қосқан.

Биолог-ғалым Әйіп Ысқақовтың «Егер Қаныш Сәтбаевтың қазба байлықтарын зерттеп, ауыр өнеркәсіп саласын дамытқан үлкен ғалым қайраткер екенін бәріміз мойындасақ, ауыл шаруашылығы саласында Кәрім Мыңбаев дәл сондай орын алған. Кездейсоқ апаттың құрбаны болып, өмірден ерте кетпегенде халқының сүйіспеншілігіне бөленген Қаныш ағамыздай дәрежеге жетері анық еді» деген әділ бағасы жаңа кітапқа еніп отыр.

«Ұлы Дала тұлғалары» атты сериялық басылымның негізгі мақсаты – қазақ тарихындағы аса көрнекті қайраткерлердің сан қырлы тұлғалық қасиеттерін ашып, олардың ұлттық руханиятқа қосқан үлестерін бағалау.

Кітапты құрастырушы-авторлары Мемлекет тарихы институтының қызметкерлері, ғалымдар С. Дүйсен мен Ж. Қалиевтің айтуынша, Кәрім Мыңбаев жайлы естеліктер аса көп емес. Тек әріптестері, достары және ғалымдар жазған мақалалар мен естеліктер ғана бар десе болады. Ғалымның бауыры Хамзенің баласы, журналист Нұрхан Мыңбаев қана «Дарынды даланың дархан ұлы» атты еңбек жазып, «Тау тұлға» атты деректі фильм түсіруге атсалысыпты.

«Кәрім Мыңбаев» атты ғылыми-танымдық еңбек – «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен жарық көрген «Нурсултан Назарбаев и казахстанская модель строительства государства», «Алимхан Ермеков», «Жұмабек Тәшенев» және «Ілияс Есенберлин» сияқты Мемлекет тарихы институты ғалымдарының жемісті еңбектерінің жалғасы.

Кітап авторлары «алыстаған сайын биіктей беретін таулар сияқты еліміздің тарихында шынайы өмірімен де, ізденген ғылымымен де, атқарған істерімен де абыройға лайық біртуар тұлға болады. Сондай жарқын тұлғаның бірі – Кәрім Мыңбаев» деп есептейді.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?