Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы

2817
Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы - e-history.kz
Ұлт көсемі Әлиханның қамтымаған саласы жоқ. Тарих, мәдениет, этнография, статистика, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, жер жағдайы, халықтың тұрмыс тіршілігі туралы сан-салалы мақалалар жазды

Ұлттық музейде алаш қайраткері, тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Астана қаласы әкімдігі, Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған жиында мемлекет және қоғам қайраткерлері, Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері, тілші ғалымдар мен тарихшылар, БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында сөз алған қонақтардың  алаш зиялысы Әлихан Бөкейхан туралы жылы лебіздерін ұсынамыз. 

Ермек Аманшаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

Биылғы жыл еліміз үшін айрықша маңызды тарихи оқиғаларға толы жыл болып тұр. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Желтоқсан қозғалысының 30 жылдығы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы және Алаш қозғалысының жетекшісі, ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдығымен есте қалып отыр.

2015 жылдың қараша айында ЮНЕСКО-ның Парижде өткен кезекті 38-сессиясы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды «Әлемдік деңгейдегі шын мәніндегі аса көрнекті тұлға» деп мойындап, атқарушы кеңесі ұлы тұлғаның 150 жылдығына тойлауды толықтай қолдады. Бұл – қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруде тарихи қызмет атқарып, ұлттық жаңару мен жаңғыруға серпін берген Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ерен еңбегінің әлемдік деңгейде танылуының жарқын көрінісі.Тәуелсіздік пен Алаш егіз ұғым. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның 150 жылдығының қатарлас келуі тарихи сабақтастықты білдіреді.

Сейіт Қасқабасов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, фольклортанушы:

Жалғыз Әлихан ғана емес, Ахаң мен Жахаң, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрім сондай-ақ тағы басқа алаш зиялыларының мерекесі, конференциялары маған өте ыстық, қымбат көрінеді. Өйткені мен солардың қағаздарын, құжаттарын ақтарып, олардың тарихтағы еңбектері туралы көп іздендім. Олар көрген қорлықтың барлығын естіп білдім. Сондықтан бүгінгі Әлихан Бөкейханға арналып отырған конференцияның өтуі маңызды шара деп білемін. 

Біздің тарихымызда Әлихандай тұлға жоқ десек те болады. Өйткені тәуелсіздікке дейінгі қазақтың ұлттық мәселесін, ұлттық халық болып сақталуымыздың тетіктерін ашу, соны көрсету, анықтау осы Әлиханның еңбектерінде айқын көрінді.  

XX ғасырдың басында зиялылар көтерген ең негізгі мәселе – біз тобырмыз ба, жоқ әлде ұлт болып қалыптаса аламыз деген сауал болатын. Бұл орайда олардың әрбірі үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарды. Ұлт көсемі Әлиханның қамтымаған саласы жоқ. Тарих, мәдениет, этнография, статистика, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, жер жағдайы, халықтың тұрмыс тіршілігі туралы сан-салалы мақалалар жазды. Ол мақалалардың көбі әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ

Сұлтан Хан Аққұлұлы, алаштанушы ғалым, PhD докторы:  

Әлихан Бөкейхан жазбаған тақырып қалмаған. Ол ғылым болсын, саясат болсын, әдебиет пен тарих болсын бәріне дерлік қалам тартқан. Бізде бүгінгі 25 жылда қой шаруашылығы, жылқы мен ірі қара шаруашылығы бойынша жекелеген монография жазған Әлихан секілді ғалым шықпады.

Ол армандаған жоқ, Қазақ елін 25 жылдың ішінде Жапония секілді дамыған мемлекеттің қатарына қосылудың жоспарын көрсетті. Әлекеңнің мұрасы 15 том болып жинақталды, әрине, қаржылық қолдау болса, бұдан да көбірек шығаруға болар еді. Енді алдымызда осы құнды дүниені орыс, ағылшын, түрік, украин тілдеріне аударып жарыққа шығару міндеті тұр.

Айгүл Ісімақова, әдебиеттанушы ғалым: 

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына байланысты ҚазГео ұйымдастырған «Әлихан Бөкейхан ізімен» экспедициясы құрамында болған біз көп деректі жаңаша анықтадық.

XX ғасыр басындағы қазақтың тұңғыш саяси элитасының Көшбасшысы, Ресейдің басты саяси қакйраткерлерін мойындатқан Алаш Орда үкіметінің төрағасы, Алаш партиясының жетекшісі Әлихан Бөкейханның жолымен жүру біз үшін қуанышты, сондай-ақ тұлға тағдырына қаныққан сайын күрсініске толы болды. Біздің еңсемізді көтергені – Әлихан мемлекет қайраткері ретінде бүкіл саналы ғұмырын қазақ елінің тәуелсіздік жолына арнаған тұлға. Сондықтан да Әлихан Бөкейхан – бүгінгі Тәуелсіздігііздің Сарбазы деп нақты айта аламыз!

Дихан Қамзабекұлы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы:

Бүгінгі конференцияда сөз алған ел ағалары айтып жатқандай, Әлиханды ұлықтау, Әлиханды тану өз деңгейінде жалғаса береді. Қазақтың ата сөздерінде жақсы бір ой бар. «Ердің ерлігін білмеген елдің бірлігін білмейді» деген. Біз осындай Әлихандай азаматтардың, кеше ғана өткен қазақ хандығының 550 жылдығы, биылғы желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы, келесі жылғы Алаштың 100 жылдығы бұның барлығы да мемлекетшілдік арқаулар. Сондықтан осылардың барлығын ердің ерлігін білмей, елдің бірлігін білмейді деген сөзіме жауап береді деген ойдамын.

Екінші айтатын мәселе – рухани серпіліс. Әлихан шығармашылығы біздің қайта-қайта осы конференцияда айта беретін арамызда отырған Сұлтанхан Аққұлұлы басқарған 7 томдық, 9 томдық, енді 15 томдықтың ішіндегі Әлиханның әрбір сөзі әрбір ойы осы ұлтқа қазақтың бүгінгі тәуелсіздігіне арналғандай болып көрінеді. Бұл бекер емес. Өйткені бұл азаматтар намыстың қайнауынан елдің жоғын жоқтап шыққан. Әрбір сөзінде ұлттық жауапкершілік болды. Ол көкейде тұрып ойға да, қаламға да түсті. Сондықтан біз Әлиханның еңбектерін оқыған кезде ғалым ретінде де, адам ретінде де тани аламыз.

Шерубай Құрманбайұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тілші ғалым: 

Аса көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан – ірі саясаткер болуымен қатар бірнеше саланы меңгерген кең тынысты ғалым әрі талантты шығармашыл тұлға. Оның шығармашылығының айрықша бір қыры – аудармашылығы. Жастайынан ана тілінің уызына жарып өскен ол орыс тілінде орта, жоғары білім алды. Саяси қуғын-сүргінге толы өмірінің көп жылын елінен жырақта Ресей жерінде, Мәскеуде өткізді. Ғалым ретінде зерттеу еңбектерін жазып, журналист болып көптеген мақалалар жазды. Бірнеше орыстілді газеттің редакторы болды. Ол Шоқан Уәлиханов сынды ірі ғалымнан кейінгі қазақ арасынан шығып ана тілімен қоса орыс тілін де жетік меңгеріп, өз заманының ең алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орнын бітіріп, озық білім алған ұлт зиялысы. Екі тілге де жүйрік білімпаз қаламынан туындаған шығармаларының денін негізінен орыс тілінен қазақ тіліне аударды. Қазақ тілінен орысшаға аударғандары да бар. Ол өзінің аудармашылық қызметінде мәтіннің барлық түрін аударды.

Дайындағандар: Заңғар КӘРІМХАНҰЛЫ, Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?