Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанның ұлттық құрылысын қалыптастыру аясындағы ұлттық идея мәселелері

1959
Әлемдегі мемлекеттердің саяси ұстанымының, яғни ұлттық идеяларының өзегі барлық мемлекеттерге тән бір ортақ заңдылыққа бағынады.

Тарих ғылымында мемлекеттің құрылысын қалауға қатынасқан алғашқы қауымдастықтар, тайпалар мен халықтар болса, қазіргі дамыған қоғамда мемлекеттерді сол аймақта тұрып жатқан этностарды өзара біріктіру арқылы тек бір ұлттың құрайтыны белгілі. Осы орайда бүгінде ұлтқа берілген анықтамалар ғылымда түрліше. Біздің ойымызша, ұлт дегеніміз — өзінің қазақ (орыс, неміс, жапон) екенін тарих тереңінен бастау алған төл санасымен ұғатын және басқалардан тілдік, рухани, геосаяси, т. б. өзгешелігін айыра алатын адамның үлкен қауымдастығы. Ал, идея — грек сөзі, образ, ұғым, түсінік. Ал атқаратын міндетіне қарай идея сан алуан қырымен көзге түседі. Мәселен, бірде ол сырт дүниені бейнелейтін қоғамдық сананың пішіні болса, енді бірде адамның басты сенімі орнынан көрініс табады, яғни, ұлттық идея мәселесінің мәні ұлттың тілегі, ниеті, ойы дегенге саяды. Сондықтан ұлттық идеяны ұлт мұраты деп алып, қабылдайтын болсақ, онда нақты ұлттық мүдде тұрғысынан ой өрбітуге жетелейді. Оны әлемдегі дамыған мемлекеттер мен дамып келе жатқан мемлекеттердің тәжірибесінен көреміз. Сол себептен, егер біз қазақ елінің дербес мемлекет ретінде қарыштап дамуына мүдделі болсақ, онда болашақ тәуелсіз мемлекетіміздің темірқазығы — ұлттық идеяны анықтап, осы бағыттағы ұстанымымызды нақты белгілеп алудың уақыты әлдеқашан келгенін, аңғаруға әбден болады.

Әлемдегі мемлекеттердің саяси ұстанымының, яғни ұлттық идеяларының өзегі барлық мемлекеттерге тән бір ортақ заңдылыққа бағынады. Ол заңдылық (ұлттық идея) — мемлекет өз ұлтының экономикалық, саяси, рухани тәуелсіздігінің, ел мен жер біртұтастығының мәңгі сақталуына және ұлттық байлығы тек халқының игілігіне жұмсалып, жұртының әлеуметтік жағдайының үнемі жақсарып отыруы мен өз ұлтына тән рухани дамуына арналған бағытты қатаң ұстануы. Осы заңдылық барлық мемлекеттердің даму үрдісіндегі ұлттық идеясының негізгі өзегі ретінде жалпыға ортақ екені белгілі. Өйткені тек осы құндылықтар ғана әр елде барша халықты ортақ мүддеге топтастыра алады. Сондықтан, қазақ халқы құрып отырған мемлекеттің ұлттық идеясының да темір қазығы осы құндылықтар негізінен шығуы заңдылық. Біз мұны дамыған ірі мемлекеттердің Ұлыбритания, Франция, Қытай, Германия, Ресей, Жапония және т. б. саяси ұстанымынан анық байқаймыз. Осы заңдылық әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде өте айқын көрінді. Осы бағытта дамуды бекіту, «жаһандану мен әлемдік демократиялық стандартқа сай боламыз» деген ұғыммен алпауыт елдердің қитұрқы экономикалық экспансиясының ықпалдық шеңберіне кіріп кетуден сақтайды. Тәуелсіз ұлттық мемлекет болғымыз келсе, экономикалық және саяси кіріптарлық шеңберіне түсіп қалмау үшін жаһандануға тән халықаралық интеграцияға кіру саясатын өте сақ, өз тәуелсіздігінің келешегіне нұқсан келтірмейтіндей, ұтымдылықпен жүргізілуі тиіс. Осы қатерден аман қалу жолы ең алдымен ұлттық идея негізінде мемлекет құруды жүзеге асыру болып табылады. Ұлттық идея негізінде мемлекет құруға тән заңдылық — оның экономикасының, ішкі және сыртқы саясатының, ғылымының, заң жүйесін құруының, экологиялық қауіпсіздігінің, білім беру жүйесінің, мәдениетінің, ақпарат тарату, ұрпақ тәрбиелеу, қоғамдық сана қалыптастыру мен рухани дамуының идеологиясы мемлекет құрушы халықтың (ұлттың) мүддесін қалтқысыз қорғап, оның ұлтық ерекшелігін сақтауға арналады [1].

Елбасымыз, Н.Ә. Назарбаевтың: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы — тарих толқынында өзінің ұлттық „Мен“ дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ бұл мүмкіндік қана: ол шындыққа тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет» [2, 56], — деп жазуында өмірлік мәні бар шындық жатыр. Ұлттық идея барша халықтың күш-жігерін, іс-әрекетін уақыт алға қойып отырған аса жауапты тарихи міндетті шешуде жол таба отырып, бүкіл халықты баурап әкететін күш болуы тиіс. Жалпы, кез келген мемлекетке ұлттық идея қажет, ал оның ұғым-түсінігі, атау-термині әр кезеңде, яғни, әр түрлі қоғамдық формацияларда әр қилы болып келуі объективті заңдылық. Қазақстандағы ұлттық идеяның мән-мағынасын дәл қазіргі таңда түрліше болғанымен, негізгі бастамалар мен ұсыныстар жоқ емес. Оның ең негізгісі қоғамды екіге бөлініп алған ұлтшылдар мен орыс тілділердің БАҚ-та екі жақты қызу пікірталасы мен өткір тақырыбына айналған «Қазақ елі» мен «Қазақстан» деген ұғым түсініктерден-де байқауымызға болады.

Халық идеясыз, ал мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды. Көпұлтты ірі мемлекетті ұстап тұру үшін-де құдіретті идеология керек екені әлемдік тәжірибеден белгілі. Батыс елдерінде ұлтты азаматтық деп түсінуі аясында мазмұны- нағыз ұлттық, ал бейнесі — азаматтық идеология ұзақ жылдар бойы қалыптасып, берік орнықты. Ал Қазақстанда қазақ халқының бейбіт сүйгіш, өзінің ұлан-ғайыр даласындай кең пейіл менталитетінің еліміздегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді орнықтыруын қуатты идеологияның функциясы ретінде қарстырады. Алайда, қазіргі қазақстандық қоғамда бұл идея барлық халықты біріктіретін идеяға айнала алмай отыр. Идеологияның өзі мемлекеттің басты сүйенер діңгегіне емес, бүкіл қазақстандық азаматтардың ортақ ісіне айналуы тиіс. Осы орайда, Президентіміз мемлекеттік идеологияның негізгі діңгегі ретінде бес мәселені айрықша атап көрсетіп жүр: Достық, Ұлттық идея мен мәдениет, халықты заңға бағынуға тәрбиелеу және экономиканың үйлесімді бірлігінен жалпыұлттық идеологияның күш-қуаты арқылы халықты түрлі ұлт өкілдерінен құралған біртұтас азаматтық және саяси қауымдастыққа айналдыру. Ұлттық идея — мемлекеттік субъекті болып табылатын саяси-этникалық қауымдастыққа тән болса, өз кезегінде әр түрлі мүдделер мен қауымдастықтарды тұтастырушы ортақ құндылық ретінде мойындалады және өз кезегінде қоғамның трасформациясы барысында ұлттық рухпен тұтасып, мәні-де, заты да бір мемлекеттік идеологияны құрайды [3].

Достоевскийдің: «Асқақ идеясыз адам да, ұлт та өмір сүре алмайды» деп жазғанындай, ондағы асқақ идея әр ұлттың болмысына байланысты қалыптасқан ұлттық идея деп білеміз. Ұлттық идея этникалық сезімдердің негізінде пайда болады, дейтұрғанмен, ұлттық идея бері салғанда ғасырлық, әрі салғанда дәуірлік мұратын айқындайтын, келер ұрпақтарға да шамшырақ бола алатын заманалық рухани философия, тарихтың жоғалтқанын бүгіннен іздеу, бүгінгінің талабын тарихта кеткен қателіктерден арыла отырып қанағаттандыру, келешекке халық тарихының философиясы арқылы үңілу.

Мемлекет құруда тіл мен рухани тәрбие мәселесінің маңызы адамзаттың даму үрдісінде алатын орны ерекше екенін осыдан екі мың бес жүз жылдай бұрын өмір сүрген, әйгілі Дарий патша былай деп айтып кеткен — «Баянды мемлекет болу үшін халықтың бір тілде, бір дінде болуын қамтамасыз ету керек» [4, 112]. Осы қағида тарихтағы және казіргі кездегі мықты мемлекеттердің тәжрибесімен өзінің өміршең заңдылық екенін көрсетіп отырғанына ешкім күмән келтіре алмайды. Ол үшін экономиканың, саясаттың, ғылымның, технологияның, білім беру мен рухани тәрбие жүйесінің, ақпарат кеңістігінің қазақ тілінде сөйлеуін бірінші кезекте іске асыру қажет [5]. Біздің азаматтық борышымыз өз ұлтымыздың дамуын ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып, табиғи заңдылықтан ауытқымай, волюнтаризмге жол бермей іске асыру. Осы орта қалыптастыруға үлкен әсер ететін, отаршылдық ықпалынан арылтатын ономастика мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек.

Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби: «Өткен тарихыңды білмей келешекке дұрыс қадам баса алмайсың« — дегендей, қандай да болмасын мемлекеттің және ұлттың идеясын жасау үшін оның басынан өткерген қиын-қыстау, ұзақ сонар тарихы бойындағы сан мыңжылдар бойы қалыптасқан негізгі ерекшеліктері мен өзіндік құндылықтарынсыз елестету мүмкін емес. Сол сияқты бүгінгі таңда Қазақстандағы мемлекеттік құрылысты жүзеге асыру барысында ұлттық идеяны қалыптастыруда халқымыздың сонау ғасырлар елегінен өтіп, айдар тағылған өзіндік мәдени философиялық, рухани-әлеуметтік ерекшеліктерін негізге алу қажеттілігі туындайды. Зер салған адамға қазір қазақ ұлтының рухани жаңарып, өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге тырысып жатқандығы көрінер еді. Осыған қарап қазіргі кездегі ұлттық пассионарлық кернеудің шамасы — шындығында да өрлеу сатысында екендігіне толық көз жеткіземіз. Демек, келесі пассионарлық жарылыстың да этностық кеңістік үшін уақыты аса алыс болмауы керек.

Қазіргі тарихи кезеңде, яғни, XXI ғасырдың басында қазақ халқының ұлттық санасы мен дүниетанымы жаңарып, өзін-өзі тану, өзін басқаға таныту, өзінің бай ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғалары мен ойшылдардың бүкіл дүниеге таныту, бай рухани және мәдени қазынасы әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. Дегенмен, осы заманауи маңыздылығы бар нағыз рухани қайта түлеу мағынасындағы іс-әрекеттердің іргетасы сонау XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының шынайы, халық сүйгіш қызметтерімен астасып жатады. Сондықтан тарихи тамырластықтың көрінісін жандандыру арқылы этностық мәдени мұрамыздың рухани келбетін өзектендіре түсіп, данагөй тұлғалардың есімін халық жадында сақтаумен ұлттық санамызды жаңғырту мен ұлттық бірегейлігімізді қалыптастыру үрдісі қатар жүретінін ескеруге болады. Осы ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықтың арқасында тарихи көпірлер жалғасатыны белгілі. Демек, қазіргі уақытта алдыңғы буын Шығысқа, артқы буын Батысқа қарап тұрған заманда ұрпақтар сабастығы, рухани сабақтастық өз шешімін таппаған мәселе болып қала бермек. Абай атамыз тәлім-тәрбие беретін адам болса, оны қабыл алатындар жоқ емес десе, сол үлгі өнеге болып көрінетін, ағалар тарапынан қандай нәтиже бермек, жас ұрпақ қандай ұстанымға келуде, ойға салмақ түсіп, нені үлгі етуде? Әке мен бала мәселесі бүгінгі күні қайта қарастырылуды қажет етеді, яғни, келешек ұрпақтың бағыт-бағдарына қоғамдағы көзқарасы мен ойы әділ бағаланатынына сенімді жағдай тууы тиіс. Дейтұрғанмен, мазмұны космополиттік, ағайындар сауалдамаларына, осындай, мылтықсыз шайқаста Ұлттық идея жауап беруге тиіс, ал заман биігінен табылуды намыс мұраты ету — ұлттық идеяның күретамыры болып табылады.

Сондықтан ұлттық идея қоғамдық санадағы прогресті қамтамасыз етуші рухани күш. Ол халықтың бұқаралық анасында белгілі бір орын алып қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік-деңгейдегі белгілі бір саяси платформаға, әлеуметтік бағдарлық парадигма шамасына жеткенде ол тұтастанған идеологияға айналады. Ондай тарихи тәжірибені, өзіндік әлеуметтік деректі кеңестік кезеңдегі социалистік, немесе коммунистік идеядан немесе Қытайдағы «мәдени революция» идеяларынан көреміз. Ондай әрекеттер әдетте үлкен зұлматты жағдайларды туындатып отырды. Жоғарыдағы тоталитарлық сипаттағы мемлекеттерде ұлттық идеяның өзі шынайы табиғи қызметінің түрін өзгертіп, барынша жалаң саясаттанған жағдайға дейін жеткенін байқаймыз. Сөйтіп, ұлттық идеяның халық үшін маңызы мен мазмұны сондай ерекше бола тұрып, ол қоғамдық ағымды әр түрлі сағымдық жолдарға түсіріп жіберетіндей қасиеттері-де бар. Ғылымда мұндай процесті «әлеуметтік флуктуация», яғни әлеуметтік ауытқушылық деп бағалайды. Бірақ дегенмен тарихта түп-түзу сызықпен дамыған немесе рухани мәдениеті бір векторда ғана өрбіген ешқандай ел жоқ, барлық халықтар тарихтың соқпақты жолдарында адасулар мен жол табуларды кешті. Тарихи процестің күрделілігі-де, маңыздылығы да осында болып табылады. Сондықтан тәуелсіз еліміздің өз алдына мемлекеттік құрылысын жүзеге асыруда қазіргі заманға сәйкес қоғамды бір арнаға бағыттайтын құдіретті идеяны тауып, сол арқылы әлемдік дамыған мемлекеттердің қатарын толықтыруы сөзсіз.

Әдебиеттер
1. Әбжанов Х. Алаш ұлықтаған ұлттық идея // Егемен Қазақстан; 2008 ж. № 174 (13 маусым).
2. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. — Алматы: Атамұра, 1995.
3. Сейдімбек ________А. Ұлттық идея // Қазақ әдебиеті. — № 33. 15.08.2003ж.
4. Айталы А. Ұлттық идея. — Алматы, 2006.
5. Арын Р. Новая национальная идея — путь к стабильности Казахстана // Вестник КазГУ, Серия политология. 1999. — № 2.

Нүркен Айтымбетов

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?