Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қорғансыз қалған қорғандар

2238
Қорғансыз қалған қорғандар - e-history.kz
Қазақ даласында осы күнге дейін сақталған археологиялық ескерткіштердің көпшілігі біздің ата-бабаларымыз жерленген қорымдар.

Қорғандарды қопару оңай дүние емес, аса қажеттілік болмаса алдымыздағы, аға ғалымдарымыз бұл іске бармаған. Соңғы жылдары ата-бабаларымыз жерленген ескі қорымдарды жаппай қазу, біздің ескерткіштеріміздің қадірін білмейтін бөгде этнос өкілдерінің көптеп енуі көне дәуірдің ескерткішіне деген сакральді көзқарасты мүлде өзгертіп жіберген сыңайлы. Археологиялық әуестенушілікпен жүргізілген қазба жұмыстарынан кейін небір тарихи құндылықтарымыз ашық аспан астында ашық-шашық күйінде қашанға дейін жата бермек?
Қазіргі күні бұрынғыдай тарихшылар, этнографтар, фольклортанушылар қосылып кешенді жүргізілетін іргелі жұмыстар азайды. Біздің көне жәдігерліктер үшін қазақ жеріндегі Алтын адамға байланысты әр даурықпа апатпен тең, себебі әр телешоу жүздеген адамдардың делебесін қоздырып металл іздегіштермен, күрекпен, трактормен «қара археологияны» ескерткіштерге қарай итермелейді. Осы орайда археологияның түбегейлі арманы мен мақсаты алтын іздеу ме деген сұрақ туындайды.
Ресейдің оңтүстігінде қазақ шекарасына жақын орналасқан, қола дәуіріне жататын Арқайым деген қалашық бар. Ресейлік әріптестеріміз қазба жұмыстарын жасағаннан кейін сол орынды әдемі этноархеологиялық қорық-мұражай етіп қойыпты. Туристік базаның ішінде толып жатқан ескерткіштерді қалпына келтірген, шеберханалар жұмыс істеп тұр, киіз үйге кіріп тамақ ішемін, кітап, кәдесый сатып аламын десеңіз, ол да дайын. Қалашықтың бір мұртын ғана қазған, қалғаны сол табиғи қалпы. Әлгіні көріп, адам сүйсінеді.

afd02ee88d3ada69381ac3eab9515113.png

Жолдасбек ҚҰРМАНҚҰЛОВ: Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері
-Әлі күнге дейін елімізде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арналған геофизикалық аспаптар жоқ. Шетел мамандары келгенде озық технологияға негізделген құрал-саймандарын өздерімен бірге ала келеді-де, кетерінде алып кетеді. Бізде археологияға қаншама миллиардтаған, ақша бөлінеді. Алайда сол тарихи ескерткіштерден ашық аспан астындағы мұражай-қорық жасай алмай отырғанымыз — өте ұят жағдай. Қаншама тарихи сыры бар ескерткіштер тас-талқан болып жатқан жайы бар. Осы жағдайды айтар болсам біздің институт екі бірдей министрлікке (Білім мен ғылым және Мәдениет) қарайды. Мәселен, біздің институт жүргізген жұмыстар бойынша толық есеп жазады. Одан арғы қалпына келтіру, сақтау секілді шаруаны Мәдениет министрлігіне қарасты құзырлы мекемелерге тапсырады. Бүгінгі таңда Шірік — Рабат экспедиция-сын басқарамын. Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы бұрынғы Сырдарияның көне қалаларының бірі кеуіп қалған Жаңадариядан сақ патшалығы табылып отыр. Бір кезде бұл жерде өркениетті ел болғандығын дәлелдейтін құндылықтар табылуда. Тым ертедегі кейбір тарихи жәдігерлеріміз, ескерткіштер саз балшықтан соғылған ғой. Ал үстіңгі жамылғысын алғаннан кейін жаңбыр мен қар түгел езіп жіберетін жағдайлар да кездеседі. Ал Қызылорда өңірінде жауын-шашын аз болғандықтан тарихи ескерткіштер сақталып қалыпты.

«Археолог — ескерткішті соңғы көруші адам» деген сөздің жаны бар. Мысалы, Баянауылдағы Торайғыр дейтін көлдің жағасында сақ дәуіріне жататын алып патша қорғаны бар екен. Қорғанның төрт бұрышында бұғының және күннің көзі салынған «бұғы тас¬тар» бар. Әлгі қорғанды археологтар бір емес, бірнеше рет қазыпты да, қорғанды да, бұғы тастарды да қараусыз тастап кетіпті. Не жанына «бұл жерде сақ дәуірінің қорғаны қазылды, бұл жер мемлекеттің қорғауында болады» деген секілді жазу тақтайшасы да орнатылмапты. Қорғанның жанында салынып жатқан спорт кешені үшін шамамен екі метрлік сол үлкен бұғы тастарды үшке бөлген-де, іргетасқа салып жіберген. Сол жердің орманшысы іргетастан бұғының суретін танып қалып, құрылысшыларға айтып, бөліктерін алғызып, қайта құрап қойған екен. Бұндай жағдайдың бәрі жақсылықпен бітсе игі. Көп жағдайда тарихи ескерткішіміз көрінгеннің қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқаны қандай өкінішті.
Археология қара жұмысты қажет еткендіктен, олар көбіне кездейсоқ адамдарды жалдайды, балаларды да тартады. Археологтар көрді қазғанда «аруақ" деген дүниені ескере бермейді. Сол жұмыстарға қатысқан балалардың бір-екеуі шошыма болып келеді, бірнешеуі өз бетімен қорықпай кез келген көрді қазатын «қара археолог» болып шығады. Ал оны ойлап жатқан кім бар? Кандидаттық жұмыс қорғау үшін шамамен елу, ал докторлық жұмысқа жүз шақты оба қазылады. Соңғы кезде, ақша-атақ деген көкейді тескен дүниелер пайда болды.

Қазіргі таңда әлемде неше түрлі химиялық заттар бар. Қазылған жерге сепсе, қатырып тастайды. Алайда бұл да уақытша ғана. Өйткені небір жәдігерлеріміз беті ашылғасын тозып кетіп жатыр. Яғни тоңның астында жатқан дүниелер күннің көзі түссе болды әп-сәтте шіріп кетеді.
Мамандар осы олқылықтың алдын алу үшін «Тарихи ескерткіштерді қорғау туралы» Заңға өзгертулер енгізу қажеттігін айтып, Мәжіліс депутаттарына ұсыныс жолдаған. Өйткені әлі зерттелмеген тарихи мекендерде біздің дәуірімізге дейінгі тіршілік иелері жайлы деректер баршылық. Қазба жұмыстары басталмай тұрып ол жерді не мақсатта және кімдер қазғалы жатқанын, ал біткен соң әлгі жерді сол күйі ашық-шашық тастап кетті ме, әлде соңынан тазалап, тегістеп кетті ме, яғни экологиялық-санитарлық жағынан қадағалауды жергілікті әкімшілік толықтай бақылап, өз назарларында ұстағандары жөн.
Археология ғылымы мұражайлар үшін қызмет жасайтыны анық. Қазір-де тарихи зерттеулер, археологиялық қазбалар жұмысы жүргізіле беруі шарт, тек соңын қоқысқа айналдырып алмау керек. Соңғы уақытта Тараз қаласындағы базарды көшіріп, сол жерде қазба жұмыстары жүргізіле бастапты. Көне шаһарға алғашқы ғылыми қазба жұмыстарын 1920 жылы М. Е. Массон бастаған экспедиция жүргізген. Содан кейін тоқтаған. Неге? Өйткені аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан жерді қазып, ескі қаланың қирандыларын аршу үлкен кешенді жоспарды қажет еткен. Қыруар қаржы керек. Өйткені екі мыңжылдық тарихы бар делінетін көне қаланың орнын бір-екі жылда қазып, мұражайға айналдырып, ел игілігіне ұсынуға облыстың бюджеті-де, ғалым-археологтардың мүмкіндігі-де жетпейді. Қазба жұмыстары сонау 1996 жылы және көтеріліп, көне қаланың орнына барлау жүргізілген. Сол істің аяғы сиырқұйымшақтанып, небәрі екі қазаншұңқыр қазумен тәмам болды. Қазба жұмысы тоқтап, «археологтардың" қарасы өшкен соң әлгі екі қазаншұңқыр жуынды-шайынды мен қоқыс төгетін орынға айналды. Одан да қандай жәдігер болса да жердің астында мұрты бұзылмай, «тыныш» жатқаны болашақ ұрпақ үшін әлдеқайда тиімді еді. Өйткені мамандардың айтуы бойынша, асфальтталған немесе адам аяғымен тапталған жердің үстіңгі қабаты жаңбыр мен еріген қардың ылғалын ел тарихына қажетті деп есептелетін мәдени қабатқа жеткізбейді екен. Ал оны қазып, жәдігерді ашық күйінде қараусыз тастап кеткен жағдайда үгітіліп тұрған мыңжылдық белгілер сыртқы әсерлердің салдарынан (жаңбыр, қар, жел, жуынды-шайынды, күл-қоқыс және т.б.) мүлде жойылып кетеді.

Абыз тарих өктемдік пен өзімбілермендікті көтермейді. 1976 жылы Сиань қаласының маңайында бір топ шаруа құдық қазып жүріп, бірнеше метр тереңдікке құлап түседі. Естерін жиса, жер астында сап түзеген мыңдаған жауынгер тұр!.. Арбаларына, аттарына, қару-жарақтарына дейін бар! Міне, қытай археологтары осы жерді көп жыл бойы қазды. Сөйтіп, қару-жарақ асынған 7 мың сарбаз, 600 ат, 100 арбаның кепкен балшықтан жасалған кескінін тапты. Жалпы аумағы 6 шақырымға жетеді екен. Бұл мысалдың ғибраты неде? Қытайлар осы жерді мұражай ретінде әлі ашпай отыр. Қашан ашатындары да белгісіз. Себебі қызық көру үшін құмырсқадай қаптаған туристер тасқынының екпінінен әлгі балшықтан жасалған «әскерлер» зардап шегіп, бір пәсте үгітіліп, құлап қалуы мүмкін… Осының өзінде қаншама мемлекеттік салиқалы саясат пен дарабоз даналық бар десеңізші! Енді өркениетті әлем Шихуанди бейіті құпиясының ашылуын күтумен жүреді. Оған дейін қытай археологиясы да қазіргіден жетіле түседі, оған дейін Шихуанди дәуірі-де қазіргіден көбірек зерттеле береді. Көне Тараз қаласының орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы мәселе қозғалған кезде-де осындай кемеңгер кемелдікпен «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал болар еді.
Ұлытау — исі қазақтың жүрегін ұлылыққа үндейтін атамекен. Оның аты естілсе көкейге Хан ордасы, Домбауыл, Жошы, Әмір Темір, Едіге, Тоқтамыс, кешегі Кейкі оралады. Ал Едігенің ерлігі туралы қаншама жырлар сақталған. Жергілікті жұрт бұл бабамызға халық батыры деп қана емес, оны әділ би, керемет әулие деп те жүрегінен орын берген. Едіге 1410 жылы Мәскеуді алып, аузы түкті кәпірлерді тізе бүктірген ұлт батыры. Атақты адамдардың дұшпаны да көп. Өзі өлген соң сол қарсыластар сүйегімізді қорламасын деп Шыңғыс хан өз қабірінің үстінен мыңдаған жылқы айдатқан. Ұлы Александр Македонскийдің де моласы белгісіз. Қабанбай батыр «мүрдемді алыс Арқаға апарыңдар» деп кетті деген сөз бар. Ал Едіге балаларына: «Мені Ұлытаудың сонау шыңына жерлеңдер» деп тапсырыпты. Бұл туралы ғалым Шоқан Уәлиханов та жазған екен. Сөйткен Едігенің зиратын орыстар ашып, кейін оны шала-пұла жаба салған. Мәселен, бір кездерде баспасөз бетінде комиссияның бір мүшесі, Ә.Марғұлан атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Жұман ¬Смайылов бұл шыңға алғаш рет 1983 жылы шыққанын, сол кезде-де сүйектердің көрініп жатқанын айтқан еді. Иә, бұл мәскеулік зерттеушілердің моланы жаңылысып ашып, шала жауып кеткенінің куәсі.

Тасын түртсең шежіресі сайрап қоя беретін, Ақмола өңірі түрлі тарихи ескерткіштерге бай, қойнау-қатпары ашылмаған құпияларға толы өңір десек қателеспейміз. Тұнған тарихтың бедерлері мен ерте кездегі адамдардың өмір сүргендігін дәлелдейтін деректерін біртіндеп табылып жатқаны да, Ақмола үңгірлерінің тарихының әріден басталғанын айғақтайды. Зеренді ауданындағы Жыланды тауының теріскей беткейінде орналасқан Үлгілі үңгірі әлі-де зерттеуді қажет етеді.
Расында да, өлкеде туризм кластерін дамыту ең маңызды мәселеге айналған тұста, тарихтан сыр шертетін үңгірлерді зерттеуге неліктен қаражат бөлінбейді екен? Мәселен, Ақмола өңірінде Қобыланды батыр бір жыл қыстаған — Қараүңгір, кезінде казактарға қорған болған Лабан үңгірі,
Кенесары ханның орталық штабы болған үңгірлердің жағдайы адам шошырлық болып тұрғаны алаңдатарлық жайт. Айналасын шашылған қоқыс пен ішімдік шынылары басып кеткен. Ал қабырғалары да шимайланған жазбаларға толы.

Қазылған жерлердің ұлт пен тарих игілігіне жарар қалпында сақталуын, олардың қайтадан қара топырақпен көміліп тасталмай (бұл — археология ғылымында консервация аталатын тәсілдің ең оңай жолы), керісінше — осы заманғы құрылыс материалдарымен жабылып, қорғалуына жағдай жасалса қанекей. Тарихи-мәдени мұраларға жауапты жергілікті мекемелер жіті бақылай отырып, консервация сапасын — атқарылған жұмыстың сапасы мен табылған жәдігерлердің тарихи құндылығын бағамдау-деңгейімен ұштастыра бағалау керек. Өйткені ғасырлар бойы табиғи қалпында «жабулы, қымтаулы» жатқан мұраларды бей-берекет қопару арқылы «көп жоқтың бірін іздеу» желеуімен екі-үш ай қазылып, «уақыттың тығыздығы мен, ақшаның аздығынан» жарым-жартылай зерттелген мұралардың (археологиялық маусым тек жаз айларын ғана қамтиды) жабусыз, ашық аспан астында жел мен жауынның, қар мен қара суықтың өтінде азып-тозып, үгітіліп, көз тоқтатар «көп төбенің" кебін киіп, келесі жылғы «зерттеу нысанына» айналып шыға келуі әбден мүмкін… Бұл дегеніңіз, түптеп келгенде, тарихи мұраның мүлдем жойылып кетуіне және бөлінген қаржының желге ұшуына әкеліп соғатын қатерлі жол. Бұл, әсіресе, ежелгі сәулеттік мұралары көбіне-көп шикі кесектерден (адоба) қаланған туған өлкеміздегі жәдігерлер үшін тым қауіпті. Егер, кірпіш күйдіру технологиясы мен сырлы құмыра (поливная керамика) дайындау тәсілінің өлкемізде тек Қарахандар дәуірінде (ХІ-ХІІІ ғ.ғ.) ғана кеңінен таралғанын пайымдасақ, дәл осы мерзімге дейінгі жауһар жәдігерлер тағдыры тіптен алаңдатпай тұрмайды…

Нұрлан Құмар

http://anatili.kz/?p=20589 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?