Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ әдебиетінің тарихы

16368
Қазақ әдебиетінің тарихы - e-history.kz
М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жаңа 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихын» жасауға кірісті.

Ұлттық әдебиеттану ХХ ғасырдың 80-90 жылдар тоғысында белгілі бір себептер негізінде туындаған идеологиялық қиындықтардың шешімін табу жолында еңбек етуде. Бұл саладағы жұмыс екі бағытта жүргізіліп келеді: идеологизация мен әдебиетке деген таптық көзқараспен қатар, ХІХ және ХХ ғасырлардағы отандық классикаға деген нигилистік көзқарасты жою. Бір уақыттары гуманитарлық ғылым салалары басынан өткерген теориялық дағдарыстың біртіндеп игерілуі әдеби процеске деген тарихи көзқарастың қайта оралғандығын, көне дәуірден бүгінге дейінгі қазақ әдебиетінің тарихын ғылыми негізде қайтадан зерделеп, жаңғыртуға деген ұмтылысты танытады.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жаңа 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихын» жасауға кірісті. Отандық әдебиет тарихын бүгінгі күн тұрғысында қарастыратын іргелі ғылыми еңбек қазірде тек жоғары оқу орындарына ғана емес, сонымен қатар мектептерге де қажет болып отыр. Себебі онсыз жаңа ұрпаққа сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау мүмкін емес.

Әдебиет тарихын жаңадан жасау тек тарихилық принципінің қажеттілігінен келіп туындайтын концепцияға ғана емес, ең бастысы әлем әдебиетінің және ұлттық көркем ой мен мәдениеттің даму заңдылықтарына негізделген. Бұл азаматтық тарихқа немесе мемлекеттің саяси тарихына көзсіз еру емес екендігін көрсетеді, бірақ қоғамның рухани өмірі сол елдің тарихи және саяси-әлеуметтік жағдайымен тығыз байланыста екенін ешкім де жоққа шығара алмас.

Әдебиеттің 10 томдық жаңа тарихы эстетика заңдылықтары тұрғысынан көркем сөз эволюциясы бойынша жаңаша кезеңдерге бөлінетін болады. Бұл қазақ әдебиетінің өз көркемдік дамуында үш үлкен этапты жүріп өткендігін көрсетеді: 1) Абайға дейінгі әдебиет (ежелгі және ортағасырлық кезең); 2) Абай дәуіріндегі әдебиет (жаңа дәуір); 3) Абайдан кейінгі әдебиет (қазіргі кезең).

1 том - қазақ фольклорының тарихы

2 том - ежелгі әдебиет тарихы

3 том - ортағасыр және қазақ хандығы кезеңіндегі қазақ әдебиетінің тарихы

4 том - ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихы

5 том - ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихы

6 том - ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы

7 том - ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы

8 том - ХХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы

9 том - ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы

10 том - тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінің тарихы

Қазірде мынадай томдар дайындалып, баспаға берілді:

1 том - қазақ фольклорының тарихы 

«Қазақ фольклорының тарихы» деген ұғым мен зерттеу дәл өз мағынасында осы уақытқа дейін арнайы түрде күн мәселесіне қойылған емес. Оның бірнеше себебі болды. Біріншіден, ғылымда фольклорды жеке көркем жүйесі бар, көп өзіндік белгілерімен ерекшеленетін руханият деп түсінбей, оны көркем әдебиеттің бір саласы деп ұғыну орныққан еді. Соның салдарынан фольклор тарихы - әдебиет тарихы деп қарастырылып жүрді. Екіншіден, фольклортану ғылымының өзі де көп уақыт бойы әдебиеттанудың ішінде жүрді және сол әдебиеттанудың теориялық, әдіснамалық амал-құралдарына сүйеніп, соларды пайдаланып келді. Әлбетте, одан ол үлкен зиян шеккен жоқ, бірақ фольклордың көптеген қасиетін толық тани алмады. Үшіншіден, әдебиет тарихы жүйелі түрде, кезең-кезеңге бөлініп зерттелді де, фольклор синхронды түрде, бізге жеткен қалпы бойынша сипатталып, оның тарихи даму жолдары, қандай дәуірлерді бастан кешкені ескерілмеді, жеке-жеке жанрлар ғана зерттеліп жүрді. Әрине, фольклордың, дәлірек айтқанда, қай шығарманың нақ қай жылы немесе қай ғасырда туғанын, оның қандай өзгеріске ұшырағанын дөп басып айту мүмкін емес. Сол себепті де бұрынғы Кеңес Одағы тұсындағы ғалымдар да, қазіргі кезеңдегі оқымыстылар да фольклордың тарихын дәуір-дәуірге бөліп зерттеуге көп бармады, ал барған күннің өзінде маркстік-лениндік әдіснамадан шыға алмай, таптық формациялар бойынша қарастыруға мәжбүр болды. Бірақ бұл жол тұрпайы социологияға ұрындырды. Мәселен, 1950-1960 жылдар аралығында орыс фольклортану ғылымында орыс фольклорының тарихына арналған бірнеше еңбек жарық көрді. Бұл кітаптарда фольклордың тарихы феодализм дәуіріндегі, капитализм кезеңіндегі, совет тұсындағы деп жіктеліп қаралды да, әр дәуірлеудің өзі ғасырлар мен нақты жылдарға бөлінді және фольклордың тарихы көркем ойдың даму тұрғысынан емес, әлеуметтік тұрғыдан, езілуші таптың шығармашылық қабілетін дәріптеу мақсатында зерттелді. Кезінде ол еңбектер үлкен сынға да ұшыраған болатын.

 Қазақ ғалымдары да қазақ фольклорының тарихына арналған алғашқы үлкен еңбекті 1948 жылы жарыққа шығарды. Бұл еңбек те (қолжазба күйінде-ақ) кезінде сынға ұшырады, бірақ сын ғылымнан аулақ, саяси-идеологиялық сипатта болды да, аталмыш кітап «зиянды» деп танылып, ғылыми айналымнан алынып тасталды. Ал, шындығына келгенде, бұл еңбек - үлкен жұмыстың игілікті бастамасы еді, өйткені, сол тұстың өзінде-ақ қазақ әдебиетінің тарихын бірнеше том етіп жазу көзделген-ді. Сөз жоқ, бұл кітап - өз дәуіріне тән ғылыми тұжырымдарға сүйенді, сондықтан оның теориялық сапасынан гөрі идеологиялық, саяси ұстанымы басым болды. Дей тұрғанмен, бұл еңбекте фольклордың тарихын жанрлар арқылы зерттеуге талпыныс болғанын айтпасқа болмайды. Мәселен, тоғыз бөлімнен тұратын томның бірінші бөлімі қазақ фольклорының зерттелуіне арналса, содан кейінгі екінші бөлімді пайда болу мерзімі жағынан ең көне деп есептелетін ғұрыптық фольклор мен ескі діни нанымдарға, сондай-ақ шаруашылыққа байланысты туған жанрлар құрайды: салт өлеңдері; мал, шаруашылық туралы өлеңдер; дін салт өлеңдері; наурыз; бақсы сарыны; бәдік, арбау, жалбарыну; жарамазан және жарамазанның батасы; үйлену салт өлеңдері: әдет, салт; тойбастар; жар-жар, сыңсу-жұбату; беташар; мұң, шер өлеңдері: қоштасу, естірту, көңіл айту; жоқтау.

Осыдан әрі қарайғы бөлімдер: ертегілер; батырлық жыры; ғашықтық жырлары; айтыс өлеңдері; шешендік сөздер; тарихи өлеңдер; қазақ совет фольклоры деп берілген. Аталған бөлімдер, негізінен, фольклордың ХХ ғасырға жеткен күйіндегі көркем жанрларды қамтыған, алайда, мұнда ол жанрлардың қай дәуірде қандай күйде болғаны сөз болмайды, неден, қайдан пайда болғаны, қалыптасу барысында нелерге сүйенгені айтылмайды. Сондай-ақ «Қазақ совет фольклоры» деген жеке бөлімнің болуы - зерттеушілердің сол тұстағы одақтық фольклортану мен әдебиеттануға тән ұстанымды басшылыққа алғанын айқын аңғартады. Мәселен, осы бөлімнің тараушалары мынадай: революциялық күрес кезеңіндегі өлең, жырлар; ауылды советтендіру жөніндегі өлең, жырлар; колхоз, өнеркәсіп өміріне байланысты халық әдебиеті; терме, мақалдар; қазақтың халық әдебиетіндегі Ленин, Сталин образы; ерлік туралы жырлар; халық әдебиетіндегі Аманкелді образы; Отан соғысы кезінің жырлары. Көріп тұрғанымыздай, тараушалардағы проблемалар азаматтық тарихтың ізімен, таза әдебиеттану шарттарымен қарастырылған және талданған шығармалардың дені - авторлық өлеңдер мен жырлар. Олар түгелдей таптық, советтік идеология тұрғысынан бағаланып, фольклорға ғана емес, бүкіл әдебиетке тән көркемдік-эстетикалық құндылығы жағынан қарастырылмаған. Сонымен қатар бұл бөлімде сол кездегі концепцияға сәйкес халық ақындары шығармашылығы мен фольклордың ара жігі ашылмай, біртұтас халық әдебиеті деп ұғыну орын алған. Сондықтан Ақмолда, Күдері, Жамбыл, Сәттіғұл, Иса, Нұрлыбек сияқты ақындардың өлеңдері совет фольклоры үлгісінде қаралған. Соның салдарынан бар деп есептелген совет фольклорының өзін дәуірлеу түгелдей дерлік ХХ ғасырдағы тарихи-қоғамдық кезеңдерге сәйкестендіріліп, фольклор өмір ағымына сай жедел өзгеріп отыратын рухани дүние емес екені ескерілмеген. Ал, «совет фольклоры» деген ұғымға келсек, ол көпке шейін ғылымда мойындалып келді.

Совет фольклоры - толыққанды шығармашылық деген тұжырымды халық ақындарының өлеңдері мен жыр, толғаулары негізінде дәлелдемек болған еңбектің бірі - 1955 жылы жарыққа шыққан «Очерки казахской народной поэзии советской эпохи» атты кітап болды. Бұл кітапта жоғарыда айтылған концепциялық кемшіліктер толығымен көрініс тапты, ақындардың ауызша, импровизациямен шығарған өлең-жырлары халық поэзиясы деп танылды, ақындардың айтысы да халық поэзиясының туындысы санатына жатқызылды. Дәл осындай көзқарас кейінгі еңбектерде де орын алды. Мәселен, 1960 жылғы кітапта «Тарихи жырлар» бөлімінде 1916 жылғы көтеріліс туралы халық поэзиясын сөз еткенде ақындардың шығармалары талданады. Ал, 1968 жылы жарыққа шыққан еңбекте «Советский фольклор» деп аталатын тараушада дәстүрлі фольклор жанрларының жай-жапсарына қысқаша шолу жасалып, содан соң Жамбылдың, Исаның, тағы басқа ақындардың импровизаторлық өнері мен өлең-толғаулары туралы жазылады.

Жалпы, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін бүкіл Кеңес Одағы фольклортануында орныққан қағида бойынша еңбекші бұқараның шығармашылығы ретінде жекелеген жыршылар мен сказительдердің ескі фольклорлық дәстүрге негіздеп жырлаған туындылары советтік эпос деп танылды. Сөйтіп, орыс фольклористикасында Марфа Крюкова секілді сказительдер шығарған былиналар, бізде ұлы Жамбыл, Нұрпейіс, Доскей, т.б. ақындарымыз шығарған жырлар фольклор деп қабылданды, ал, оларды зерттегенде әдебиет заңдылықтары басшылыққа алынды. Осы концепцияның айқын көрінісі - 1964 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты еңбек болды. Бұл том түгелдей совет фольклорына арналды да, қазақ совет фольклоры туралы ғылымның даму тарихы; қазақ совет фольклорының даму жолдары деген екі үлкен бөлімді қамтыды, сондай-ақ совет фольклоры есебінде атақты халық ақындарының авторлық дастандары мен поэмалары да қарастырылды. Бір тәуірі - бұл шығармаларды талдағанда зерттеушілер олардың ежелгі фольклор поэтикасының ізімен, дәстүрімен шығарылғанын атап көрсетеді. Әсіресе, шығыс дастандарының үлгісінде туғандарын да, әрі өзіміздің жазба әдебиетіміздің әсерінен жазылғандарын да нақты мысалдар арқылы нанымды дәлелдеген. Ал, советтік өмірді бейнелеген шығармаларды реалистік көркем әдебиеттің талаптары негізінде талдау арқылы ғалымдар халық ақындарының дүниелері фольклорға келе бермейтінін мойындаған деуге болады.

Совет өкіметі кезінде фольклор болды ма, жоқ па, болса - ол қандай еді - деген сауалдар төңірегінде ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында бүкіл одақтық фольклортануда үлкен пікірталас туды. Қорыта келе, «совет фольклоры» деген фольклор болған жоқ, сол ұғымның өзі де қате, ғылыми жағынан дәлелсіз дейтін тұжырым орнықты. Осыған орай есте ұстайтын нәрсе - фольклор деп тек қана ежелден келе жатқан авторы жоқ шығармаларды айту керек пе, әлде әр заманда туып, ел ішінде айтылып жүретін халық шығармашылығын да тану дұрыс па? Біздіңше, дәстүрлі фольклормен қатар бүгінде ел арасына тарап кеткен авторы беймәлім әртүрлі жаңа өлеңдер (әсіресе, қара өлең), мақалдар, әңгімелер мен анекдоттар - халық шығармашылығы ретінде фольклор болып саналуға тиіс. Әрине, бұлар ерте заманнан келе жатқан фольклордан ерекше, мұнда дәстүрлі фольклорлық поэтика жоқ, бірақ халықтық этика мен ұғым-түсініктер бой көрсетеді. Демек, бүгінгі таңдағы халық шығармашылығынан ежелгі фольклорды іздемеу керек. Сонымен бірге заманның, қоғамның талап-талғамына сай  халық шығармашылығының түрі, орындалу мәнері өзгеше болуы ықтимал екенін, сондай-ақ халық шығармашылығы жаңа формада, айталық, отбасылық ансамбль түрінде де болуы мүмкін екенін де ескеру қажет. Қазақ фольклорының тарихын зерттегенде осының бәрі есте болуға міндетті.

Фольклордың өзінің де тарихы, қалыптасу, даму жолдары бар екені, оның әр дәуірде әр түрде болатындығы - бүгінгі күнде күмән туғызбайтын ақиқат. Өткен ХХ ғасырдың өзінде-ақ қазақ фольклорының тарихи кезеңдерін қарастыруға ұмтылыс болды. Мысал ретінде жоғарыда аталған «История казахской литературы» атты еңбектің фольклорға арналған бірінші томын атауға болады. Кітапта «Очерк истории казахского фольклора» деген тарау беріліп, ол төмендегі тараушаларға бөлінген: фольклор времени этногенеза казахского народа; фольклор ХVІ-ХVІІІ вв.; фольклор ХІХ - начала ХХ вв.; советский фольклор. Бұл жерде айтатын нәрсе - қазақ фольклорының тарихын дәуірлеуге ғалымдардың көңіл бөлгенін құптай отырып, дәуірлерді анықтау принциптерімен келісу қиын. Өйткені, мұнда азаматтық тарихтың ізімен жүру шарты қолданылған да, фольклор тарихы майда кезеңдерге бөлініп кеткен, әрі фольклордың ішкі даму заңдылықтары ұмыт қалған, соның нәтижесінде фольклор тарихы әдебиеттің даму жолдарына сай болып шыққан. Рас, бұл еңбекте жекелеген жанрларды  тарихи дамуы тұрғысынан зерделеуге күш салған жәйт бар, алайда, авторлар көбінесе кеңес өкіметіне дейінгі және кеңес тұсындағы деп, екі кезеңді бөле көрсетеді. Бірақ, жалпы алғанда, бұл кітап - қазақ фольклоры - өзіндігі мол мұра екенін, оның өз даму жолдары болғанын алғаш мәселе етіп қойған еңбек болды.

Сонымен, ойымызды қорыта айтар болсақ, қазақ фольклоры - әдебиеттің бастауы бола тұра, өзіндік қасиеттерге де бай. Оның ұзақ тарихын баяндамастан бұрын, фольклордың мәні мен мағынасын ашып, оның теориялық мәселелерін сөз етіп алған жөн сияқты. Алдымен «фольклор» деген не, оның статусы қандай, теориялық негіздері мен жанрлық табиғаты қалай әрі неден көрінеді деген проблемаларды қарастырып, олардың фольклор қалайша және қандай жолдармен қарапайымдықтан көркем сөз өнеріне көтеріліп, бүгінгі заманға жеткен классикалық түріне айналуындағы рөлін көрсету - бұл еңбектің басты мақсаты. Аса көңіл бөліп айтатын нәрсе: бұл монография - оқулық емес. Егер оқулыққа қойылатын талап - ғылымда қабылданған, тұрақты қағидаға айналған тұжырымдар берілуі керек болса, мұнда фольклортанудың әрқилы мәселелері жаңадан жазылған зерттеулердің нәтижесін пайдалана отырып, өзіндік ізденістер мен талдауларға негізделген соны пікірлер ұсынылады, қазақ фольклоры жалпы адамзаттық руханияттың даму заңдылықтары аясында қарастырылып, оның ежелгі түр-сипаты басқа құрлықтардағы ХХ ғасырға дейін көне рулық-тайпалық салтта өмір сүрген жұрттардың рухани мәдениетімен тарихи-стадиялық әрі тарихи-типологиялық әдістермен  салыстыру арқылы анықталады.

Оқырман назарын мына жағдайларға да аударуды жөн санаймыз. Бұл еңбекте жанрлардың зерттелу тарихы баяндалмайды, оған жеке зерттеу жұмысын арнау керек. Кітаптың мақсаты - ұлттық фольклорымыздың даму жолдарын көрсету, оның жекелеген  жанрларының туу, қалыптасу, өркендеп-өзгеру үдерістерін айқындау. Әрине, бұл жерде белгілі дәрежеде шарттылық болатыны күмәнсіз, өйткені қай жанрдың болса да пайда болған мезгілін дәл осы уақыт деп кесіп айту қиын. Сондықтан бір жанр бір дәуірде қарастырылса, ол нақ сол кезеңде туған деп түсінбеу керек, себебі ол жанрдың бастауы бұрыныраққа барады, ал қалыптасуы, немесе өркендеуі  сол қарастырылып отырған шаққа дөп келеді. Айталық, «Қазақ хандығы тұсындағы фольклор» құрамында қаралатын  кейбір жанрлар тап сол заманда тумаған,  олар ертеректе пайда болып, хандық кезінде өркендеп, көркем фольклорға айналған. Сол сияқты «Жаңа дәуірдің» де біраз жанры өз бастауын орта ғасырда алып, көркемделіп дамуын ХVІІІ-ХІХ жүзжылдықтарда басынан кешірген. Сонымен бірге бұл дәуірде жаңа  жанрлар мен шығармалар да өмірге келіп отырған. Ал, ХХ ғасырдағы фольклор туралы сөз болғанда жаңадан пайда болғандармен қатар бұрынғы жанрлардың  өзгергені, жаңа сипатқа ие болғаны айтылады.Тағы бір ескертетін нәрсе: еңбектің құрылымында бірізділік сақталмағандай көрінуі мүмкін. Оның себебі үлкен жанрларға жалпы сипаттама беріледі де, олардың ішкі шағын жанрлық түрлері жеке тараушаларға бөлінеді. Мәселен, дастан жанрын сөз еткенде оған жалпы сипаттама беріліп, ал ішкі шағын түрлері «діни дастандар», «хикаялық дастандар», «ғашықтық дастандар» деп бөліне, жеке қарастырылады. Басқа да үлкен жанрларға осы шарт қолданылды. Және үлкен жанрларға жататын кейбір шығармалар жеке талданды, ондағы мақсат - фольклордың сөз өнеріне айналғанын, оның өнерлік қасиеттерін көрсету болды.

Ұжымдық монографияның жазылуы барысында  жаңа зерттеулермен қатар ертеректе жазылған белгілі ғалымдар З.Ахметов, Б.Уахатов, Д.Шалабеков еңбектері де ықшамдалып пайдаланылды. Мұның себебі, біріншіден, олардың жұмыстарында әлі күнге құнды тұжырымдардың болуы, екіншіден, ғылымда әрқашан жалғастық болатындығы. Әрине, кітаптағы айтылған кейбір ойлар мен пікірлер, тұжырымдар даулы болуы да мүмкін, кей тұстары күмән тудыруы да ықтимал. Бұлай болуы орынды, себебі қазақ фольклоры нақ осы тұрғыда зерттеліп көрген емес және ешбір елде фольклор тарихы арнайы түрде бұлайша жүйелі сипатта әлі күнге дейін зерделенген жоқ. Егер ғалымдар мен мамандар тарапынан ескертпелер, тілектер айтылып жатса, авторлық ұжым оған түсіністікпен қарап, ризашылығын білдіреді.

 Еңбектің тараулары мен тараушаларын жазған ғалымдар: ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Қасқабасов («Кіріспе», «Қазақ фольклоры: статусы мен теориялық негіздері», «Ежелгі замандағы рухани мәдениет: жалпы сипаты», «Орта ғасырлардағы фольклор: жалпы сипаты», «Жаңа дәуірдегі фольклор: жалпы сипаты», «Миф», «Хикая», «Этиологиялық ертегі», «Қиял-ғажайып ертегі», «Хайуанаттар туралы ертегі», «Батырлық ертегі», «Ғашықтық жыр», «Аңыз», «Әпсана», «Хикаят», «Новеллалық ертегі», «Сатиралық ертегі», «Тарихи жыр: жалпы сипаты», «Кенесары туралы тарихи шығармалар», «Лиро-эпикалық (балладалық) жыр», ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Бердібай («Көне эпос», «Батырлық жыр: жалпы сипаты»); филология ғылымдарының докторы, профессор  Ш.Ыбыраев («Көне эпос»); ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор З.Ахметов,филология ғылымдарының кандидаты Б.Ақмұқанова («Қазақ хандығы кезеңіндегі фольклор» тарауына «Мақал-мәтел»); филология ғылымдарының докторы, профессор  Б.Абылқасымов («Арбау», «Бәдік», «Бақсы сарыны»); филология ғылымдарының докторы, профессор К.Матыжан («Үйлену ғұрып фольклоры», «Балалар фольклоры», «Жаңылтпаш»); филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Керім («Егіншілік жөніндегі фольклор», «Жұмбақ», «ХХ ғасырдағы фольклор» тарауына «Мақал-мәтел»); филология ғылымдарының докторы Б.Әзібаева («Дастан: жалпы сипаты», «Хикаялық дастан», «Діни дастан», «Ғашықтық дастан»); филология ғылымдарының докторы М.Жармұхамедұлы («Қыз бен жігіт айтысы», «1916 жылғы көтеріліс туралы фольклор»); филология ғылымдарының докторы Б.Уахатов («Наурыз мейрамы мен фольклоры», «Қара өлең», «Тарихи өлең»); филология ғылымдарының докторы, профессор А.Сейдімбек («Күй аңызы», «Қара өлең»); филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Қоңыратбай («Түркі қағанаты кезіндегі фольклор», «Тарихи аңыз»); Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты,  доцент А.Тоқтабай («Наурыз мейрамы мен фольклоры»,  «Қымызмұрындық тойы мен өлеңдері»); филология ғылымдарының кандидаты Д.Шалабеков («Жұмысшылар фольклоры»); филология ғылымдарының кандидаты С.Сәкенов («Тарихи жыр»); филология ғылымдарының кандидаты Ж.Ахметжанова («Тарихи өлең»); филология ғылымдарының кандидаты С.Дәрібаев («Егіншілік жөніндегі фольклор»); филология ғылымдарының кандидаты Р.Әлмұханова («Жарапазан», «Оғыз-қыпшақ дәуіріндегі фольклор», «Алтын Орда тұсындағы фольклор», «Алпамыс батыр», «Айтыс: жалпы сипаты», «Мысал айтыс», «Шешендік сөз»); филология ғылымдарының кандидаты, доцент П.Әуесбаева(«Әңгіме»); фольклортану бөлімінің ғылыми қызметкері  Д.Жақан («Жерлеу ғұрпының фольклоры», «Қобыланды батыр», «Лирикалық өлең», «Өлең»); фольклортану бөлімінің ғылыми қызметкері А.Тойшанұлы («Терімшілік пен аңшылыққа қатысты фольклор», «Мал шаруашылығына байланысты фольклор», «Арбау», «Жалбарыну», «Алғыс (бата)», «Қарғыс», «Ант», «Едіге», «Әлеуметтік-сүйіспеншілік дастан»). Кітапты баспаға дайындауға институттың ғылыми қызметкерлері Д.Жақан мен А.Тойшанұлы, Д.Рахметова қатысты.


2 том - ежелгі әдебиет тарихы 

 Әдебиет өмір шындығының көркем бейнесі десек, әдебиет тарихы да халық тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірінің жарқын көрінісі, елеулі бір саласы ретінде көркем сөз өнері ел тарихымен бірге қалыптасып дамыды. Адам санасы, ой-өрісі мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиет адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз ақиқат.

Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з. д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да бұрынғы кеңес кезіндегідей XV ғасырдан емес, одан арғы дәуірден - көне заманнан басталады. Сол себепті ұлттық әдебиет тарихының негізгі мәселелерінің бірі дәуірлеу болып табылады. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін екі мың жылға жуық тарихы бар қазақ әдебиетінің бүкіл елімізге ортақ дәуірлеу мәселесі қолға алынбаған еді. Бұл проблемаларға байланысты тоталитарлық жүйенің өзге ұлттардың тарихының даму процесін кеңестік тарихпен ғана байланыстырған біржақты ұстанымдарына қазіргі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан батыл тойтарыс бере отырып, қазақ әдебиетінің көне заманнан бүгінгі күнге дейін дамуының өзіндік ерекшеліктерін есепке алу негізінде әдебиет дамуының кезеңдерін халықтың жалпы тарихи даму процесін дәуірлеуден бөлек алып қарауға болмайды. Қазақстан аумағындағы феодалдық мемлекет кезеңі VІ ғасырдан басталып, ХХ ғасырға дейін созылған ұзақ мерзімді қамтыды. Қазақ әдебиеті тарихының өткен дәуірлері де осы қоғамдық құрылыстың негізгі даму кезеңдері - қалыптасуы мен нығаюы, дамып өркендеуі, дағдарысы мен тоқырауы, қайта дамып күшеюі, ең соңында, құлап ыдырауы сияқты тарихи жолдарына сәйкес келеді және де осы қоғамдық даму процесінің ерекшеліктеріне толыққанды сипаттама жасайды.

Қазақ әдебиетінің жүздеген ғасырлар бойғы дамуының әр тарихи дәуірлерін бажайлағанда әр кезеңді бір-бірінен даралап тұратын өзіне тән белгілері мен қасиеттерін, жанрлық, көркемдік ерекшеліктерін анықтап алу қажет. "Ежелгі дәуір және орта ғасырлардағы әдебиет" ұжымдық монографиясында қазақ әдебиетінің көне заманнан ХІ ғасырға дейінгі аралықты қамтыған кезеңі көне дәуір, ал ХІІ ғасырдан бастап, Қазақ хандығы құрылған XV ғасырға дейінгі кезең орта ғасыр кезеңі деп аталады. Көне дәуірдегі түркі жазба әдеби ескерткіштеріне сақ-ғұн дәуіріндегі әдебиет туындылары, түркі және қытай халықтарына ортақ мәдени мұралар, Иран мен Тұран әлеміне ортақ әдеби шығармалар, түркі-моңғол бірлігі заманындағы әдеби мұралар, көне түркі әдебиетіне жататын Орхон-Енисей руна жазба ескерткіштері, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі әдебиет мұралары - "Қорқыт ата кітабы", құмандардың "Кодекс Куманикус" жазба туындысы, "Оғызнама" дастаны, Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттің көрнекті өкілдері Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" ("Құт әкелетін білім") еңбегі, Махмұд Қашқаридің "Диуани луғат-ит-түрік" ("Түркі сөздерінің жинағы") кітабындағы аңыздар мен әпсаналар, әдеби-поэтикалық үзінділер енеді. Бұл шығармалардың барлығын дерлік түркі халықтарының ортақ рухани байлығы деп бағалаған жөн. ХІ-ХІІ ғасырлар түркі халықтарының жазба әдебиетінің туып, қалыптасуымен байланысты болса, әрі бұл аралық кезең қазақ халқының қалыптасуы алдындағы дайындық кезең болғандығын да ескеру керек.

Біздің заманымызға дейін сақталып жеткен көне түркі әдебиетінің жазба ескерткіштерін көрнекті түркітанушы ғалым Х.Көроғлы шартты түрде екі топқа бөліп көрсетеді: руна жазуымен бедерленген тарихи-эпикалық туындылар және көне соғды жазуына барып тірелетін ұйғыр жазуы пайдаланылған этикалық-дидактикалық шығармалар. Түркілер ислам дінін қабылдағаннан кейін көне түркі әдебиетіндегі ұйғыр жазуы біртіндеп ығыстырылып, араб жазуы кеңінен қолданысқа енді.

Руна жазуындағы тарихи-эпикалық түркі жазба ескерткіштерінің ең көне үлгілері түркі халықтары тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткерлері, ержүрек қолбасшы Күлтегін  туралы  Кіші және Үлкен жазулар, Шығыс түркі қағанатының атақты қағандарының бірі Білге қаған туралы және оның кеңесшісі әрі әскер басы Тоныкөкті мадақтауға арналған жазулар Солтүстік Монғолиядағы Орхон өзенінің бойынан табылғандықтан "орхон жазба әдеби ескерткіштері", ал Енисей өзені бойынан табылған жазулар "енисей жазба ескерткіштері" деп аталады. Көне түркі әдебиетінің бұл көне үлгілері құлпытастарға қашап жазылғандықтан руна жазулары деген атқа ие болған.

Күлтегін және Тоныкөк жазба ескерткіштерінде түркі қағанаты құрыла бастаған кезден VІІІ ғасырдың басына дейінгі тарихи оқиғалар әңгімеленеді. Шығыс түркі қағанатының құрылуы мен нығаюы,  түркі халқының Қытай билеушілер құлдығынан құтылуы, қаһарман қолбасшы Күлтегін мен басқа қағандардың, қағанның дана кеңесшісі әрі әскербасы Тоныкөктің сыртқы жауға қарсы әскери жорықтары баяндалады. Халық қошеметіне бөленген батырлар мен қағандарды дәріптеу, олардың ерлік істерін қаһармандықтың үлкен өлшемі ретінде мадақтау - Орхон ескерткіштеріне тән басты белгілер. Жазулардағы мәтіндер ел билеушілері мен халықты ата-бабаның арман-мұратына адал болуға, мемлекет басқарған қағандармен ауыз бірлікте болуға, елдікке, адамгершілікке шақырады, түркі мемлекетінің беріктігі мен біртұтастығын өзекті идея етеді. Орхон жазба әдеби ескерткіштері көне заманда Орталық және Орта Азия мен Оңтүстік Сібірді қамтыған ұланғайыр аумақта түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ кең тараған әдеби тілі мен дамыған жазба әдебиеті болғандығын толық дәлелдейді. Көрнекті түркітанушы-ғалым И.В.Стеблева сөзімен айтсақ: "Күлтегін мен Тоныкөк жазуларын жанрлық жағынан тарихи-батырлық поэмаларға жатқызуға болады ғой деп ойлаймыз. Жазуларға патетиканың, замандастар мен ұрпақтарына үндеудің мол болуы оларға ұтымды күш пен нанымдылық беріп тұрады ". Ғалымның Орхон жазуларын әдеби көркем туынды ретінде қарау жөніндегі бұл пікірін құптау керек. Себебі, Күлтегін және Тоныкөк жазба ескерткіштеріндегі теңеу, эпитет, гипербола сияқты көркемдік бейнелеу құралдары мен мақал-мәтелдер бұл жазулардың көркем шығарма екендігін айғақтай түседі. Екінші жағынан алғанда бұл жазуларда өмір шындығын тарихи оқиғалар негізінде баяндаумен қатар әсірелеп суреттеп, тарихи-көркем шығармаға ыңғайлы етіп жазу анық байқалады.

ҮІІІ-ІХ ғасырларда Түркі қағанаты дәуірінде оғыз-қыпшақ тайпаларына ортақ тілде жазылған ерлік эпостары - «Қорқыт ата кітабың мен «Оғызнамең дастаны сол замандағы қазақ ұлыстарының  өмір шындығын бейнелеумен ерекшеленеді.

Қарахан мемлекеті тұсындағы немесе ислам дәуірі (Х-ХІІ ғ.) деп аталатын тарихи кезеңді түркі халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихындағы қайта өркендеу дәуірі деуге болады. Әл-Фарабидің «Риторикаң, «Поэзия өнері туралың, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрікң («Түркі сөздерінің жинағың), Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігің, Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикметің («Ақыл кітабың), Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырғани кітабың және т.б. осы дәуірдің зор жетістігі болып табылады. Бұл туындылар орта ғасырдағы түркі жазба әдебиетінің өркендеп, ілгері дамуына өлшеусіз үлес қосты.

XІІІ-XV ғасырларда Дешті Қыпшақ даласында авторлық ауыз әдебиеті суырып салып өлең шығару, ауызша орындау және ауыздан-ауызға берілу түрінде дамып өркендеді. Оның басты ерекшеліктері ретінде авторының болуын, мәтінінің біршама тұрақтылығы мен мазмұнының нақтылығын, шығарманың адресаты - арналған адамның болуын, сондай-ақ шығарма стилінде автордың даралығының болуын, оның өзінің "менін" көрсетіп отыруын атау керек.

Бізге жеткен авторлық поэзияның ең ертедегі үлгісі XІІІ-XV ғасырларға жатады. Бұл - "Ұлық жыршы" атанған Кетбұға (XІІІ ғ.) жырларының үзінділері. Олардың өмірбаяндары мен шығармашылықтары туралы деректер өте жұтаң және негізінен аңыз күйінде жеткен. Мазмұны мен жанры жағынан әр түрлі мәтіндер сол дәуірдегі Алтын Орда қоғамының рухани өмірінде ақындар мен жыраулар басым болғанын дәлелдейді.

Ең әуелде олар отбасындағы өлеңші болып дамыған, содан соң ру ішіндегі жыршы сарбаз ретінде танылып, отбасылық-тұрмыстық, қоғамдық маңыздағы тақырыптарда суырып салып өлең шығаратын бүкіл елге белгілі жыр жүйрігі дәрежесіне көтерілген. Олар ақын атағын бірнеше айтысқа қатысып барып, әйгілі ақындардың бірін жеңгеннен кейін ғана ақын атағына ие болған. Сонымен қатар ақындар әскери жорықтарға да, қоғамдық істерге де қатысумен бірге салт-дәстүрлердің тамаша білгірлері ретінде адам өмірінің маңызды кезеңдеріне байланысты әр түрлі ырымдар мен  әдет-ғұрыптар атқарған, ел тарихындағы маңызды оқиғалар мен атақты адамдар және т.б. туралы жырлар шығарған. Мұндай туындылар арасында мадақ арнаулар да, әскери үндеулер де,  жоқтаулар мен толғаулар да және т.б. суырып салма жыр үлгілері болған.

Осындай естірту жырының бірі - Шыңғыс хан заманында өмір сүрген  Кетбұға ақынның жыры. Жыр мәтінінің үзінділерін XІІІ ғасырда араб тарихшысы Ибн әл-Асир жазып алған. Ол ұлық жыршы Кетбұға мен ұлы билеуші Шыңғыс хан арасындағы өлең диалогы түрінде берілген.

Бұл жолдардан үлкен көркемдік іздері аңғарылады. Қайғылы оқиға тура айтылмай, астарланып, айшықталып жеткізіледі. Қаза  тапқан кейіпкер де бейнелі түрде суреттеліп, "терек", "құлын", "аққу" деп аталады. Ал ұлынан айырылған адамның жай-күйі дәл беріліп, психологиялық параллелизм, метафоралар, эпитеттер мен теңеулер арқылы сипатталады. Мұнда автордың да, мезгілсіз қаза тапқан кейіпкердің де, қайғы жұтқан әкенің де көркем бейнелері бар. Лирикалық психологизм белгілері де айқын көрінеді. Осының бәрі келтірілген мәтінді жеке шығармашылық туындысы ретінде қарастырады.

Бір ғажабы, бұл жыр көп өзгермеген және неғұрлым толық күйінде Жезқазған облысы қазақтарының арасында қазіргі кезге дейін айтылып келеді, олар өздерінің ата-тегін нақ Кетбұғаға апарып тірейді және оны жоғарыда айтылған жырдың авторы деп санайды. Кетбұға есімі өз кезінің беделді биі ретінде ХҮ-ХҮІ ғасырларда өмір сүрген атақты жырау Доспамбет шығармаларында да кездеседі  ("Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?!").

Дешті Қыпшақ даласының  әйгілі ақындарының бірі болған Қотан шежірелік аңыздарға сәйкес арғын тайпасының негізін қалаушы болып табылады, ал екінші бір деректер бойынша Қотан (Қодан, Кодон, Кодян) - половец-қыпшақ хандарының бірі (Мадиярлардың Венгрияға қоныс аударуын басқарған жетекшілерінің бірі де Котян деп аталған).

  Қотан шығармаларының бірнеше жолы ғана сақталған, ол оның ұлы Ақжолдың (бір нұсқада Дайырқожа) қарақыпшақ Қобыланды батырдың қолынан қаза табуына байланысты шығарылған жоқтау өлеңінің үзіндісі табылды.

Жырда қайғы үстіндегі қарт әкенің ұлын "құлыным" деп жоқтаған зарлы үні, бір сәтте өне бойын жайлаған қасірет пен өкініш, аяныш пен өзін кінәлаған жай-күйі терең сезіммен берілген.

Ақжолдың (Дайырқожа) Әбілқайыр хан тұсында барлық даулы  мәселелерді әділ шешкені үшін Ақжол атанып, атақты би болғаны мәлім. Ол 1456 жылы өлген. Егер оның әкесі сол кезде тоқсанға таянғанын ескерсек, Қотан ақын 1370 жылдарда туған деп жорамалдауға болады.

XІІІ-XІV ғасырларда Дешті Қыпшақтың әйгілі жыршыларының бірі - Сыпыра жырау Сұрғантайұлы өмір сүрді. Ауыз әдебиеті дәстүрі біздің заманымызға Сыпыра жыраудың қиын кезеңде өзінен ақыл-кеңес сұраған Алтын Орданың сол кездегі билеушілеріне арнаған бірнеше толғау-монологын жеткізді. Бұл толғау-монологтарда жырау билеушінің өзін, оның ата-бабалары мен төңірегіндегілерді сипаттап, қалыптасқан жағдайға баға берген, болашақты болжап, содан кейін ақыл-кеңесін айтқан. Оның қиын жағдайда өзінен көмек сұрап, хандармен жауласқан батырларды бітістіру мақсатында жырлаған толғаулары белгілі. Бұл толғаулар Сыпыра жыраудың негізінен мәңгілік  жыршы және бітістіруші болғандығын дәлелдейді. Сыпыраның Едіге туралы эпоста бейнеленген Тоқтамыс ханға арнаған өлеңі оның толғауының классикалық үлгісі болып табылады. Арнау жырда Сыпыра жырау алдымен өзін таныстырған соң өзінің Тоқтамыстың сегіз атасын, соның ішінде Шыңғыс ханды да көріп-білгенін айтады, олардың әрқайсысына тиісінше мінездеме береді. Содан кейін  Едігенің Тоқтамыстан қашуы кездейсоқ емес екендігін,  оның Темірмен одақ құрып, қайта келіп соғыс ашуы мүмкін екендігін жырлайды. Сонымен бірге жырау Тоқтамыстың күйзеліске ұшыраған ұлысы мен тұтқынға түскен қыздары мен әйелдерінің тағдырын әдемі суреттейді. Бұған жол бермеу үшін Сыпыра жырау Тоқтамысқа Едігеге елші жіберіп, онымен татуласуға, ал сонан соң оны алдап өлтіруге кеңес береді.

Сыпыра жыраудың толғауы нақты ақындық сипаттамалар мен бейнелі сөздерге толы. Жырау Едіге жүріп өтуге тиісті жерлерді  айшықты суреттеп, тарихи тұлғаларға бейнелі анықтамалар береді. Тоқтамыстың алдында айтылған бұл толғау Сыпыра жырау өміріндегі соңғы толғау болды және шамамен 1390 жылы айтылған. Егер аңызға сүйенсек, сол кезде жырау 180 жаста болған, яғни Сыпыра жырау шамамен 1210 жылы туған деп санауға негіз бар. Бұл оның өзі айтқандай Шыңғыс ханды шынында да көріп-білген деген сөз.

Алтын Орда дәуірі тек қана қиратып-күйретумен ғана емес, сонымен қатар қалалардың өсуімен, сыртқы саяси және сауда қызметінің жандануымен, жазу-сызу мен әдебиеттің дамуымен сипатталады. Бұрынғы мәдени дәстүрлер қайта түлеп, Солтүстік Кавказды қоса алғанда, Дешті Қыпшақтың, Орта Азия мен Еділ бойындағы барлық этникалық топтарға ортақ жаңа мәдениет қалыптасты. Бұл кезеңде ресми монғол-қыпшақ қос тілділігі орын алғанымен қыпшақ тілі анағұрлым кең тарады. Араб және парсы тілдері де кең қолданылды. Алтын Орда мен мәмлүктік Мысырда көркем әдебиеттің басым бөлігі қыпшақ тілінде жасалды.

Ең елеулі әдеби шығармаларды негізінен сарай төңірегіндегі талантты ақындар жазған, олар әдетте мемлекеттік қызметте немесе билеушілер жанында болып, өз туындыларын көбінесе билеушілерге арнаған не оларға сыйға тартып отырған.

Алтын Орда дәуірінде (ХІІІ-ХҮ ғғ.) Қыпшақ даласындағы түркі халықтарының әдебиеті мүлдем жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Сол кезеңде жасалған туындылар арасында  "Кодекс Куманикус"  сияқты авторы беймәлім ескерткіштерді, сондай-ақ Хорезмидің "Мұхаббат-наме", Құтбтың "Хұсрау-Шырын", Сәйф Сарайдың "Гүлистан би-т-түрки", Дүрбектің "Жүсіп-Зылиха", Рабғузидің "Қиссас-ул әнбия" атты шығармаларын және т.б.  ерекше атап көрсетуге болады.

"Кодекс Куманикус" (XІV ғ.) - Жоңғар қақпасынан Дунайға дейінгі ұлан-байтақ жерді қамтыған қыпшақтар үстемдігі кезіңде туған еңбек. Оған көркем әдебиеттің үлгілері де енгізілген. Мазмұны мен құрылымы жағынан бұл еңбек - Ордаға түрлі мақсаттармен келген және латынша білетін европалықтарға, сондай-ақ, латынша білгісі келген қыпшақтарға (парсыларға да) арналған арнайы сөздік және қыпшақ тілінің оқулығы іспетті. Сөздік екі бөлімнен тұрады. Түркітанушылардың пайымдауынша, оларды түрлі мақсаттар көздеген бірнеше автор жазған. Итальяндықтар жазған болуы мүмкін деген бірінші бөлім жақсы ойластырылған үш тілді латын-парсы-қыпшақ (құман) сөздігі болып табылады. Бұл бөлім қолжазбаның 110 бетін қамтиды.

Одан әрі бірнеше бетте "аudіo" ("есіту") сөзінің бірнеше түрі берілген. Мұның өзі сөздікті лексикография принциптерін жақсы білген және Дешті Қыпшаққа келіп, тіл жөнінен қиналған адамдарға көмек көрсету мақсатын ғана көздеген адам құрастырғанын байқатады. Ғалымдардың пікірінше, бірінші бөлімді құрастырушы латыншаны өте жақсы білген, ал құман-қыпшақ тілі жөнінде бұлай деп айтуға болмайды.

"Кодекс Куманикустың" екінші бөлімін негізінен алғанда фольклорлық материалдар құрайды. Олар: жергілікті ертегілер, аңыздар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар және христиан уағыздары мен Мария ананың, Христос пен оның апостолдарының өмірі туралы аңыздар. Бөлім қолжазбаның 161 бетін қамтиды, оны тегінде миссионерлік мақсатпен немістер құрастырған болса керек. Бұл бөлімде көптеген сөздер құман-неміс тілінде, ал өзге лексикалық ұғымдар құман-латын тілінде берілген. Мысал ретінде келтірілген мәтіндер, сондай-ақ сөздер сол кездің тілін ғана емес, сонымен қатар Дешті Қыпшақтың көркемдік мәдениетін де сипаттайды. Сөздер мен сөз тіркестерін айтпағанның өзінде, көптеген жұмбақтар, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер мен қанатты сөздер қазіргі қазақ тілі мен фольклорында сақталған.

XІV ғасырдың басында Насреддин Рабғузидің халық арасында "Қиссас ул-әнбия" деген атпен көбірек мәлім "Қисса-и Рабғузи" деген қолжазба кітабы пайда болды. Қолжазба ғасырлар бойы бірнеше рет көшіріліп,  көптеген көшірме нұсқалары көптеген елдерге тарады. ХҮ ғасырға жататын ең ерте нұсқасы Британ мұражайында сақтаулы. Ол 1990-1991 жылдары Ташкентте басып шығарылды.  Автор Мауараннахрда, Рабати Оғыз деген жерде туған (оның Рабғузи деген бүркеншік аты да содан шыққан).

Кітап Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың өмірі мен олардың бастан кешкен оқиғаларын және Мұхаммедтің өзі мен мұсылман халифтарының өмірін баяндауға арналған. Онда дүниенің жаралуы туралы, жер жүзін топан су басуы туралы және Жер бетінде жаңа тіршіліктің басталуы туралы мифологиялық әңгімелер, түрлі аңыздар, ертегілер мен мысал әңгімелер бар. Жекелеген хикаялар ерте орта ғасырлардағы тарихи оқиғаларға, мысалы, ат-Табари "Тарихына" барып тіреледі.

"Қисса-и Рабғузиге" енгізілген шығармаларды идеялық-тақырыптық мазмұны бойынша үш топқа бөлуге болады: а) дүниенің, аспанның, жердің пайда болуы туралы, адамның, жануарлардың,  жын-шайтандардың және басқа да тіршілік иелерінің шығуы туралы әңгімелер; ә) пайғамбарлар мен халифтар, әулиелердің өмірі туралы хикаялар, шығыс нақылдары, халық аңыздары мен ертегілері; б) хижраның алғашқы он жылындағы негізгі оқиғалар тізбегі, жылдардың, айлар мен күндердің атаулары туралы, мұсылман күнтізбесіндегі айтулы күндер  туралы мәліметтер. Осылардың бәрі ислам діні тұрғысынан баяндалады. Бірақ мұнда халықтың дүниетанымы мен кейіпкерлерді фольклорлық дәріптеу айқын байқалады. "Қисас ул-әнбия" құран сюжеттерін, уағыздары мен сүрелерін баяндап беретін танымал прозалық шығарма ғана емес, онда автордың үлкен дарын иесі екенін дәлелдейтін дидактикалық әңгімелер мен өлеңдер көп. Бұл ретте Жүсіп пен Зылиха туралы хикаяттағы махаббат сипатындағы өлең жолдары ерекше назар аударарлық. Ал құран хикаялары мен аңыздарының сюжеттері адамдарға түсінікті, тартымды да қарапайым тілмен баяндалған. Олардың діни ғана емес, танымдық мағынасы да зор, оларда өмір шындығы мен уақыт белгілері көрініс тапқан. Кітапта түркі халықтарының ғана емес, хикаяттарда айтылатын басқа халықтардың да әдет-ғұрыптары туралы мәліметтер бар.

Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі шығармалардың бірі - "Хұсрау-Шырын" дастаны, оның авторы - шыққан тегі қыпшақ Құтб ақын. Ақын өмірі туралы толық мәліметтер жоқ. Оның 1330-1340 жылдарда Ақ Орданың астанасы - Сығанақ қаласында туып, өз дастанын сонда жазғаны, бұл туындысын билеуші Тыныбек пен оның әйелі Мәлике ханымға арнағаны мәлім. Автор дастанының түпнұсқасын билеушіге тарту еткен болуы мүмкін, өйткені ақын билеушіден өзін қызметке қабылдауды өтінгенде әмірші Құтбтың тілегін орындаған. Алайда Тыныбек елді ұзақ билеген жоқ, кейбір деректер бойынша - 1337 жылдардан 1340 жылға дейін, басқа деректерге қарағанда 1342 жылғы наурыздан 1343 жылдың басына дейін ғана билік еткен. Сарай төңкерісі нәтижесінде Тыныбекті өз інісі Жәнібек өлтірген, ал Құтбтың одан арғы  тағдыры туралы деректер жоқ.

Негізінен Құтб өз дастанын 1341-1342 жылдарда жазып бітірген. Қолжазбаның бірнеше көшірмесі болса керек. Дастанның бір көшірмесін қыпшақ ақыны Берке Факих (Берке ибн Беракез ибн Едгу Қыпшақи) Мысырға алып кетіп, онда 1383 жылы өзінің туысы Құттықожаның өтінуімен дастанды қайта көшіріп жазған, бұл қолжазба қазір Париждің ұлттық кітапханасында 312-нөмірмен сақтаулы. Оның Парижге қалай жеткізілгені жұмбақ күйінде қалып отыр. Алеппода (Александрияда) болған қолжазбаның Наполеон экспедициясының Солтүстік Африкаға жорықтары кезінде әкетілген болуы әбден мүмкін. Ғалымдар XX ғасырда нақ осы қолжазбаны ғылыми айналымға енгізді және ол қазір де зерттелуде.

Құтбтың "Хұсрау-Шырын" дастаны Низамидің осы аттас дастанының сарыны бойынша назира үлгісінде жазылған. Құтб Низами поэмасының бүкіл желісін сақтап, негізгі эпизодтары мен басты кейіпкерлерін өзгеріссіз қалдырған. Низами сияқты ол да өз дастанында шексіз таза махаббат пен мінсіз билеуші тақырыптарын өрбітеді. Екі тақырып та шексіз берілген махаббат - адам мен қоғамның жетілуіне бастайтын негізгі кілт, махаббат - адамды тазартып, оған ізгілік беріп қана қоймай, оны өзгертетін де сезім деген идеяға сүйенеді.

Әділ билеуші және мінсіз (ізгі) қоғам идеясы халықтың утопиялық хикаяларында және Ибн Сина, әл-Фараби мен басқа да ойшылдардың ғылыми трактаттарында ежелден сөз болып келген болатын. Ол Фирдоусиде, Құл Ғалиде, Низамиде көркем көрініс тапты. Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастаны Құтб үшін тікелей дерек көзі  болды, сондықтан да екі ақында мінсіз билеуші мен әділетті қоғам тұжырымдамасы үндесіп жатады. Құтб пен Баласағұнидың ойларынша, халықты дана әрі әділ адам басқаруға тиіс, ол ең алдымен халықтың игілігін ойлап, өз маңындағы адамдарға, ұлықтар мен шенеуніктерге қатаң бақылау жүргізуге және қиянат жасағаны үшін оларды аяусыз жазалауға міндетті. Егер әмірші мұндай болмаса, ол ел қарғысына ұшырайды.

Құтб "Хұсрау-Шырын" сюжетін көркемдік жағынан дамытуда Низамиді барлық жағынан қайталамайды. Құтб кейіпкерлердің диалогтарын қысқаша береді, сондай-ақ ирандық өмір шындығын түркілік тұрмыс сипатымен ауыстырады: сасанид билеушілерінің емес, Алтын Орда хандарының өмірі мен тұрмысын көрсетеді, Дешті Қыпшақ табиғатын суреттейді. Құтб өз кейіпкерлерінің, әсіресе әйел кейіпкерлердің бейнелерін әйелдердің өмірдегі ролін түркілік түсінікке, Алтын Орда дәуіріндегі әйелдердің нақты қоғамдық жағдайына сәйкес бейнелейді.

Хорезми Равандидің "Мұхаббат-наме" атты лирикалық поэмасы XІV ғасырдағы көркем әдебиеттің тамаша үлгісі болып табылады. Оның авторы мен поэманың жазылу тарихы туралы мәліметтер туындының өзінде бар. Онда Хорезмидің көп саяхат жасағаны, Рум (Византия) мен Шамда (Сирия) болғаны және "Мұхаббат-намені" Ақ Ордада тұрған кезінде Сырдария жағасында 754 жылы (хижра бойынша), яғни 1353-1354 жылдарда бітіргені айтылады. Автордың өзі жазғандай, поэма қоңырат бегі Мұхамедқожаның өтініші бойынша жазылған. Ол 1342 жылы ағасы Тыныбекті өлтіріп, төңкеріс жасау барысында таққа келген Жәнібек ханның туысы.  Жәнібек елді 1342-1357 жылдары билеген.

Біздің заманымызға дейін жеткен Хорезми қолжазбалары көшірмелер болып табылады. Зерттеушілер кейінгі кезге дейін "Мұхаббат-наменің" екі көшірмесі сақталған деп санап келді: бірі - араб, екіншісі ұйғыр қарпімен жазылған, екеуі де Британ мұражайында сақтаулы. Алайда түрік ғалымдарының жинақтаушы еңбегінде "Мұхаббат-наменің" Стамбул кітапханасында тағы да екі көшірмесі бар екені айтылады.

"Мұхаббат-наме" - орта ғасырлардағы түркі әдебиетіндегі түрі мен мазмұны жағынан жаңа үлгідегі туынды. Ол ғашық жігіттің өз сүйіктісіне жолдаған хаттары түрінде жазылған. Поэма бірнеше бөліктен тұрады: құдіреті күшті жаратушыға жүгіну, поэмаға тапсырыс берген Мұхамедқожа бекті мадақтау, сүйіспеншілік өлең хаттары, рақым жасауды өтініп, құдайға  қайта жалбарыну, өзін-өзі сипаттау және өзі туралы әңгімелеу. Сүйіспеншілік хаттар мен жекелеген бөліктер арасында автордың тыңдаушылар мен шарап құюшыларға арналған сөздері беріледі. Поэманың мазмұны таза махаббатқа құрылған. Лирикалық кейіпкер 11 өлең хат жолдайды, оларда өз сүйіктісін көркем суреттеп, оған өзінің ғашықтық сезімін білдіреді, оның сырт келбетін бейнелеп, мінез-құлқын сипаттайды.

Хорезмидің "Мұхаббат-наме" поэмасы Дешті Қыпшақтың рухани мәдениетінде қарапайым адамның жоғары сезімін жырлайтын жаңа әдебиеттің негізі қаланғандығын айшықтады.

Жалпы алғанда, көне түркі  және орта ғасырлар әдебиеті бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ әдебиеті қызметін атқарды. Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттен бастап түркі нәсілді халықтар түркі поэзиясының ежелден қалыптасқан өлең үлгілерін, жыр нұсқаларын ортақ пайдаланды. ХІІ ғасырдағы сопылық поэзияның негізін салған Қожа Ахмет Йасауидің "Диуани хикметіндегі" ақындық дәстүр өрнектері одан кейінгі Қазақ хандығы тұсындағы әдебиетте жалғасын тауып, XVІ ғасырдағы Бабыр жырларымен сабақтасты. Сол сияқты ХІ ғасырда өмір сүрген көрнекті түркі ақыны, ойшылы Жүсіп Баласағұнның "Құтты білігіндегі" жыр өлшемі Ахмет Йүгінекидің "Ақиқат сыйы" жинағындағы бәйіттерге  түр жағынан ғана емес, мазмұн мен идея жағынан да үндесіп, жалғасып жатты. Орта ғасырлардағы әдебиет туындыларынан түркі поэзиясының ортақ дәстүр бойынша дамып, өркендегені анық байқалады.

 Он томдық "Қазақ әдебиеті тарихының" 2-томында ежелгі дәуір әдебиеті мен орта ғасырлардағы көне түркі жазба ескерткіштері, Қарахандықтар тұсындағы және Алтын Орда заманындағы әдебиет тұтастай қамтылып, жан-жақты зерттелген. Бұрындары зерттелген шығармалармен қатар кейбір көркем туындылар ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отыр. Зерттеу барысында тек қазақ тіліндегі ғана емес, түркі халықтары тілдеріндегі, араб, парсы, орыс, Батыс Европа тілдеріндегі ежелгі қазақ әдебиетіне қатысты дерек көздері пайдаланылды.

Томда ежелгі әдебиет тарихының хронологиялық шегі анықталып, негізгі даму кезеңдері айқындалған. Соның нәтижесінде әдебиетіміздің тарихи дәуірдегі әдебиетке қатысты жәдігерлер, көне түркі әдебиеті,  Қарахандықтар тұсындағы әдебиет және Алтын Орда әдебиеті деп төрт кезеңге бөлініп қарастырылып, әр бөлімнің алдында кезең әдебиеті туралы кіріспе мақалалар берілген. Монографиялық тарауларда көне түркі жазба ескерткіштері - "Күлтегін", "Тоныкөк" жырлары, "Қорқыт Ата кітабы", "Оғыз-нама" дастаны талданып, ежелгі әдебиеттің көрнекті өкілдері М.Қашқари, Ж.Баласағұн, А.Иасауи, А.Иүгнеки, С.Бақырғани, Хорезми, Рабғұзи, С.Сараидың шығармашылықтары жан-жақты зерттелген. "Кодекс куманикус" атты қыпшақ тіліндегі сөздік әдеби ескерткіш тұрғысынан қаралған. Әлидің "Нахджул-Фарадис" атты шығармасы алғаш рет ғылым объектісіне айналды. Жалпы, көп ғасырлы көркем даму үрдісі сақ-ғұн дәуіріндегі әдебиет, Түркі-Қытай арасындағы мәдени мұралар, Иран мен Тұран әлеміне ортақ рухани мұралар, Түркі-Моңғол бірлігі заманындағы мәдениет аясында қарастырылып, орта ғасырлардағы қазақ даласында ислами әдебиеттің қалыптасуына әкелгені туралы тұңғыш рет арнайы түрде зерттелді. 

Томда ежелгі қазақ әдебиетінің маңызды кезеңдері тарихи жүйелікпен алғаш рет кең көлемде және кешенді түрде қамтылған.

Томды жазуға қатысқандар: ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.А.Қасқабасов және филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.С.Қорабай («Кіріспе»), филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жармұхамедұлы («Оғыз-наме», «Ахмет Иасауи»), филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Келімбетов («Сақтардың қаһармандық дастандарың, «Алып Ер тоңға», «Шуң дастаны», «Ғұндардың батырлық жырлары», «Аттиллаң дастаны», «Көк бөрің дастаны», «Ергенекон» дастаны», «Түркі қағанаты тұсындағы әдебиет»), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Бердібай және филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ыбыраев («Қорқыт Ата кітабы»), филология ғылымдарының докторы, профессор [А.Қ.Егеубаев] («Қарахандықтар тұсындағы әдебиет», «Жүсіп Баласағұн», «Махмұт Қашқари»), филология ғылымдарының кандидаты Т.Қыдыр («Сүлеймен Бақырғани»), филология ғылымдарының кандидаты С.Қосан («Кодекс Куманикус»), филология ғылымдарының кандидаты А.Әлібекұлы («Сақ-ғұн заманынан жеткен әдеби сарындар», «Хуастуанифт» әдеби жәдігері»), А.Әбдірәсілқызы («Әл-Фараби») филология ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының кандидаты Г.Құрманғали («Ахмет Иүгнеки»).

4 том - ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихы.

"Жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің даму заңдылықтары (ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезі)" ғылыми-зерттеу жобасының нәтижелері "Қазақ әдебиеті тарихының" төртінші, бесінші, алтыншы томдарына топтастырылды. "Қазақ әдебиеті тарихының" төртінші томында ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдеби процестерге талдау жасалды. Сол кезеңдегі әдебиеттің даму ерекшеліктері сарапталып, белгілі сөз зергерлерінің мұралары зерттелді. Кітапта халық әдебиеті мен жыраулар поэзиясының сол кезеңдегі жай-күйі және жаңа әдебиеттің өркендеу жолына ұласу заңдылықтары қарастырылады.

Қазақ халқының ХІХ ғасырдағы әдебиетінің шынайы рухы, ұлттың азаттығы мен елдің тәуелсіздігі жолындағы өзекті арқауы, көкейкесті мүддесі патшалық Ресейдің отаршылдығы тұсында да, Советтік саясат жылдарында да жеткілікті деңгейде ашылмай, айтылмай келген еді. Бірқатар ақындардың шығармашылығы кеңестік идеология қалыбымен жаңсақ бағаланып отырды. Бұл кітапта қазақ әдебиетінің ерекше тегеуірінді, рухы асқақ, идеялық-көркемдік шарықтау дәуірі - ХІХ ғасырдағы ішкі жаңғыру заңдылықтары тарихи шындық тұрғысынан сараланып отыр. Көркем әдебиет пен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың сабақтастығы, сонымен қатар ұлттық әдебиеттің халықтық қасиеті тұңғыш рет ғылыми түрде негізделіп, басты сипаттары мен заңдылықтары дәйектелді. Көптеген ақындардың мұралары қайта қаралды, архивтерде тұмшаланып жатқан деректер назарға алынды, жаңа көзқарас тұрғысынан бағаланды. Тәуелсіздік алғанға дейін әдебиет тарихындағы орны жете сараланбай келген Көтеш Райымбекұлы, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы сынды бірнеше ірі ақындардың шығармашылығына назар аударылды. Шал Құлекеұлы, Махамбет Өтемісұлынан бастап бірқатар көрнекті тұлғалардың туындылары арнайы талданды.

ХІХ ғасырда қазақ халқының жаңа әдебиеті қалыптаса бастады, әдебиет жанрлық, көркемдік шеберлік тұрғыдан іштей түлеп, тақырып аясын барынша кеңейтті, қоғамның тарихи құбылыстарына қарай күрделі көркемдік сипат алды. Әдеби процестің осындай заңдылықтары қазақ қауымының қоғамдық-әлеуметтік жағдайларымен бірегей сабақтастықта қарастырылды.

Қазақ әдебиеті тарихының ең бір құнарлы, дәстүрі берік, мазмұны бай кезеңі ХІХ ғасыр. Бұл ғасыр үлкен-үлкен құбылысты оқиғаларға да, күрделі де шиеленісті әлеуметтік тартыстарға да толы болғандығы дүние тарихының парақтарынан да белгілі. Ондай тарихи кезең құбылыстары қазақ даласына соқпай өткен жоқ. Қазақ елі бұл кезеңде де ауыр күндерді басынан кешті. Он сегізінші ғасырдың аласапыран дәуірінің зардаптары жалғаса түсті. "Ақтабан шұбырынды" атанған зарлы заманнан өткен қазақ жұрты, қазақ хандығы тағы да бір қилы заман, қиын кезеңге аяқ басты. Сол дәуірдің оқиғалары мен тарихи шындығы, негізінен, қазақ әдебиеті шығармаларында көрініс тапты. ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлттық әдебиетін дәуір шындығынан бөліп қарау мүмкін емес. Бұл кезеңде әдебиет пен халық тарихы біте қайнасып, кірігіп кеткендей еді. Соған орай әдебиет те жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Қазіргі әдебиеттануда "жаңа дәуір әдебиеті" деп атала бастаған бұл кезеңдегі әдебиет шынында да тарихи алғышарттары мен себеп-салдарларына орай дәстүрлі арнадан шығып жаңа сипаттарға ие бола бастады. Жыраулық әдебиеттің мектептері, әдеби дәстүр уақыт талаптарына сәйкес соны көркемдік соқпақтарға ойысты. Қоғамдық-әлеуметтік мәселелер, саяси тақырыптар, күнделікті қауым тірлігіндегі жақсылы-жаманды көріністер тікелей әдеби шығармалардың өзекжарды саздарына, көкейкесті сөзіне ұласып отырды.

Тарихи шындық пен көркемдік шындық арасындағы сабақтастық бұрынғыдан да айқын көрінді. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің заңдылықтарын сол кезеңдердегі қазақ халқының тарихымен сабақтастықта қарау қажеттігі осындай әу бастан жаратылысы бір көркемдік құбылыстардың ішкі бірлігінен туындайды.

Осы кезеңдегі елдік құрылымдық күйреу қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірін біржола басқа арнаға бұрған еді. ХІХ ғасырдағы Евразия кеңістігіндегі тарихи реформалар қазақ әдебиетінің де болмысына бетбұрысты өзгерістер әкелген.

Қазақ даласында ХІХ ғасырда патшалы ресей отарлаушылары жүргізген саяси-әлеуметтік өктемдік пен басқару жүйесіндегі реформалардың себеп-салдарлары сол кезеңдегі қазақ әдебиеті шығармаларынан да жан-жақты көрініс тапты. Көкірегі ояу ақын-жырау, сөз ұстаған би, шешендер ұлттың мұңын, ұлттың келешегін болжаған күңіреністі көзқарастарын толғады. Хандық басқару жүйесі ыдырағаннан кейін, үздік-создық ұлт-азаттық қозғалысына ұласқан наразылық жалпыхалықтық қуатты күшке айналып кетуге түрлі ішкі-сыртқы жағдаяттар кедергі болса да, халықтың мұң-мүддесі тарихи жыр, дастан, толғауларда буырқанып көрінді. Бұрқ етіп басталып, езіп-жаншылып, қайта бас көтеріп өршіп отырған ұлт-азаттық қозғалыс тарихының ұзақ мерзімді кезеңдерінде ақындардың сөзі, ұлттық әдебиет мұраты ғана өз жолынан да, жүрісінен де жаңылған жоқ.

Осы аласапыран кезеңдердегі қазақ әдебиетінің шығармаларын тереңдеп талдап тану, ұлттық әдебиеттің жаңа дәуірінің қалыптасуы мен даму заңдылықтарын тарихи сабақтастықта зерттеу ел тарихының қастерлі беттерін ашады. ХІХ ғасыр әдебиеті өткен ғасырлардағы ұлттық сөз өнерінің өрнегін, дәстүрін сақтаумен бірге көркемдік құралдарын байытты, жаңа сипаттар дарытты. Әдеби шығармалар жанрлық жағынан да, көркемдік бітімі турасында да, идеялық мазмұны жөнінен де көп ілгеріледі. Зерттеу барысында осы дәуірдегі көптеген әдеби мұралар жаңа қырынан қарастырылды, бұрын белгісіз болып келген, әлде арнайы талдауға түрлі себептермен мүмкіндік болмаған шығармалар мен ақын-жазушылар мұралары ғылыми айналымға қосылды. Дулат, Шортанбай мұраларына қазақ халқы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тереңдеп үңіліп, ашық жазуға мүмкіндік туды.

Соған орай қазақ әдебиеті тарихының ең бір тынысты, мазмұнға бай кезеңі - ХІХ ғасыр шығармаларын шартты түрде екі кезеңге бөліп қарауға тура келеді. Демек, ХІХ ғасырды еңсеріп ХХ ғасырдың советтік дәуіріне аяқ басқан алғашқы ширегін қамтитын ұлттық әдебиеттің жаңа дәуір әдебиеті кезеңі үш дәуірге сұрыпталып қарастырылмақшы. Бірінші кезең - ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет, екінші кезең - ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет те, үшінші кезеңі ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі әдебиет деп желіленді. Ұлттық әдебиеттің бұл үш белесі негізінен қазақ ақын-жазушыларының, зиялы қауым өкілдерінің елдік құрылымды, мемлекеттік тәуелсіздікті, елдік әдебиетті көксеп, сол жолда жанын салып ізденіп жұмыс істеген, ашық саяси күреске бел шешіп кірген тұсы. Бір ғасыр бойы жүрген ұлт-азаттық күресі мен ұлттық азаттық аңсары ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қозғалысына барып ұласты. Қазақ әдебиеті мен қазақ елінің тарихында бұрын-соңды мұндай азаматтық-саяси бағыты айқын тегеуірінді дәуір болған емес. Алашорда қайраткерлерінің саяси күресі есіл кетіп, қазақ елінің кейінгі тағдыры советтік заманға жалғасқандығы мәлім.

Қазақ әдебиеті тарихының төртінші томындағы зерттеулер мен талдаулар ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы (1800-1850 жылдар аралығындағы) әдебиеттің даму заңдылықтарын қамтиды. "ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті" атты шолу мақала осы кезеңдегі әдебиет тынысына сараптама жасап, негізгі бағыттары мен көркемдік ерекшеліктерін көрсетуге арналды. ХVІІІ ғасырдың соңында дүниеге келіп шығармашылық ізденістері ХІХ ғасырда көрінген ақын-жыраулар мен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүріп, әдеби шығармалар жазған тарихи тұлғалардың өмір жолы мен әдеби қызметі ғылыми айналымға ұсынылды. Отыздан аса ақын-жыраулар мұралары қарастырылды. Сол кезеңдегі әдебиеттің даму тынысының өзіндік ерекшеліктері сипатталып, негізгі заңдылықтары зерделенді, он бес ірі суреткерлердің шығармашылық портреттері жасалды.

Әдетте әдебиет тарихына қатысты академиялық басылымдарға шығармалары жете зерттеліп, зерделенген, белгілі бір ғылыми тұжырымды көзқарас қалыптасқан тұлғалар қосылатындығы белгілі. Қай ғасырда да қазақ ақын-жыраулары, көркем сөз шеберлері көп болғандығы да шындық. Бұл ХІХ ғасыр әдебиетіне де қатысты жай. Қолжазбалары мұрағат қорларында сақтаулы, мерзімді баспасөзбен бірді-екілі кітаптарда шығармалары тиіп-қашып жарияланған, немесе мұралары жарық көрсе де зерттеліп, бағалана қоймаған ақын-жыраулар тіпті көп. Кейбірінің әдеби-көркем мұралары ауқымды болып келсе, енді біреулерінің үш-төрт, әлде оншақты өлеңдері мен айтыстары ғана сақталып қалған. Тәуелсіздік алған жылдардағы егемендік пен еркіндік бұл салаға да өз жаңалағын әкелді. Көптеген ақын-жыраулар әдеби айналымға қосылды. Сонымен бірге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әр ауылдан ақындар мен батырларды атап-түстеп, дәріптеу үрдісі басталды. Бұл көбінесе жер-жердегі әуесқой әдебиетшілер мен әдебиет жанашырлары тарапынан шашыраңқы, стихиялы түрде жүрді. Кейінгі жылдарда арнайы ғылыми мамандандырылған экспедициялар шығару дәстүрі мүлде тоқтап қалғандықтан, ел ішінде бастау алған әдеби мұраларды жинап-насихаттау мақсатындағы талаптардың бәрі бірдей ғылыми тұрғыда тиісті деңгейде нәтиже бере бермейді. Міне, осындай себептермен, жеткілікті зерттеліп, белгілі бір ғылыми тұжырым түйіп үлгермегендіктен ақын-жыраулардың енді бір қатарының шығармаларын академиялық зерттеу кітабына қосудың реті келмеді. Бұл әдебиеттану ғылымының үздіксіз жалғаса беретін, кезең-кезеңімен атқарылатын төл ісі. Енді бірқатар ақындардың есімдері мен шығармалары аталып, қысқа мағлұматтар ұсынылды.

"Жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің даму заңдылықтары (ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезі)" ғылыми-зерттеу жобасы авторларының құрамында көрнекті әдебиетшілер мен белгілі әдебиет зерттеуші мамандар атсалысты. Төртінші томды жазуға ғылыми жобаның жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ.Егеубаев ("Кіріспе", "ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму заңдылықтары", "Көтеш Райымбекұлы"), филология ғылымдарының докторы, профессор Ж. Ысмағұлов ("Шал ақын Құлекеұлы"), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.С. Қирабаев ("Жанақ Сағындықұлы"), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ. Жұмалиев, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.А. Қасқабасов ("Махамбет Өтемісұлы"), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Жұмалиев ("Шернияз Жарылғасұлы"), филология ғылымдарының докторы, профессор Ә. Дербісалин ("Шөже Қаржаубайұлы"), филология ғылымдарының кандидаты

Қ.Сыдиықов ("Абыл Тілеуұлы", "Нұрым Шыршығұлұлы") филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Тілепов ("Қобылан Бөрібайұлы"), филология ғылымдарының докторы, профессор С.Негимов пен филология ғылымдарының кандидаты Н. Ахат ("Орынбай Бертағыұлы"), филология ғылымдарының докторы, профессор М. Жармұхамбетов ("Шортанбай Қанайұлы"), филология ғылымдарының докторы, профессор М. Жолдасбеков пен әдебиетшілер К.Ахметова, М.Төлепбергенов ("Ұлбике Жанкелдіқызы"), филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.С.Қорабай ("Сабырбай Ақтайлақұлы"), филология ғылымдарының кандидаты Қ.Раев ("Дулат Бабатайұлы"), Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкері С. Қамшыгер ("Түбек", "Сүйінбай Аронұлы") қатысты. Зерттеу жұмысында еңбектері ғылыми айналымға тартылды.

Социалистік реализм әдебиеті тұсында жазылса да ғылыми құндылығын жоғалтпаған, әдебиеттану тарихында маңызды орын алатын бірді-екілі еңбектерді ғылыми айналымға қосқанда, кезінде кеңестік идеология тұрғысынан айтылған байламдарды қайта қарап, тиісті жерінде ғылыми сипатына нұқсан келмейтіндей етіп редакциялап ұсынуға тура келді. Әйтсе де ондай тұстар өте аз кездеседі.

Қазақ әдебиетінің қарастырылып отырған кезеңі туралы бұған дейін жарық көрген зерттеулер мен ғылыми еңбектердің маңызы өте жоғары. "Қазақ әдебиетінің тарихы" атты тарихи мәні тәлімді академиялық көптомдықтың (Алматы, 1960) бірінші томының кіріспесінде, әдебиет зерттеу саласындағы еңбектерге арнайы байсалды талдау жасалған сүбелі тарауларында қазақ әдебиетінің тарихын ежелгі дәуірлерден бері байыптап саралаған зерттеуші ғалымдар мен олардың кітаптары мен талдауларына кең көлемді шолу ұсынылып, лайықты баға берілген. Ол ғылыми мағлұматтар мен кітаптарды түгел тізіп қайталап жатудың реті жоқ деп ойлаймыз. Әрине, социалистік реализм әдісін ұстанған тұста жарияланған зерттеу жұмысының өзіндік саяси сипаты бар екендігі анық, әйтсе де қазақ әдебиетінің тарихына қатысты сараланған ерекше бай мұралар мен деректер, тұлғалы қаламгерлердің талантты толғамдары мен терең танымдық көзқарастары ұлттық әдебиеттану ғылымының қастерлі қазынасы. Өткенді мансұқтау өзектен үзілу. Сөз болып отырған "Қазақ әдебиетінің тарихы" атты академиялық көптомдық, басқа талантты еңбектер де әдебиеттану ғылымының айналымынан түспейтіні, әлі де талай зерттеу жұмыстарының өзегіне айналуы күмәнсіз. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде де әдебиет тарихы, оның ішінде ХІХ-ХХ ғасыр әдебиеті тарихы мен теориясы жайлы бірқатар іргелі зерттеу кітаптары жарық көрді. Олардың негізгілері қосымша бөлімде ұсынылып отырған қысқаша библиографиялық көрсеткіште тізілді.

ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы әдеби мұралардың қолжазбаларына ғылыми сипаттамалар мен библиографиялық көрсеткіштерді әзірлеуге институттың Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкерлері Т.Берікболов, С.Қамшыгер, Ж.Керімбек, А.Сейітова, аспиранты Қ.Мұқашева қатынасты.

 5 том - ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихы.

«Қазақ әдебиеті тарихының» бесінші кітабы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдеби даму заңдылықтарының басты ерекшеліктерін саралап көрсетуге, сол кезеңде өмір сүрген ақындардың мұраларын талдап зерделеуге арналды.

Сонымен, он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» төртінші - бесінші кітаптары тұтас бір ғасырдың әдеби тарихын қамтиды. Бұл ғасыр әдебиеті өз уақытына сай жедел дамыған, жаңғыру үрдісі кең, мазмұны барынша бай әдебиет болуына орай, әр жылдарда оның тарихи-теориялық мәселелері де жан-жақты зерттеліп отырды. Академиялық зерттеу еңбектерінің ішінде 1961 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» үш томдығының екінші томының тұтас бір кітабы осы ХІХ ғасыр әдебиетінің тарихына арналған еді. Осы кезеңнің әдеби мұралары өткен ғасырдың өзінде көрнекті зерттеушілердің жарыққа шығарған жинақтарында жарияланды. В.В. Радловтың «Түрік рулары әдебиетінің нұсқалары» атты кітабы (1870 ж.), Я. Лютштің «Қырғыз хрестоматиясы» (1883 ж.), А.Е. Алекторовтың «Қырғыз хрестоматиясы» (1889 ж.), Ы. Алтынсаринның «Қырғыз хрестоматиясы» (1879 ж.), «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» (1911 ж.), т.б. бірнеше кітаптарда қазақ әдебиетінің ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы шығармалары баспа бетін көрді. Бұл басылымдардың бәрі де қазақ әдебиетінің тарихында елеулі із қалдырды, әрі олар ХІХ ғасырдың екінші жартысында баспа бетінде шыққан еді.

Ғалымдар мен әдебиетшілер осы кезеңдегі әдебиет тарихына арналған еңбектерін әр жылдарда жариялап жұртшылық назарына ұсынып отырды. Бұл орайда С. Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931 ж.), «Қазақ әдебиеті» (1932 ж.), С. Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932 ж.), «ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942 ж.), М.Әуезов, М. Жолдыбаев, М. Қаратаевтың «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (1933ж.), т.б. еңбектер күні бүгінге дейін мәнін жоғалтқан жоқ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты академиялық көптомдық зерттеу еңбегі әдебиет тарихын, оның ішінде ХІХ ғасыр әдебиетінің мұраларын зерттеудегі межелі бір белес болса, одан кейінгі кезеңдерде де ХІХ ғасыр әдебиеті жайында белгілі ғалымдардың, қаламгерлердің зерттеу еңбектері мен көзқарастары түрлі деңгейде жарияланып келді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет тынысын зерделеуге арналған бесінші томда бұрынғы зерттеу жұмыстарына да методологиялық тұрғыдан назар аудара отырып, көптеген әдеби мұралар жаңа көзқарас тұрғысынан бағаланды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдарында рухани дүниенің жаңғыруына, әдебиетті жаңа ұлттық таным өресінен тануға ұмтылыс басымдықпен жүргені аян. Сол мақсатта көптеген бұрыннан мағлұм шығармалар мен авторлардың дүниетаным тұжырымдары тарихи шындыққа сәйкес талданды. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен қазақ қоғамының тарихы арасындағы жанды байланысқа баса назар аударылып, содан туындайтын көркемдік шындық пен тарихи шындықтың аражігіне көңіл бөлінді. Жаңа әдебиет пен дәстүрлі әдебиеттің өзара үндестігі мен көркемдік-эстетикалық бағыттарының аражігі ескеріліп сөз болды. Ғасырдың екінші жартысында пайда болып ұлттық әдебиетті әлемдік мәдени процесс биігіне көтерген Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев тұлғалары мен олардың әдебиеттегі мәртебелі реформаторлық қызметіне арнайы тоқталып өту қажеттігі бүгінгі таңда аса айқын көрінді. Сондықтан да, ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтіп, өресін биіктеткен бұл ұлы жаңашыл дарындардың дәстүр жалғастығы ХХ ғасырда да қанат жайды.

Абай мектебі, Абай дәстүрі мен дүниетанымы ХІХ ғасырдың соңынан бастап жаңа қазақ әдебиетінің алтын арқауына айналды. Осы кезеңде қазақ әдебиеті жанрлық, түрлік тұрғыдан, мазмұн мен халықтық мұрат жағынан жедел өсіп өркендеді. Әдебиеттің поэтикасы байыды, тәжірибесі молықты. Баспасөз бен әдебиет байланысы артты. Қоғам мен әдебиет аралығындағы байланыс барынша айқындық сипат алды. Әдеби байланыс өрістеді. Тұтастай алғанда, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен соңына қарай әдебиет жаңа сипаттармен толысып, ұлттық сананың сара көрінісіне жол ашты. Қазақ әдебиеті тарихының бесінші томы осындай әдеби даму арналарының басты-басты сипаттарына ден қоюмен ерекшеленеді.

Бесінші томды әзірлеуге әдебиеттанудың көрнекті мамандары ат салысты. Жас әдебиетшілер еңбектерімен қоса, осы дәуір заңдылықтары туралы терең із қалдырған ірі зерттеушілердің көзқарастары мен еңбектері де ұжымдық зерттеу ісінде өзіндік орнын тапты. Көптеген ақындардың шығармалары мен өмірбаян деректері туралы қысқа тұжырымды шолу дәйектері ұсынылды. Он алты көрнекті ақынға арнайы монографиялық сымбаттамалар әзірленді. Бесінші томның алғы сөзін, ғылыми шолу мақаласын («ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті») филология ғылымдарының докторы, профессор, зерттеу жобасының жетекшісі А.Қ. Егеубаев жазды.

Монографиялық тарауларға ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор З. Ахметов пен ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Қасқабасовтың («Абай Құнанбаев»), академик З. Ахметовтың («Шоқан Уәлиханов», «Шәңгерей Бөкеев»), ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Ысмайыловтың («Біржан Қожағұлұлы», «Әнші-ақындар, сал-серілер»), филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р. Бердібайдың («Мұсабек Байзақұлы», «Құлыншақ Кемелұлы», «Ергөбек Құттыбайұлы»), профессор Ж. Ысмағұловтың («Ыбырай Алтынсарин», «Нұржан Наушабаев»), филология ғылымдарының докторы, профессор Н. Келімбетовтің («Шәді Жәңгіров»), филология ғылымдарының докторы А. Нұрқатовтың («Ақан сері Қорамсаұлы»), филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жармұхамедұлының («Базар жырау Оңдасұлы», «Қожабай Тоқсанбайұлы», «Серәлі Еруәліұлы»), профессор М. Жармұхамедұлы мен Т. Әлбековтің («Айтыс»), филология ғылымдарының кандидаты Қ. Сыдиықовтың («Ақтан Керейұлы»), филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Әбілқасымов пен филология ғылымдарының кандидаты С.Қожағұлұлының («Әсет Найманбаев»), филология ғылымдарының докторы, профессор У.Қалижанның («Ақмолла Мұхамедиярұлы»), филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаровтың («Мұрат Мөңкеұлы»), филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ә. Оспановтың («Майлықожа Сұлтанқожаұлы»), филология ғылымдарының кандидаты Б.Ердембековтің («Әріп Тәңірбергенов») атты зерттеулері қосылды.

Сондай-ақ томды баспаға әзірлеп, библиографиялық көрсеткіштерді түзуге Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкерлері Ж. Керімбек, А. Сейітова, аспирант Ж. Күжіманова мен аға лаборант З. Тоқсанбаева қатысты.

6 том - ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы.

«Қазақ әдебиеті тарихының» алтыншы кітабы ХХ ғасырдың басындағы әдеби даму заңдылықтарының басты ерекшеліктерін саралап көрсетуге, сол кезеңде өмір сүрген ақындардың мұраларын талдап зерделеуге арналды.

Сонымен, он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» төртінші - бесінші, алтыншы кітаптары тұтас бір дәуірдегі әдеби процестің ішкі-сыртқы заңдылықтарын сарлап көрсетеді де социалистік реализм әдебиеті алдындағы көркемсөз шежіресін қамтиды.

Бұл белесті кезең де әдебиеттің өз уақытына сай жедел дамыған, жаңғыру үрдісі кең, мазмұны барынша бай әдебиет болуымен ерекшеленеді. Әр жылдарда оның тарихи-теориялық мәселелері де жан-жақты байсалды зерттеліп отырды. Академиялық зерттеу еңбектерінің ішінде 1961 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» үштомдығының тұтас бір кітабы осы ХХ ғасыр әдебиетінің тарихына арналған еді. Осы кезеңнің әдеби талдаулары өткен ғасырдың өзінде көрінекті әдебиетшілердің жарыққа шығарған жинақтарында жарияланды. М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, С. Қирабаев, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, Р. Бердібаев, Р. Нұрғалиев, Ш. Елеукенов, М. Қаратаев, М. Жармұхамбет, т.б. әдебиет зерттеушілердің еңбектерінде талданды. ХХ ғасырдың басындағы көркем шығармалар да қазіргі заманғы зақ әдебиетінің тарихында елеулі із қалдырды, әрі олар ХХ ғасырдың бастауында тұрып әдебиеттің одан әрі дамуына жол ашқан еді.

Ғалымдар мен әдебиетшілер осы кезеңдегі әдебиет тарихына арналған еңбектерін әр жылдарда жариялап жұртшылық назарына ұсынып отырды. Бұл орайда С. Сейфуллиннің, «Қазақ әдебиеті» (1932 ж.), С. Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932 ж.), т.б. еңбектер өз мәнін жоғалтқан жоқ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты академиялық көптомдық зерттеу еңбегі әдебиет тарихын, оның ішінде ХХ ғасыр әдебиетінің шығармаларын зерттеудегі межелі бір белес болса, одан кейінгі кезеңдерде де ХХ ғасыр әдебиеті жайында белгілі ғалымдардың, қаламгерлердің зерттеу еңбектері мен көзқарастары түрлі деңгейде жарияланып отырды.

1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін оның алдындағы Алаш ұранды әдебиет, ұлттық-демократтық бағыттағы өзге де туындылар мен жазушылар еңбектеріне көзқарас өзгерді. Біртіндеп қуғын-сүргін науқанына ұшырап, ұзақ жылдар бойы қапаста қалды.

ХХ ғасырдың басындағы әдебиет тынысын зерделеуге арналған бесінші томда бұрынғы зерттеу жұмыстарына да методологиялық тұрғыдан назар аудара отырып, көптеген әдеби мұралар жаңа көзқарас тұрғысынан бағаланды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдарында рухани дүниенің жаңғыруына, әдебиетті жаңа ұлттық таным өресінен тануға ұмтылыс басымдықпен жүргені аян. Сол мақсатта көптеген бұрыннан мағлұм шығармалар мен авторлардың дүниетаным тұжырымдары тарихи шындыққа сәйкес талданды. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен қазақ қоғамының тарихы арасындағы жанды байланысқа баса назар аударылып, содан туындайтын көркемдік шындық пен тарихи шындықтың аражігіне жете көңіл бөлінді. Жаңа реалистік, демократтық-ағартушылық әдебиет пен дәстүрлі әдебиеттің өзара үндестігі мен көркемдік-эстетикалық бағыттарының аражігі ескеріліп сөз болды. Ұлттық әдебиетті жедел дамытқан Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин тұлғалары мен әдебиеттегі мәртебелі жаңашылдық қызметіне арнайы назар аударылды. Сол арқылы Алаш ұранды кезеңнің көркемдік шындығы зерделенді. Ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтіп, өресін биіктеткен бұл ұлы жаңашыл дарындардың дәстүр жалғастығы ХХ ғасырда да қанат жайды. Абай мектебі, Абай дәстүрі мен дүниетанымы ХХ ғасырдан бастап жаңа қазақ әдебиетінің алтын арқауына айналды. Осы кезеңде қазақ әдебиеті жанрлық, түрлік тұрғыдан, мазмұн мен халықтық мұрат жағынан жедел өсіп өркендеді. Әдебиеттің поэтикасы байыды, тәжірибесі молықты. Баспасөз бен әдебиет байланысы артты. Қоғам мен әдебиет аралығындағы байланыс барынша айқындық сипат алды. Әдеби байланыс өрістеді. Тұтастай алғанда, ХХ ғасырдың басында әдебиет жаңа сипаттармен толысып, ұлттық сананың сара көрінісіне жол ашты. Қазақ әдебиеті тарихының алтыншы томы осындай басты-басты сипаттарымен ерекшеленеді.

Алтыншы томды әзірлеуге әдебиеттанудың көрінекті мамандары қатысты. Осы дәуір заңдылықтары туралы терең із қалдырған ірі зерттеушілердің көзқарастары мен еңбектері де ұжымдық зерттеу ісінде өзіндік орнын тапты. Көптеген ақындардың шығармалары мен өмірбаян деректері туралы қысқа тұжырымды шолу дәйектері ұсынылды. Он бес көрінекті ақынға арнайы монографиялық портреттер (сымбаттамалар) әзірленді. Алтыншы томның алығсөзін, кіріспесін («ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті») филология ғылымдарының докторы, профессор, зерттеу жобасының жетекшісі А.Қ. Егеубаев жазды. Жалпы шолу бөлімінде ұсынылған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы тұсындағы әдебиет, Абайдың ақындық мектебі, Алаш ардагерлері, басылымдар мен кітаптар, әдеби байланыстар туралы тараулар мен жекелеген ақындар шығармашылығы туралы тармақтарды, ақындардың өмірбаяны мен шығармашылық қызметі жөніндегі деректемелерді ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р. Нұрғали, филология ғылымдарының докторы, профессор М. Жармұхамедұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Тебегенов, филология ғылымдарының докторы, профессор Д. Қамзабекұлы, филология ғылымдарының кандидаты С. Сүтжанов, филология ғылымдарының кандидаты, доцент С. Қорабай, филология ғылымдарының кандидаттары: Т. Әлбеков, Қ. Раев, кіші ғылыми қызметкерлер Ж. Керімбек пен А. Сейітова әзірледі.

Монографиялық тарауларға ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С. Қирабаев («Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Спандияр Көбеев»), филология ғылымдарының докторы, профессор Ж. Ысмағұлов («Ахмет Байтұрсынов», «Міржақып Дулатов»), филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Мәшһүр Жүсіп («Мәшһүр Жүсіп Көпееев»), филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Әбдіғазиев («Шәкерім Құдайбердіұлы», «Нарманбет Орманбетұлы»), филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Кәкішев, филология ғылымдарының кандидаты С. Жұмағұл, («Сәбит Дөнентаев»), филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Тебегенов (Тайыр Жомартбаев), Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетнің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты С. Жәмбеков («Бернияз Күлеев»), филология ғылымдарының докторы С. Бәйменше («Жиенғали Тілепбергенов»), филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қ. Ергөбек («Мұхаметжан Сералин»), филология ғылымдарының кандидаты Қ. Сыдиқов («Ғұмар Қараш» ) зерттеулері қосылды.

7 том - ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы.

"Қазақ әдебиеті тарихының" 7-томы кеңестік дәуірдің 20-30 (1917-1940) жылдарын қамтиды.

Кітаптың зәрулігі бұл кезеңдегі сан алуан тарихи-әдеби аласапырандар мен әдеби құбылыстардың көркемдік ерекшеліктерін, бұған дейін біржақты түсіндіріліп келген шығармашылық лаборатория сипаттарын жаңа деңгейде айқындау қажеттігінен туындайды.

Еліміздің егемендік алуы өз тарихымызды бұрынғыдай көп ұлтты мемлекеттің құрамында емес, дербес зерттеп, ұлтымыздың әрқилы тарих асуларында ұтқаны мен ұтылғанын, жеткені мен жете алмаған тұстарын кең ашып, тәуелсіздік жолындағы күрес идеясының заңды жолын көрсетуді талап ететіні даусыз. Халықпен, ұлт мәдениетімен бірге қайшылықты жолдан өткен әдебиетіміздің тарихы да осы талғаммен қайта қарауды қажет етеді. Бұл тақырыпта бұрын жазылған еңбектер ("Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі". 1949, 1958. "Қазақ әдебиетінің тарихы", 3-том, 1967.) қоғамдық орта қысымынан бүкіл әдеби процесті толық қамти алмады. "Алашордашыл" деген жазушылар (А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев) есімдері мен еңбектері аталмады. Кеңес әдебиеті өзінің алдындағы дәстүрлерден үзіліп зерттелді. Кей шығармаларға тақырыптық жағынан баға беріліп, көркемдік ізденістері ашылмады. Әдебиет партиялық принциптің шылауында болды. Енді осыларды қайта қарау қажеттігі туды.

Зерттеудің жаңалығы, міне, осы айтылған мәселелердің жаңаша пайымдалуында, соны концепциялар ұсынуында, көптеген ақын-жазушыларымыздың туындыларына әділ баға берілуінде, бұрын бүркемеленіп келген шындықтың бұған дейінгі әдебиетке қарағанда әлдеқайда толымды да тұтас көрінуінде, шығармашылықты бұрынғыдай кеңестік идеологияға бейімделгеніне қарап емес, көркемдіктің мәңгі талаптарына қандай деңгейде жауап бере алғандығына қарай бағалау принципін басшылыкқа алынуында. Осы талаптардың барлығы да "Қазақстан-2030" және "Мәдени мұра" атты мемлекет бағдарламасына толық үйлеседі.

Кітаптың құрылымы "20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті", "Поэзия", " Проза", " Драматургия", "Әдеби сын" атты шолу тараулармен бірге "Жүсіпбек Аймауытов", " Мағжан Жұмабаев", "Сәкен Сейфуллин", " Ілияс Жансүгіров", " Бейімбет Майлин", "Жамбыл Жабаев", "Нүрпейіс Байғанин", "Иса Байзақов" сынды ақын-жазушылардың шығармашылық портретінен тұрады. Сондай-ақ, тыңғылықты жасалған "Әдеби өмір шежіресі" мен "20-30 жылдардағы казақ әдебиетінің қысқаша библиографиялық көрсеткіші" де осы кітаптың құнды тарауларының бірі.

Кіріспеде сол кездегі әдеби процеске ықпал еткен жағдайлар, 1917 жылғы ақпан, қазан төңкерістеріне қазақ жазушыларының көзқарасы, әдебиетті партия жолына түсірудің әрекеттері мен жазушылар ұйымдарын құру кезіндегі таластар, әдебиет кадрларының іріктелуі, отызыншы жылдары өткен жазушылар съездері мен партиялық принциптің жеңісі т.б. мәселелер қаралған.

Поэзияға арналған тарауда 20-жылдардағы әдеби бағыттың екі жүйесін белгілеген С.Сейфуллин мен М.Жұмабаев және халық ақындары шығармалары, олардың өмірді тану мен бейнелеу принциптері, көркемдік табыстары мен заман қайшылығынан туған олқылықгары сөз болады. Отызыншы жылдардағы поэзияның социалистік реализмнің шектелуіне ұшырап, заман үні болуға тырысуына бүгінгі күн түрғысынан баға беріледі. Мұнда көркемдік дәстүр, көркемдік таным мен талғам, эстетикалық қабылдауға катысты мәселелер тыңғылықты зерттелген. М.Жұмабаевтың "Батыр Баян", С.Сейфуллиннің "Көкшетау", С.Мұқановтың "Сұлушаш", І.Жансүгіровтің "Күйші", "Құлагер", И.Байзақовтың "Құралай сұлу" т.б. поэмалардың мазмұны, образдардың көркемдік әлемі, ақындық ізденістердің ерекшеліктері айтылады.

20-30 жылдардағы проза жанрының жедел өркендеу жағдайлары С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, С.Мұқанов т.б. жазушылардың алғашқы прозалық шығармалары негізінде қаралған. Отызыншы жылдардағы роман жазуға деген талаптың молдығы, әр саладағы ізденістер, олардың тақырыптары мен көркемдік ерекшеліктері сараланған. С.Сейфуллиннің "Тар жол тайғақ кешу", Ж.Аймауытовтың "Қартқожа", "Ақбілек", С.Мұқановтың "Адасқандар", "Жұмбақ жалау" ("Ботакөз") романдарындағы ізденістер мен көркемдік ерекшеліктер жөнінде тың тұжырымдар жасалған.

XX ғасырдың басында оқыған қазақ жастарының қатысуымен ұйымдастырылған ойын-сауық кештері сахналық өнердің дамуы мен драмалық шығармалардың тууына түрткі болғаны жақсы айтылған. Төңкеріс жылдары алғашқы пьесаларымен көрінген Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Сейфуллиндер осы жанрдың негізін салғаны, реалистік драма үлгілері жасалғаны анықталып, сол тұстағы ойын-сауық кештерінде қойылған пьесалар толық қамтылған. Олардың ішінде Ж.Аймауытовтың "Рабиға", "Мансапқорлар", "Қанапия-Шәрбану", М.Әуезовті "Еңлік-Кебек", "Бәйбіше-тоқал", "Қаракөз", С.Сейфуллиннің "Бақыт жолына", "Қызыл сүңқарлар", Б.Майлиннің "Шаншар молда", "Ел мектебі", "Неке қияр", "Көзілдірік", Ж.Шаниннің "Арқалық батыр", Қ.Кемеңгеровтің "Алтын сақина", Ж.Тілепбергеновтің "Перизат-Рамазан" пьесаларының орны атап көрсетілген. Қазақ театр өнерінің дамуымен байланысты туған алғашқы драмалық шығармалардың тарихи маңызы мен көркемдік сапасына көңіл бөлінген. Сондай-ақ, М.Әуезовтің "Еңлік-Кебек", "Айман-Шолпан", Ғ.Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" т.б. театр сахналарында қойылған драмалық шығармалар жөнінде кең сөз болады. Драматургия саласындағы басқа да жазушылардың шығармалары, әр саладағы ізденістері талданған.

Әдеби сынның үлгілері, жаңа дәуірде әдебиеттің қандай бағытта дамуы қажеттігі жайлы таластар, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Әуезов шығармаларын бағалаудағы әр қилы пікірлер, социалистік реализм әдісін түсінудің жолдары, мәдени мұра және оны бағалаудағы қайшылықты ұғымдар, алғашқы зерттеулер т.б. мәселелер өз бағасын алған. Осы кезеңде жарық көрген А.Байтұрсыновтың "Әдебиет танытқыш", М.Әуезовтің "Әдебиет тарихы", Х.Досмұхамедовтің "Қазақ халық әдебиеті" (орыс тілінде), С.Сейфуллиннің "Қазақ әдебиеті", С.Мұқановтың "XX ғасырдағы қазақ әдебиеті" және Қ.Жұмалиевтің "Әдебиет теориясы", Е.Ысмайыловтың "Әдебиет теориясының мәселелері" т.б. зерттеулері қамтылған.

Монографиялық тарауларға ортақ сипаттар - сол кезең шындығын кең қамтитын материалдардың молдығы, оның нақты талдануы, қазіргі талаптарға әсер еткен факторлардың дұрыс айқындалуы. Әрбір ақын-жазушының шығармашылық ерекшеліктері мен әр түрлі жанрдағы ізденістері көркем шығарманы талдау негізінде олардың ұлт әдебиеті тарихынан алатын орнын айқындайды.

Ұжымдық зерттеуді жасауға қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері қатысқан.

8 том - ХХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы.

"Қазақ әдебиеті тарихының" 8-томы кеңес дәуірінің екінші кезеңіне арналған. Онда ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы әдебиет дамуының жолдары талданады. Сонымен бірге аталған кезеңдегі әдеби процесте жетекші рөл атқарған ақын-жазушылардың (М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мүстафин, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожин) шығармашылық жолына баға беріледі. Қазақ әдебиеті тарихының ең бір күрделі кезеңі саналған бұл дәуірдегі әдеби ағымдар мен туындыларды жаңаша бағалауға ұмтылыс жасалды. Томға сол дәуірдегі әдеби өмір шежіресі мен библиографиялық көрсеткіш берілді.

Кітап әдебиет зерттеушілеріне, жоғарғы оқу орындары студенттеріне, ізденушілер мен аспиранттарға арналған.

9 том - ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы.

"Қазақ әдебиеті тарихының" 9-томы кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті дамуының үшінші кезеңін (1956-1980) қамтиды. Бұл кітап 7,8-томдарда қарастырылған әдеби қозғалысты ғылыми жинақтаудың жалғасы болып табылады. Кеңес әдебиеті дамуының бұл кезеңі алдыңғы дәуірлерге қарағанда бірсыпыра өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Осы дәуір әдебиетінің басты ерекшелігі - жазушылардың шығармашылық белсенділігінің артуы. Жаңа туындылардың көбеюі, әдеби процестің ұлғаюы негізінде әдеби сын мен әдебиеттану ғылымы да қарқынды дамыды. Әдебиет жанрларының барлық түрі тең дамып, олардың тұрақты кадрлары қалыптасты. Жаңаша күшпен толыққан ұлт әдебиетінде талантты топ өкілдері өз шығармашылығымен әдебиетті байытты.

Зерттеуде одақ және дүниежүзі көлемінде мойындалған ұлт әдебиетінің көркемдік эстетикалық табыстары, оның өз дәуірімен байланысы кең қарастырылған. Еркіндік, бостандықты аңсаған ұлт әдебиетінің халықтық сипатына көңіл аударылады. Осы талаптардың барлығы да "Қазақстан - 2030" және "Мәдени мұра" атты мемлекеттік бағдарламалармен толық үндеседі.

Кітаптың құрылымы "60-80 жылдардағы қазақ әдебиеті", "Поэзия", "Проза", "Драматургия", "Сын мен әдебиеттану" атты жанрлық шолу тараулармен бірге "І.Есенберлин", "Х.Ерғалиев", "Ж.Молдағалиев", "С.Мауленов", "ТАхтанов", "Ә.Нүрпейісов", "Қ.Мұхамеджанов", "Ғ.Қайырбеков, "С.Жүнісов", "М.Мақатаев" "Қадыр Мырза-Әли", "Т.Молдағалиев", "Ә.Кекілбаев", "М.Мағауин", "Қ.Ысқақов", "Ш.Мұртаза" сынды сол дәуірде үздік табыстарымен көзге түскен ақын-жазушылардың шығармашылық портреттерінен тұрады. Бұл тараулардағы материалдарды осы дәуірдегі "Әдеби байланыстар", "Қытай және Монғолия қазақтарының әдебиеті", "Орыс тілді қазақ әдебиеті" сынды тараулар толықтырады. "60-80 жылдардағы әдеби өмір шежіресі", "60-80 жылдардағы қазақ әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші" де кітаптың мазмұнын көтере түседі.

Кіріспеде 60-80 жылдардағы әдеби процестің даму тенденциясы әдебиеттің көрнекті туындылары негізінде көрсетілген. Қазақ әдебиеті тарихының даму жолдарының ерекшеліктері, әдебиетке жасалған биліктің әр қилы ықпалы, заман мен қоғам, адам арасындағы байланыс сабақтастырыла қаралған.

Поэзия жанрына арналған тарау өз ішінен лирика, поэма болып екіге бөлініп зерттелді. Лириканың заманның озық идеялары мен жаңалықтарын танытуда ұшқарылық танытқаны, көркемдік деңгейі жағынан жаңа сапаға көтерілгендігі зерттеуде жете айтылды. Эпикалық жанрдың өсу, өркендеу жолы тегіс болмағандығы, оның себеп-салдары да сөз болады. Қазіргі қазақ поэзиясының тарихтағы орны анықталып, ғылыми тұрғыдан баға беріледі. Ә.Сәрсенбаев, Ғ.Қайырбеков, Т.Жароков, Ж.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Х.Ерғалиев, А.Шамкенов, Т.Әбдірахманова, М.Шаханов, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, Қ.Жұмағалиев секілді ақындардың сүбелі поэмалары қазақ поэзиясының табысы ретінде көрсетілді.

Проза жанрының жедел өркендеуі көрнекті жазушылардың шығармаларымен айқындалды. Прозаның өзі өз ішінен әңгіме, повесть, роман (тарихи және осы заман романы) жанрлары бойынша зерттелді. Әңгіме жанрына қомақты үлес қосқан Т.Әлімқұлов, О.Бөкеев, Т.Нұрмағамбетов, Д.Исабеков т.б. жазушылардың шығармалары зерттеу нысанына алынды.

Ғ.Мүсіреповтің "Ұлпан", Ә.Шәріповтің "Партизан қызы", Н.Ғабдуллиннің "Кестеліорамал", Б.Соқпақбаевтың "Қолқабыс", С.Шәймерденовтің "Мезгіл", Т.Әлімқұловтың "Көк қаршыға", Қ.Жұмаділовтің "Көкейкесті", М. Мағауиннің "Қара қыз", Т.Нұрмағамбетовтың "Он төрт жасар жігіт" т.б. жазушылардың шығармаларымен повесть жанрының негізгі белгілері анықталған.

"Осы заман романдары" тарауында қазіргі өмір туралы шығармалар бүгінгі күн тұрғысынан лайықты бағасын алды. Ә.Нұршайықов, Т.Ахтанов, З.ПІашкин, З.Қабдолов, Қ.Жұмаділов, Б.Нұржекеев, Д.Исабеков, Д.Досжановтардың осы заман тақырыбындағы романдарына жіті талдау жасалды. Тарихи романдардың көшбасшысы саналған І.Есенберлиннің "Қаһар" романынан бастап, М.Мағауиннің "Аласапыран", Ә.Әлімжановтың "Жаушы", С.Сматаевтың "Елім-ай",Қ.Жұмаділовтің "Дарабоз" т.б. романдарды зерттеу барысында олардың көркемдік ізденістері жөнінде тың тұжырымдар ұсынылған.

Бұл тұста қазақ драматургиясы дәстүрлі жолын ары қарай
жалғастырып, сол дәуірдің талап-талғамынан туған құнды
шығармаларымен толыққандығы да зерттеуде жете айтылды.
Тарихи тақырыпқа жазылған Ш.Мұртаза, О.Бодықов және бүгінгі
күн өмірінен алынған Т.Ахтанов, С.Жүнісов пьесалары зерттелді.
О.Бөкей, Д.Исабеков, Н.Оразалин, А.Сүлейменов, С.Балғабаевтардың пьесаларында әлеуметтік құбылыстарды зерттеудегі шығармашылық батылдық пен философиялық топшылаулар кездесетіні, оқиға мен тартыс ұйымдастыруда, бейне сомдауда өткенді қайталамайтын, жаңаша, өзгеше бір ізденіс үрдістері байқалатыны да баса айтылған.

Әдеби сын мен әдебиеттанудың мәселелеріне заман талабына сай жаңа пайымдаулар жасалып, тың пікірлер білдірілген. Бұл саладағы ізденістің өнімді болғандығы нақты мысалдармен көрсетілген. Шығармалары әлем тілдеріне аударылып, ұлттық әдебиетке қомақты үлес қосқан ақын-жазушылардың шығармашылық өміріне жеке-жеке тараулар арналды. Әрбір қаламгердің көркемдік ізденістері шығармаларға талдау жасау негізінде айқындалды. Олардың ұлттық мұрамызға қосқан үлесі сарапталып, қазақ әдебиеті тарихынан алатын орны анықталды.

Ұжымдық зерттеуді жасауға қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері қатысқан.

10 том - тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінің тарихы.

"Қазақ әдебиеті тарихының" бұл соңғы оныншы томы 1991-2001 жылдардағы әдебиетке ғылыми сыпаттама беруге арналған. Атап айтқанда тәуелсіздік кезеңінің бастапқы он жылы ауқымындағы әдеби дамудың ерекшеліктері мен өркен жайып қалыптасуға айналған заңдылықтарын зерттеуді көздейді. Кітап алғы сөз, кіріспеден және көркем туындыларды жанр-жанрымен қарастырған монографиялық тараулардан тұрады. Томға Қазақстан халықтарының әдебиеті, қазақ әдебиетінің аталған дәуірдегі халықаралық байланыстары туралы зерттеулер, әдеби өмір шежіресі және библиографиялық көрсеткіш берілді.

Бүгiнгi дербес Қазақстан - егемен мемлекет болуымен қатар, демократияшыл қоғам құрылысына кiрiскен ел. Бодандық қапасынан босанып, өз тағдырының кiлтiн өз қолында ұстау, еркiн тыныстап, ерiктi сезiну қай халық үшiн де - ұлы оқиға, қайталанбас дәурен, ғажайып құбылыс. Ежелден еркiндiк аңсаған қазақ қауымы үшiн бұдан өткен бақыт, қуаныш болмасқа керек. Әрқашан халқымен бiте қайнасқан көркем өнер өлкесiнiң өрендерi елiмен бiрге шаттық шабытына бөленiп, жасампаз творчествоға жұмыла бет қойды. Ұлы уақыт пафосы, ұлт өмiрiн жаңғырту рухы егілген көркем туындыларын үстi-үстiне толассыз жамыратып, әдебиетiмiздiң жаңа тарихын бастап та кеттi.

Қазақ әдебиеті тарихының соңғы оныншы томы құрылымы жағынан негізінен бұған дейінгі томдардың ізін басады. Өткендегідей әдеби даму процесінің бел-белестерін талдауды жіктеудің жанрлық принціпін басшылыққа ала отырып жүргізеді. Әдеби кезең шығармаларын тақырып-тақырып бойынша тексереді. Өзгешелігі, бұл кітапта жеке жазушылардың өмір жолы мен шығармагерлігі туралы монографиялық очерк беру қажет деп табылмады. Себебі тәуелсіздік кезеңі әдебиеттің идеялық-эстетикалық һәм стильдік жаңалықтарына шешуші ықпал жасаған жазушылар легі әлі толық түзіліп болған жоқ. Оның бер жағында кезеңнің өзі де әлі толысу үстінде. Құбылыс ретінде түпкілікті қалыптасып үлгіре қойған жоқ.

Бұл томды жазу iсiне сақа әдебиеттанушылармен қатар, орта буын, жас зерттеушiлер қатыстырылды. Олардың iшiнде атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Елеукенов ("Алғы сөз", "Кiрiспе", "Роман", "Повесть, хикаяттар"), жазушы, сыншы, "Қазақ әдебиетi" газетiнiң бөлiм меңгерушiсi Д. Рамазан ("Әңгiме"), филология ғылымдарының кандидаты С.Байжанов, әдебиетшi К.Бейсенбiқызы ("Деректi әдебиет"), филология ғылымдарының докторы А.Мархабаев ("Фантастика"), жазушы, оқытушы ғалым Ү.Уәйдаұлы ("Сатира"), филология ғылымдарының кандидаты Ә.Қайырбеков ("Лирика"), филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Нарымбетов ("Поэма", "Әдеби өмiр шежiресi", "Әдебиет көрсеткiшi" - 1991-1997 жылдар), ғылыми қызметкер А.Қалиасқарова ("Әдебиет көрсеткіші" - 1998-2001 жылдар), профессор Ә.Сығаев ("Драматургия"), филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Мамраев, филология ғылымдарының кандидаты С.Ананьева ("Қазақстан халықтары әдебиетi"), филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Тұрысбек ("Әдебиеттану"), филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Әбдезұлы ("Әдеби көркем сын"), филология ғылымдарының докторы, профессор М.Маданова ("Қазақ әдебиетiнiң халықаралық байланыстары") секiлдi зерттеушiлер бар.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?