Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.
Асық атудың жарысы ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің және ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығымен бекітілген «Асық ойынының ережесі» бойынша өткізіледі.
Асық
Асық — төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал жылқы асығы басқа пішінде болады.
Алшы — асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі.
Тәйке (тәуекел сөзінен шыққан) — асықтың иірілгенде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ол екінші дәрежелі мәнге ие.
Бүге (бүк түсіп жатуы) — асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие.
Шіге (шік) — асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.
Тұрық — асықтың алшы не тәйке түсуі.
Омпы — асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.
Сомпы — асық тұмсығының көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі.
Табан — асықтың тәйке жағы.
Оңқай — асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады.
Солақай — асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады.
Сақа — қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді. Сақа деп арқардың асығын атайды.
Құлжа — арқардың аталығының асығы
Жабайт — еліктің асығы
Шүкімайт — қозы мен лақтың асығы
Бекен Қайратұлы. Асық ойыны
Асық ойыны — қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Оны көшпелі этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Ойынның басты объектісі-де, құралы да — асық. Аталмыш ойын әсіресе балалар арасында кең тараған. Оларды ептілікке, мергендікке, ұқыптылықа, сергектікке баулыйтын тәрбиенің көзі. Тіліміздегі, қой асығы демеңіз, қолайыңа жақсақа ғой немесе асығы алшысынан түсті., бүге-шігесіне дейін анықтау… т.б. тіркестер тегін айтылмаса керек. Сондай-ақ қазақтар жақсы көрген жасты: алтын асықтайнемесе киіктің асығындай шымыр деп атайтын үрдіс бар. Мұндай фразеологизмдер асықтың айырықша символдық мәніне қатысты қалыптасқанық.
Асықтың түрлері:
Асық — төрт түлік мал мен қоңыр, аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда:
Сақа — асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан (серкеден) немесе қошқар-текеден алынады.
Кеней — көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар.
Шүкейт — жас малдың асығы.
Қойлық — қойдың асығы.
Ешкімек — ешкінің асығы.
Құлжа — құлжаның асығы.
Көктабан — қорғасын құйылған салмақты сақа асық.
Топай — сиырдың асығы.
Жабай — ірі асықты айтады.
Қолқар — арқардың асығы
Асықтың атаулары:
Алшы — асықтың тәйкеге қарама-қарсы жағы яғни алшы тұруы.
Тәйке — асықтың алшыға қарама-қарсы жағы.
Бүге — асықтың дөңес жағының жоғары қарап түсуі.
Шіге — асықтың қуыс жағының жоғары қарап түсуі.
Омпы — асықтың ашасы немесе мұртша жағы жоғары қарап түсуі немесе тік тұрып қалуы.
Шоңқай — асықтың омпаға қарсы жағымен тік түсуі.
Асық ойыны барысында қолданылатын құралдар мен әдістер
Көн киіз — асықтың «тақта» ойыны барысында қолданатын жұқа әрі икемді асық атуға, қаржуға қолайлы құрал. Бұл асық ойынының түрлеріне байланысты 50×50, 80×80, 100×100 см көлемінде болады. Көн киіздің дөңгелек шеңбер түрінде қолдануға болады. Ондай жағдайда көн киіздің диаметрі 50, 80, 100 см. Көн киіздің жиегін жіңішке ұлттық нақышты оюлармен көмкерген дұрыс.
Асық иіру — ойыншы асықты иіргенде көп асық қолына сыймайтын болса екі-үш бөліп иіруіне болады. Иіріп тасталған асық көн киіздің сыртына шашырап кетпеуі қажет. Ондай жағдайда көннен тыс жатқан асық ойыннан да тыс қалады. Былайша айтқанда ойыншы өз мүмкіндігіне толық ие бола алмайды.
Асық иірудің әдісі — ойыншы асықты жай шашып тастамайды аса ептілікпен иіреді. Асықты қос қолдап немесе бір қолмен иіріп тастайды. Қолды төңкеріп немесе көн киіздің ортасын көздеп шиырлата иірген асық дұрыс орындалған болып есептеледі. Егер ойыншы асықты дұрыс иірмесе төреші тарапынан ескерту алады. Ескертуді қатарынан үш рет алған жағдайда асықты келесі ойыншыға ауыстырады.
Асық ату — бұл асық ойынының ең бір ептілікті қажет ететін тұсы. Ойыншы қажетті асықты атқанда екі қолдың он саусағының кез-келгенін пайдаланады. Бірақ ату кезінде саусақты сүйретіп немесе жай түртіп атуға болмайды. Бұлай істеген жағдайда асық келесі ойыншыға ауысады.
Асық атудың әдісі — ойыншы көндегі асықтың орналасуына қарай асықтарды атады. Асықты атуға ыңғайлы саусақ бүгіліп, екінші бір саусақтың тіреуінен шертіліп барып асыққа тигені дұрыс.Асық атау барысындағы қозғалыс есебі — ойыншылардың жас айырмашылығына қарай асық атау кезіндегі қозғалыс есебі үлкен рөл атқарады. Мысалы, «тақта» ойыны барысында ойыншы тақтаны айналып жүріп қажетті асықты атуға болады. Немесе өзінің отырған орнынан қозғалмай-ақ ойынды жалғастыруға болады. Бұл жағдай ойыншылардың шеберлігіне байланысты ойынның алдында төрешілер тарапынан белгіленіп беріледі.
Қаралық — ойыншы асық ойыны ережесіне сай келмейтін іс-әрекеттерді қолданғанды айтады. Бұл төрешілер тарапынан ескерту беру арқылы жөнге келтіріледі.
Шеңбер — бұл асықтың «алаң" ойыны кезінде көп қолданады. Ойыншылардың сыртқы түзілім шегі.
Су — ойыншылардың алаңға тігілген асықты ату кезіндегі бағыты. Ойынның түріне қарай 1, 2, 3, 4 бағытта болады.
Сөре — асық тігілген кіші шеңбер. Онда ойыншылар көнге салған асықтар орналасады.
Қарақшы — алтын сақа орналасқан нүкте.
Кезек — асық ойыншылардың ойынға кіру реті.
Кезекті анықтау — кезекті төрешілер анықтайды. Ойыншыларға асық иірту арқылы немесе жеребе бойынша кезек тоқтатады. Мысалы «тақта» ойынына 4 ойыншы қатысатын болса төреші ойыншылардың көнге тастайтын асықтарын (4–5 асық) иіртіп кімнің асығы көп алшы түседі, соған қарай кезек тоқтатады.
Қаржу (қаршу) әдісі — асықты жоғары серпіп тастап, сол аралықта көндегі асықты іліп алып, жоғары серпілген асықты жерге түсірмей қаржып алу арқылы атқарылады. Асықтың санына немесе түріне қатысты қаржыйды.
Шеңбер сыртында тұрып асық лақтыру — белгіленген орында тұрған сақаны атып алу үшін ойыншы қолындағы асығын дәлдеп лақтыруды айтады. Ойыншы асықты оң немесе сол қолының бас бармағы мен сұқ саусағына қысып ұстап, сақаны дәлдеп лақтырады.
Асық ойын түрлері
Асық ойынының түрлері өте көп. Ол әр өлкеде әртүрлі атауларға ие және ойнау әдіс-тәсілдері-де өзгеше. Сөйте тұра аталмыш ойын түрі осы барлық ерекшеліктерін сақтай отырып дамыған. Осының барлығын салыстыра отырып аталмыш ойын түрін — «үй ішілік» және «далалық" деп екіге бөліп жіктеуге болады. «Үй ішілік» — ойын түрі қазіргі заманауи жағдайға икемделіп — «тақта ойыны» деп аталса, ал, «далалық" түрі — «алаң ойыны» делініп жүр.
Асық ойынының «тақталық" түріне:
— «Хан» немесе «Ханталапай», «Хан ату», «Құлжа ату»;
— «Құмар»;
— «Қақпақыл»;
— «Қаржу» немесе «Қаржымақ«;
— «Сасыр»;
— «Төрт асық«;
— «Бес тас»;
— «Бес асық«;
— «Иірмекіл» т.б. жатады.
Асық ойынының «алаңдағы» түріне:
— «Арқаласпақ«;
— «Алты атар»;
— «Омпа»;
— «Кетсін бір»;
— «Шыр»;
— «Бәйге»;
— «Алшы»;
— «Бес табан»;
— «Көтеріспек (Атбақыл)» т.б. жатады.
Жоғарыда атап өткеніміздей асық ойындарының түрлері көп. Оның бәрін тізбелеп шығу мүмкін болмағандықтан, жалпыға ортақ кейбір ойын түрін атап өтсек:
Бес табан. Ойыншылар тегіс жерді таңдайды. Ортасына түзу сызық сызады. Оған жағалай асық тізеді. Ойынды бастаушы асық тізілген жерден бес табанға тең аралықты белгілеп алып, шеңбер тартады. Ойыншылар шеңберге кірмей (баспай) ортадағы асықты атады. Сақа тиген асық міндетті түрде шеңберден шығуы керек. Кім көп асықты атып шеңберден шығарса сол ұтады.
Асық қаршу (бестас). Екі одан да көп бала ойнайды. Қаршуға ықшам асықтар таңдап алынады. Ойыншылар асықтарын иіріп кімнің асығы көп алшы түссе сол ойынды бастайды. Бес асықты жерге тастап, бірін жоғары лақтырып, жердегі асықтың бірін іліп алып, жоғарыдағы асықты қағып үлгереді. Осылай бір-бірден, одан кейін екі-екіден, соңында жердегі төрт асықты бірдей сыпырып алу керек. Келесі кезекте «көпірден өткізу» түріне ауысады. Соңында асықтарды қолдың сыртымен қағып, қол сыртына түскен асықтарды қаршиды. Осылай күрделенген түрде жалғаса береді.
Асық ату (хан ату). Ойынға бірнеше адам қатысады. Әрбір ойыншылар кезекпен қолдағы асықтарды сырмақ үстіне шашады. Арнайы белгілеген асықпан (сақамен) қалған асықтарды шертеп атады. Басты шарты ұқсас асықтарды ғана атады. Басқа асықтарға тигізбей атып алынған асық, ұпай ретінде олжаланады. Ойын осылай жалғаса береді…
http://ulttyqsport.kz/