Әр елде ұлы деп санап, аса құрметтісінің қатарына қосқан, иесіне адал болған арғымақтар баршылық
Александр Македонскийдың Буцефалы, әлемнің ең қатыгез патшасы Калигулланың Инцитаты, Дон Кихоттың Роситанты осындай санаттан. Ал қазақ жерінен шыққан Абсенттей жұлдызды біз білеміз бе? Жұлдыздай ағып, айдай жарқыраған Олимпиада чемпионы өмірі жайлы әңгімелемекпіз.
1930 жылы ашылған Алматы қаласындағы ипподромы еліміздің нағыз арғымақтары дайындалатын орын болды. Сол орданың атын әйгілі еткен ерекше тұлпар, ақалтеке тұқымының айғыры Абсент болатын.
1952 жылы Жамбыл облысының Лугов зауытында Абсент туды. Абсенттің әкесі Араб есімді ақбоз айғыр еді. Арабтың арғы аталарының бірі – атақты Байноу сәйгүлігі. Талай жарыстардан құстай ұшып бірінші келетін жас жүйріктің өзі. Кей деректе оның өзге ақалтеке тұқымдас тұлпарлармен бірге 4300 шақырымды 84 күнде басып өткендігі белгілі.
Оқыңыз: Бәйге
1945 жылы 24 маусым айында Совет-герман соғысының жеңіс күніне арналған парадта бас қолбасшы маршал Жуков мініп шыққан. 1935 жылы Араб көп күндік Ашхабад-Мәскеу жарыстарына қатысушы Буденныйға сыйланған болатын. Ал С.М. Буденный болса Жамбылдағы №49 жылқы зауытына арнайы вагонмен жөнелтеді. Арабты сол жерде сары түсті Баққара атты биемен шағылыстырады да, Баққара 1952 жылы құлындайды.
1955 жылы болашағына үлкен үміт артқан Абсентті Алматыдағы Республикалық ат-спорттық мектебіне алып келді. Ипподромда Абсентті атақты жаттықтырушы Кәрім Әсенов жаттықтырды. Жаттықтырушының қолында ол бірден «әсем жүрістен» ССРО халық спортакиадасында төртінші орынды иеленіп, одан соң Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысып, жеңімпаз болады. Абсенттің орындауындағы ең тартымды элементтер пияффе мен пассаж болатын. Мәскеудегі көрмеде атақты ат спортшысы Сергей Филатовтың жаттықтырушылары Абсентті көріп, оны Мәскеуде алып қалады. Сергей Филатов бұл жайлы:
«Жылтыр қара әдемі, әдеттен тыс үйлесімді. Оның маңдайында ақ жұлдыз бар керемет ақжарған басы. Аққу мойын. Ақ әдеміше келген аяқтар. Ұзын, желпілдеген шаштары атлет сияқты.
Жаттығу барысында Абсент жас балаша тыңдайтын. Ингаспен өткен ауыр жаттығудан соң Абсентті үйрету маған оңай болып көрінетін. Бірақ ол кейде қатты ашулы болады. Қамшымен сабағанымды ұзақ есінен шығармай жүрді»
дейді естелігінде.
Бір-екі жыл жаттығудан соң Германияның Аахен қаласында Еуропа чемпионы атанады. Жүйріктердің бәйгесінде алтын алған Абсент туралы неміс журналисі «Ханзадалардың ханзадасы» атты мақаланы жариялады.
Швейцарияда өткен Олимпиада алды жарыста Филатов қарсыластарынан бір ұпай кем түсіп, екінші орынды қанжығасына байлады. Бірақ сол жарыста көптеген қалталы азаматтар Абсенттің сұлулығына тамсанып, арғымақты сатуға ұсыныс айтқандар болды. Жарыстың марапаттау рәсімінде князь Бернхрад «Швейцарияда сіз екіншісіз, ал Римде сіз бірінші боласыз» деген екен.
Атақты Филатов пен жұлдызды Абсент 1960 жылы Рим қаласында өткен олимпиадада сенсация жасап, кәрі құрлық пен Американың ең үздік деген аттары қатысқан жарыста алтын алды.
«Менің адал досым, әріптесім мінсіз жүріп, ерік-жігеріме толығымен маған бағынды. Суретті жүрістен де фигураны айқын жасады. Барлығы соншалықты анық, әдемі және әсем болды, тіпті ең қатал деген әділ қазылар біздің ұпайымызды төмендетуге амал таппады»
деп еске алады С. Филатов.
Жұлдызды екеудің дуэті жалғасып 1964 жылы Мехикода қоланы алса, Токиода күмісті қанжығаларына байлады.
1969 жылы 17 жасында Абсент екі жасындағы алғашқы жаттығу жасаған Луговой зауытына қайта оралды. 1975 жылға дейін ақалтеке тұқымының жалғастырушысы ретінде пайдаланылған. Оның есебінде 68-дей ұрпағы бар. Көбісі цирк өнері мен спорттық ойындарда өз бақтарын сынап жүр.
Абсенттің тұқымын жалғастырушылардың бірі – ХХ ғасырдың 70-жылдарының соңына таман әсем жүріске Елена Петушкова мініп шыққан Абакан бірқатар жарыстарда жеңімпаз атанып жүрді.
Алматы қаласындағы кондитер фабрикасы Абсент деп аталатын, онда жұлдызды сәйгүліктің басы бейнеленген шоколад шығарды. Абсентке арналған төс белгі берілетін болды. Луговой жылқы зауытындағы Абсент мүсіні орнатылды.
1974 жылы атақты Абсентке арналған «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Ораз Әбішев «Абсент – сын Араба и Баккары» атты деректі фильм түсірді.
Оқыңыз: Жылқыға төнген зауал
Фильм Сергей Филатовтың досы Абсентке Луговой жылқы зауытына бірнеше жылдар өткеннен кейін көруге келгенінен басталады. Ол сонда тебіреніп былай дейді:
«Егер сиқыршы болсам қарттықты болдырмас едім. Өкінішті, ат адамға қарағанда екі есе тез қартаяды. Достың қартайғанын көру аянышты. Абсентке қарап, олимпиада чемпионының ұшқан құстың бейнесін көремін. Тұяғы жерді басқандағы дыбысты естимін....»