Атамекенге аяқ басу
01.10.2018 1780
1993 жылғы 14 тамызда ұшу алаңында Ақмола АН-24 жеңіл ұшақтарын қарсы алды, бұл ұшақтармен Моңғолияның Баян Өлгей аймағынан қазақтар оралды

Тіпті, ең жоғары дәрежедегі қонақтың өзі де дәл осындай жылы кездесуге лайық бола бермейді. 25 жыл бұрын түрлі себептермен ұзақ жылдарға ата-баба жерінен қол үзіп қалған, Баян Өлгей аймағында тұрып келген этникалық қазақтар Ақмолаға ұшып келді. Тіпті, қазірдің өзінде Моңғолия аумағында ата-бабасы өсіп-өніп, суын ішкен жерді сағынатын он мыңдаған этникалық қазақ тұрып жатыр.

Ақмола Облыстық еңбек және халықты жұмыспен қамту комитеті және көші-қон бөлімінің бір топ қызметкерлері Баян Өлгейде де, облыста да қыруар дайындық жұмысын жүргізді. Бұл жай ғана көшу емес, бұл ондаған-жүздеген отбасының қайтып оралуы, оларға да бауыр басып қалған жерден қол үзіп, белгісіздікке кету оңай емес, оның үстіне оларды қоныстандырып, үймен, жұмыспен қамтып, аяқ астынан туындап жататын көптеген мәселелерді шешу қажет.

Ұшақтың басқышынан ұзын етек шапан киген қариялар, джинсы киген жастар мен бала-шаға түсті. Бұл олардың алғашқы қадамдары, алғашқы тыныстары алулары еді, ал, көз алдарында – ақ шашты қариялардың естеліктерінен таныс, сағынышқа толы, ақын-сазгерлер жырлаған, аты аңызға айналған Дала. О, Алла, не деген зеңгір аспан, аяқ астындағы қалы кілемнен бір жылылық еседі! Жүрегіңді кернеген сезімді білдірер сөзді, қарсы алушылардың да, келушілердің де көздерінен бірдей аққан қуаныш жасы алмастырды.

Қарсы алушылар ішінен жас ақын Нұрболат Бекетаев осы бір толғанысқа толы сәтті домбыраның үніне қосып, арнау арнады. Астананың болашақ тұрғындарын облыстық әкімшілік басшысының орынбасары Бейбіт Жүсіпов, еңбек және халықты жұмыспен қамту комитетінің төрағасы Зейнолла Аймышев, «Арқа ажары» газетінің редакторы Октябрь Әлібеков, қандастарымыз тұрып, қызмет еткен Астрахань, Балқаш және басқа да аудандардың басшылары қарсы алды. Астрахандық «Мирас» клубының жетекшісі Мәруа Дүйсембаева Моңғолиядан келген қандастарға шашу шашып, бата берді. Қол алысып, төс қағыстырып, әрі қарай таныстық та басталып кетті. Жаңа келгендердің ішінде омырауы орден-медальге толы, байсалды Сарбас Нұғыман ақсақал бар. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы  шопан болған, Еңбек Ері атанып, Сухэ Батыр орденін таққан. Көңіл де, атақ пен бедел де ақсақалдың жүрегіндегі Қазақстанды көрсем деген талпынысты алмастыра алмады. Сол күні ол қызымен және жиендерімен тұңғыш рет ата-бабасының киелі жеріне аяқ басты. Туған жерге деген сағыныш Мадет, Құсман және Мықтыбай Әшкейұлдарын да туған жерге жиналуға қанаттандырды. Осыдан бір жыл бұрын олар МЭИ бітірген бауырлары Мұқылысты «барлауға» жіберген еді. Оларды Мұқылыс, дәрігер болып істейтін әйелі Гүлнәр екеуі әуежайдан күтіп алып, «Мәдениет» кеңшарына шығарып салмақшы. Ұзақ жолдан шаршаған жанарларда жергілікті халық қалай, несімен қарсы алады деген күдік те тұрды...

Атамекенге бізді не тартады: қан тарта ма, ата-баба үні ме, әлде ақындар жырларына қосқан боз жусан ба?  Мүмкін туған жердің наны дәмдірек, суы мөлдірлеу шығар? Бәлкім, соның бәрі де шығар. Мүмкін, ежелгі қоныс түтінінің иісі мен желдей жүйткіген тұлпар тұяғының дүбірін есте сақтаған дәл осы жерде, қара шаңырақ астында кеуде терең тыныс алып демалатын болар.