ХХ ғасырдың басында қазақ ұлттық мемлекеттілігін құру үміті пайда болды. 1919 жылы В.И. Ленин Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару бойынша революциялық комитеті туралы Декретке қол қояды
Өзінің «Қазақ автономиясының шекарасын айқындау мәселелеріне» атты мақаласында Р.К. Айдарбаева мұрағат материалдарына, Сибревком құжаттары мен материалдарының жинақтарына сүйене отырып, қазақ автономиясының шекарасын айқындау кезіндегі қиындықтар туралы айтады.
1919 жылғы 10 шілдеде В.И. Ленин қол қойған Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару бойынша революциялық комитеті туралы Декретке сәйкес өлкенің жоғары әскери-азаматтық басқармасы Қазревком болды. Осы декрет көп жағдайда Қазревкомның мақсаты мен міндеттерін айқындап берді – бұл контрреволюция мен интервенцияға қарсы күрес, бұл өлкеде мемлекеттік шаруашылық және мәдени құрылыс жасауға жағдай жасау, бұл Қазақстанда Кеңестердің Құрылтай съезін дайындау.
Қазревкомның алғашқы басшысы болып поляк С. Пестковский тағайындалды. Ревком құрамына В. Лукашев, Ә. Жангелдин, А. Байтұрсынов, М. Тұңғаншин, С. Меңдешев, В. Қаратаев және басқалар кірді. Декретте Қазақ өлкесінің әкімшілік-территориялық құрылысының негіздері айқындалды және Жангелдин тобы өлке территориясы туралы жаңа тұжырым ұсынды: «Қырғыз өлкесінің территориясын анықтағанға дейін... ревком басқаруына кіреді: Астрахань губерниясындағы қырғыз территориясыт және Орал, Торғай, Ақмола мен Семей облыстарының территориялары». Бұл шешімге қарамастан, осы уақытқа дейін өлкенің территориалдық шегі анықталмай қала берді.
Қазақтар тұратын едәуір территория Түркістан автономиясының, Орынбор, Челябі, Алтай губерниясының, Омбы облысының құрамында болды. Кирревком жанынан болашақ республиканың шекарасын анықтаумен және РСФСР ХКК мен Қазақстан Кеңестері съезіне ұсыну үшін жоба дайындаумен айналысқан арнайы комиссия құрылды. Кирревком мен РКП (б) мүшелері барлық қазақ облыстарында болып қайтады. Сапар барысында олар көрші губкомдармен ұдайы араласып, кеңес сұрап отырады, Қазақстан мен Түркістан облыстары мен аудандары тұрғындарының этникалық құрамы туралы деректер жинайды.
Осы жұмыс нәтижесінде «Қырғыз территориялары туралы» баяндау хат даярланады. Территорияға қатысты сұрақ та маңызды еді, өйткені өлкеде автономия құрылғаннан кейін оның құзыретінің географиялық шегін де анықтау қажет болды.
Біріншіден, қазақтар тұратын едәуір аумақ, түрлі әкімшілік құрылымдар құрамына кірді.
Екіншіден, Қазревкомның өз ішінде де осы мәселе бойынша бірыңғай пікір болған жоқ: бір топ республикаға қазақтардың байырғы жерлерінен басқа, Омбы облысының, Орта Азияның, Алтай өлкесінің Барнауыл уезінің және с.с. жерлерді қосу керектігін айтса, Ревком мүшелерінің көпшілігін біріктірген екінші топ болашақ Қазақ республикасының территориясын тарылтуды талап етіп, Қазақстанға Ақмола, Семей, Орал облыстарының қосылуына қарсы шықты. Соңғыларын Сибревком өкілдері қолдады.
1920 жылы Кирревкомда құрастырылған «Границы Киркрая» анықтамасында қазақ жерлерінің аса үлкен аумақта шоғырлануы салдарынан мемлекеттік берекесіздіктің анықталуынан, сонымен қатар ұлттық кадрлардың жоқтығынан және орыс тұрғындары арасында болуы мүмкін толқуларға қатысты күдіктер келтірілген.
Сондықтан да «орыстармен игерілген солтүстік және шығыс жолақтарды Қырғыз өлкесіне кіргізу қажетсіз» деп саналды. «Қырғыз өлкесін оның бұрынғы, тарихқа дейінгі шекарасында ұйымдастыру жобасы ешбір тұрғыдан да қолдау табуы мүмкін емес» деп қорытындылайды анықтама авторлары.
Сиббюро мен Сибревком қызметкерлері өз кезегінде «Қырғызстанның шекарасы туралы» деген құжатты әзірлейді, бұл құжатта тек ұлттық қағидаттардан шыға отырып, негізінен орыстар тұратын Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарының өлке құрамына кіру мүмкіндігі жоққа шығарылды. Алайда, олардың ешқайсысы да көрсетілген аудандардағы орыстар мен қазақтардың осындай арақатынасы қазақтарды тұрған жерлерінен көшіру бойынша 100 жыл бойы жүргізілген патша үкіметінің белсенді саясаты болғанына еш назар аударған жоқ.
1920 жылғы 16 мамырда Кирревком «Талас тудырған уездерді басқару туралы уақытша ереже» бекітеді, онда Қазақстан территориясын анықтауда тек қана ұлттық қағидаттар ғана емес, сонымен қоса, экономикалық пайдалылығы да негізге алынады. Кирревком Семей, Петропавл, Көкшетау, Қостанай және басқа да уездердің Қазақстаннан тыс қалуына үзілді-кесілді қарсы болады, өйткені олардың мәдени және экономикалық маңызы, сонымен қатар бұлар құрамына кіретін облыстардағы басқа уездермен өзара тәуелділіктерінің орасандығы сонша, бұлардың бір-бірінен бөлек өмір сүруі мүмкін емес.
Территориалдық дау-дамайға қатысты мәселелер 1920 жылдың тамызында Қазақстанның Түрккомиссия және мүдделі губерниялардың өкілдерінің қатысуымен өткен жиналыста тағы бір рет талқыланды. Жиналысқа қатысушылардың барлығы да қазақтың бүкіл жері біріктірілген қазақ автономиялық республикасын декреттеу мәселесінің пісіп-жетілгендігімен келісіп, ой тоғысады. Тек қазақ жерлерінің Киркрайға берілу мерзімі ғана талас туғызады. Бір топ Қазақ автономиясы жарияланысымен осы облыстар мен аудандардың Киркрайға өтуін талап етті (Цюрупа, Пестковский, Жангелдин, Ермеков, Байтұрсынов және басқалар). Екінші топ қазақ облыстары мен аудандарының Қазақ автономиялық республикасына тиесілігі туралы нұсқаудың декретке енгізілуіне наразылық білдірместен, «басқарудың қалыптасқан әкімшілік түрін» әзірше сақтауды ұсынды.
Бұл шешімнің мотивациясы мынау еді: «кең аумақты басқару үшін қажетті аппаратты құру үшін қырғыздарға жеткілікті білім мен ұйымдастыру машығын алуға мүмкіндік беру қажет» және «осы облыстарды Қырғызияға қосу қырғыз кедейлердің кулактардың жемтігіне айналғанын білдірер еді» деген күдік те болды. 1920 жылғы 26 тамызда Ленин мен Калининнің қолы қойылған Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің құрылғаны туралы декрет шықты. Декретте Қазақ Республикасының географиялық шегі анықталды. Декрет Сибревкомды жергілікті басқару органдарын ҚАКСР басқаруына жылдам беруді ұйымдастыруға көмектесуге міндеттеді.
Сибревком мен ҚырОАК-ның солтүстік және солтүстік-шығыс облыстарға қатысты қызметтерін келісу және ҚАКСР барлық территориясын басқаруды жылдам біріктіру үшін қажетті іс-шараларды өткізу мақсатында Сибревком жанынан Қазақ автономиялық Республикасының толық құқылы уәкілдігі құрылды.
ҚазОАК шешімі бойынша Сибревкомдағы өкіл болып Ғалиасқар Әлібеков, ал оның орынбасары болып Әділов тағайындалды. Сибревком жанындағы ҚАКСР міндеттері:
а) Сибревком-ның бақылауында уақытша қалып отырған ҚАКСР территориясында ҚАКСР Кеңесінің бірінші съезінің, ОАК мен Казсовнарком қаулыларын іске асырылуын бақылау.
ә) ҚазОАК, Қазақ Халық Комиссарлары Кеңесі мен Қазақ ішкі істер Халық комиссариаты директиваларына сәйкес Семей мен Ақмола губернияларын басқару үшін мекеме құру.
б) Осы губернияларды басқаруға қатысты барлық сұрақтардың шешілуіне қатысу және Сибревкоммен келісім бойынша Омбы уезі бойынша Ақмола губерниясының шекарасын белгілеу. в) Сибревком іске асыратын қаржы және шаруашылық саясаты іс-шараларын жүргізуге көмек көрсету.
г) ҚКСР мен Сибревком арасында туындайтын барлық мәселелер бойынша өкілдік. Қазақ Республикасының автономдық комиссариаттары бақылауындағы сұрақтар бойынша ҚАКСР уәкілдігі мен Сибревком арасындағы келіспеушіліктер, егер олар бойынша келісімге қолжеткізілмесе, шешімін табу үшін РСФСР орталық мекемелеріне берілуі керек.
Сонымен қоса, Қазақстан өкілінің келісімінсіз Семей мен Ақмола губернияларының жұмысшыларына орын ауыстыруға тыйым салынды. Сибревком мен ҚАКСР халық комиссариаттарымен байланыс тек осы уәкілдік арқылы ғана жүргізілді. Көрсетілген облыстардағы өзінің барлық жұмыстарын Қазақ өлкесі Сибревком аппараттарымен келісіп барып қана жүзеге асырды. Енді ғана құрылған республиканың басқарушы органдары үшін осындай үлкен территорияны басқару қиынға соқты.
Мемлекеттік аппаратты бекіту үшін ҚАКСР-ге уақыт керек болды. Осы мәселе 1920 жылғы 10 желтоқсанда Қырғыз өлкесі РКП (б) облыстық бюросының отырысында көтерілді. Бұл жерде облыстық бюро мен ҚырОАК атынан Сиббюроға өкілдікке жіберілген Кулаковтың баяндамасы тыңдалады. Ол екі облысты беру бойынша мәселенің әлі шешілмегендігін хабарлап, осы облыстардағы қазақтар арасындағы партия мен кеңес жұмысының әлсіздігіне нұсқап, осы облыстардың Қазақстан құрамына өтуінің жөнділігіне күмән келтіреді, өйткені «Алға қойылған тапсырмаларды Қырғыз өлкесі орындай алмайды, себебі бұл губернияларда оны орындайтын жұмысшылар жоқ» дегенді алға тартады.
Биліктің орталық органдары бұл облыстарды Қырғыз өлкесі құрамына біртіндеп енгізу қажеттілігін мойындап, сонымен бір мезгілде кадрлық қолдау көрсетіп, облбюроның қарамағына орталықтан жаңа қызметшілер жіберіп, оны нығайтып отырды. Сибревкомның басшылығы Мәскеудің шешімін қолдады, бірақ басшылықтың бір бөлігі Сібірдің бір бөлігінің Қазақстанға берілу процессін болдырмауға барын салып, жанталасты. Сибревком басшылығы Мәскеудің шешімін мойындағанымен, басшылықтың бір бөлігі Сібірдің бір бөлігінің Қазақстанға берілуін болдырмауға тырысып, жанталасты. Олар екі облыстың тұрғындарын Қырғыз өлкесіне қарсы қоюға тырысып, басқару аппаратының жұмысын әлсірету үшін жауапты қызметкерлерді кейін шақырып алады.
Бұған жауап ретінде Қырғыз өлкесінің басшылығы Сибревкомға қызметшілерді алудың ретсіздігі туралы мәлімдеп, оларды кері қайтаруды ұсынады. Сибревком жанындағы аралас комиссияның 1921 жылғы 7 сәуірдегі Қаулысымен Алтай губерниясының құрамындағы Бұқтырма уезі Қазақ автономиялық республикасына беріледі. Осы жерде тарихқа шағын экскурс жасай кеткен жөн.
ХІХ ғасырдың соңына қарай бұл жерде Том губерниясының Змеиногор уезіне қарасты ондаған шаруа ауылдары болған. Колониалдық аппарат өкілдерінің өздері атап өткендей, шекара өлкенің зерттелмеген табиғи тарихи және экономикалық жағдайларына қарай емес, орыс билігін қырғыз даласына тереңірек енгізе түсумен байланысты басқа себептер бойынша жүргізілген. 1904 жылы-ақ Шаруа басшыларының Змеиногор уездік съезі Том губернаторына Бұқтырма өлкесінің 5 болысының Том губерниясының Змеиногор уезінен Семей облысының Өскемен уезіне қосу туралы өтінішхат жасайды.
Олардың өтінішхаты мынадай ой-пікірлерге негізделеді: 1. «Бұқтырма өлкесі (Бұқтырма, Зырян, Жоғарғы Бұқтырма, Николаев және Черновинск болыстары) Змеиногорсктан Алтайдың таулы жоталарымен және 80 шақырым аралық жермен бөлініп, тым алшақ орналасқан, ал географиялық жағдайы бойынша Өскемен уезіне жақын орналасқан. 2. Бұл өлкенің шет орналасуына байланысты онымен қатынау өте қиын». Бірақ ол кезде бұл сұрақ оң шешімін таппады. Қазақ республикасы құрылған кезде осы сұрақ қайтадан көтеріліп, өңір тұрғындарының мүддесіне шешіледі. Р.К. Айдарбаеваның ойынша, осы келтірілген факт Ертістің оң жақ жағалауы аумағының ҚАКСР-і құрамына қосылуының заңдылығын тағы да бір рет сендіре дәлелдейді.
1921 жылғы мамырда Семей облысы Сибревком бағынысынан алынып ҚАКСР-ге беріледі. Осы жылы ҚАОАК декретімен бұрын казактарға тиесілі болған, Ертіс бойындағы 10 шақырым жер қазақ халқына қайтарылады. Осындай межелеу нәтижесінде 1 млн текше шақырымға тең, 2,5 млн тұрғыны бар территория Сибревком билігінен кетеді, бұл Сибревком бағынысындағы барлық аумақта тұрып жатқан халықтың 25 %-ын құрайды. Осы территорияларды Қазақстанға беру Сібірмен шекара туралы барлық сұрақтарды шешеді. Олар келесі кезеңдерде де түрлі деңгейде бірнеше рет қарастырылды.
1924 жылы БОАК мен РСФСР ХКК-нің 1923 жылғы 8 қазандағы шешімі негізінде Алтай губерниясының Коростелев даласы ҚАКСР-не берілді. Семей губерниясының құрамына Алтай губерниясының Рубцовск (Змеиногорск) уезінің қоныстары қосылды. ҚАКСР ОАК-і биліктің жергілікті органдарын Коростелев даласында тұратын қазақтарды жылдам қоныстандыруға міндеттеді.
Бұл іс-шаралар 1924 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы шаруашылыққа өтіп жатқан халқын қоныстандыру туралы Ереже негізінде жүргізілу керек болған. Егер орыс тұрғындардың басұқа учаскелерде жері болмаса, онда оларға да жер беру қарастырылды. Сонымен қоса, егер орыс тұрғындар Алтай губерниясымен шектес жерден жер алып, Алтай губерниясына қосылуға ниет білдірсе, Алтай губатқару комитеті мен ҚАКСР ОАК осы мәселені шешу үшін оларды Әкімшілік комиссияға ұсынуға міндетті.