Қазан айында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында «Көшпенділер» атты деректі фильмдер топтамасы көрерменге жол тартады
Бүгін Орталық коммуникациялар орталығында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген «Көшпенділер» атты деректі фильмге қатысты брифинг өтті.
Шараға Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, «Білім - Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте Ермаханұлы, Моңғолияда тұратын қазақтың бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы мен анасы Алмагүл Көксеген қатысты.
«Qazaqstan» РТРК шақыруымен келген Айшолпан Нұрғайыпқызы аталған арнаның тапсырысы бойынша түсіріліп жатқан «Көшпенділер» атты деректі фильмдер топтамасының бірінші бөліміне түскен. 12 бөлімнен тұратын картинада шет елдерде тұратын қазақтардың өмірі мен тұрмысы туралы баяндалады.
Фильмнің мақсаты - әр елде тұратын қазақтардың өмірі мен тұрмыс-тіршіліктеріндегі ерекшеліктерімен таныстырып, ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеу.
Баспасөз конференциясында «Qazaqstan РТРК басқарма төрағасы Ерлан Қарин сөз алып, 12 бөлімнен тұратын деректі фильмдер топтамасының көрерменге қашан жол тартатынын айтып өтті.
«Деректі фильмдер топтамасы 12 бөлімнен тұрады. Осы жобаны жүзеге асырған отандасымыз, белгілі режиссер Қанат Бейсекеев. Фильм Моңғолия, Ауғаныстан, Қытай, Түркия, Иран және т.б елдерді мекен еткен қазақтардың тағдыры жайлы баяндайды. Яғни, әр елде тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, ерекшеліктері көрсетіледі. «Көшпенділер» деректі фильмдер топтамасы Ұлттық арнадан 14 қазаннан бастап 23 желтоқсанға дейін эфирге шығатын болады. Сол фильмдердің алғашқысының кейіпкері ортамызда отырған Моңғолияда тұратын қазақтың бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы Қазақстанға бірінші рет келіп отыр», - деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ баспасөз конференциясына қатысқан, қазақты әлемге танытқан бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы Қазақстанға алғаш келген әсерін бөлісіп, білім-инновация қоры мен Ұлттық арна басшылығына ризашылығын білдірді.
«Мені осында шақырғаныңызға өте ризамын. Рақмет айтамын. Мен көп елде болсам да, Қазақстанға келуді армандап жүрдім. Бүгін арманым орындалып отыр. Сол үшін білім-инновация қорына және Ерлан ағаға рақмет айтқым келеді», - деді Айшолпан Нұрғайыпқызы.
Айта кетер болсақ, Алғаш рет 2014 жылы ағылшынның «Daily Mail» басылымы құсбегілік өнерді игерген он үш жасар қазақ қызы Айшолпан жайлы мақала жариялап, оны бүкіл әлемге танымал етті. 2016 жылы Моңғолияда тұратын қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) атты режиссер Отто Беллдің деректі фильмі шықты. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына да енген болатын.
Фотосуреттер: Нұржас Жақсыбай