Белгілі сәулетшінің белгісіз қырлары
04.06.2018 2550
«Қазақстан тарихы» интернет порталы даңқты сәулетші, Мемлекеттік елтаңбаның бірден-бір авторы Жандарбек Мәлібеков өмірінен қызықты деректерді ұсынады

Осыдан 26 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн тарих бетінде алтын әріппен таңбаланды. Жылда қазақстандықтар 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күнін тойлайды.

Тәуелсіздіктің тұмары, ұлттық болмысымыздың нышандары – Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз. Әр қазақтың кеудесіне мақтаныш сыйлайтын рәміздер күні қарсаңында ҚР Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібековтің өмірінен қызықты деректер ұсынамыз. 

Жандарбек Мәлібеков – атақты сәулетші, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.  Қырық жылға жуық Өзбекстан Республикасы ғылыми-инженерлік қала құрылысын жобалау институтында сәулетші, бас сәулетші болып еңбек еткен. Қазақстан және Өзбекстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, «Құрмет» орденінің, «Тәуелсіздікке 10 жыл» медалінің иегері.

-   Жандарбек Мәлібекұлы 1942 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында дүниеге келген. Екпінді ауылы – бұрынғы аты 23-разъезд, ежелгі Сауран мен Сығанақ шаһарларына таяу тарихи, шежірелі өлке. Қарапайым теміржолшының отбасында дүниеге келген Жандарбек жастайынан ұлттық мәдениетке қанық болып, салт-дәстүрді айрықша біліп өсті. Сәулетшілікті оқушы кезден армандаған.

-   Әкесі Мәлібек Түрксіб теміржолы салынған уақыттан бастап, яғни 1910 жылдан бастап осы саласында қызмет атқарған. Өмірінің 30-35 жылын сүйікті саласына арнаған кәсіби теміржолшы. Мәлібек атамыз өнер мен мәдениетке жақын, оның сыйлас, сырлас достары қазақтың беткеұстар азаматтары болған. Мәлібектің дастарханында қазақтың дүлдүлі Нартай Бекежанов, Жамал Омарова, Қалмақан Әбдіқадыров, Сыр өңірінің майталман жыршы, жыраулары өнер көрсеткен. Осындай қызығы-сауығы үзілмеген, өнері мен мәдениеті өркендеген әдемі ортада Жандарбек ағамыз ержетіп есейген. 

-   Қазақтың аса көрнекті жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дүкенбай Досжан Жандарбек ағамызбен бір мектепте оқып, интернатта бір бөлме де жатып, бір нанды бөлісіп жеген. Бір-біріне қамқорлықтарын көрсетіп, аға-іні ретінде сыйласқан. Шығармашылық жағынан бір-біріне қолдау көрсеткен.

-   Жандарбек Мәлібеков Екпінді ауылындағы 10 жылдықты аяқтаған соң (1959 жылы), ешкімге айтпастан Ташкенттегі П. Бенкова атындағы көркемсурет училищесіне оқуға кеткен. Бұл оқу орнын таңдаудағы басты себебі жатақханасы мен үш мезгіл беретін тамағы болса керек. Өйткені 5 жасында анасынан айырылып, соғыс жылдарындағы жоқшылықты басынан өткізген Жандарбек ағамызға жоғарыдағы училище үлкен мүмкіндік болып көрінген. Училищеге құжат жинап, алып ұшып барғанда түсу емтиханы өтіп кеткен. Есесіне Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетіне құжат тапсырып, сәулет мамандығы бойынша оқуға қабылданған. Жоғарыда айтқандай Ташкентке оқуға кетердегі қаражатты ауылындағы ағайынның 10 мың кесегін құйып, сол еңбегіне 10 мың рубль алған. Сол 10 мың рубльді өзіне қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерін алуға толық жұмсалған екен.     

-   1992 жылдың 1 қаңтарында Мемлекеттік рәміздерімізге конкурс жарияланды. Мемлекеттік елтаңбаның байқауына 300-ге жуық жоба тапсырылған. Жандарбек Мәлібеков жобалаған елтаңба №173 болып тіркелген. Байқау қорытындысы бойынша 266 депутаттың 237-сі Жандарбек Мәлібековтың еңбегін қолдап дауыс берген.

-   Жандарбек Мәлібеков жасаған алғашқы елтаңбаның бес бұрышты жұлдызын, төменгі жағындағы «ҚАЗАҚСТАН» деген жазуды, оның екі жағындағы қошқар мүйізді байқау ұйымдастырушылары алып тастағысы келген. Алайда сол кездегі руханиятымыздың ірі қайраткерлері Әбіш Кекілбаев, Салық Зиманов, т.б. қолдап, алынып қалудан сақтаған. Ұлттық болмысымызды танытатын қошқар мүйізді макеттен біресе алып, біресе қайта қойған ұйымдастырушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мүйіз сендерге не істеді? Орнына қойып қойыңдар» – деп, оны да қайта қостырған.

-   Елтаңбаның алғашқы макеті Ташкентте жасалған. Ол уақытта Жандарбек ағамыз Ташкенттегі Жобалау институтының бас архитектуры болып жұмыс істеп жүрген. Байқау жұмысына 1500-ге жуық қызметкері бар институттан жалғыз қазақ Жандарбек Мәлібеков қана бағын сынаған. Елтаңбаның алғашқы нобайын қағазға түсіріп, кейін оны тушьпен сызып шыққан. Бір қызығы, пенопласттан жасалған алғашқы жобасына украиндар, түріктер, беларусьтар, өзбектер, корейлер, басқа да ұлт өкілдері көмектескен.  1992 жылы жұмысты жүк көлігіне жасырып, Алматыдағы Жоғарғы Кеңестің ғимаратына алып келген.

-   Жандарбек Мәлібеков «Лениншіл жас» газетіндегі «туға, елтаңбаға байқау болады. Сыйақы 20 мың рубль» деген хабарландыруды бір айдан кейін естіген. Ол кезде «қазақтың өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі жоқ, көшпенділер» деген пікір желдей есіп жүрген уақыт болатын еді. «Мен болсам, намысқа тырысып, қазақтың бар болмысын осы Елтаңба арқылы дәлелдегім келді. Бәйгені жеңіп алайын деген ой да болған жоқ. Бір жағынан өзімнің кәсіби деңгейім қандай дәрежеде екенін тексергім келді» дейді сәулетші ағамыздың өзі.

-   Өзбекстанда қызмет атқарған жылдары Жандарбек ағаның қолтаңбасы сол елдің барлық өңірлеріндегі түрлі ғимараттар мен кешендерге түсті. Самарқанд, Наманган, Әндіжан, Науайы, Ферғана қалаларының ғимараттарын жобалап, безендіру жұмыстарына қатысқан. Ташкенттегі Қазақстанның және Қырғызстанның елшіліктерінің жобасын жасаған. Ташкент төріндегі Төле би бабамыздың ескерткішінің жазуын қалпына келтірген.

-   Тәуелсіздік алған тұста атамекеніне оралған Жандарбек ағамыз Қазақстан сәулет өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Өзінің 51 жыл бойғы кәсіби қызметінің барысында ол Астананың және басқа қалалардың ғимараттары мен құрылыстарын салуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Олардың ішінде «Нұр Астана» мешіті, Астана қаласы ұлттық нейрохирургия орталығы, «Алатау» ТК жұмыс жобасы, «Егемен Қазақстан» ғимараты кешенінің жұмыс жобасы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің зертханалық корпусы мен жатақханасы құрылыстарына даңқты сәулетшінің алғашқы макеттері пайдаланылған болатын.  

Фото авторы: Артем ЧУРСИНОВ