Қазақты жою жобасы
28.05.2018 2618
«Үйлену тойыңыз, яки туған күніңіз мамырдың 31-і күніне тура түссе, той жасайсыз ба?»

Осылай сауалнама ұйымдастырып ек. Жұрттың біразы бетіме қарады, кейінгісі жұлдызнама ақтарып кетті. «Ол күні той жасасаң, жаман бола ма?» деп шошып жатты. Жә, бұл күн – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні екенін ешкім ескермеді. Ренжіп қайтеміз?

31-нші мамыр біз үшін көп күндердің бірі сияқты. Ал журналистердің дәл осы күні жаппай мақала жазып, сюжет бергені, әкімшіліктегілердің дәл осы күнгі іс-шараларды 1 минут үнсіздікпен бастауы, бәрі-бәрі науқаншылдық сияқты. Арғы жағында қайғыру, аза тұту жоқ. Жасау керек болғасын жасап жүрміз. 31-нші мамырдың қасіретін түсіне алмағандаймыз. Әйтпесе, 5 миллион қазақ аштан өлген, жүз мың оқығанымыз атылып-асылған күнде – той тойлау, туған күн атап өту сау ақылға сыя ма?

«Қызыл қырғын» аталып кеткен зобалаңды не үшін ұмытпауымыз керек? Бұл бәлекеттің зиян-зауалы қандай болды? Журналистік зерттеуімізді ортаға жайдық.

 

Малын қыру, өзін аштан өлтіру, сөйтіп жерін иемдену

Ресей империясының негізгі стратегиялық міндеті осындай еді. Осы жолда небір қитұрқы әрекеттер жасады. Әуелі көшпелі жұртты шұрайлы Жайықтың жағасынан қуды. Сосын құнарлы Ертіс, Есілден кеттік. Жер жұту процесі, әсіресе Столыпиннің тұсында алапат қарқын алды.

Неге басқа кезеңде емес, 1904-1906 жылдары қатты күшейді? Себебі ол кезеңде Ресейді революция елесі кезіп жүрді. Болары анық апаттан Ресейді сақтау үшін Петр Столыпин жері жоқ, әбден кедейленген, содан бүлік жасауға пейілді мұжықтарды сыртқа шығарып тастамақ болды. Мұны жер реформасы деп атады.

Столыпин осы реформасы арқылы бір оқпен екі қоян атуды көздеді. Бірінші – Ресейдің ішкі облыстарын наразы аудиториядан тазарту. Екінші – жаулап алынған аумақты осы мұжықтармен орыстандыру еді. Жоспарды орындау үшін қарашекпенділерге небір ынталандыру шаралары жасалды. Көшсең, ақша төленді, 10 жылға салық алынбады. Діттеген ой орындала бастады. Мәселен, 1906-1913 жылдар аралығында Ақмола, Торғай, Орал және Семей облыстарына 430 мың отбасы көшіп келді.

 

Ұжымдастыру – отаршылдықтың жалғасы

1917 жылы революция болмағанда Петр Столыпиннің 3 миллион орыс мұжығын далаға көшіруі әбден мүмкін еді. Бірақ Петерборда төңкеріс боп, жоспар әдіре қалды. Расымен әдіре қалды ма? Жоқ. Столыпиннің «жер реформасын» біршама үзілістен кейін большевиктер жалғастырды. Құжат «ұжымдастыру» деген жаңа атауға ие болды.

Неге ұжымдастыру? Түсіндірейік. Совет Одағы кешегі азаматтық соғыстан есін жиып, аграрлы елден зауыт-фабрикасы бар индустриалды мемлекетке айналғысы келді. Осы мақсатта І бесжылдық жоспары түзілді. Бірақ сырттан техника сатып алу үшін ақша керек еді. Ал қазынада бір тиын жоқ боп шықты. Сталин еш саспады. Әуелі мешіт-шіркеулерді тонады. Бұл аздық қылғасын 1928 жылы байларды тонау туралы арнайы қаулы шығарды. Үкім бойынша мал саны 150-ден асса, ол адам бай деп саналып, бүкіл дүниесі талапайға түсуі тиіс болды. Не керек, сол жылдары 2 мыңға жуық бай-манаптың мүлкі тоналды, өздері атылды. Тонау, қорқытумен жиналған 2 миллион мал шетелге сатылды. Ақысына керек-жарақтар алынды.

Алайда бұл ақша, бұл мүлік бәрібір аз еді. Енді Қызыл Үкімет өзінің қараша халқын тонамақ болды. Себебі сол жылдары қазақтың қолындағы 40 миллион қой болды. Бірақ мұны байларды ашықтан-ашық тонағандай, өте дөрекі, жабайы жолмен тартып алуға болмайтын еді. Өйткені большевиктер өздерін кедейдің жанашыры, қамқоршысы демеп пе еді?! Қайтпек керек? «Ұжымдастыру» деген желеу саясат ойлап табылды.

«Индустриалды қалаларды, ондағы 12 миллион жұмысшыны шашылып жатқан ауылдар асырай алмайды. Жүздеген ауыл-аймақты біріктіріп, суперауыл құрастырсақ қана ауылдың өнімділігі артады» деген ұрандар айтылды. Не керек, 1928-нші жылы ұжымдастыру науқаны басталды.

Даланың бір пұшпағы да бос емес еді...

Ол кездегі қазақтың ауылдарының орналасу тәртібі қалай еді? Ортада – атаның үлкен шаңырағы орналасатын да, ал енші алысқаны 2-3 шақырым айналаға шашырап қонатын. Сосын тағы да қара шаңырақ. Ал оның айналасын ұсақ-ұсақ енші ауылдар қоршап жататын. Көз алдыңызға алып, алапат өрмек келді ме? Иә, қазақтың ауылдары солай күллі даланы орап, бір пұшпағын да бос қалдырмай, қамтып жататын. Петр Столыпин һәм оған дейінгі шенеуніктердің қазақтан жер тартып ала алмауының бір себебі осында еді. Қазақты қырып тастамасаң, оңайшылықпен жер алу мүмкін емес еді.

Ұжымдастыру науқаны – бүкіл даланы бүркеп жатқан ауылдар өрмегін бырт-бырт үзді. Шашырай қонған қазақтың қоныстарын бір жерге әкеп жинап тастады. Осының кесірінен дала аршылды. Бос жер көбейді. Осы кезде ішкі Ресейден «ұжымдастыруға көмек» деген желеумен 500 мың орыс отбасы көшірілді. Әне, ұжымдастыру бар-жоғы қазақтың жерін тартып алудың жалғасы еді дегенде, осы дүниелерді меңзеп ем.

Бейімбет Майлиннің шығармасында осы ұжымдастыру науқанының қалай жүргені жайлы қызық дерек бар: – Айналасы 200-300 шақырымға шашылып жатқан ауылдарды бір жерге иіріп жинады. Кілең киіз үйден құралған, жапан даладағы бұл елді-мекендерге «қала» деген шартты атау берілді. Бірақ ол ешқандай да қала емес еді. Қала былай тұрсын, ауыл деуге де келмейтін, жай үйлердің үйінді еді. Мыңғырған малды сақтайтын қора-қопсы жоқ. Белсенділер төрт бұрыштап арқан керіп, төрт түлікті сонда сақтамақ болды.

Колхоздастыру күшпен әрі өте асығыс жүргізілді. Оны мынау санайғақтан 1928-1931 жыл­дардағы ұжым­дасты­ру ба­рысын білуге де болады: 1928 жы­лы Рес­публи­ка ша­ру­ашы­лығының 2%-ы, 1930 жы­лы сәуірде ауылдардың 56,4%-ы, 1931 жы­лы қазан­да ауылдың 69%-ы ұжым­дасты­рыл­ды.

Аштық кезінде қасапханалар рекорд орнатып жатты

Ұжымдастыру шашырап жатқан ауылдарды бір ауылға біріктіру мақсатын ғана көздеген жоқ. Халықтың қолындағы малды тартып алу негізгі мақсат болды. Не керек, 100-150 шақырымға шашырап қонған қоныстарды бір сайға әкеп, супер ауыл еткен соң, малдың бәрін Үкіметтікі деп жариялады. Мемлекет ол малды не істеді? 40 миллион түлікті ақшаға айналдыру үшін «Союзмясопродукт», «Казживотноводсоюз», «Скотовод», «Овцевод», «Москвамясо» сынды қасапханалар салып тастады. Сойып алынған соғым Еуропа елдеріне сатылды. Түскен ақшаға Сталин зауыт-фабрикаға керекті құрал-жабдықтар сатып алып жатты.

Мал – таусылмайтын материя емес. Күніне 20 мың қойды сойып тастайтын қасапханалар 4-5 айда қазақтың қолындағы 4 түлікті тауысты. Әрине, соғымның бәрі Еуропаға барған жоқ. Сойылған малды әкетуге тиісті пойыздар дер кезінде жетпей, талай ет бұзылды. Оны зауыттардың сыртына дөңкитіп-дөңкитіп төгіп тастайтын. Ал осы кезде бүкіл малынан айырылған қазақ аштан қырыла бастады. Еш болмаса өлексе жеп, жанын сақтауға тырысқандарды әлгі қасапхана қарауылдары еш жолатпай, атып тастап отырды.

Қазақтың соңғы тұяқ серпуі

Шыдамның да шегі бар. Малын мемлекет тартып ап, ақылға қонымсыз салықтарды міндеттеп жатқанда, мешітін қиратып, иманына қол салғанда,  қазақ ақырғы рет, ақырып орнынан тұрды. Қолына қару ұстауға қауқарлы еркектің барлығы қару алды. 1928-30 жылдары республиканың түгел аумағын қамтыған 372 көтеріліс болып өтті. Оған 80 мың адам қатысты. Коммунистер қазақтың баскөтерулерін аяусыз жаншып тастап отырды. Алайда Созақ, Адай көтерілістері тым қатты күшейіп, коммунистер танкі, ұшақ қолдануға мәжбүр болды. Әбден ашынған халық ажалға тура шапты. Коммунистердің бірнеше армиясын талқандап тастаған бұл ауылдар басқа қазаққа үлгі болады дегеннен қорқып, бәлшебектер келісімге келуге мәжбүр болды. Араға адам салып, «қаруын тапсырсын, талабын орындаймыз, жазалау болмайды» деп сендіріп бақты. Екі тарапты табыстыру Елтай Ерназаров, Әліби Жангелдиндерге жүктелді. Бас көтерген қазақтардың талабы мынау еді:

1. Дін бостандығын беру, мешіттерді қайтару, діни салттар мен шараларға кедергі жасамау;

2. Ірі байлар тәркіленгеннен кейін, енді тәркілеу болмайтындығы жөнінде декрет шыққан еді, бірақ бұл іс орта шаруаға қарсы әлі жасалуда;

3. Колхоздарға зорлап кіргізу тоқтатылсын. Олар тек ерікті негізде кіргізілсін;

4. Қазақ даласында тапқа бөліп, жіктеуді қою керек. Істі шешуге комсомолдарды жібермеу, оны ауылдың жалпы жиналысында шешу қажет;

5. Салықтарды мал-мүліктің санына қарай салу керек. Егін екпейтіндерге астық салығы салынбасын…»

Алайда бұл алдаусырату еді. Мылтығын тапсырып болысымен, қызыл армия «басмашы» деп жаппай атып-асуды бастады. Ауылдарды шапты. Малын айдап кетті. Қазақтың соңғы демі үзілді. Соңғы рет серпілген тұяқ тыпырлап қалды...

Айтпақшы, біз 1937 жылғы күллі атылған, айдалған азаматтарды ақтаппыз да, алайда ұжымдастыруға қарсы, аштыққа қарсы баскөтерген батырларды әлі күнге бандит, басмашы деп жүрміз. Тәуелсіз ел атансақ та, ешбірі ақталмапты. Аруақтарынан ұят істің бірі осы болатын...

Аштықтың зардабы

«Ұжымдасып ең­бек етуге» кірісер алдында қазақ қожалықтарында 40 миллион қой бар еді, аштық салдарынан 1933 жылы 4-ақ миллионға әзер жетті. Малды қойшы. Қазақ ше? 10 миллион қазақтың 80 пайызы аштан қырылды.

Көп тарихшы «қазақ жеріндегі аштық Мәскеудегі шенеуніктердің құлағына жеткен жоқ» деп ойлайды. Олай емес.

Никита Хрущевтің 1956 жылғы естелігін ақтарсаңыз, мынадай жолдарды көресіз:  «Қазақстанда орын алып отырған адам төзгісіз ашар­шы­лық­тан қазақ халқы түгелдей қы­рылып қалудың аз-ақ алдында тұр­ғанын айтып ек, ол: «Бұл сары пәлекет­тер­ден тек сондай жолмен ғана құ­тылуға болады» деп жауап берді».

Қарапайым қазақ өз тағдырын мылтықпен арашалап жүргенде, интеллигенттері де тыныш отырған жоқ. Карьерасын былай қойып, өмірін бәске тігіп, Сталинге, аштықты ұйымдастырушы Голощекинге хаттар жазды. «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» дегендер соған дәлел. 1937 ж­ы­лы «халық жауы» деп қамауға алынып, кейін ату жазасына кесілген Мансур Ға­­таул­лин «бесеудің» бірі еді. Сотталғандар орын­дығын­да отырған ол соңғы сөзін былай деп тәмамдағаны стенограммада сақталып қалған. Үзінді келтірсек:

«...Мен  – халық жауы емеспін, ха­лық жау­ларының жауымын. Ал ондай жау бо­луым 1932 жылы командировкамен Кент­ке кел­­ге­­нім­де басталды.

....Жан-жағыма көз салсам, бір ошақта үл­­кен қазан қайнап отта тұр. Бірдеңе пісіп жа­­тыр. Қақ­пағын ашсам – қайнап жатқан су­­дың іші­н­ен жас баланың бірде аяғы, бір­де қо­лы, бірде өкшесі көрінеді. 
Міне, сол кезден бастап мен халық жау­­ларының жауы болдым».

P.S. Ашаршылық дегенде біз тек 1932 жылғы зобалаңды еске аламыз. Негізі бұл саны бойынша екінші ашаршылық. Әуелгісі 1922 жылы болғаны белгілі. Алаш қайраткерлерінің жанкештілігінің арқасында бар елден жоқ жұртқа мал таратуының арқасында қазақ бұл аштықты 2 миллион шығынмен артта қалдырды. Ал 32-де болысатын ешкім болмады. Аштық ары қарай өлетін кісі қалмағасын өзі тоқтады. Бұл жолғы шығынымыз 3 миллионнан асып кетеді. Қысқасы, екі айналып соққан аштықтың кесірінен, қазақ 6-7 миллион азаматынан айырылыпты. Дәл осы зұлмат демографиямызды демікпе етті.

1897 жылғы халық санағында өзбек 700 мыңды әрең еңсерсе, қазақ 10 миллионға жетті дейді. Ал қазір, өзбек ағайын 30 миллионнан асып барады. Қандай алапат потенциалдан айырылғанымызды осыдан өзіңіз есептей беріңіз.