Орда Ежен ұлысы
12.04.2018 5636
Ақ Орданың әскери күшіне ие болған Тоқтамыс 1380 жылы Алтын Орданы өзіне қаратты. Ол бір мезгілде, 1380-1395 жылдар бойы Ақ Орда мен Алтын Ордаға хан болып, билік жүргізді

Ұлыстың билеушісі

Мемлекеттің негізін қалаушы – Орда Ежен. Ол – Жошының үлкен ұлы, тұңғышы. Тарихи еңбектерде Орда Эджен, Орда-Ичжен, Орда хан деген есімдермен белгілі. Орда Ежен қағанның туған жылы белгісіз, 1253 жылы дүниеден озған. Ақ Орда мемлекетінің негізін қалаған хан – қазақ хандарының арғы атасы.

 

Мемлекеттің құрылуы

Орда-Ежен 1236-1242 жылы моңғолдардың батысқа жасаған барлық жорықтарына белсене қатысты. Жошы ұлысы екі қанатқа бөлінгенде сол қанатын Орда-Ежен, оң қанатын Бату басқарған. Осының негізінде ХІІІ ғасырдың ортасында әскери-саяси иеліктер қалыптасып, соңынан олар дербес мемлекеттерге айналды. Жошы ұлысының сол қанатын билеген Орда-Ежен інілерімен қосылып Алтын Орда құрамына енетін, ішкі-сыртқы саясаты тәуелсіз Ақ Орда мемлекетін құрды. Өз заманының білгірі Рашид ад-Дин Алтын Орда мен Ақ Орда жөнінде «олар бір-бірінен өте алыста жатты және өзара тәуелсіз ұлыстар болды» деп нақты жазды. Алғашында Орда-Ежен өзінің ордасын әкесі Жошының орталығына жақын жердегі Ертіс өзенінің жағалауына жайғастырды. Дегенмен, 1246 жылы Италиян саяхатшысы Джованни Плано Карпини Моңғолияға бара жатқан сапарында оның ордасы Алакөл маңында болды деп көрсетеді. Орда-Ежен өз беделінің күштілігіне қарамастан, әкесінің орнына інісі Батудың Алтын Орда тағына отыруын қолдады. Қарақорымда Күйікті ұлы хан көтерген құрылтайға Жошы әулетінің атынан қатысты.

Ұлыстың аумағы

Ұлыс шекарасы батысында Мұғалжар тауымен, солтүстігінде Сібір ормандарымен, шығысында Ертіс өзенімен және оңтүстігінде Сырдария өзенімен және Балқаш көлімен шектесіп жатты. Шибан ұлысымен қосылғаннан кейін батысында Орал өзенімен тоғысты. Ұлыс бірнеше ауданға бөлінген:

Сығанақ ауданы, ұлыстың оңтүстігінде. Орталық — Сығанақ. Ұлытау ауданы, ұлыстың орталығында. Орталық — Орда-Базар. Шығыс ауданы (Ертіс ауданы) ұлыстың шығысында орналасқан. Сарайшық ауданы ұлыстың батысында орналасқан. Орталық — Сарайшық.

Мемлекеттің халқы

Негізгі этникалық құрамы осы жерді VIII-IХ ғасырлардан бері мекендеп келе жатқан қыпшақ бірлестігімен қатар Шыңғыс ханның шапқыншылығы кезінде шығыс пен оңтүстік-шығыстан, Алтайдан қоныс аударған тайпалар да болған. Олардың қатарында наймандар, үйсіндер, қарлұқтар, керейлер, қоңыраттар, маңғыттар және т.б. ру-тайпалар.

Ішкі құрылымы

Ұлыстың саяси рөлі тек Жошы ұлысында ғана емес, бүкіл моңғол империясында да жоғары болды. Тарихшы Рашид ад-Диннің айтуы бойынша, Алтын Орда билеушісі ресми түрде Бату болғанымен, Мөңке хан Шыңғыс хан империясының атынан өзі шығарған үкімдері мен жарлықтарында Орда-Еженнің атын Батудан бұрын қойған. Орда-Ежен өлген соң, оның орнына төртінші ұлы Күнқыран келді. 1361 жылдан бастап, Ұрыс ханның (Орыс хан) тұсында тәуелсіз мемлекет болды.

 

Мемлекеттің ыдырауы

Ақ Орданың әскери күшіне ие болған Тоқтамыс 1380 жылы Алтын Орданы өзіне қаратты. Ол бір мезгілде, 1380-1395 жылдар бойы Ақ Орда мен Алтын Ордаға хан болып, билік жүргізді. ХІV ғасырдың 80-нші жылдары Тоқтамыс Ақ Орда мен Алтын Орда жерін түгел бағындырып қоймай, Мәуереннахр басшысы Әмір Темірге қарсы шықты. Осы кезде Әмір Темір мен Тоқтамыс арасындағы ұзаққа созылған қанды соғыс басталды. 1395 жылы Кавказдағы Терек өзенінің аңғарындағы шешуші шайқаста Әмір Темір Тоқтамысты жеңіп, Алтын Орданы талқандады. Әмір Темірдің бұл жеңісін көптеген тарихшылар саяси стратегиялық қателікке де жатқызып жүр. ХV ғасырдың басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі қырқыстар кезінде Орда Ежен құрған Ақ Орда ұлысы әлсіреп кетті. Онсыз да ішкі тартыстардан қажыған ұлысты жеңімпаз Әмір Темірдің әскерінің тонаушылық жорықтары ес жиғызбай тұралатты.

Орыс ханның немересі Барақ 1423-1428 жылдары Ақ  Ордадағы әулет билігін қалпына келтірді ұмтылды. Ол Самарқанның билеушісі Темірдің немересі Ұлықбекті жеңіп, Сырдарияның бойындағы көптеген қалаларды өзіне қаратады. Алайда кесккілескен шайқастардың бірінде қаза тапқан ол Ақ Орданың ең соңғы ханы болып есептелді. Бұдан кейін Ақ Орда жеріндегі билік Шайбан ұрпағы Әбілқайырдың қолына өтті.